Қазақстан жоғары мектептерін ғылыми-педагогикалық кадрлармен жасақтаудағы аспирантура қызметі

 

Кенжебаев Ғ.Қ.-тарих ғылымдарының докторы

Абай атындағы ҚазҰПУ (Алматы, Қазақстан)

 

Осы заманғы бәсекеге қабілетті мамандар дайындау мен жоғары білім беру ісін дамыту ең алдымен еліміздегі жоғарғы мектептердің ғылыми-педагогикалық қуаттылығына байланысты. Республика жоғары оқу орындарындағы профессор-оқытушылар қатарының өсіп шығуы, олардың кәсіби шеберлігінің артуы мәселелері әрқашанда жоғары мектеп саласындағы саясаттың ажырамайтын бөлігі болып табылды.Тәуелсіздік алған тұстағы еліміз жоғары оқу орындарының жоғары білікті кадрлармен жасақталуы әркелкі болып келді. Мәселен, 1991 жылы ғылыми атақ-дәрежелері бар кадрлармен жақсы қамтамасыз етілген оқу орындарының қатарында ҚазМУ (62,3 %), ҚазХТИ (63,5 %), Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиясы институтының Алматы филиалы (62,3 %) болды. Бірақ, өкінішке орай елімізде қалыптасып жатқан жаңа жүйеге сай жас ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздар қауымын дайындайтын педагогикалық жоғары оқу орындарындағы кадрлардың сапалық құрамы өте төмен еді. Мұндай жағдай Ақтөбе ПИ-24 %, Арқалық ПИ-25 %, Гурьев ПИ-20,8 %, Жезқазған ПИ-16,8 %, Қарағанды ПИ-26,8 %, Көкшетау ПИ-25 %, Қостанай ПИ-27,2 %, Семей ПИ-29,2 %, Талдықорған ПИ-20,4 %, Целиноград ПИ-20,2 % шамасында ғана болды[1].    

Демек, жоғары мектептердің кадрлық әлеуетін жетілдіру әрқашанда өзекті мәселелердің бірі болып келді. Республика жоғары оқу орындарындағы ғылыми-педагогикалық кадрлардың 1991-2005 жылдар аралығындағы сандық көбеюі 24264 адамнан 43382 адамға дейін жетіпті, яғни 1,8 есеге өскен екен. Ал ғылым докторы мен кандидаттары санының өсімі тиісінше 613-2869 және 8892-12773 болды. Бұдан байқайтынымыз ғылым докторлары мен кандидаттарының жалпы сандық өсімі біршама жақсы болғанымен олардың барлық оқытушылар арасындағы үлес салмағы азайып кетті. Атап айтқанда, 1991 жылы жоғары мектептердегі барлық ғылыми-педагогикалық кадрлардың 39 пайызының ғылыми дәрежесі бар болса, ал 2005 жылы бұл көрсеткіш 36,1 пайызға түсіп кетіпті[2]. Мұндай жағдай еліміздегі оқытушы-профессорлардың әлеуметтік жағдайының нашар қорғалуына байланысты ғылыми-педагогикалық кадрлардың басқа салаларға көптеп кетіп қалуымен және жоғары білім беретін жеке меншік оқу орындары санының көбейіп, олардың жоғары білікті кадрлармен жеткілікті қамтамасыз етілмегендігімен түсіндіріледі. Өкінішке орай, бірқатар жоғары оқу орындарында олардың өз штаттарындағы оқытушы-профессорлар құрамы тиісті талапқа жауап бермеді. Сол олқылықты толтыру үшін олар сырттан ғылыми атағы бар мамандарды тартып, қосымша қызметкер ретінде тіркеп қоятын болды. Бірақ тұрақты жұмыс істемей келіп-кетіп тұратындықтан, өзге оқу орнынан шақырылған ғылыми-педагогикалық кадрлардың сол шақырған оқу орнының ғылыми әлеуетінің артуына, онда ғылыми мектептің қалыптасуына, оқу процесінің тұрақты деңгейде жүргізілуіне толық қызмет ете алмайтындығы түсінікті еді. Яғни, сырттан өзге оқу орындарының оқытушы-профессорларын қосымша жүктемемен қызметке шақыру арқылы еш жоғары оқу орны өзінің ғылыми-педагогикалық әлеуетін қалыптастыру мәселесін түбегейлі шеше алмайтынды. Соған қарамастан жеке меншік жоғары оқу орындары ғылыми атақ-дәрежелері бар кадрларды дайындау орнына мемлекеттік оқу орындарындағы білікті кадрларды 0,5 және 0,25 ставкада жұмысқа тартып,  оларды штаттарына тіркеу арқылы өздерінің сапалық құрамын «жетілдіріп» отырды[3]. Егер 1991 жылы Қазақстан жоғары мектептеріндегі осындай штаттағы оқытушы-профессорлар саны 1034 болса, ал 2003 жылы ол 6974-ке жетті, яғни 6,8 есеге өскен екен, бұл әрине құптарлық жағдай емес. 2005 жылы мұның саны сәл азайып, 5251 адамды құрады[4].

