ҚОРҒАНЫС ӨНЕРКӘСІБІНІҢ АЛҒАШҚЫ ЗАУЫТТАРЫ

(ХХҒ. 40-ЖЫЛДАРЫНЫҢ БАСЫ)

 

Байдильдина С.Х. – Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің доценті, т.ғ.к. (Алматы, Қазақстан)

Қоғамдық ғылымдардағы жабық, құпия тақырыптардың қатарында болған КСРО әскери-өнеркәсіп кешенінің (ӘӨК) тарихы  бүгінде құпия болудан қалды. Кеңестер Одағының ыдырауы құпия мұрағат қорларының ашылып посткеңестік кеңістікте мәселені зерттеп, оқып-үйренуге мүмкіндік беріп отыр[1].

  КСРО-ның әскери - өнеркәсіп кешенінің қалыптасуы мен дамуында, оның аймақтық бөлімі ретінде ерекше «мәртебеге» ие болған Қазақстан әскери - өнеркәсіп кешенінің тарихы да осы қатардан табылады.

Кеңес дәуірінде Қазақстанда лагерлерлер Бас Басқарамасы (ГУЛАГ) мен әскери тұтқындар мен айдалғандар (интервированные) істері бойынша Бас Басқармалар (ГУПВИ) жүйесі ғана шоғырланып қойған жоқ, сонымен қатар ел үшін маңызды жобалар жүзеге асырылған тәжірибе алаңы да жұмыс жасады. Олардың қатарында «Уран жобасы», Семей полигоны, Байқоңыр космодромы, «қырғи-қабақ соғыстың» басталуымен өмірге келген жабық әкімшілдік-аумақтық құрылымдар, олардың ерекше категориясын құраған жабық қалалар бар.

Міне, осы құрылымдар тарихын зерттеп-жазу, жаңа мұрағат деректерін ғылыми айналымға енгізу, олардың тарихын жаңа тың материалдармен толықтыру  бүгінгі қазақстандық ғалым-тарихшылардың еншісінде болып отыр.

  Мақалаға арқау болып отырған республиканың әскери - өнеркәсіп кешенінің қалыптасуында шешуші факторлардың бірі болған - қорғаныс өнеркәсібіне қызмет еткен жекелеген алғашқы зауыттар мен кәсіпорындардың пайда болу тарихы.

Мұрағат деректері Ұлы Отан соғысы жылдары қорғаныс өнеркәсібіне қызмет еткен жекелеген кәсіпорындар мен өндіріс орындарының пайда болуы мен дамуын зерделеуге, республикадағы қорғаныс өнеркәсібінің алғашқы зауыттарының қалыптасу тарихы туралы нақты мағлұматтар алуға және ӘӨК-не қатысты  проблемалар кешенін оқып-үйренуде жаңа деректер мен құжаттарды ғылыми айналымға енгізуге мүмкіндік береді. Тың деректерді ғылыми айналымға енгізу нәтижесінде «Қазақстанның әскери-өнеркәсіп кешені: қорғаныс өнеркәсібінің алғашқы зауыттары» сериясымен жарық көрген мақалалар топтамасында әскери өнім шығарушы алғашқы зауыттардың тарихы, олардың елдің қорғаныс өнеркәсібі үшін стратегиялық маңызы, соғыс жағдайындағы материалдық – техникалық ахуалы, әлеуметтік – тұрмыстық инфрақұрылымдары, проблемалар мен нәтижелерді талдау мүмкін болды[2] .

 

1941жылдың 16 тамызында КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі мен Б(б) КП Орталық Комитеті «Поволжье, Орал, Батыс Сібір, Қазақстан мен Орта Азия аудандарына 1941 жылдың 4 кварталы мен 1942 жылға арналған әскери - шаруашылық жоспарын» бекітті. Жоспар неғұрлым аз уақыттың ішінде елдің шығыс аудандарында негізгі әскери-өнеркәсіп базасын жасауды міндеттеді. Базада танк, самолет, авиамотор, атқыштар қару-жарағын, артиллерияның барлық түрін, миномет, оқ -дәрі, т.б. шығаруды ұйымдастыру көзделді.

