Бақытқызы Г., Рысалдиев Ж.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Қазақстан

 

ҚАЗАҚ ҒҰЛАМА-ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ЭТНОСТЫҚ ӨЗІНДІК САНА МӘСЕЛЕСІ

 

 

Сан ғасырлық дала өркениеті қашанда әлемдік өркениеттің маңызды бөлшектерінің бірі болып келген. Әр халықтың өзін іздеуі мен тануы – оның өркениетті елдер арасында тең дәрежеде болуының кепілі. Осы орайда түркі әлеміне ортақ ежелгі  әдеби мұралар мен (VI-VIII ғғ. – Орхон-Енисей жазба ескерткіштері, Қорқыт ата, әл-Фараби), түркі ғұламаларының (ХІ-ХІV ғғ. –      Ж. Баласағұни, М. Қашқари, А. Жүйнеки, Қ. Иассауи және т.б.) психологиялық идеяларымен,  қазақ ғұламалары мен ақын-жырауларының (ХV-ХІХ ғғ. – Асанқайғы, Қ. Жалайри, М. Дулати, Шалкиіз, Жиембет, Ақтамберді, Бұхар, Шал ақын, Дулат, Махамбет және т.б.) этнопсихологиялық ой-пікірлерімен танысуда біз бала санасының ұлттық рухта қалыптасып, оларда ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтар туралы тұтас ұғым түзілуін басты мақсат еткенін аңғарамыз [1]. 

Зерттеу бағытымызға сәйкес ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен              ХХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген белгілі қазақ ағартушы-ғалымдары мен қоғам қайраткерлерінің, психолог және педагог ғалымдарының (Ш. Уәлиханов, А. Құнанбаев, Ы. Алтынсарин, А. Байтұрсынов, Х. Досмұхамедов, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев,Т. Тәжібаев, М. Мұқанов  және т.б.) еңбектеріне шолу жасау – олардың халықты ағарту мүдделерінде, ұлттық мектептің тұжырымдамасын жасап, балаларды оқыту мен тәрбиелеудің мазмұнын анықтауда халықтық қағиданы ұстанғанын көрсетті. Ағартушы-ғалымдар халықтың ұлттық өзіндік санасының оянуы - өзге халықтар арасында қорланбай тең дәрежеде өмір сүрудің бірден бір мүмкіндігі, ал оның жолы – өз халқының ана тілін, әдебиеті мен мәдениетін меңгеріп қана қоймай, әлемдік мәдениетпен танысып, өзін солармен салыстыру арқылы білімге, ғылымға, тіл үйренбекке ұмтылу деп білді.

Ұлтаралық қарым-қатынастың жоғары мәдениетін меңгерген ағартушылар Ш. Уәлиханов, А. Құнанбаев арнайы психологиялық-педагогикалық еңбектер жазбағанымен, ғылыми-әдеби және жастар тәрбиесіне арналған еңбектерінде әртүрлі ұлттар мен халықтардың жақсы қасиеттері мен дәстүрлерін, мәдениетін құрметпен атап, салыстыра баяндаулары ұлттық сана-сезімнің қалыптасуында өзге ұлттардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін білудің маңызын көре білгендерін дәлелдейді [2;3]. Ұлттық сана мен өзіндік сананың қалыптасуына ықпалететін құрал білім мен тәрбие беру деп түсінген Абай Құнанбаев жас баланың ғылым-білімді жинақтауда тәрбиесінің жетіспейтінін, педагогтың әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, сол жолды өз бетімен білімге құмартуына, яғни «оқу әрекеті процесінің өзімен де түрткіленуіне», білімді игеруде белсенділік танытуына аса мән бере отырып, «мұндай баланың дүниені тануынан, өзін-өзі тануынан, өзінің қадір-қасиетін тануынан үміттенуге болады» деп есептейді [3, 80 б.].

Ағартушы-ғалым Ы. Алтынсарин балаларға арналған оқу құралдарында («Қазақ хрестоматиясы», «Қазақтарға орыс хрестоматиясын үйретудің бастауыш құралы») бастауыш сынып балаларына адамгершілік қасиеттердің ажырамас бөлігі ретіндегі патриоттық және түрлі халық өкілдеріне достық қарым-қатынас болып табылатын тұлғалық сапаларды тәрбиелеуді мақсат еткен. Қазақ ауыз әдебиеті мен салт-дәстүрлеріне негізделіп жазылған бұл оқу құралдарында Ы. Алтынсарин қазақ халқының ертегі, аңыз әңгімелері, өзінің ғибратқа, өсиетке құрылған дидактикалық әңгіме, өлеңдерімен қатар әр халықтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрлерінен («Алтын шекілдеуік», «Жаман жолдас», «Силинші ханым» және т.б.) хабар беру қағидасын да көздеген [4].