Нәтижесінде Қазақстан жоғары мектептерінің ғылыми-педагогикалық кадрлармен қамтамасыз етілу жағдайы уақыт талаптарына толық сай болмады. Мәселен, 2005 жылғы жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары арасындағы ғылым кандидаттарының үлес салмағы 29,4 %, ғылым докторларының көлемі 6,6 % қана болып отыр[5].

Ғалым-педагогтардың ірі жаңалықтар ашып, творчестволық белсенділігінің жоғары болатын кезеңі 25 пен 40 жас аралықтары екендігі ғылымда дәлелденген факт. Қазақстандағы  40 жасқа дейінгі ғылым докторларының  үлесі 1996 жылғы 2.4 %-тен, 2002 жылғы 2.6 %-ке дейін ғана өсті. Ал, осы кезеңдегі ғылым кандидаттарның өсімі тиісінше 19 % және 23,5 % болды [6]. Соған қарамастан ғалым-педагог  кадрларының орта жасының ұлғаюы белең ала берді. Статистикалық мәліметтерге қарағанда ғылым докторларының 77,4 %-нің, ғылым кандидаттарының 44,5 %-нің жастары 50-ден асқандар екен. Нәтижесінде ғылым докторларының орта жасы 62, ғылым кандидаттарының орта жасы 42 де болды[7].  Отызға жетпей докторлық диссертация қорғап жатқан ізденушілер саусақпен санарлақтай ғана еді. Дұрысы жасы отызға жетер-жетпесте докторлық диссертация қорғағандарды қолдау керек болатын. Себебі, мұндай жастар ғылыми атақты ертерек иеленгеннен кейін өзінің білімі мен күш-жігерін ғылымды дамытуға жұмсайтындығы белгілі. Олар енді атақ алуға ұмтылмай ғылымға қызмет жасап, жаңаша ізденуге, жаңалық ашуға мүмкіндік алатын.

Осы орайда, тәуелсіз Қазақстанның ғылыми кадрларды дайындау идеологиясы жастардың ертерек қорғап алып, саналы ғұмырын жаңа идеяларды өмірге әкелуге жұмсауға, жаңалықтар іздеуге негізделгендігін атап өтуіміз керек.

Қазақстан жоғары оқу орындарындағы жоғары білікті ғылыми-педагогикалық кадрларды дайындаудың негізгі көзі аспирантура болып қала берді. Аспирантурасы бар оқу орындарының қатары жылдан жылға көбейіп, ондағы аспирантар саны да өсіп отырды. 1991 жылы республикада аспиранттар дайындаумен бар болғаны 29 жоғары оқу орындары айналысты. Егеменді ел жағдайында ғылыми-педагогикалық кадрларды дайындаудағы жоғары мектептер ролі одан әрі өсіп, 1995 жылы аспирантурасы бар оқу орындары саны 53, ал 2005 жылы 72-ге жетті. Аспиранттар дайындаудың негізгі орталығы Алматы қаласы болып, жоғары мектептегі аспирантураның 43 %-ті осында шоғырланды. Бұдан кейінгі Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облыстарында 6-дан, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Астана қаласында 5-тен аспирантурасы бар жоғары оқу орындары болды. Ал Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарындағы оқу орындарында 2000 жылға дейін бірде-бір аспирантура бөлімдері болмады.

