Б.С. Бегманова

Доцент кафедры казахской литературы

КазГосЖенПУ

 

60-70 жылдар поэзиясындағы дәстүр жалғастығы

 

Қазақ поэзиясында Абай поэзиясынан нәр алып, Абай дәстүрімен жыр жырламаған ақын кемде кем. Абай дәстүрін өткен ғасырдың екінші жартысында поэзия әлеміне қадам басқан бір топ ақындар да өз шығармаларына үлгі ете білді. Сондай ақындардың бірі белгілі ақын Қ. Баянбай да ақын өлеңінен үлгі алып, поэзияда өз соқпағын салды. Абай дәстүрін өз өрнегімен, өз ерекшелігімен әрі қарай дамытты. Абай өз заманынан озық туған ақын. Ондывқтан ақын көңілін жабырқатқан да мәселелер аз кездеспеді. Заманына, өзін қоршаған ортаға көңілі қалған Абай:

                          Күшік асырап ит еттім,

                          Ол балтырымды қанатты [2, 23 б.]

деп жырласа:

Қ. Баянбай өз заманының осы көрінісін:

                          Жыландай арбап алған жұмыр басты

                          Кешегі қиялдардан қию қашты.

                          Қолымды жалап өскен күшіктерім

                          Ит болып,

                          Енді өзіммен ырылдасты [5, 17 б.] 

деп жырлайды.

Ақын Қ. Баянбай қоғамдағы жақсылыққа жамандықпен жауап қайтарар пасық, көкірегі тар, түсінігі төмен жандар бейнесін жасайды. Ұлы Абай өз заманының бейнесін әрі қысқа, әрі нақты етіп жырлаған. Абай жырында иттің іс-әрекеті нақты бейнеленсе, Қ. Баянбай осы іс-әрекетке өзінің өкінішін қосып, өзін-өзі қайраған бейнені суреттейді. Ақын өлеңінде әлі де кемшілігін түзеуге алдағы күннен үмітін үзбеген кейіпкер бейнесі бар.

Қай ақын болмасын халқының, елінің қуанышы мен қайғысын өз қуанышым, өз қайғым деп есептейді. Халықтың басына түскен ауыр күн ақын жүрегін сыздатып, жанын ауыртады. Ақын сол қуанышты, сол қайғыны өзіне   қабылдап, жыр жолдарына айналдырады. Ұлы Абай да өзі өмір сүрген қоғамға көңілі толмай, өкінішті жайттардың бәріне өзегі өртене қайғырды. Ақын жүрегін сыздатқан жеке басының мұңы емес, сол замандағы қарапайым халықтың зары мен қайғысы. Ұлы ақынды осы қасірет мазалады. Ақын сол қасіретті жыр жолдарына айналдырып, сыры мен мұңын қағаз бетіне түсірді. Поэзиядағы ақындар да халқының қуанышы мен қайғысына ортақтасқан,  олардың басындағы ауыртпалықты жырларымен бөлісе білген майталмандар.

Ал, К. Мырзабеков бұл көріністі мүлде басқа қырынан жырлайды:

                          Рас,

                          Бізден Абай мұңы бөлек ед,

                          Сол мұң шығар оны ойлантқан керемет [5 106 б.] 

деп Абай мұңына ортақтаса, Абай заманы мен өз заманын салыстыра жырлайды. Өлең бойында екі заман бейнесін ақын шендестіре, салыстыра бейнелеген.

Ақын К. Мырзабеков екі заман бейнесін салыстыра жырлауда өзіндік ерекшелігін байқатқан. Абай заманын, яғни, өткен заманды мұңды етіп суреттесе, қазіргі уақытты қуанышқа, шаттыққа толы күйінде көрсетеді. Күш-жігері тасыған, білімді де білікті қарапайым халық бейнесін шебер сомдай білген. Ақын тапқырлығы – өткен өмірді мұңлы бейнеде, қазіргі таңды қуанышты кейіпте бере білуінде.  

                   

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1.     Құнанбаев А. өлеңдер. Алматы.  Жазушы. 1992.

2.     Мырзабеков К. Өлеңдер. Алматы Атамұра. 2003.