Мырзатаева З.Б.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Магистратура және (PhD) докторантура институтының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

Алматы, Қазақстан

 

Империялизмдік қастандық: қазақ қоғамын жару

(ХІХ ғ. 20-60 жж)

 

         Мақалада, Ресей империясының қазақ жерінде отарлық басқарма құрып, оған нақ қазақ азаматтарынан шенеунік (ең төменгі буынындағы) даярлау әрекеті және оның іске асып, патшалыққа қызмет етіп алданған, жарылған қоғам өмірі жөнінде баяндалады. Отарлық саясат жүргізген қай мемлекет болмасын алға қойған мақсатына «нәтижелі» қол жеткізуі үшін жергілікті халық ішінен өзіне қызмет ететін буынды дайындады. Яғни, мәселен, Ресей патшайымы II-Екатерина қазақ қоғамын іштей   ірітіп-шірітіп, империя үшін қызмет ететіндер тобын мынадай әдістерін насихаттау арқылы бастады. Ол былай деген болатын: «1.Қырғыз-қазақ (орыстар қазақтарды киргизы деген – автор.) халқының бір ру басшыларын екінші ру басшыларымен араз етіп, бірімен-бірін қас етіп, бірінің етін бірі жеуге себеп болардай іс қылыңыз; 2.Сұлтандарын бірімен-бірін араз қылып бірімен-бірін иттей тартыстырып, бірінің етін бірі жеуге себеп болардай іс қылыңыз; 3.Қырғыз-қазақтың басшы адамдарын сұлтандарымен араз қылып сұлтандарын өз қол астындағы ақсақал адамдарымен араз қылыңыз. Арасына от түскен уақытта жанып кетердей көкір-сөкір даярлай беріңіз»[1]. Сөйтіп осы ойларын дамыта келе әйел патша қазақтардың арасына осылайша от тұтатып береке бірлігін алсақ өз-өздері қырық пышақ болып қырылып, жеңілген жағы жеңген жағынан өш алу үшін, күш алу үшін Ресей патшалығына жақындар да, оның қол астына енер деп білдірген еді.  Сондықтан да патша әкімшілігі  Қазақстанды басқару жүйесінде  ел ішін жікке бөліп, әкімшілік жүйесіне тартып бірін марапаттап, бірін алдап-арбады.  ХIХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы орыстық басқарманың қазақ жерінде орныға бастауы кезінде бұл саясат шырқау шыңына жетті. Мәселен тұтас қазақ хандығын жойып оның орнына көп сатылы Ресейлік әкімшілік басқармасын орнату барысында, аға сұлтандық, болыстық, ауылнайлық қызметке рухани әлсіз қазақтарды тартып, оларға ерекше көзбен қарай бастады. Ресейге адал қызмет еткені үшін шен-шекпен, түрлі силық ұсынып қызықтырды. Мансапқұмар, атақкұмар би сұлтандар, қарадан шыққан байлар мұндай қулықтың түпкі саяси мазмұнын терең түсіне алмады. Олар орыс басқыншыларына  шексіз қызмет етіп, тіпті өз қандас бауырларына қарсы шыға бастады. Хандық жойылып орнына орыстық басқару әкімшілігі құрыла бастаған тұста патша әкімшілігіне белсенділік көрсеткендер Қарқаралы сыртқы округінде Тұрсын Шыңғысов болса Ақмола бұйрығында Қоңырқұлжа Құдаймендин, Аягөз бұйрығында Сарт Ючиндер  т.б. болды. Әсіресе, Аягөз сыртқы дуанының ашылуы  қазақ сұлтандарының екі топқа жарылып, Қытай және Ресей қолдауына сүйенген Сыбанқұл Ханхожин мен Сарт Ючин арасындағы қайшылықтың өткірленіп, қазақтардың өзара байланысының шиелене түскенін байқатады. Сарт Ючин, патша әкімшілігінің сенімді қызметшісі болды. Ол, шекара үкіметіне Садыр болысы қазақтары туралы: «Қазақтар Ресей үкіметіне қанша рет бодандық ант берсе де, үкіметке қарсы шығып, бағынбаушылық әрекеттер көрсетуде. Оларға толық сеніммен қараудың қажеті жоқ. Үкіметке қарсы шыққандарын міндетті түрде қолға  түсіріп, қатаң жазалау керек»[2], – деп жазады. Сарт Ючиннің мұндай сатқындығын қолдамаған Сыбанқұл Ханхожин, өз сарбаздары мен ауылын Қытайға қарай көшіріп әкетеді. Жоғарыда  II-Екатерина өсиетінің іске асқандығын құрметті оқырман осындай мысалдардан анық көруімізге болады.