Этностық өзіндік сананың дамуы мен тұрақтылығында осы этнос өкілдерінің тарихи қауымдасу тегі туралы көзқарасы ерекше мәнді. Тектік қауымдастық сезімі адамды іштей саналы байланыстыра отырып, олардың өзін өз этносының өткенімен, бүгінімен және болашағымен теңдестіру қажеттілігін тудырады. Сондай-ақ тұлғаның өзіндік санасында қалыптасқан құқығы мен міндеттерін түсінуі оның этностық өзіндік санасы аспектісінде іске асатыны мәлім. Осы орайда, А. Байтұрсынов, Х. Досмұхамедов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов және т.б. халқымыздың ұлы перзенттері ХІХ ғасырдағы патшалық Ресей заманынан бастау алып, Кеңес дәуірінде өңін өзгертіп, жалғасын тапқан бөтен халықтарды орыстандыру саясатын болжап, өз халқын дағдарыстан құтқарып, бостандық пен өркениетке жеткізетін даму жолдарын іздестірді. Олар халықтың мінез-құлқын,  қадір-қасиетін, ішкі әлемін біріктіру арқылы ұлтты сақтап қалуға тырысты.

М. Дулатов ұлттық өзіндік сананың оянып қалыптасу мерзімін белгілеуде бастауыш мектепте берілетін тәрбие мен оқытуға көңіл бөліп, оның «әсерлі де сіңімді болуын, балқыған жас баланың ойына, қанына, сүйегіне ұлт рухын сіңіру» мақсатында жүргізілуін алға тартады. Оның жолы «әрбір халықтың оқулықтарының ана тілінде және өз ұлтының тұрмысы мен табиғатына жақын жазылуында» деп біледі. Оның белгілеуінше, осы жасында (7-10 жастар аралығында) осындай оқулықтардан сусындаған балалар ғана «...кейін қай жұрттың мектеп, медресесінде оқыса да, қай жұрттың арасында жүрсе де сүйегіне сіңген ұлт рухы жасымайды... ұлт ұлы болып қалады». М. Дулатов жас балаларды оқытқанда мұғалімдерді оның ойлау, сезім, есте қалдыру сияқты психологиялық процестері мен қалпын байланыстыра дамыту арқылы «оқыған нәрсесін мағынасымен қалдыруға әдеттендіруге» баса назар аудартып [5, 239б.], оқыта отырып тәрбиелеу баланың ойлау әрекетін дамытумен байланысты іске асатынынан оларға мағлұмат береді.

А. Байтұрсынов сол кездегі қазақ даласындағы екі түрлі бастауыш мектепті (орысша школалар мен қазақ мектептері) қатты сынайды. Орысша школалардың тәртібі, оқу-әдістемелік жабдықталуы жағынан жоғары болғанымен қазақ халқы үшін пайдасының аз болып отырғанын баса айтады. «Сол школалар арқылы қазақ тілін жоғалтып, орыс тіліне түсіру, араб әрпін тастатып, орыс әрпін алдыру ...» [6,436 б.] арқылы қазақ балаларының тілін жоя отырып, ұлттық өзіндік санасын өшіру саясатын батыл айыптайды. «Қазақша оқу жайынан» деген мақаласында халықтың білімін көтеріп, елді түзеуді бала оқыту ісін түзеумен байланыстырып: «...жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі бәрінен бұрын ескеріліп, бәрінен бұрын жоғары қойылатын жұмыс» [6, 433 б.]  деп жазады. Ол «Қай әдіс жақсы» деген мақаласында әр халықтың өзінің даму ерекшелігіне қарай оқыту әдісі де түрліше болуы мүмкіндігіне назар аудартады [6, 357 б.].

Осы кезеңде өмір сүріп, халқының болашағы үшін аянбай қызмет еткен педагог ғалымның бірі Х. Досмұхамедұлы «Сана» журналын шығарып, ондағы мақсаттары «... аз да болса... кемшіліктерді жойып, ...аңсаған елге, алақтаған мұғалімдерге, жас өспірім шәкірттерге түсінікті сөз беру»: қазақ-қырғыз жұртының тарихымен, салты, әдетімен, тұрған жерлерімен таныстыру, бұрынғы, осы күнгі мекендері туралы толық мағлұмат беру  екенін айтады. Ол  «Жеті атасын білмеген мұртұд» деген мақалды еске сала отырып, ата-бабаларымыздың істерімен танысып, еткен жаңылыстарына күйініп, жақсылықтарына сүйініп, ғибрат алмақ – адамға сана береді дейді. [7,82-83 бб.].

