Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Филология, әдебиеттану және әлем

тілдері факультеті қазақ әдебиетінің

тарихы және теориясы кафедрасының магистранты

Әзизова Айнұр

Қ.Жұмаділов романдарында көрініс тапқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар

  Қай халықтың болса да, оның ертеден келе жатқан өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі болады. Салт-дәстүрлер сол халықтың мінез-құлқын, қасиеттерін таныта алады. Мысалы, қазақтарға тән бауырмалдық, ақжарқындық, қонақжайлық. Әрине, бұл қасиеттер басқа халықтарда да кездеседі. Бірақ бұл қасиеттер әр халықта әр қырынан көрініс береді. Сонымен ұлттардың салт-дәстүрлеріндегі мінездері мен қасиеттері бір-біріне ұқсап, бірін-бірі толықтырады.
Қазақ халқының салт-дәстүрлері осы ұлттың мінез-құлқын, қасиеттерін көрсетеді. Кейбір салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары сол халықтың тұрмысына, тәрбиесі мен мінезіне, сеніміне, ырымына қарай қалыптасып, келеді. Қазақта «Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа» деген мақал бар.  Той-думандарда, жиындар мен мерекелерде орындалатын осы қазақ халқының салт-дәстүрлері оның ұмыт болмағанын паш етеді.

  Романдық эпос тұрмысқа тікелей қатысты болғандықтан онда осындай әлеуметтік-тұрмыс көріністерінен хабар беретін салт-жоралар мол. Халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарынкөптеген ақын-жазушыларымыздың еңбектерінен, көркем шығармаларынан, биографиялық ышғармаларынан кездестіре аламыз. Әр кейіпкердің іс-әрекетін әдет-ғұрып, салт-дәстүрлермен көркемдей отырып, оқырман жүрегіне жылы жеткізе білген шебер жазушыларымыз аз емес. Осы жерде Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш» романын ерте кезден бері қазақтың ауыз әдебиетінде кездесетін романдық-эпостық жырлармен салыстыра отырып талдасақ та болады. Себебі бұл романда да ауыз әбедиеті жырларында кездесетін түрлі салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, ырым-жоралғылар молынан кездеседі, кейіпкерлерінің тағдырларынан да ұқсастықтар табылып жатады. Сол салт-дәстүрлердің бірнешеуіне тоқтала кетсек.  Бірінші сөз болатын үйлену мен адамды жерлеуге байланысты өткізілетін салтқа тоқталсақ. Үйленуге байланысты қазақта түрлі ырым-жоралғы, ежелден келе жатқан дәстүрлеріміз жеткілікті. Соның бірі романда кездесетін әмеңгерлік. Әмеңгерлік дегеніміз – атастырылып, қалыңмалы төленіп қойған қалыңдықтың немесе жас келіннің күйеуі қайтыс болған жағдайда артта қалған жесірді күйеуінің ағасына немесе інісіне қосуы. Қазақ халқының әмеңгерлік ғұрпын өлген туысының ошағы өшпесін, оның балалары  жетімдік көрмесін, мал-мүлкі талан-таражға түспесін деген ізгі ниеттен туған ғұрып деп түсінгеніміз жөн. Романда Нұғыман байдың отбасы туралы сөз болғанда қазақтың ежелгі салты әмеңгерлікпен жолығамыз: «Дүрия да, Сәлім де Нұғыманның кіші әйелі Сақыпжамалдан туғанды. Бәйбішеден туған қыздар әлдеқашан ұзатылған. Жалғыз ұл бар еді, ана жылы азамат болған кезінде көкпар тартып жүріп, аттан жығылып өлді... Оның Керей ішінде қалыңмалы төленіп, әне-міне аламыз деп жүрген қалыңдығы бар-тұғын. Әлгіндей бақытсыздықтан кейін екі жақ кезек арбасып, көп сөйлесіп жүріп, ақыры жетіп отырған жесірді Нұғыманның кіші ұлы Сәлімге қаратып еді. Өткен жылы жайлау үстінде құдалыққа көп адам барып, келінді отаулап алып келген». Ал осы кездегі Сәлімнің жас шамасы да айтылып кетеді: «... дәл осы кезде жұрттың назарын өзіне аударып, сары ала қамшыны ат қып мінген, сегіз-тоғыз шамасындағы бір бала даладан тасырлата шауып келді... Үстінде кестелі барқыт мешпет-шалбар, басында үкілі тақиясы бар бұл бала – Нұғыманның жалғыз ұлы Сәлім болатын. Үй толы кісіні елең қылмай, келе-ақ әкесінің мойнына асыла кетті. – Ой, ақымақ, мына үлкен кісілерге сәлем берсейші, - деді Нұғыман ыңғайсызданып. – Ұят-ай, сені де үйленген жігіт дейді-ау?.. »[6,245]. Әмеңгерлік дәстүрмен баланың жас шамасына да қарамау ежелгі дәстүрлердің бірі еді, алайды бұл оқиғалар бергі заманда болып жатса да ескі салт-дәстүрлердің әлі де қолданыс та болуы романға арқау болып отырған елде қазақы ескі дәстүрдің қаймағы бұзылмай, сол күйінше сақталып келе жатқанының белгісі деп түсінеміз.

