Ж. Қ.МАДАЛИЕВА - Абай
атындағы ҚазҰПУ
әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға
оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты
Алматы қаласы, Қазақстан
АҚПАРАТТЫҚ
МӘДЕНИЕТ ҰҒЫМЫ: ФИЛОСОФИЯЛЫҚ
ТАЛДАУ
Бүгінгі таңда,
жаһандану үдерісі
қоғамның әлеуметтік, экономикалық,
мәдени-рухани жағдайына ықпал етуші негізгі
факторлардың біріне айналып
отырған кезеңде «мәдениет» пен «ақпарат»
категорияларының мағынасы мен мазмұны өзгеріске
түсуде. Қоғамда мәдениет пен
тұлғааралық қарым-қатынастардың
өндірілуі мен сабақтасуының дәстүрлі
түрлері өзгеруде. Бұрынғы мәдени үлгілерді
қоғамның материалдық және рухани
өмірінің бірлігі ретінде түсіну ығыстырылып, оның
орнына мәдениетті материалдық және идеалдық объектілер
– мәдени мазмұндағы ақпаратты тасымалдаушы ретінде
қарайтын ақпараттық түсінік қалыптасты.
Осыған орай, қазіргі қоғамның ақпаратпен
қаныққандығын, әлеуметтік-мәдени
динамиканың мобильділігі мен икемділігін, жалпы ақпараттық
мәдениет ұғымын жан-жақты талдау қажеттілігі
туындайды.
«Ақпарат» («информация») термині
information деген латын сөзінен шыққан, бұл сөз
мазмұндау, түсіндіру, баяндау, көрсету, жалпы адам іс-әрекеті
туралы мағлұматтың немесе басқару барысындағы
өзгерістерді құрал арқылы біліп отыру деген
мағынаны білдіреді [1]. Тұрмыста, күнделікті өмірде
ақпарат ұғымын адамдардың бір-бірімен ауызша, жазбаша
немесе басқа бір әдіспен беретін мәліметтері ретінде
түсінуге болады. Ғылыми және ресми еңбектерде бұл
терминның әртүрлі анықтамалары кездеседі. Ақпарат
– қызығушылық тудыратын, тіркеуді және
өңдеуді қажет ететін фактілер, құбылыстар,
оқиғалар, мәліметтер жиынтығы. Ақпараттың
көзі және қабылдаушысы болады. Осылардың өзара
әрекеттесуі нәтижесінде ақпарат пайда болады.
Ақпарат философиялық
көзқарас бойынша шынайы өмірдің мәлімет
арқылы немесе хабарлама арқылы көрінетін бейнесі, ал
хабарламаның өзі – мәтін, сурет, сандар, графиктер, кестелер
түрінде берілетін ақпарат. Ақпарат сөзі кең
мағынада – бұл қазіргі заманғы ғылымның
негізгі түсінігі, сонымен қатар материя, энергия, уақыт,
кеңістік және адамның басқа адамдармен араласуы, тірі
мен өлі табиғыттың дабыл-белгілерінің алмасуы, адам мен
аппараттардың өзара алмасуымен сипатталады. Ақпарат –
бұл қоршаған ортаның көріністері мен объектілер
жөнінде мәліметтер мен білімдер жиынтығы. Ақпарат –
автордан шыққан және қоғамның
қазынасына айналған білімнің бір түрі.
Егер бірнеше ондаған жылдар
бұрын ақпарат мәні мен мазмұны туралы мәселені
БАҚ қызметкерлері қарастыратын болса, онда қазір
ақпаратты ұғыну шеңбері кеңейді және
ақпараттың рөлі ақпараттық қоғам теориялық
бағытының өкілдері: Дж. Андрела, П. Пиганьоль, Ж.Ж.
Серван-Шрайбер, Ж. Фурастье, Б.Брукс, Ю. Гарфилд, Ч. Медоу, Э. Тоффлер
және т.б. еңбектерінде қарастырылған. Бұл
авторлар көбіне адамзат тарихында ғылым мен техниканың,
экономиканың қарқынды дамуы нәтижесінде
қоғамдағы ақпараттардың көлемінің
ұлғаюы және мәнінің артуына байланысты
«ақпараттық төңкеріс» жүзеге асты деп
тұжырымдайды.