Аспиранттардың республика көлеміндегі таралып орналасуы да осыған сәйкес келді. 1991 жылы бүкіл аспиранттардың 74 %-і Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының жанында оқып жатты. Дегенмен, еліміздің басқа да аймақтарындағы жоғары оқу орындарының көбеюі олардағы аспиранттар санының өсуіне қолайлы алғышарттар жасады. Бұған дәлел, кейінгі жылдары Алматы қаласы аспиранттар дайындаудағы басымдылығынан айырыла бастады. Атап айтқанда, 1995 жылы мұнда аспиранттардың 65 %-і, 2000 жылы 62 %-і, ал 2005 жылы 57 %-і ғылыми ізденіс жұмыстарымен айналысып жатты[8]. Керісінше республиканың басқа аймақтарындағы аспиранттар санының өсу үрдісі байқалды. Атап айтқанда аспиранттардың 7,5 %-і Астана қаласында, 6,9 %-і Қарағанды облысында, 5,4 %-і Оңтүстік Қазақстан облысында т.б. болды. Тәуелсіздік алып жатқан тұста бірде-бір аспиранттары болмаған Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар облыстарының өзінде ғылыми-педагогикалық кадрларды аспирантура арқылы дайындаудың оңды тәжірибесі қалыптасты. Мәселен, 2000 жылы бұл облыстарда бүкіл республикадағы аспиранттардың 284-і (6 %) оқып жатса, ал 2005 жылы олардың саны 485-ке (10,3 %) жетті.       

Осы қарастырылып отырған жылдардағы аспиранттардың ғылым салалары бойынша бөлінісіне келсек, 1999 жылы барлық аспиранттардың 19,2 %-і экономикалық ғылымдар саласында ізденіс жүргізді. Бұдан кейін 13,9 % техника, 9,3 % педагогика, 8 % медицина ғылымдарында және физика-математика мен заң ғылымдарының әрқайсына 6,6 %-тен аспиранттар келді[9]. Кейінгі жылдары аздаған өзгерістер болғанымен жалпы мұндай бөлініс республикада бұған дейін қалыптасқан ахуалдан көп ауытқып кетпеді. Мәселен, 2005 жылы барлық аспиранттардың 17,4 %-і техника ғылымының үлесінде болса, экономика ғылымына 15,5 %, медицина 9,7 %, педагогика 8,8 %, заң ғылымына 7,5 % тиесілі болды. Барлық басқа ғылым салаларының үлесі 41,1%-ке тең келді[10]. Осы жылдары тарих ғылымдары саласында оқыған аспиранттар үлесі тиісінше 4,9 және 4,5 пайыз көлемінде болды.

Республика жоғары оқу орындарындағы аспиранттар саны жылдан-жылға өсіп отырды. Елімізде 1991 жылы 2469 аспирант болса, 2005 жылы олардың саны 4718-ге жетті, яғни 1,9 есе өсті. Жалпы 2001-2005 жылдар аралығында республикада барлығы 8484 адам аспирантураға түссе, соның ішінде 7048 ізденуші жоғары оқу орындарының аспирантурасына қабылданды. Яғни, оқуға түскен аспиранттардың 83 пайызы жоғары мектептер үлесіне тиді[11].  Мұның өзі еліміздің нарықтық қатынастарға өтуі жағдайында жоғары білікті мамандардың еңбек ақының төмендігі себепті шаруашылықтардың басқа салаларына жаппай кетіп қалу құбылысы белең алып жатқан кезінің өзінде жастардың әлі де болса білім мен ғылымға келуінің азаймағандығын аңғартса керек. Бұл әрине, оңды үрдіс еді.

Жоғары оқу орындарындағы аспиранттардың стипендиясы үшін мемлекеттік бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, 1998-2005 жылдардағы оның көлемі 1824026,3 мың теңгеге тең болды[12]. Республика жоғары мектептеріндегі бір аспирантты дайындауға кететін орташа шығын 2005 жылы 770 АҚШ долларын құрады.             