Ал, Ақмола сыртқы округіндегі аға сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендин болса, Карбышев отрядымен бірігіп Құшақ Қасымов ауылының күлін көкке ұшырып, 21 қыз, 8 әйел, 25 ер адамды өлтіріп, 80 адамды тұтқындауға қатысқан[3]. Міне осылайша патшалық Ресей бір ұлттың ер азаматтарын іштен ірітіп қанға бөктірді. Қоңырқұлжа сияқты Сарт Жошыұлы, Тұрсын Шыңғысов  орыс әкімшілігінің қызметшісіне айналды.

Енді қазақ билеушілерінің осындай өз еліне қарсылық ниетін өршіте түсу үшін ұстанған патшалықтың әдіс-тәсілдері қандай еді, соған назар аударсақ, онда оның мынадай силықтар, марапаттаулар таратылып, әкімшілік тарапынан көрсетілген артықшылықтардың болғанын көреміз. Қараңыз: 1840 жылы 5ақпаннан бері Ақмола округінің аға-сұлтаны болып келе жатқан полковник  Қоңырқұлжа Құдаймендин 1839ж 3 қыркүйекте «Ресей үкіметіне шексіз берілгендігі үшін гаухар таспен безендірілген Андрей лентасына тағылған алтын медаль», 1836ж 15 мамырда «Ресей империясының дворяны» [4]. атағына ие болған.. Генерал А.К. Гейнс 1865 жылы 23 тамыздағы жазбасында оның бейнесін, оның өмірінің соңғы жылдары жөнінде былай дейді: «Біз Ақмолаға жеткенде бізді күтіп алушылар ішінде, округ сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендин де болды. Ол көкірегі медальға толы полковниктік формада болды, мойны бриллиантқа толған»[5]. Халық қанын төгіп, байыған Қоңырқұлжа отаршылдардың ортасында осылайша өмір сүріп жатты. Сөйтіп, Гейнс оның 1865 жылы 22 тамыз айында қаза тапқанын баяндайды.

Ал, полковник Шыңғыс Уәлиханов қазақтың айбынды батыры, азаттық күрестің мүлдем жаңа туындысын дүниеге әкелген Кенесары ханға қарсылық көрсеткен. Кене ханның ел мүддесі дегенде таситын күш-қайратына досы тұрмақ дұшпанының қайран қалғаны баршаға аян. Соның бір ғана мысалы «Қазақ сұлтаны Кенесары Қасымовтың бүлігі» деп аталынған революцияға дейінгі «Вестник Европы» журналында бүлікшіл дей тұрып оны асқақтата мадақтаған үзіндіде былайша баяндалады: «Кенесары өз сарбаздарының лайықты әміршісі бола білді. Оның қарақшыларының лапылдаған биік рухына европалық әскери қолбасшылардың қай-қайсысы болса да іші күйе қараған болар еді. Кенесары мінекей, осындай еді! Иә осынау адал, бейнелеп айтқанда, аса үздік дарағай  тұлға болды, егерде басқадай тәрбие алған жағдайда одан теңдесі табылмастай мемлекет қайраткері шығатынына күмән жоқ еді»[6].

      Ал, Шыңғыс болса өз бауырына қару кезеп, мемлекеттік-саяси мәселені жоғары ұстана алмады. Ұлттың азаттығы жолында жанын аямаған Кенесары батырға қарсы тұрғаны үшін ол орыс әкімшілігінен заттай, ақшалай (аға сұлтандық қызметі үшін 200 рубль) силықтар алып тұрды.  1855ж 8 шілде айында Александр лентасына тағылған алтын медаль, екінші дәрежелі қасиетті Станислав медалімен, қола медалімен марапатталған[7]. Мінекей Абай Құнанбайұлы айтқандай «Жақсы менен жаманды ажырата алмаған  кейбір қазақтар» осылайша тура жолдан  адасты. Мансапқорлық пен атаққұмарлық салдарынан елді ауыр бүліншілікке ұшыратты. 