Қоғамдық
ғылымдар ауқымында «ақпарат» ұғымына байланысты
үш түрлі көзқарас қалыптасқан. Ғылыми
көзқарас бойынша ақпарат материя құрылымын
және оны тану әдістерін бейнелейтін алғашқы жалпығылыми категория. Абстрактілі
көзқарас тұрғысынан алсақ, ақпарат
орындаушыға мағына әкелетін символдар қатарынмен
айқындалынады. Нақты көзқарас ақпараттың
тек кеңістікте ғана емес, уақытта да таралатынын көрсетеді.
Ежелгі қолжазбала, кітаптар, жарға салынған суреттер,
археологиялық олжалар – ерте замандағы ақпарат көздері.
Ал ақпараттық
мәдениет - адамға ақпараттық
кеңістіктің қалыптасуына қатыcyғa және ол
кeңicтікті epкін бағдарлай алуға, ақпараттық
өзара ic-әрекетке түсуге мүмкiндiк беретiн бiлiм
деңгейi. «Ақпараттық мәдениет
- білім, дағдылар мен ережелер, ақпараттық қызмет
саласында жасалған және ақпарат пайдаланушыға
ақпарат әлемін еркін меңгеріп, өзіне қажетті
деректерді (құжаттарды) тұрған жеріне қарамай
тауып, пайдалануға мүмкіндік беретін жалпы мәдениеттің
бір бөлігі» [2].
Ақпарат – адамды өмір
сүру ортасына бейімдеуге бағытталған коммуникативтік
үрдістің нәтижесі. Ақпараттық
мәдениеттің қызметі – ақпаратты өндіру мен
меңгеру үрдісін неғұрлым тиімді түрде жасау.
Ақпарат және ақпараттық мәдениеттің
мәні және қызметі тұлғаның әлеуметті
және табиғи ортаның өзгеруіне сәйкес бейімділігін
арттырады. Қазір әлеуметтік ортада жаңа
ақпараттық қоғам құру мақсаты
клммуникативтік үрдіске өзіндік ерекшеліктер мен өзгерістерін
әкелді.
Ақпараттық
мәдениетті қалыптастыру белгілерді, деректерді, ақпараттарды тиімді
қолдану және оларды теориялық және практикалық
мәселереді шешу үшін мүдделі адамдарға жеткізу,
ақпараттарды тарату, сақтау, өңдеу механизімдерін
жетілдіру, ақпаратты және ақпараттық
құралдарды тиімді қолдануға үйрету мен
оқыту жүйесін дамыту арқылы жүргізіледі.
Ақпарттық
мәдениетті меңгеру – адамның өзін-өзі
тануға және қоғамда өзінің орны мен
рөлін түсінуге көмектесетін әмбебаптандыру жолы.
Ақпараттық мәдениеттің қалыптасуыда ашық
қоғам мен білім беру жүйесінің, ақпараттық
технологиялардың рөлі маңызды болып саналады. Ол
ақпараттық қауымдастықта маңызды ақпаратты
айқындауға, ақпараттың құндылығын
бағалауға, ақпаратты өңдеу және оны қолдана
алу дағдылары мен қабілеттіліктерін меңгеруге жағдайлар
жасайды. Ақпараттық ағымда тұлғаның бойында
ақпараттық ортаның қызмет ету заңдылықтары
туралы білімдердің, қабілеттіліктердің,
құндылықтардың қалыптасуы өмірде
дұрыс бағыт бағдар ұстануға, маңызды
шешімдер қабылдауға мүмкіндіктер береді. Ақпараттандыру
үрдісі қоғам және адам өмірінде даму ресурсы
ретінде ақпаратты толық пайдалану адамның
ақпараттық мәдениетінің дамуы мен
қалыптасуының маңыздылығын арттырып отыр.