 Ендігі жерде Қазақстан жоғары оқу орындарындағы ғылыми-педагогикалық кадрларды аспирантура арқылы дайындаудың сапалық деңгейіне көңіл аударайық[13].

 

Қазақстан ЖОО аспирантура көрсеткіші

 

2001ж.

2002ж.

2003ж.

2004ж.

2005ж.

Барлық аспиранттар саны

4792

5321

5943

5665

4718

соның ішінде ЖОО-да

4011

4394

4896

4743

3969

Аспиранттар қабылдау

1844

1937

2104

1581

1018

соның ішінде ЖОО-на

1494

1583

1778

1348

845

Оқуды аяқтаған аспиранттар

1482

1154

1167

1503

1630

соның ішінде ЖОО

1222

979

1000

1246

1328

Диссертациясын қорғағандар

185

113

106

139

152

соның ішінде ЖОО

143

82

86

123

120

   

 Байқайтынымыз өкінішке орай жоғары мектептерде 2001-2005 жылдар аралығында бұрыннан-ақ сапалық көрсеткіші төмен аспирантура тиімділігінің одан әрі азайып кеткендігі. Егер 2001 жылы мұндағы оқуын аяқтаған аспиранттардың 11,7 пайызы ғана дер кезінде кандидаттық диссертациясын қорғап шықса, ал 2005 жылы ол одан әрі төмендеп 9 пайыз шамасында ғана болды.

2001-2005 жылдардағы мәліметтерге қарасақ жекелеген ғылым салалары бойынша геология-минералогия,архитектура,география(0%),өнертану(1,4%), ауыл шаруашылығы (3,2%) ғылымдар өкілдерінің аспирантурадан кейінгі кандидаттық диссертацияларын қорғауы мүлдем сын көтермеді. Ал фармацевтика (50%), медицина(41,6%), мәдениеттану(20%), саясаттану (13,7%), химия және әлеуметтік (13%) ғылымдар аспиранттарының сапалық көрсеткіші, басқалармен салыстырмалы түрде қарағанда, тәуірлеу болды. Аспирантура арқылы білікті тарихшылардың даярлану тиімділігіне  тоқталсақ осы аралықта барлығы 321 аспирант оқуын аяқтап, олардың 30 ғана диссертацияларын мерзімді кезеңде қорғай алған екен, яғни сапалық көрсеткіш 10 % шамасында[14].

Біздің ойымызша бұған әсер еткен бірнеше себептер де бар еді. Алдымен аспиранттардың стипендия көлемі аз болып, көптеген ізденушілер өздерінің материалдық жағдайын түзеу үшін ғылыми жұмыстарды қосымша қызметтер атқарумен ұштастыруға мәжбүр болды. Бұл ғылымға жұмсалуы тиіс уақыттың біраз бөлігін алып қана қоймай  ізденушілерді табиғи шаршатып та тастайтын еді. Аспиранттар үшін алыс жолсапарларға бару түгелі қарапайым тәжірибелер жүргізіп, жүріп-тұрудың өзі проблемаға айналды.

Жаппай жекешелендіру барысында көптеген оқу орындарының жатақханалары да соған ілініп кетіп, аспиранттарды талапқа сай тұрғын-жаймен қамтамасыз ету көп жағдайда мүмкін болмай қалды.

 90-шы  жылдардың аяғында ізденушілердің зерттеу тақырыбын қадағалап, олардың бірін-бірі қайталамауын реттеп отыру үшін белгілі-бір ғылыми мекемелер жанынан үйлестіру кеңестері құрылған еді. Алайда, үйлестіру кеңесін иеленген мекеме жас ғалымдарды әуре-сарсаңға салып, енді ізденушілер өздерінің тақырыптарын бекіту үшін біреуге тәуелді болып қалды. Сөйтіп жақсы пиғылдан туындаған ой өмірде өзінің оралымсыздығын көрсетті.

Сонымен, жастардың аспирантураға келуі, жалпы ғылымға қызығушылығы азаймады. Еліміздің ғылыми-педагогикалық әлеуеті болашақта Қазақстанның мақтанышы болатындай жас ғалымдармен толығып жатты. Енді тек оларға ғылыммен толыққанды айналысуға жағдай жасау қажет еді. Осыған орай, тәуелсіз еліміздің жас ғалымдарын не нәрсе алаңдатып, толғандаратынын түсіне алып, олардың үміті мен арманын мүмкіндігінше қанағаттандаруға әрекет жасау бүгінгі күннің де өзекті мәселесі болса керек.

