А.О. Адасханова

Түркістан индустриалды-педагогикалық колледжінің оқытушысы, Түркістан қаласы, Қазақстан

 

Қазақстан зиялылары: саны мен құрамы

 

Бүкілодақтың халық санағы бойынша 1926 жылы республикада 13825 зиялы болып, Қазақстан халқының 0,2% құраған. Олардың 73,4% ер адамдар, 26,6% әйелдер еді. Зиялылардың 63,8% қалада, 36,2% ауылда тұрған. Ұлттық құрамы мынадай: орыстар-65,2%, қазақтар 12,2%, украина 8,4%, басқа ұлт өкілдері 14,2%. Сонымен бірге 507 адам соңғы істеген қызметі бойынша жұмыссыз қалған. Осы жылы қазақ зиялылары бүкіл халықтың 0,05% құрапты.

         1939 жылы үшінші бүкілодақтың халық санағының қорытындысында 126871 зиялы болып, республика халқының 2,1% құрайды. Олардың 75,3% ер адамдар, 24,7% әйелдер екен, 49,8% қалалық жерлерді, 50,2% ауыл селоларды мекендеген. Қазақ зиялыларды бүкіл республика зиялыларының 28,8% құраған. Оның 92% ер адамдар, 8% әйелдер еді. Олардың 26,2% қалалық жерлерде 73,8% ауылдар да тұрған. Қазақ зиялылары республиканы мекендеген қазақ халқының 1,6% құрайды. Екі санақ аралығында республика зиялылары 9,2 есеге өскен.

Бүілодақтық екі санақ қорытындысында республика зиялыларының арасындағы ең көбі – мектеп мұғалімдері. Мысалы, олар 1926 жылы зиялылардың 43,2% болса, 1939 жылы спорт мұғалімдері мен нұсқаушыларды қосып есептегенде змялылардың 35,8% құрайды. Екі халық санағының аралығында Қазақстан мұғалімдері саны 7,6 есеге өседі.

         Жалпы білім беретін мектепсіз жаңа қоғам орнату мүмкін емес екенін Кеңес үкіметі жақсы түсінген. Сондықтан да мектеп құрылысына ерекше көңіл бөліп, мұғалімдер даярлау мәселесін қолға алады. 30- жылдардың басында мұғалімнің халық алдындағы беделін көтеру, осы мамандыққа халықты тарту мақсатында мұғалімдерге тұрақты жалақы белгіленеді, азық-түлік және басқа тауарлар мен қамтамазыз ету жөніндегі өнеркәсіп жұмысшыларымен теңестіріледі. Жоғары оқу орындарының жанынан жұмысшы факультеттері құрылып, жұмысшы, ауыл жастары 3-4 жылда жеделдетілген қарқынмен орта білім алып, жоғары оқу орындарына  қабылданады.

         Осылайша жүргізілеген саясаттың нәтижесінде 1935 жылы Қазақстандағы бір университет пен төрт педагогикалық институтта 1250 (оның 831-і қазақтар), 64 педагогикалық бөлімде 14043 (8395-і қазақтар) студент оқыған. Олардың қатарында сол уақытта жүргізілген саясат бойынша, негізінен, балалар үйінде тәрбиеленгендер, жұмысшылардың, кедейлердің, жалшылардың, қызыл әскерлердің балалары басым болған.

1926 жылғы халық санағы бойынша, халық шаруашылығының  басшылық салаларында қызмет істеген өнеркәсіп, құрылыс, теміржол, орталық, облыстық мекемелер, сауда басшылары, зиялылардың 21,9% құраса, 1939 жылғы санақта ауыл шаруашылық, өнеркәсіп, орман, құрылыс, транспорт, байланыс, коммуналды шаруашылықтың басшылары республика зиялыларының 6,5% болды. Бұл саладағы зиялылардың проценттік көрсеткішінің 1939 жылы аз болуы басқа зиялылар топтарының санының өсуінен еді. Дегенмен де, екі санақ аралығында бұл топтың зиялылары 2,7 есе өскен.

         Кеңес үкіметі халық шаруашылығына қажетті маман басшылардың тапшылығынан басшылық қызметке жұмысшылар мен шаруалардың арасынан шыққан алғыр, еңбекке ысылған адамдарды тағайындау тәсілін қолданады. Бұл тәсіл әсіресе 30-жылдардың ортасында кең қанат жаяды. Республика мекемелеріндегі басшылардың 49% ұсыныс арқылы жоғарылатылады, оның ішінде: көмір өндірісінде – 46 %, мұнайда – 57 %, Түркісібте – 54% болды. Сонымен бірге басшы мамандарды даярлау жқғары оқу орындары арқылы жүргізіледі. Мысалы, 1937 жылы Гурьев мұнай - балық өнеркәсібі, семей ет өнеркәсібі, Боровской орман шаруашылық техникумдары 2819 маманды даярлайды. Бұл мамандардың көпшілігі жұмысшылар мен шаруалардың өкілдері еді.

