Таттимбетова К.О.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық

университеті филология, әдебиеттану және әлем тілдері

 факультеті қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы

кафедрасының магистранты

Төлеу Көбдіков лирикасындағы тарихи оқиғалардың көрінісі.

Төлеу Көбдіков сөз өнерін ерекше қадір тұтқан. Поэзияға талғаммен, таныммен келген. Отан, халық тағдыры оның поэзиясының өзекті проблемалары ретінде көтерілді. Жеңіл тақырыпқа желдей есіп, оңды-солды өлең жаза беру оның табиғатына жат болатын. Әлеуметтік мәселелерді ақын өз поэзиясында көтере отырып, көркемдік қуатына да ерекше көңіл бөлген. Мұның өзі ақынның поэзияға деген көзқарас деңгейінің биіктігін байқатып, қалам қарымының қуатын танытады.

Төлеу Көбдіков шығыстың бай әдеби мұраларымен де таныс болған. Сол кезде қазақ арасына кең тараған «Мың бір түн», «Шаһнама», «Ләйлі-Мәжнүн», тағы басқа осы сияқты асыл шығармаларды оқып, көңілге тоқи біледі. Жазушы Жақан Сыздықовтың мына бір пікірі соны нақтылай түседі, «Тотынама», «Тоқсан тараулы аңыздар» т.б. аңыздар қарт ақынның жүрегіне жатталып, бойына сіңген» /1/.

Жас кезінен Абай аулына жақындығы Төлеуге ұлы ақын шығармалары арқылы орыс әдебиетімен танысуға мүмкіндік берді. «Мать Толеу Куандыка была одной из интимнейших друзей Абай и юнного сына ввела в литературную среду, центром который был Абай. Толеу Кобдиков выделяется из акынов своего поколения высотой поэтической культуры и близостью ее к русским и европейским образцом, а так же широтой своих идейных замыслов» /2/.

Абайдың ұлылығын дүниеге келтірген осы үш бұлақтан  мейірі қана сусындаған Төлеу де халықтың бай ауыз әдебиетінен қоректеніп, жазба әдебиетке жол тартқан.

Төлеу ақын халық ауыз әдебиетіндегі мақал-мателдерді де еркін  қолданады. Мысалы, «Еріншектің ертеңі таусылмайды», «Жақсы әке жаман ұлға қырық жыл азық»,  «Бірлік қыл-тірлік қылсаң», «Көпке ырыс-жақсы туса» т.б.  Ақын шығармашылығында тыңнан құрастырылған бір топ қанатты сөздер ел ішінде кең таралып, мақал-мәтел ретінде қолданылатыны байқалады:

Ақымаққа адырайған көз бітеді,

Мақаудың әңгімесі тез бітеді.

Ақ көңіл, аты арымас ақ жарқыным.

Керегі жоқ дедім ғой итке алтының.

Ақынның төңкеріске дейінгі жазған өлеңдерінің ішіндегі мазмұндысы да көркемдік жағынан озығы – 1916 жыл оқиғасына байланысты туған жырлар. Оған «Сарыарқа» (немесе «Сарыарқаның сарыны» деп аталатын) және «1916 жыл» жырлары жатады. Профессор Б.Кенжебаев  «Қазақ халқының» 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісі туралы ауызша шығарылған және жиналып басылып жүрген өлең-жырларды тақырыптарына, мазмұнына қарай бірнеше топтарға бөледі де, Төлеудің «Сарыарқа» толғауын маусым жарлығы және оны халықтың қалай қабылдағаны жайлы жазылған туындылардың көрнектісіне жатқызады /3,273/.

Толғау 1916 жылдан бері ауызша сақталып, кейін 1936 жылы «1916 жыл» атты жинаққа (құрастырушысы Б.Аманұлы) енген. Кейін «1916 жыл» аталған (1940) үлкен жинаққа ықшамдалып басылған. Толғаудың тууына себеп болған жағдайларды жоғарыда айтып өттік.

Ақын жарлыққа байланысты ел басына түскен ауыртпашылық, күйзелушілікті терең толғанып, тебірене жырға қосады:

Июньде жиырма бесінші шықты жарлық,

Жарлықты естіген соң естен тандық.

Жыр қылды үш-ақ күнде жиналсын деп,

Болады бұдан артық қандай тарлық.