  Сонымен қатар романды оқи отырып кісі есімін ырымдап қою дәстүрін атап айтар болсақ Қанағат бидің әкесі Күдерініңі есімін қойған кезді көреміз: «Ай артынан ай, жыл артынан жылдар өтіп жатты. Ысмайыл «бұл дүниеден, шынымен-ақ, тұяқсыз өтем бе?» деп жүргенде Айтолқын жүкті болып, шекесі торсықтай тағы бір ұл табады. Ысмайыл ат шаптырып, той жасап: «Күдерімді үзгенде жанған шырағым ғой» деп жаңа туған нәрестенің атын Күдері қойған екен».[6,184].

  Ат регеу. Ол – адамды сыйлауға арналған ізеттілік әдет-ғұрып. Ұлттық болмыс бойынша әйелдер атасына, қайнағасына, қайнысына, қайынсіңілісіне атын атамау үшін қосымша ат қояды. Мұны ат тергеу деп атайды. Мұндайда қойылатын аттардың кейбірі мынадай: «Мырза қайнаға», «бай атам», «би аға», «тентегім», «еркежан», «шебер шешей», «ақ әже», «сырғалым», «шашбаулым». Жеңгелері қайны-ларына әзілдеп, бойлары тапал болса «сұңғақтым», жайбасар болса «жүйрігім» деп те ат қояды.  Халқымыздың осы бір ежелден келе жатқан дәстүрі Қ.Жұмаділовтің «Соңғы көш» роман-дилогиясында да көрініс табады. Естайдың жеңгесі «Молда жігіт» деп атайды, себебі Естай  жастайынан білім қуып, қалада оқиды. Сонымен қатар, шығарма кейіпкерлері Дүрияны жеңгесі Торғын «Бикеш» деп атайды. Осындай жеңгелердің қайны, қайынсіңілілерін, қайынағаларына ат қою дәстүрі жазушы шығармаларында молынан кездесіп отырады.

  Жазушының басқа шығармаларында да ежелгі салт-дәстүрлер, ырым-жоралғылар  жиі кездесіп отырады. «Атамекен», «Сәйгүліктер», «Дарабоз», «Тағдыр», «Таңғажайып дүние», «Көкейкесті» романдарында ежелгі дәстүрлеріміз орынды қолданылып, әрқайсысының астарында үлкен мән жатыр.  Романда қоданылған салт-дәстүр, ырымдар мұныменен бітпейді, шығарманың басынан аяғына дейін қазіргі кезде біз тек қана ауыз әдебиеті туралы кітаптардан ғана оқып-біліп жүрген қазақтың дәстүрлерімен кездесіп отырамыз. Мысалы, кісі шошынып ауырған кезде ұшықтап емдеу әдісі, байдың үйіне барған бидің байдың бәйбішесіне өз қолымен қымыз құйып беріп, ол қымыздан бәйбішенің ауыз тиіп, биге қайта қымыз құйып беру дәстүрі, мақал-мәтелдердің қолданылуы, жай ғана айтылып қоймай, әрбір мақал-мәтелдер бір сюжетпен теңестіріліп, бір іс-әрекет бір мақалға теңестірілу, тек аңыздарда ғана кездесетін жын-шайтандар туралы көріністер, діни-аңыздар, тек қазақ халқының ғана емес, сонымен қатар  қытай халқының да адам жерлеу кезіндегі ырымдары да шығармада өте сәтті қолданылған. Қазақ халқында ежелден келе жатқан ескі дәстүр – өлім кезінде айтылатын жоқтау өлеңде де романда көрініс табады. Қазақ халқының ұлттық ойындарын көрсетуімен  автор өзге жазушылардан ерекшеленіп отырады. Әулие-бақсыларға құдайдай сенген аңғал халықты да осы шығармадан көре аламыз. Бір сөзбен айтқанда роман-дилогия дәстүр мен жаңшылдыққа құрылған десек те болады.

***

Folk traditions, consuetudes, signs, ceremonies, mythological subjects of the artistic world of the known kazakh writer Kabdesha Zhumadilova, are examined in the article. The successful use of method of foresight of future through interpretations sleep is marked in indissoluble connection with zhizennymi sobyatiyami. In the article of pranalizirovany mythological subjects and receptions them ispol'zvaniya on material of novels the «Last camp» of nomads and «Surprising world»

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.                 Жұмаділов Қ. «Соңғы көш» осылай туған // Қазақ әдебиеті, 1981. – 11 бет

2.                  Жұмаділов Қ. 8 томдық шығармалар жинағы. 5-том. – Алматы: Қазығұрт,2005. 536 бет

3.                 Жұмаділов Қ. 8 томдық шығармалар жинағы. 4-том. – Алматы: Қазығұрт,2005. 504 бет

4.                 Қазақ фольклорының тарихилығы. Алматы: Ғылым, 1993. – 325 бет

5.                 Қоңыратбаев Ә. Қазақ фольклорының тарихы. Алматы: Ана тілі, 1991. – 287 бет

6.                 Жұмаділов Қ. Ақынның ақырғы күндері // Қазақ әдебиеті. 22 желтоқсан 2000 ж. №51