Арқа даласындағы сыртқы округтердің құрылуы барысында Қоңырқұлжа Қүдаймендиннің 16 жастағы Бегалы да саяси қулықтың құрбаны болды. Бегалы Кенесары мен оның досы Тайжан өміріне тігілген 4000 сомдық бәйге  үшін, жасырынып жатқан  батырларды әкімшілікке хабарлап қойды[8]. Нәтижесінде Т.Азнабаев ұсталып, ауыр жазаланып өлтірілді. Ал оның отбасы Туринскіге жер аударылды... Сондай-ақ орыс әкімшілігі тек Арқа даласында емес билік жүйесін орнатқан өзге аймақтарда дәл осылай әрекет  еткендігін байқаймыз. Мысалы 1861 жылы әкімшілікке адал қызмет көрсеткені үшін Орынбор облысынан 101 қазақ: бір алтын медаль, төрт күміс, алты қанжар, он жеті кафтан, бір күміс сағат, бес күміс кесе, тоғыз күміс ожау тағы басқа ұсақ-түйек заттар  берілсе,   1862 жылы шілде айында әкімшілікке адал қызмет көрсеткені үшін Орынбор өлкесінің 172 адамы силықтармен марапатталғандығы бар[9]. Ал Түркістанды жаулап алуға қатысқан 89 қазаққа 1864ж қазан айында алтын медальдан бастап, ұсақ-түйек заттар  таратылған. Бұл әрине орыс әкімшілігінің қазақты өзді-өзіне қарсы қою шаралары еді деп түсінген дұрыс болар. Егер қазақ өз елін шауып жағымпаздық көрсетсе патшалық оған сол мезетте-ақ  «жаужүрек майор», «полковник» етіп шығара салды. Ал бұл алдау саясаты болатын. Әкімшілік отарлау саясатын жергілікті халық қолымен іске асыру мақсатынан  туындаған қулық құрығы – міне осындай болды.

           Ел билеуші болыс, старшын т.с.с.  топ өсіп шыққан қоғам өмірін шебер бейнелеген «Зар заман» ақындарының шығармашылығында былай делінген: «Қазіргі қазақ ұлығы, Жаман иттен несі кем, Жемтік көрсе, қан көрсе, Айырылар мулде есінен, Тандыр болып суалды, Шалқар көлдей несібем» [10]. Осы сарындас өлеңдер Мұрат, Шортанбай ақын өлеңдерінде де терең тебіреністермен келтіріледі.

          ХIХ ғасыр соңында орыс басқармасы атынан ел билеушілер саны                                                                                             ұлғайып, қоғам дерті өрши түсті. Оған мына деректің дәлел болары сөзсіз. Орал облысы билерінің бірі Маев Б. отарлық әкімшілікке берілгендігі соншалықты, генералдың оған силыққа ұсынған жасыл барқыт шапанын алғанда қуанышы қойнына симай былай депті: «...енді мені елдің бәрі білетін болады. Менің үстімдегі патша силығын бәрі көретін болды. Мен өзімнің дүние-мүлкімді, бүкіл әйелдерімді, бүкіл малымды бере саламын. Енді мен орыстар үшін жанымды да беремін және өле-өлгенше патшаға адал қызмет етемін[11].

              Әсіресе, бүкіл қазақ басына төнген қаралы жылдарда (1867-1868ж) әкімшілік-территориялық реформалардың енгізілуі кезеңінде, халық наразылығын басу үшін көптеген қазақтар арсыздықпен жан аямай қатысқан. Мұрағат деректерінен бұл жөніде мынадай мәліметтер келтіруге болады. Солардың бірін айтсақ: «Торғай облысында 6 қазақ қасиетті Анна, Владимир және Станислав ордендерімен марапатталған, 4 адам алтын медальмен, 10 адам  күміс медальмен марапатталған» [12]. Ал, енді мынадай силықтар да таратылғаны әрі күлкілі, әрі қынжыларлықтай. Қараңыз, 1870 ж. Торғай облысында патша үкіметіне жасаған үздік қызметі үшін 3 адам қымыз құятын ожау, 5 адам барқыт шекпен,  7 адам күміс сағат, 10 адам темекі тартатын мүйізтек 15 адам мақтау қағазын алған[13]. Әсіресе, ел ішіндегі  төменгі буын шеніндегілер – болыстар ел зығырданын онан бетер қайнатты. Бұл жөнінде Абай Құнанбаевтың ашына жазған белгілі «Болыс болдым мінекей» өлеңінің мазмұны, сол болыстардың озбырлығын керемет суреттейді. Билік үшін өзара қырқысып, сайлау кезінде уезд басшыларына жағымпазданып пара беріп, алысып-жұлысып жүріп билікке ие болған болыстарға Абай ата былай дейді: «Мәз болады болысың, арқаға ұлық қаққанға. Шелтірейіп орысың, Шенді шекпен жапқанға»[14], - деп Дулат ақын айтқан «шен-шекпенге сатылған, батпаққа елін батырған»  жоғарыда келтірілген Орал облысы билерінің бірі Маев Б. сияқты елбұзарлардың қылмысын керемет әшкерелейді.Олар патшалықтан силық алса төбесі көкке жеткендей қуанды. Осы сарындас жағдайларға Ә.Бөкейханов өз көзқарасын былайша баяндайды: «Қазақ орысқа қараған соң бәйгі аттай, жорғадай туысымен болатын шешен озған би жоғалды. Кім орысқа жағымтал болса, сол жұртты бір қамшымен айдайтын болды... Пара беріп ақты қара, қараны ақ қылатын күн туды, қазақ жақсысы орыс етегінен жем жегенді зор өнер көрді[15].