Ұрпақ бойында ұлттық өзіндік сананы қалыптастырудың маңызы мен ұлттық тәлім-тәрбие, әдістеме негіздерін нысана еткен зиялыларды атағанда М. Жұмабаев пен Ж. Аймауытовтың еңбектеріне ерекше тоқталу қажет.

Қай халықтың болса да келешегін оның ұлттық мектебінің құрылымымен, оқу-тәрбие ісінің мазмұнымен байланыстырған М. Жұмабаев «мектептің халық жанына қабысатын, үйлесетін негізге құрылуын» қолдап, оқу құралдарын жазу проблемасына айрықша көңіл бөледі. Ол «Оқу құралдарының мінезі – мектеп мінезінің айнасы. Түрлі пәннің мектепке қай шамада, қай түрде кіруі де мектептің өзінің қандай негізге құрылуына, қандай мінезді болуына байлаулы нәрсе» [8], – деп оқу құралдарының мазмұнына қойылатын талаптарды ашып көрсетеді.

Сонымен, VI-ХХ ғасырлардағы түркі ғұламалары, қазақ ақын-жыраулары мен қазақ ағартушы-ғалымдарының еңбектерін талдау, бізге төмендегідей қорытынды жасауға мүмкіндік береді:

-  ежелгі түркі ғұламалары мен ақын-жырау бабаларымыз өздерінің өлең- жырларында ел мен жердің қадірін, қарым-қатынастағы адамгшершіліктік қасиеттерді, ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу арқылы бала санасының ұлттық рухта қалыптасып, оларда ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтар туралы тұтас ұғым түзілуіне зор ықпал етіп отырған;

-  қазақ ағартушы-ғалымдары өлеңдері мен мақалаларында өзге халықтардың өнер, білім-ғылым, мәдени жетістіктерін баяндай отырып, қазақ халқын олармен салыстыру арқылы ұлттық өзіндік санасын дамытуға көңіл бөлген;

-  ағартушы-ғалымдардың өнер, білім, ғылым, тәрбиені ұлттық мектептерде беруге, оның мазмұнын байытуға шақыруы оқыту мен тәрбиелеу үрдісін қазақ халқының ұлттық өзіндік санасын сақтап, дамытудағы жетекші рөл ретінде белгілегендігін дәлелдейді;

-  әсіресе бастауыш мектептердегі оқыту-тәрбиелеу ісіне баса көңіл бөліп, балалардың ана тілінде білім алып, өз халқының әдебиеті мен салт-дәстүрлерін бойларына сіңіруге күш салулары олардың ұлттық өзіндік санасын қалыптастыруда осы жас кезеңінің сезімталдығын ескергендерін көрсетеді;

-  ағартушы-ғалымдар ұлттықты жалпыадамзаттықпен үйлесімділікте қарастырып, өзге ұлттарға сүйіспеншілік, достық қарым-қатынастың негізін ұлттық өзіндік сананың қалыптасуынан көргенін байқаймыз;

-  ағартушы-ғалымдар ұлттық өзіндік сананың қалыптасуын негіздеп қана қоймай, өздерінің жеке бастарының үлгісімен де көрсете білген;

-  бүгінде Егеменді Қазақстандағы психология ғылымы этностық өзіндік сананы эксперименттік тұрғыда зерттеуге бет бұрып отыр; алайда ғылыми зерттеулдердің басым бөлігінде, батыстық стандарт бойынша құрастырылған этнопсиходиагностикалық әдістер мен әдістемелер пайдаланылуда;

-  Қазақстан Республикасының ғалымдары бүгінгі жас ұрпақтың этностық өзіндік санасын этностық мәдениет арқылы қалыптастырудың тиімділігін белгілеп, оны оқыту үрдісінде іске асыруды қуаттайды. 

 

Әдебиеттер

1.       Жарықбаев Қ. Қазақ психологиясының тарихы. – Тараз: Қазақстан, 1996.  - 160 б.

2.       Уәлиханов Ш. Таңдамалы. - 2-басылуы. –Тараз: Жазушы, 1985. - 560 б.

3.       Абай. Қара сөз. Поэмалар.  – Тараз: Ел, 1993. - 80 б.

4.       Алтынсарин Ы. Таңдамалы шығармалары. – Тараз: Ғылым, 1994.-287 б.

5.       Дулатов М. Шығармалары.  – Тараз: Жазушы, 1991. - 239 б.

6.       Байтұрсынов А. Тіл тағылымы.  – Тараз: Ана тілі, 1992.   - 443 б.

7.       Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы.  – Тараз: Ана тілі, 1998.   - 383 б.

8.       Жұмабаев М. Жазылашық оқу құралдары Һәм мектебіміз // Қазақстан мектебі. - 1993. - № 2. - 73-75 бб.