ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕТУДІҢ КОММУНИКАТИВТІК-СӨЙЛЕСІМДІК БАЙЛАНЫСЫ

Бейсенбекова Гулназ Турлыбаевна 

кандидат педагогических наук, доцент

КазНПУ им. Абая

 

       Келешек ұрпақтың жеке тұлға болып қалыптасуында өзгетілді дәрісханада қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізін айқындап және оны ұтымды пайдалану – бүгінгі күн талабынан туындап отырған  өзекті мәселе ретінде төмендегідей критерийлерге жауап беруі тиіс:

·    ұлттық білім беру жүйесінің даму бағыттарын айқындай отырып, қазақ тілін өзгетілді дәрісханада оқытуды тың арнаға, жаңа сапаға жеткізу қажеттілігі;

·    білім мазмұнын байыту, оқыту үдерісін жетілдіру, жаңа педагогикалық технологияларды жиі пайдалану;

·  жан-жақты дамыған, рухани жетілген жас маманды қалыптастыру;

·    тіл үйренушілердің қазақша сөйлеуін дамыта оқыту мен тәрбиелеу идеясына негіздеу;

·     мәтіндердегі танымдық, кәсіби, тәрбиелік, ғылыми тұрғыдан қолданылған мәтіндерді игерту арқылы тіл үйренушілердің  сөйлеу дағдысын жетілдіру;

·    тіл үйренушілердің сөздерді орынды қолданып, сөйлеу мәдениетін жетілдіру, сөз байлығын арттыру, әдеби нормаға сай сөйлеуге дағдыландыру; тілді үйренуге деген танымдық қызығушылығын арттыру.

Сондықтан  әдістемеде сөйлесім әрекетінің барлық түрлерін бір-бірімен тығыз байланыста қарастыру негізге алынып, тілдік қатынас сөйлесім әрекетінің түрлерінің бір-бірімен араласып-құраласуы нәтижесінде жүзеге асады. Мысалы: оқылым-айтылым (оқыған мәтінді баяндау, сол мәтін бойынша әңгімелесу, пікірталас құру, мәтінді түсіндіру); тыңдалым-жазылым (жатқа жазу, мазмұндама, тыңдалған хабарды жазу, т.б.); оқылым-жазылым (оқылған мәтін бойынша жоспар құру, пікір, шолу жазу). т.б. Ал тілдесім болса, сөйлесім әрекетінің барлық түрлерімен: оқылыммен, тыңдалыммен, жазылыммен, айтылыммен тығыз сабақтасып, олардың қолданысқа түсуіне жәрдемдеседі.

Бұл сөйлесім әрекетінің барлық түрінің тілді игерту кезеңінде қалыптасатын дағды мен іскерлікке сәйкесетентін өздеріне тән ерекшеліктері бар. Қарастырылып отырған мәселе оқылым үдерісі болғандықтан, оның тілдік қатынаста сөйлесім әрекетінің басқа түрлерімен байланысын аша кеткен орынды.

Ең алдымен, оқылым да, жазылым да тілдің графикалық жүйелері арқылы берілетіндіктен, оқылым жазылыммен тығыз байланысты. Сондықтан тілді меңгертудің алғашқы баспалдақтарында оқылым мен жазылымды өзара байланыстыра қолдану ұтымдырақ. А.Байтұрсынұлы былай дейді: «Жаза біліп, оқи білмейтін де адам бола ма? – Жоқ. Жаза білетінде оқи да біледі. Олай болса, сауаттылық негізі оқу бола ма,  жазу бола ма? – әрине, жазу болады.

… Жазу – әріптердің сүгіретін сала тізу; оқу – әріптердің дыбыстарын айта тізу» [15, 362-б].Демек, оқылым мен жазылым тілді меңгертуде қатар жүріп отырады.

Оқылым айтылыммен де тығыз байланыста болады. Дауыстап оқу арқылы тіл үйренуші өзінің сөйлеу деңгейін бақылай алады. Жалпы әрбір адамның тәжірибесінде оқылымның ауызша сөйлеу негізінде қалыптасатындығы байқалады. Мысалы, сәби айту дағдылары мен іскерлігін қалыптастырғаннан кейін, оқылым үдерісінде сол айтылған сөздерді графикалық бейнелер арқылы тани түседі.