Қазіргі кезде
ақпараттық мәдениеттің көптеген
анықтамалары бар. И.Г.Хангельдиеваның пайымдауынша,
ақпараттық мәдениет адамның өмірдегі
ақпаратты қабылдауы, сақтауы болып табылады [3].
Е.А.Медведеваның ойынша, ақпараттық мәдениет
адамның ақпараттық кеңістікте еркін жұмыс істеу
білімінің деңгейі [4]. Э.Л.Семенюктің түсінігі бойынша,
ақпараттық мәдениет адамның ақпаратты
қабылдауы, сақтай білуі, басқа да сапалы ақпарат жасау
және тәжірибеде еркін қолдана білу дәрежесі [5]. Жоғарыда келтірілген анықтамалар
ақпараттық мәдениеттің
қалыптасу жағдайларын
көрсетеді. Сонымен қатар, ақпараттық
мәдениет тұлғаның мінездемесі және оның
еңбегінің нәтижесі болып табылады.
Ақпараттық мәдениет
жалпы мәдениеттің негізгі бөлігі ретінде адамның даму
деңгейін көрсетеді. Ақпараттық мәдениет
қоғамның белгілі – бір бөлігінің, тұлғаның
даму ерекшелігін айқындайды.
Ю.А.Агешин: «Мәдениетті байытатын
жаңа құнды элемент ақпараттық мәдениет
пайда болды және бұның негізі адамзаттың тіршілігін
қамтамасыз ететін басшылыққа алынған әмбебап
құндылықтарды мойындау мен ортақ мақсат пен міндеттер
үшін шығармашылық байланыстың басымдылығын
түсінуден басталады», - деген пікір келтіреді [6]. Ақпараттандыру
үрдісі ақпарттық мәдениеттің құбылыс
ретінде дамуына әсер етті.
Информатика
құралдарының, ақпарттық телекоммуникация
жүйелері және ақпараттық технологиялардың
қарқынды түрде дамуына байланысты адамдардың жаңа
өмір сүру мәдени ортасы қалыптаса бастады. Жаңа
жағдайда әрбір индивид пен қоғамның әлеуметтенуінің
маңыздылығы артады. Қазіргі жағдайда
тұлғаның дамуы мен тіршілік етуі қоғамның
ақпараттандыру жағдайындағы интеллектуалдық және
эмоционалдық дамуды қажет ететін адамның әлеуметтену
мәселесін білдіреді.
Ақпараттандыру жағдайында
ақпараттық қоғамның
құндылықтары, ұстанымдары, білімдері, нормалары таралып
адам бойында ақпараттық мәдениет қалыптасады. Бұл
адамды қауымдастықтың құрамдас бөлігіне
айналдырады. Қазіргі жағдайда ақпарат басты құндылыққа
айналып отыр, сондықтан тұлғаның әлеуметтенуі
үшін ақпараттық мәдениеттің рөлі артуда.
Ақпараттандыру жағдайында тұлғаны ақпараттық
қоғамға мақсатты түрде әлеуметтендіру
факторлары арқылы даярлау қажет.
Ақпарат түсінігінің
астарында жинақталған, сақталған, өңделген
мәліметтер жатыр. Бұл мәліметтер тікелей
қолдануға және таратуға арналған. Ақпарат біздің өміріміздің барлық саласын қамтиды, ол
сөйлеу мазмұнында, кітаптарда, журналдарда, теледидар мен радио
хабарламаларында, бейне таспаларында кез-келген айналамызды
қоршаған заттарға тән ерекшеліктерде кездеседі.
Ақпараттарды адам сезу мүшелерімен қабылдайды да, кейінен
ақпараттар медиа және орталық жүйке жүйесінде
өңделіп сақталынады. Ақпарат негізінде
қоршаған ортада болып жатқан жаңалықтармен байланысты
тірі жандар арқылы және заттар арқылы беріледі [7].