         Медицина саласында тіс дәрігері. Дәрі-дәрмек жасаушы мамандар 1926 жылы зиялылардың 4,6 %-тін құраған (орыстар - 77,8 %, қазақтар 1,2%). Ал 1939 жылы халық санағында зиялылардың 3,1% құрап, әйелдердің үлесі (60,2%) басым болған. 1926 жылмен салыстырғанда медицина мамандары 1939 жылы 6,1 есе көбейеді. Екі санақ аралығында республика дәрігерлердің санының өсуі жоғары оқу орындарында медицина мамандарын даярлау ісінің жүйелі жолға қойылуынан еді. Мысалы, 1935 жылдың 1-шілдесінде Қазақстандағы дәрігерлердің 69,4% бір жылдан он жылға дейінгі еңбек тәжірибелері бар мамандар екен. Сонымен бірге республика дәрігерлері қатарының өсуіне өзге республикалардан жіберілген мамандар да өз үлестерін қосқан. Әіресе Ресейдің әр түрлі халықкомдары мен ведомстовалары 1934 жылы Қазақстанға жұмыс істеуге 100 дәрігер жіберген.

         1926 жылы заң қызметкерлері республика зиялыларының 3,6% -ін құрап, ер адамдардың үлесі (97%) өте жоғары болған (ұлттық құрамы: қазақтар – 38,1%, орыстар – 38,7%, өзге ұлт өкілдері – 23,2%). Ал 1939 жылғы халық санағында заңгерлер республика зиялыларының 1,1% құрап, тағы да ер адамдардың (90,6%) үлесі жоғары болған. Бұл саладағы зиялылардың арасында қазақтар 38,8%-ке жетіпті. Екі санақ аралығында заң қызметкерлері 2,9 есе өскен.

         Республиканың заң қызметіндегі зиялылардың кейбір өкілдері 1920 – 1934 жылдары Мәскеу мен Ленинградтың жоғары оқу орындарындағы «ұлттық брон» деген жүйе арқылы даярланады. Сонымен қатар Қазақстанның өзінде де өлкелік заң бөлімдері арқылы 1926-1929 жылдары 170-ке жуық заңгер тәрбиеленеді. Осы кезеңде заң қызметкерлері, жұмысшылар мен шаруалар қатарынан еңбек ете жүріп өсіп шығып, зиялылар қатарын толықтырады. Оған 1929 жылы республика сот орындарындағы мамандардың 12,2% бұрынғы жұмысшылар, 1,1% ұсынылғандар болуы дәлел. Сот мамандарының арасында жоғары білімділері 1,5%, орташа білімділері 11,3%, бастауыш және өз беттерімен оқығандары 74,2% болған. Ал жоғары сот басқармасында бұрынғы жұмысшылар 12,3 % екен де, мамандар арасында жоғары білімділері 4,1%, орташа білімділері 16,3%, бастауыш және өз беттерімен сауатын ашқандары 73,5% болыпты. Міне, осындай «білікті» заңгерлері болған әкімшілдік-әміршілдік жүйеге ХХ ғасырдың 20-30-жылдарында қырып-жою саясатын жүзеге асыру аса қиынға соқпаған еді.

         Екі санақ аралығында әдебиет, өнер саласының зиялылары 32,8 есе, агрономдар, мал дәрігерлері, зоотехниктер мен агротехниктер 16,1 есе, жоғары оқу орындарының профессорлары мен оқытушылары, кітапхана, мұражай мамандары 1,9 есе көбейген.

         1939 жылы санақ қорытындысында одақтық, республикалық, облыстық, аудандық, қалалық, партия, қоғамдық ұйымдар мен мекемелердің бсшылары зиялылардың 9,5%-ін, дүкен мен қоғамдық тамақтану орындарының директорлары мен меңгерушілері 2,9%-ін, оқу, ғылыми-зерттеу мекемелерінің, театр, кино орындарының басшылары, 1,9 есе құрайды.

Екі халық санағы аралығында Қазақстан зиялылары 113046 адамға өскен. Олардың аз ғана бөлігі ескі өкіметтің шетелдерге кетпеген зиялы шыққандардан құралған. Осы жылдар аралығындағы республика зиялылары әлі де қалыптасу кезеңінін алғашқы сатысында еді. Сондықтан да олардың арасында жоғры білімділер аз болатын. Зиялылар тобын, негізінен, орташа, бастауыш және өз беттерімен саутын ашқандар мен ұсынылғандар толықтырып отырған.

Бұл кезеңнің тағы бір ерекшелігі – жаңадан қалыптаса бастаған республика зиялылары зұлмат жылдарды басынан өткізіп, сапалық жағынан бұрынғыдан да әлсірейді.        

 

                                                    

Әдебиеттер

 

1.     Нысанбаев Ә. Метод научного познания. А., 1996г

2.     Қазақ философия тарихы. А., 1994ж

3.     Білім туралы. - Об образовании: Қазақстан Республикасының Заңы. Алматы: Литера, 2000. - 96б.