Міне, осы мәселелерді толық, әрі тез шешу арқылы Қазақстан ғылымындағы кадр саясатын дұрыс жолға қоюға болады. Ал, нарық экономикасына көшу жағдайында мұның маңызы одан әрі арта береді. Себебі, кадр даярлау әр маманға шаққанда белгілі-бір көлемде қаржы шығындауды талап етеді. Сондықтан, қазіргі кезде ғылыми кадрларды даярлаудың қандай да болмасын мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, оның қайтарымын арттыру қажет. Бұл өз кезегінде ғылымның одан әрі дамуына, оның нарықтық қатынастар процесіне қосатын үлесін арттырып, республика алдында тұрған шұғыл әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси проблемаларды шешуге елеуі әсер етеді.

 

Пайдаланған деректер:

 

1. ҚР ОМА  2255-қ.,1-т.,139 б-іс.,25-27 п.п.

2. Образование в Республике Казахстан. Статистический сборник.-Алматы: Агентство РК по статистике, 2002. -148с. (123).; Қазақстан Республикасындағы білім беру. Статистикалық жинақ.- Алматы: ҚР Статистика агенттігі, 2006. -108 б. (84).

3. Ғылым мен білімдегі біліктілік-ел болашағы. //Дала мен қала. 18 мамыр 2007 ж. 12 бет.

4. Образование в Республике Казахстан. Статистический сборник.-Алматы: Агентство РК по статистике, 2002. -148с. (123).; Қазақстан Республикасындағы білім беру. Статистикалық жинақ.- Алматы: ҚР Статистика агенттігі, 2006. -108 б. (84).

5. Қазақстан Республикасындағы білім беру. Статистикалық жинақ.- Алматы: ҚР Статистика агенттігі, 2006. -108 б. (84).

6. Кембаев Б.А.,Кадырбеков Т.К. Динамика научно-технического потенциала      Республики Казахстан за 1994-2002 гг. Аналитический обзор. Алматы: КазгосИНТИ,2004.-42с.(27-28).

7. Нуртазина Р.А. Образовательная политика Республики Казахстан в условиях глобализации. –Алматы: НИЦ «Ғылым», 2004.-320с. (263).

8. Образование в Республике Казахстан. Статистический сборник.-Алматы: Агентство РК по статистике, 2002. -148с. (126).; Қазақстан Республикасындағы білім беру. Статистикалық жинақ.- Алматы: ҚР Статистика агенттігі, 2006. -108 б. (86).

9. Образование в Республике Казахстан. Статистический сборник.-Алматы: Агентство РК по статистике, 2002. -148с. (128).

10. Қазақстан Республикасындағы білім беру. Статистикалық жинақ.- Алматы: ҚР Статистика агенттігі, 2006. -108 б. (89).

11. Статистический ежегодник 2006. Статистический сборник. /Агентство РК по статистике, .-Алматы: 2006. -488 с.(336).

12. Подготовка кадров высшей научной квалификации в РК за 1998-2005 г.г. Агентство Республики Казахстан по статистике. Серия 14. -Социальная сфера. 8-10 с.с.

13. Статистический ежегодник 2006. Статистический сборник. /Агентство РК по статистике, .-Алматы: 2006. -488 с.(336).

14. Статистический ежегодник 2006. Статистический сборник. /Агентство РК по статистике, .-Алматы: 2006. -488 с.(338-341).

 

Резюме

В данной статье рассматриваются проблемы подготовки научно-педагогического потенциала в высших учебных заведениях Казахстана.

По мнению автора, подготовка конкурентоспособного квалифицированного кадра требует определенных средств и способствует решению социально-экономических и общественно-политических проблем общества.

Summary

This article discusses the problems of training scientific and pedagogical potential of higher educational institutions of Kazakhstan.
The author believes that preparing a competitive skilled workforce requires certain drugs and contributes to the solution of socio-economic and socio-political problems of society.