Оқылым тілдесіммен де тығыз байланыста болады. Өйткені тілдесім оқылымның іс жүзінде қолданысқа түсуіне септеседі. Қабылдаушы оқылымның көмегімен алған ақпараттарын басқа адамдарға тілдесім арқылы жеткізеді. Тілдесім арқылы оқыған дүниесін саралай келе, екінші адаммен ой бөліседі. Тілдесім адамдардың бір-бірімен түсінісуін ғана емес, сонымен бірге олардың дүниетанымдық көзқарасына, ойлау жүйесіне, күнделікті тұрмыстағы қам-қарекетіне ықпал ететіндіктен, оқылым арқылы жүзеге асатын ақпараттармен сабақтасады. Оқылым параққа түскен сөздер мен тіркестердің тізбегі арқылы берілетін ақпаратты, хабарды көзбе-көз тікелей алуға бағытталған әрекет болғандықтан, тікелей тілдесммен тығыз байланысады.

Оқылым тыңдалыммен де тығыз сабақтасады. Оқылым мен тыңдалым психологиялық жақтарынан алып қарағанда, екеуі де берілетін дайын ақпаратты  қабылдаумен тығыз байланысты болғандықтан, сөйлесім әрекетініңрецептивтік түріне жатады. Осыған байланысты оқылым мен тыңдалымға қатысты механизмдерді қарастыру арқылы екеуінің бір-біріне ұқсас жақтарын және айырмашылықтарын байқауға болады. Оқылым мен тыңдалымның бір-біріне ұқсас жақтары интеллектуалды үдерістерді (анализ бен синтез, салыстыру және ажырату, қорыту, т.б.) меңгеру деңгейімен айқындалады. Ал тыңдалым мен оқылымның айырмашылығы – тіл үйренушінің берілген хабарды қабылдап және оны жеткізудегі жағдайға байланысты. Оқылым кезінде айтылатын ой тілдік таңбалар арқылы жеткізілетіндіктен, тіл үйренуші есінде сақтамаған хабарды қайта айналып оқуына жағдай бар. Оқу қарқыны және жылдамдығы тіл үйренушінің өзіне байланысты, оқу уақыты шектелмейді. Сонымен қоса тіл үйренуші өзіне түсініксіз сөздерді анықтамалық әдебиеттерді қолдану арқылы таныса алады. Ал тыңдалымда тіл үйренуші жеткізілетін хабарды бірден қабылдмаса, қайта оралатын мүмкіншілігі жоқ. Айтылмақ ой тыңдаушының еркінен тыс хабарды жеткізуші баяншының сөйлеу қарқынына байланысты. Сонымен тыңдалым үдерісіндеі дағдылар мен іскерліктер автоматтандырылған сөйлеу деңгейіне тікелей бағытталуы тиіс.

Сөйлеген сөзді, оқылған мәтінді дұрыс қабылдау тіл үйренушінің өзіне де қатысты. Тыңдау барысында тіл үйренуші пауза, ой екпініне, дауыс қарқынына қарай хабарды қабылдайды, ал оқу барысында тыныс белгілеріне, сөздердің грамматикалық белгілеріне, мағыналық бөліктерге, ерекше жазылған сөздерге, схемаларға, кестелерге қарай отырып, өзіне қажетті ақпаратты алады. Естігенін және оқығанын қабылдау лингвистикалық ерекшеліктерге, яғни тілдік белгілерге; тіл үйренушінің біліміне және сөйлеу тәжірибесінің сәйкестігіне сай жүзеге асады.

Лингвистикалық қиындықтар тыңдалым барысында тыңдаушының сұхбатқа қатысуынан және қатыспай сырт тыңдап тұруынан туындайды. Бұндай жағдайларға айтушының сөйлеу мәнері, қарқыны, дикциясы, интонациясы жатады.