         1941жылдың жаз айларында-ақ елдің батыс аудандарынан 1 360 ірі өнеркәсіп кәсіпорындары шығысқа көшірілді. Олардың 455-і Оралға, 210-ы Батыс Сібірге, 250-і Қазақстан мен Орта Азияға жөнелтілді[3].

         Бұл кәсіпорындарды көшіру, орналастыру және іске қосу Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің (МҚК) 1941 жылдың 7 тамызындағы «Эвакуацияланған кәсіпорындарды орналастыру тәртібі туралы»,  1941 жылдың  29 қазанындағы «Волга, Орал, Сібір, Орта Азия мен Қазақстанға көшірілген зауыттарды қалпына келтіру кестесі» қаулыларына сәйкес жүзеге асырыла бастады.

         1941 жылдың шілдесі мен 1942 жылдың 1 наурызы аралығында, яғни жеті ай ішінде ғана майдан шебінен республикамызға қорғаныс өнеркәсібінің 22 кәсіпорны көшіріліп әкелінді[4].

         «Өте құпия» грифімен Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті Қорғаныс өнеркәсібі бөлімінің  1942 жылдың наурыз-сәуір айларына жасалған жұмыс жоспарына сүйенсек, зауыттардың 6-ауы  Солтүстік Қазақстан облысы,  3-еуі Қостанай облысы,    2-еуі Батыс Қазақстан облысы,   1- еуі Ақтөбе облысы, 2-еуі  Қарағанды облысы, 1-еуі   Оңтүстік Қазақстан облысы және 6-ауы Алматы қаласына шоғырландырылған  екен[5].  Жоспар зауыттардың өндіруі тиіс өнім түрлері мен олардың көлемі туралы мәліметтер береді. Өнім түрлерінің сан-алуан екенін байқауға болады: әскери радиостанциялар, КБ-3, АГ, ПГМ-1, М-08, т.б. мина түрлері, авиабомбалар, артиллерия снарядтары, әуе қорғанысында пайдаланатын жоғары вольтты түзеткіштер, Сердюк гранатасының бөлшектері, т.б.

         Мұрағат құжаттарының деректері ҚазКСР Қорғаныс өнеркәсібі зауыттарының 1942 жылғы жұмысы туралы есептеріне сүйеніп, біраз мәселелердің мән-жайын анықтауға мүмкіндік берді. Мәселен, зауыттардың мекен-жайы, басқару аппараты, өнім түрлері мен жоспардың орындалу барысы, кадр мәселесі, зауыттың жетістіктері немесе зауыт жұмысын тежеуші факторлар, кәсіпорындардың өндірістік және әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымдары,т.б [6].

 Кәсіпорындардың басым бөлігі шоғырланған Солтүстік Қазақстан облысы мен Алматы қаласы болды.

1942 жылы Орталықтан қаржыландырылатын кәсіпорындар қатарына енген Қ(б)КП-ның хатшысы Қойшығұлов жасаған ҚазКСР қорғаныс өнеркәсібінің 21 зауытының тізіміне Солтүстік Қазақстан облысы бойынша төмендегі 6 зауыт кірді: [7]

 

1-кесте                      Солтүстік Қазақстанда орналастырылған зауыттар

Кәсіпорындардың атауы мен олардың ведомостволық бағыныштылығы

Орналасқан жері

1.

№ 641 Электр өнеркәсібі Халық Комиссариаты

Петропавл қаласы

2.

№ 233 Электр өнеркәсібі Халық Комиссариаты

Петропавл қаласы

3.

№ 347 Кеме жасау өнеркәсібі Халық Комиссариаты

Петропавл қаласы

4.

№ 239 Кеме жасау өнеркәсібі Халық Комиссариаты

Петропавл қаласы

5.