ХХ ғасырда қоғам өмірінде
ақпараттандыру үрдісінің төмендегідей негізгі
бағыттары орын алған болатын:
• микропроцессорлар мен
электрондық есептеу машиналарының өндірісте, транспортта,
тұрмыста жіне т.б. қоғамдық өмірде кеңінен
қолдану;
• интеллектуалдық
жұмыстардың сапасының артуы мен орындалу мерзімін
қысқарту мақсатта автоматтандырылуы (ақпараттарды
автоматты түрде іздеу, аудару және техникалық
құралдар арқылы автоматты түрде басқару, жобалау,
ғылыми зерттеулерде және т.б. салаларда жұмыстар
жүргізу);
• ақпараттың таратылуы мен
тасымалдану тиімділігін арттырып, қағаз үнемдеуді
қамтамасыз ету мақсатта көптеген қағаз баспа
шығарылымдарын біртіндеп электрондық түрге айналдыру;
• әр түрлі ауқымды
тасымалдау жұмыстарын тез және аз шығынмен шешуге
мүмкіндік беретін жоғары дамыған электронды коммуникация
жүйелерінің құрылуы (электронды пошта, электробайланыс
желісімен сатып алу мен қаржылай есептесу, телеконференциялар және
т.б.);
• ғаламдық ақпараттық-байланыс
жүйесі-ғаламтордың құрылуы. Осы үдерістерге
байланысты ақпараттық мәдениет ұғымының да
ауқымы кеңейді.
«Ақпараттық мәдениет»
терминінің пайда болуы Г.Г.Воробьевтың «Басқару
қызметіндегі ақпараттық мәдениет» атты еңбегімен
байланысты. Басқару ақпараттық үрдерістер басым орынды
алатын интеллектуалдық қызмет саласына жатады. Г.Г.Воробьев
ақпараттық мәдениетті қолдану аясын кеңейтіп,
өндірістік еңбекті арттыратын – білім, қабілеттіліктер,
практикалық икемділікті қарастырады. Ол ақпараттық
мәдениеттің құрамдас бөліктеріне – ақпарат
қызмет көрсету орындарымен қарым-қатынас жасай білу,
өзінің ақпараттық қажеттіліктерін
құра білу, ақпаратты мақсатты түрде пайдалана
білу қабілеттіліктерді енгізді. Г.Г.Воробьев, сонымен қатар,
құрамдас бөлікке ақпараттық
ағымдардың артуына қатысты қоғамның
өзгеруіне ықпал ететін компьютерлік техникалардың рөлін
түсінуді жатқызуды ұсынды.
Ақпараттық
мәдениеттің көрсеткіштері:
- ақпаратта өз
қажеттілігін айқын тұжырымдай білу;
- қажетті ақпаратты
барлық ақпараттық қордан тиімді іздестіру;
- ақпаратты өңдеу
және сапалы жаңасын құру;
- ақпараттық-іздестіру
жүйелерін жеке енгізу;
- ақпаратты нақты таңдау және
бағалау;
- ақпараттық
байланысқа және
компьютерлік сауаттылыққа деген қажеттілік.
Н.Б. Зиновьева ақпараттық
мәдениеттің күрделі құрылымын бөліп
көрсетеді. Оның құрамына келесі мәдениеттерді:
коммуникативті (қатынас жасау мәдениеті), лексикалық (тілдік,
жазу мәдениетімен, іс-қағаз құжаттарын
жүргізу мәдениеті), кітап және оқырман (кітап оқу
мәдениеті), интеллектуалдық (ғылыми-зерттеу және ой
еңбегі мәдениеті), ақпараттық технологиялық
(қазіргі ақпараттық технологияларды пайдалана алу
мәдениеті), ақпараттық, құқықтық,
дүниетанымдық және адамгершіліктік, библиографиялық
элементтерді енгізеді [8].