Болыстық сайлау кезіндегі ел ішіндегі дау  қантөгіс қырғын дау-дамайға айналып кеткен кездері де болып жатты. Бірін-бірінен болыстықты қызғанып, ағайын-рулас ауылдар партияға бөлініп жауласты. Ал мұны  уезд, крестьянский начальниктер, урядник, стражниктердің әдейі ұйымдастырып отырғанын қазақтар жете түсіне алмады... Бұл саналы қоғам қайраткерлерін қатты қынжылтты. М.Дулатовтың «Сайлаулар хақында» атты өлеңі осындай ыза-кектен туған-тын: «Сайлау басы төреге мың-мың ақша, «Жаныңда стражник жоқ па екен онан басқа?», Стражник пен писірлер сүйінші алады, Бермей тағы болмайды hәм тілмәшқа, Волост болар мал шашып, шығынданып, Сайлау өтер осылай тынымданып, Әбден болып алған соң расходын, Бітіреді халықтан жылында алып. Қазағым бұл ғадлетті тасталық та, Халықты тура жолға басталық та, Волост, билік, ауылнайлық, выборнойлық  Қимайтұғын соншалық падишахлық па?» [16].

Қазақ элитасының еңбектерін қарастыра отырып, қазақтың қараңғылығы  көрініп жататын сайлау мәселесін ерекше көтеріп, оны тоқтатуға барлық күшін салғанын байқаймыз. Сондықтан Алаш ардагерлері сүйектен өтетін сыни теңеулер, айыптаулар мен түсіндіру, жол көрсетуге арналған шығармаларды дүниеге әкелді...

     Қорыта айтқанда , патшалық әкімшіліктің отарлық саясаты, ең бірінші кезекте мемлекеттің іргесін бұзу үшін қоғамды екіге жаруға бағытталды. Рухани тұрғыдан отарлаудың бір бағыты міне осылайша іске асырылды. Ұлтжандылық идеологиясы көтеріліп жатқан кезеңде оны  іс жүзіне асырудың бірден-бір негізгі жолы  тарихи оқиғаларға жаңа көзқарастарды қалыптастырып, тарихымыздың қателіктерін қайталамай, мемлекет тәуелсіздігін мықтап тұрып сақтаудың барлық шараларын қолдану қажет деп ойлаймыз.

 

Деректер тізімі

 

1.                 Қазақ халық әдебиет, көп томдық. - Алматы: «Білім». 1995.- 288 б.

2.                 Коншин М. Материалы для истории степного края. (РГО. Западносибирского отд. Вып.1. 1903). – Семипалат. 1903. - С.40-45.

3.                 Бекмаханов Е.Б. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. – А:«Санат». 1994. – 741 б.

4.                 ҚР ОМА қ.374, т. 1, іс 912., 7 парақ.

5.                 Гейнс А.К. Собрание литературных трдов Т.І. - СПб., 1897 Т.2.  1898. – С. 57.

6.                 Хан Кене азаттықтың көсемі (тарих тағылымы) – Көкшетау 2002. - 19б.

7.                 ҚРОМА қ.374, т 1, іс 912, 8 парақ.

8.                 Хронологический перечень Акмолинской области и Омской областей. – С 257.

9.                 ҚРОМА қ.4, тізбе 1, іс 2840,229 парақ.

10.             Қойгелдиев М. Ресей билігіндегі Жетісу. – Алматы 2005. – 33б.

11.             Царская колонизация в Казахстане. Сост. Оразаев. с7.86.

12.             ҚРОМА қ.25., іс 1834., 55-96 парақ.

13.             ҚРОМА қ.25., іс 443., 35-38 парақ.

14.             Сыздықова Р. Дулатты танып болдық па? //Қазақ әдебиеті Желтоқсан 1992 ж.

15.             Бөкейхан Ә. Таңдамалы. - А. 1995. - 194 б.

16.             Дулатұлы М.   (Дулатова Г., Иманбаева С. (құраст.)) 2002.-38бет

 

Резюме

Ресей империялизмі ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында Орталық және шығыс Қазақстанда дәстүрлі хандық билікті жойып, орнына отарлық басқару жүйесін енгізді. Отарлау процесі жергілікті елді топқа бөлу, биліктен аластату, күштеу жолдарымен іске асты. Мақалада мұрағат құжаттары және деректік материалдар негізімен қазақ азаматтарының отарлық басқарманың ең төменгі буыны қызметіне тартылып, жікке бөлініп, өзара алауыздыққа барғаны баяндалды. Екінші позицияны ұстанушылар империя саясатының түпкі мәнін дұрыс ұғынып, ашық қарсылыққа шыққан хан ұрпақтары және оның артындағы қалың қазақ жұртынан тұрғаны туралы айтылды.