№ 621 Оқ - Дәрі Халық Комиссариаты

Көкшетау қаласы

6.

Электроқшаулау материалдары зауыты ЭӨХК

Петропавл қаласы

Бұл зауыттар Мәскеу, Иванов облысының Александров қаласы, Мәскеу облысы, Таганрог пен Подольск қалаларынан көшірілген еді.

Қорғаныс өнеркәсібінің жұмыс жоспарына сәйкес зауыттар негізінен қорғаныс өнімдерін әскери радиостанциялар, КБ-3, АГ, ПГМ-1, М-08, ЭП, РГ миналарын, тұтанғыш авиациялық бомбалар жасап шығарулары тиіс болатын.

Сол себепті болса керек, КСРО ХКК Төрағасының орынбасары В. Молотовтың 1942 жылдың 7 қыркүйегіндегі № 17 236-рс «өте құпия» өкімімен «Петропавл қаласы 2-категориялы тәртіптегі елді-мекендер қатарына жатқызылып, қалада паспорттық тәртіп» енгізілді [8].

Солардың  бірі Көкшетау қаласында қоныс тепкен № 621 зауыт еді. 1941 жылы Эвакуация Кеңесінің шешімімен КСРО Қаруландыру Халық Комиссариатының № 460 Подольск зауыты жабдықтарының біраз бөлігі Көкшетауға көшіріліп, мұнда ол өз алдына дербес № 621 кәсіпорын ретінде қайта құрылды. Зауыт мынадай екі бағытта жұмыс жасауы тиіс болды: 1. М-82 минасын жасау; 2. «Бромет» приборы мен тігін машинасын шығару[9].

         Қорғаныс Халық Комиссариатының тапсырмаларын орындауда, әскери өнімдер шығаруда КСРО-ның Ауыр машина жасау Халық Комиссариаты да белсенділік танытты. 1942 жылдың наурыз-сәуір айларында Алматыға 6 зауыт көшіріліп әкелініп орналастырылды. Солардың бірі Ворошиловград зауыты еді. КСРО ХКК –нің №1433-707с (  26 тамыз1942 ж.) қаулысының 1 қосымшасында аталмыш зауыт бойынша алғашқы шаралардың тізімі жасалынды[ 10].

         Деректер алғашқы 1942 жылдың жоспарының тауар өнімі бойынша 205,9%, яғни екі есеге, ал жалпы өнім 186,9% бір жарым есеге артық орындалғанын көрсетеді[ 11].

         1942 жылы зауытта 17 түрлі жетілдірулер болып, ол 400 мың соманы үнемдеуге мүмкіндік берген.

Егер Ұлы Отан соғысы жылдары республикамызда 4,5 млн дана  82мм мина, 4,0 млн дана түрлі калибрлі (ұсақ, орта және ірі) снарядтар, 650 тонна оқ, 43 мың дана түрлі теңіз миналары өндірілсе[12], олардың ішінде қазақстандық аталмыш зауыттардың да үлесі бар.

Өнеркәсіптің Шығысқа көшірілуі қашанда «ерлік эпопеясы» ретінде көрсетіліп келді. Оның еш дау тудырмайтындығы да анық. Дегенмен, бұл шараның қарбалас шұғыл жағдайда жүзеге асуы себепті мемлекеттік аппараттың ұйымдастыру жұмыстарындағы жіберген олқылықтары мен қателіктері де аз емес еді. Кәсіпорындардың құрал-жабдықтарының есепке алынбай жөнелтілуі, белгіленген жерге уақытында, толықтай жетпеуі, соған сәйкес монтаж жұмыстарының кешіктірілуі, маман жұмысшылардың жетіспеуі, т.с.с. себептерден алғашқы жылдары зауыттарда дайын өнім өндіру жоспарларының орындалмауының жүйелі түрде орын алғандығы да шындық. Оны мұрағат деректері дәлелдейді[13].