Ақпараттық мәдениет
ұғымының өзіндік ерекшеліктеріне байланысты оны
әртүрлі сипаттауға болады:
- субъект өзінің
ақпараттық мәдениетінің қалыптасуы
кезеңдерінде иеленген, адамзаттың даму үдерісінде
жинақталған білім мен көзқарастардың
жиынтығын білдереді;
- ақпаратпен жұмыстың
барлық түрлерінде (алу, жинақтау, өңдеу,
тасымалдау, пайдалану және т.б.) көрінетін
тұлғаның немесе қоғамның жалпы
мәдениетінің құрамдас бөлігі;
- әлеуметтік белсенділіктің
нәтижесі, мәдениет объектілерін тұтыну, сақтау,
өндіру, таралу үдерісінде әлеуметтік өмірдің
ерекше қырын анықтайды;
- даму барысында
қалыптасқан қоғамда әлеуметтік ақпаратпен
әрекет етудің әдістемелік аппараты;
- авторлармен ақпараттық
мәдениетті әр түрлі тұрғыда - макро
үдерістер ретінде және адам болмысының
микродеңгейінің элементі, сонымен қатар дербес феномен ретінде,
инфрақұрылымдық құбылыс ретінде
айқындалады.
Ақпараттық
мәдениеттің компоненттерін бөліп қарастыруға
болады:
- мәдени ақпарат
әлемінде өмір сүру үшін қажетті білімдер,
қабілеттіліктер, дағдылар жиынтығы;
- ақпараттық
қоғамда адамның тіршілік ету тәсілі;
- ақпараттық
мәдениеттің барлық түрлерімен әрекет ету
әдістемесі;
- ақпараттық
қоғам әдістемесі мен дүниетанымы.
Ақпараттық мәдениет
ақпараттардың үздіксіз ағымымен әрдайым
өзгермелі деңгейде ақпараттық алмасу жағдайында
болады және ақпараттандыру үдерісінің
тұрақты кезеңдерімен байланысты тұрақтануға
қабілетті ашық жүйе. Тарихи даму үдерісінде
ақпараттық мәдениеттің дамуы бірнеше кезеңдерді:
ауызша ақпарат алмасу, жазудың пайда болуы, ақпараттарды
жазу, сақтау, белгілеумен байланысты ақпараттық техника,
технологиялардың пайда болуы, құжатпен жұмыс
жүргізу кезеңдерін қамтиды. Қазіргі
ақпараттық мәдениет барлық кезеңдерді бір
тұтастыққа біріктірді.
Өркениеттің әрбір
даму кезеңі қоғамда ақпараттың таралу
деңгейін және жылдамдығын, жинақтау, сақтау,
тасымалдау және іздеу түрлерін айқындайтын
ақпараттың тасымалдаушы түрін белгілейді.
Қазіргі уақытта
ақпараттық мәдениетке негізделген жаңа
көзқарас қалыптасты. Мамандар ақпараттық
мәдениетті қоғамдық және
тұлғалық деңгейге бөліп қарастырады.
Бірінші жағдайда нақты ақпараттар жиынтығын яғни,
қоғам туралы қажетті мәдени ақпараттар
жинақталатын, сақталатын, тасымалданатын өзіндік әлеуметтік
кодты білдіреді. Тұлғалық деңгейде бұл
тұлға мәдениетінің құрамдас бір
бөлігі ретінде қарастырылады.
1. Аубакир Д. Информационная
культура новой эпохи // Мысль. -2005. -№10,-С.48-51
2. Библиотечная энциклопедия/ Рос. Гос. б-ка. - Изд-во РГБ
«Пашков дом», 2007.-1300с.
3. Хангельдиева И.Г. О понятии «информационная культура» // Информационная
культура личности: прошлое, настоящее, будущее. Тезисы докл. Междунар. научн.
конференции. Краснодар, 1993,-С. 2 .
4. Медведева Е.А. Основы информационной культуры // Социс. 1994, №11, -С.59.
5. Семенюк Э.Л. Информационная культура общества и прогресс информатики //НТИ.
Сер.1. 1994, №7, -С.3.
6. Агешин Б.А. Информационная культура / Агешин Ю.А. // НТИ. Сер.1. – 1998. -
№3,-С.10-12.
7. Антонова С.Г. Информационная культура личности // Вопросы формирования
высшее оброзование в России. – 1994. - №1. С.82-88
8. Зиновьева Н.Б. Информационная культура личности: Введение в курс/
Н.Б.Зиновьева; под ред. И.И.Горловой. – Краснодар, 1996.-С.135.