1916 жылғы маусым жарлығы қаймана қазақтың азаматтарын жай түскендей есеңгіретіп, естен тандырғандай күйге түсіргені шындық. «Сонда әділеттік қайда?» деген сұраққа ақын:

Әркіммен теңдес туған аталықпыз,

Арғыдан келе жатқан қатар ақпыз:

Қаршыға, тұрымтайды жем қылуға

Біз қалай осыларға жапалақпыз? - деп жауап береді де, әлеуметтік теңсіздктің сырын көрсетуге талпынады. Ақын 1916 жылғы маусым жарлығын өз халқына қорлау деп таниды. Бодан  халықтың көрер күніне налиды. «Әркіммен қатар туған аталықпыз» деп, өз аталарының рухты, тәуелсіз, күшті ел болғанын аңғартады. Адам баласы әуелден қатар жаратылған десе де, күшті мен әлсіздің арасындағы күрестің шегін таба алмайды. Мәселен:

Жақсылар өзі білер нұсқаласа,

Тоқтау жоқ өтірікке қысқаласа.

Бұл жерде талай арман айтылмайды,

Заман тар, тілді қысқа ұстамаса, - деп, «жақсылар өздері түсінеді» деген ишара білдіріп қояды.

Төлеу Көбдіков заманның тарлығын айта отырып, қайткенде де көнесің, басқадай шара жоқ, «ақтабан шұбырындыда» аштық көріп әбден азып-тозған ел енді етек-жеңін жиып, басын жаға құрап келе жатқанда тағы бір пәлеге кез болды ғой деп зар илейді, қамығады:

Сары Арқа қаламысың туған жерім,

Кір жуып, кіндігімді кескен жерім.

Айрылып, Сары Арқаның саласынан

Болар ма қазақ аты өшкен жерің.

Туған-туысқанмен, ел-жұртпен, туған жермен, ұшқан ұямен қоштасу 1916 жыл поэзиясынан өзекті орын алды. Оның кейбірінде ел ішіндегі кейбір парақор би, жемқор болыстарға іштегі ашу-ызасын білдірсе. Енді бірде аңыраған ананың көз  жасы көрсетіледі. Төлеу ақын толғауларында басқа түскенге көнгендік бар, ал патшадан рақым күту - бос әурешілік. Сондықтан, халық бекер қырылып қалмауы керек. Ақын «қара жұмысқа» алуға көнгенде, оған кемдігінен көріп отыр деп айта алмасақ керек. Қайта оның поэзиясынан сол тарихи тар кезеңнен халықты қалай аман алып шығу керек деген ой ұшығы көрінеді. Сондықтан, бұрынғы зерттеушілер айтқандай, бұл өлеңде күйректік сарын бар деп айта алмаймыз.

Төлеу Көбдіков өзі алдын көрген қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың өзі де ащы сатирамен «сомородный, сары алтын» деген сияқты орыс сөздерін поэзиясында колданушы еді ғой. Сол ізбен Төлеу Көбдіков те «Военное положение оқылады» деп империяның озбырлығын ащы тілмен өткір тіліп өтеді.

Әскерлік қара жұмыс болса-дағы,

Бұл-дағы солдаттыққа таяуырақ.

«Ұлық тұр айтқаныма көнесің» деп,

«Кісіңді шапшаң жиып бересің» деп....

Арттағы тұқым болар өркен едің, - деп налиды, мұң-налаға бой ұрады. Қалай болғанда да ақын халықтың өрімдей жастарына қауіп төнегенін ашып айтады.

Қазаққа патша қысым салған жері,

Мал түгіл басты тізіп алған жері.

Қазақта жас бойдақтың бәрі кетіп,

Түрленген бәйшешектің солғын жері, - деп хан мен қараны, ұлық пен кішікті, патша мен кедейді де ажырата жырлайды. Толғау түйінін Төлеу ақын «Кемесі тәуекелдің суға кетпес», - деп үміт сезімімен түйеді.

Пайдаланған әдебиеттер

1.      Сыздықов Ж. Төлеу ақын // Екпінді. – 1946,  №149

2.       ҚР ҰҒА ОҚ ҚҚ. 1113; 13

3.       Кенжебаев Б. Қазақ халқының ХХ басындағы демократ жазушылары. – Алматы: ҚМКӘБ. 1958. – 308 б.