     Мәселен, Оқ-дәрі Халық Комиссариатына қарасты Көкшетау қаласында қоныс тепкен № 621 зауыттың 1942 жылғы жоспарының орындалу барысын төмендегі кестеден көреміз/14/:

2-кесте                                   1942 жылға жоспарының орындалу көрсеткіші

 

Жалпы өнім

Тауарлы өнім

 

жоспар

есеп

%

жоспар

есеп

%

1 квартал

5 000,0

6 92,4

13,8

4 411,7

495,1

11,2

2 квартал

1 800,0

983,1

54,6

956,0

868,2

90,9

3 квартал

4  100,0

2 228,0

55,7

3 235,0

576,0

17,8

4 квартал

5  500,0

5 500,0

100,0

5 119,0

5 709,0

111,5

Жыл бойынша қорытынды

16 400,0

9 403,6

51,2

13 721,0

7 648,3

57,0

         Кестеден I жартыжылдық пен III квартал бойынша жоспар мен оның орындалуының арасындағы үлкен айырмашылықты байқаймыз. Жоспар тіпті бірнеше есеге төмен орындалған. Мұндай төменгі көрсеткіштің себептерін былайша түсіндіруге болады: 1-ден, бірінші жартыжылдық пен III кварталда негізінен зауыттың құрылысы, құрал -жабдықтарды қондыру жұмыстары мен өндірісті іске қосуға дайындық жүрді; 2-ден, электр қуатымен қамтамасыз етудің жеткіліксіздігінен зауыт жұмысы өте баяу жүрді.   

Сонымен қатар көпшілік кәсіпорындардағы еңбек тәртібінің соғыс жағдайындағы талаптарға жауап бермейтіндігін де аңғару қиын емес. Зауыттардың 1944 жылғы есептеріне сүйенсек, № 641 зауытта 50 жұмыстан қашу (дезертирлік), 181 жұмысқа келмей қалу, № 347 зауытта 260  жұмысқа келмеу, 148 өз қалауынша жұмыс орнын тастап кету, № 239 зауытта  227  өз қалауынша жұмыс орнын тастау және 289 жұмысқа келмеу фактілері орын алған[15]. Мұндай олқылықтардың басты себебі жұмысшы кадрлардың киім, аяқ киіммен қамтамасыз етілмеуі және тұрғын үй мәселесінің қиыншылықтарымен түсіндіріледі.

   Мұрағат деректері Алматы машина жасау зауытынан да осындай бірнеше келеңсіздіктерді көрсетеді. «На январь 1942 года из 270 прибывших с заводом рабочих и ИТР, 59 чел. были размещены в 6 комнатах общей площадью 60 кв. метров. Из-за отсутствия коек, тапчанов рабочие и ИТР спали на полу. Общих кухон не было. В административном корпусе бывшего авторемонтного завода разместили 100 чел. на площади около 200 метров. Нарушены были самые элементарные правила санитарии. Из столовой завода семьям на дом обеды не отпускались, а приготовить обеды самим не представлялись возможным, так как не было кухонной плиты»[16].

Дегенмен, жекелеген зауыттардың жылдық есептеріне сүйеніп қазақстандық, оның ішінде мақалаға арқау болып отырған Солтүстік Қазақстан облысы мен Алматы қаласы бойынша қорғаныс зауыттарының барлығының дерлік жұмысы осындай деңгейде деуге болмайды. Керісінше, жекелеген зауыттарда аталмыш көрсеткіштер бойынша жоспар артығымен орындалған.

КСРО Электр өнеркәсібі Халық Комиссариатына қарасты № 675 зауыт тауар өнімін 162,3 %-ға, жалпы өнімді - 161,6 %-ға артығымен орындаса, КСРО Кеме жасау өнеркәсібі Халық Комиссариаты жанындағы № 239 зауыт алғашқы көрсеткішін 100 %, жалпы өнімін 101 %-ға, осы Комиссариатқа қарасты Молотов атындағы № 347 зауыт есебі тауар өндірісі бойынша 87,7 %-ды, жалпы өнімі бойынша 95,4 % көрсетеді[17].

Жаңа жерге қоныс тепкен кәсіпорындар уақыт өткен сайын өнім өндіруді арттыра түсуге тырысты. Кәсіпорындарда жаппай социалистік жарыстар орын алды. Жауға қарсы қолданылатын әскери өнім шығаруды арттыра түсуге деген құлшыныс күшті еді. Зауыттарда ондаған, жүздеген жұмысшылар өз нормаларын 150-300 %-ға дейін көтерді. Өнертапқыш жұмысшылар мен инженер кадрлардың кәсіпорындар жұмысын неғұрлым тиімдірек ете түсу мақсатындағы ұтымды ұсыныстарының қатары да көбейді. 1942 жылдың  өзінде № 239 зауытта  осындай 48 ұсыныс түсіп, оның 32-сі қабылданса, № 641 зауытта 125 ұсыныстың  81-і жүзеге асқан[18]. Бұл ұсыныстар қаржыны, уақытты үнемдеуге, тауар өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Екінші жағынан, қорғаныс зауыттарының жұмысы дегенмен де үкімет аппараттарының қатал бақылауында еді. Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің тапсырмаларының орындалу барысы туралы Б(б)КП, КСРО ХКК-і мен одақтық халық комиссариаттары, ведомостволары арасындағы хаттар, телефонограммалар, өкімдер осыны көрсетеді. Мұрағат деректері арасынан мәселеге байланысты КСРО ХКК Төрағасының орынбасары Л. Берия мен Қ(б)КП ОК Хатшысы Н. Скворцов арасындағы бірнеше хат, телефонограммаларды кездестіреміз[19].

Міне, осындай іс-шаралар нәтижесінде 1944 жылы зауыттар 1942 жылмен салыстырғанда тауарлық және жалпы өнімдерін 2 есеге дейін арттырса, жекелеген кәсіпорындар, оның ішінде Петропавлдағы № 675 зауыт 3,2 есеге, Көкшетаудағы № 621 зауыт 3,8 есеге өсірген.

Осылайша, ХХ ғасырдың 40-жылдарының басында республикамызда қорғаныс өнеркәсібінің алғашқы зауыттары пайда бола бастады. Бірақ алғашқы кезеңде ол құрылыстардың көпшілігі Халық Комиссариаттары мен Орталық жоспарлау органдарының тиісті дәрежедегі қолдауларына ие бола алған жоқ. Сол себепті де кәсіпорындардың құрылысын қаржыландыру, оларды құрал-жабдық, материалдармен қамтамасыз ету өз деңгейінде жүрмеді, зауыттар әскери өнім өндіруге толық дайын болмады.

____________________________

1.Симонов Н.С. Военно-промышленный комплекс СССР в 1920-1950-е годы: темпы экономического роста, структура, организация производства и управление. М.: РОССПЭН,1996.; Быстрова И.В. Советский военно-промышленный комплекс: проблемы становления и развития (1930-1980-е годы).Издательство: Институт российской истории РАН,2006.; Быстрова И.В., Рябов Г.Е. Военно-промышленный комплекс СССР // Советское общество: возникновение, развитие, исторический финал. 1997. Т. 2. С. 151.; Круглов А.К. Как создавалась атомная промышленность в СССР, М., 1995; Атомная отрасль России: события, взгляд в будущее. Ред. И.К. Ходаков. М., 1998.;  Котельников Р.Б., Тумбаков В.А. Атомный проект СССР - древо целей, ресурсы, усилия, результат (1945-1950 гг.) // Наука и общество: история советского атомного проекта (1940-1950 гг.). Вып. 2. М, 1999. С. 320-330.; Новоселов В. Н. Создание атомной промышленности на Урале. Челябинск, 1999.; Алексеев В.В. Атомный комплекс в контексте истории России. Екатеринбург, 1999, т.б.

2. Байдильдина С. Қазақстанның ӘӨК: қорғаныс өнеркәсібінің алғашқы зауыттары (№ 621 зауыт) //Хабаршы. Абай атындағы ҚазҰПУ, №1(24), 2010. 36-40-беттер; Байдильдина С. ВПК Казахстана первые заводы оборонной промышленности  «АЗТМ НКТМ СССР, начало 40-х гг. ХХв. //Казахстан - Спектр, №3, 2010, с. 126-131; Байдильдина С. «Қазақстанның ӘӨК: қорғаныс өнеркәсібінің алғашқы зауыттары (Солтүстік Қазақстан облысы бойынша) ХХғ. 40жылдары// Материалы международной научно-теоретической конференции «Садыковские чтения» 24 сентября 2010г. Стр. 205-209; Байдильдина С. № 692 Ақтөбе рентген зауыты //Материалы международной научно-практической конференции «Касымбаевские чтения. 21 декабря 2010г.Стр. 206-210.

3. Симонов Н.С. Военно-промышленный комплекс СССР в 1920-1950-е годы: темпы экономического роста, структура, организация производства и управление. М.: РОССПЭН,1996. C. 103 //Книга на сайте: militera. Lib.ru/research/Simonov_ns/index. Html.

4. ҚР ПМ. 708-қор, 6/1 –тізбек , 611-іс, 23 – 31 –пп.

5. ҚР ПМ. 708-қор, 6/1 –тізбек , 611-іс, 4 – 7 –пп.

6. ҚР ПМ. 708-қор, 6/1 –тізбек , 612-іс, 1 – 47 –пп.

7.ҚР ПМ. 708 - қор, 6/1 - тізбек, 611- іс, 73-74 - пп.

8.ҚР ПМ. 708 - қор, 6/2 - тізбек, 2- іс, бума қорабы – 2, 1589 – п.

9. ҚР ПМ. 708-қор, 6/1 –тізбек , 612-іс, 40 – п.

10. АП РК ф. 708, оп. 6/1, Ед.хр. № 1717, л. 36

11. АП РК ф. 708, оп. 6/1, д. 612, л.15-16.

12ҚР ПМ. 708 - қор, 10 - тізбек, 1661- іс, бума қорабы – 214, 111- пп.

13. ҚР ПМ. 708 - қор, 6/1 - тізбек, 612- іс, 16-17, 36-39, 44-47 – пп.;16-17, 36-39, 44-47 – пп.; ҚР ПМ. 708 - қор, 6/2 - тізбек, 2- іс, бума қорабы – 2, ,74 - п.; 6/2 – тізбек, 9-іс, 240,246-247пп.

14. ҚР ПМ. 708-қор, 6/1 –тізбек , 612-іс, 41–п.

15. ҚР ПМ. 708 - қор, 8 - тізбек, 1757- іс, 27-30пп., 59-65-пп.; 1756- іс, 17-22 – пп.

16. АП РК ф. 708, оп. 6/1, Ед.хр. № 631, л. 25

17.ҚР ПМ. 708 - қор, 6/1 - тізбек, 612- іс, 16-17, 36-39, 44-47 – пп.

18.Осында, 16-17, 36-39, 44-47 – пп.

19.ҚР ПМ. 708 - қор, 6/2 - тізбек, 2- іс, бума қорабы – 2, ,74 - п.; 6/2 – тізбек, 9-іс, 240,246-247пп.

Резюме

            Данная статья посвящена истории эвакуации и размещения первых заводов оборонной промышленности в Казахстане. На примере предприятий Северо-Казахстанской области и г. Алматы рассматриваются проблемы становления и роль заводов в первые годы ВОВ.

Summary

This article describes the history of the evacuation and placement of the first plants of the defense industry in Kazakhstan. In the example of the enterprises of the North Kazakhstan region and Almaty discusses the problems of formation and the role of plants in the early years of of the Great Patriotic War.