Патриоттық тәрбие және қазақ зиялы қауымының патриоттық тәрбие туралы ой - пікірлері

 

Е.С. Аяған, М.Р. Әмірбекова,  А. Дәлел,  Р.С. Дуванбеков

 

Е.А. Бөкетов атындағы  КарМУ

 

Патриотизм, әсіресе, қазақстандық патриотизм дәл бүгінгі таңда айырықша маңызға ие болып тұр. Тәуелсіз еліміздің ғаламдық өркениеттен өзінің лайықты орнын алуы үшін де бұл ерекше өлшемнің бірі екені даусыз.

Сондықтан болуы керек, соңғы жылдары патриртизм отаншылдық, елжандылық мәселелеріне назар аударыла бастады. Әлбетте, бір мақалада оны бар ауқымда толығымен қарастырып шығу мүмкін де емес, сондықтан біз бүгінгі танда мәселенің өзекті деген тұсына тоқталуды жөн көрдік.

Зерделеп қарасақ патриотизм, қазақстандық патриотизм ұғымдары кеше-бүгін пайда бола қалған жоқ. Сондықтан оның қалыптасуының себеп-салдарын, мен-мәртебесін жете байыптау және зерттеу керек екендігі байқалады.

Рас, патриотизм, ұлтжандылық, елжандылық проблемасын тек кана соңғы он жыл көлеміндегі оқиғалармен, өзгерістермен орайластырып шектеп қалу жеткіліксіз. Бұл мәселе қоғамдық дамудың ілгерідегі кезеңдеріне де тән болған. Оны өрістетуде әртүрлі қоғамдык ұйымдар мен саяси институттар белгілі бір роль атқарған. Бірақ кеңестік идеологиядағы ұраншылық, науқаншылдық салдары патриотизм ұғымын жадағайландырып, оны әсіре-белсенділіктің құралына айналдырғаны жасырын емес. Сондықтан өткеннен сабақ ала отырып, бұл  проблеманың саяси мәніне оның жаңа қоғамдағы алар орнын мұқият саралап қарастыру қажеттігі туындады. Себебі — өткеннің бәрі сабақ.

Ал раtriotes (грекше) — отандас деген ұғымды береді. Patris Отан, туған жер деген сөз. Патриотизм ұғымының мазмұнын түсіндіруде саяси сөздіктерде әр-түрлі критерийлер қабылданған. Оның себебі, патриотизмнің әлеуметтік - тарихи, саяси құбылыс болғандығында және заманына орай әртүрлі әлеуметтік мәнге ие болуына байланыстылығында. Кеңестік патриотизм Отанына, халқына сүйіспеншілік пен қатар интернационализмді, КСРО халықтары мен бүкіл дүние жүзі ұлттарына достықты қамтыған. Тоталитарлық режим құлап, саяси құндылықтар өзгерген тұста патриотизм ұғымын жаңаша ұғындыруға ғылыми талпыныс жасалуда. [1].

Патриотизм Отан—анаға деген сүйіспеншілік, адам бойындағы қабілет қарым мен күш-қуатты, білім мен білікті, ақыл парасатты ел игілігіне жұмсау, атамекен мүддесіне арнау болмақ.

Патриоттық қасиет қоғамдық ой-сана керуенінің ерекше бір бөлігі. Сондықтан ол қоғамдық ортаның даму үрдісіне сай әртүрлі мазмұнда көрініс береді. Олай болса, патриотизмнің табиғи тамырларына, оның тарихи кезеңдеріне тереңірек назар аударғанымыз жөн.

Осы мәселе турасында алыс және жақын шетел ғалымдары, қазақстандық әріптестеріміз өз көзқарастарын білдіріп, оның қоғамдық үрдістерде алар орнын айқындау бағытында ой-тұжырымдарын ұсынып келе жатқаны белгілі. Айталық, ресейлік ғалым В.В.Макаров: "Патриотизм кез келген саяси, әлеуметтік, этникалық топтың ғасырлар бойғы тұтастығын қамтитын құбылыс" деп жазса, Н.И. Губанов былай деп ой түйеді: "Шын мәніндегі патриотизм кім - кімнің болса өз Отанына шексіз берілгендігі, сонымен бірге озге халық мақтанышына құрметпен қарау - болмақ. Ал мұндай қасиет іс әрекет пен идеяның, ықыластың бірлігінің айғағы іспетті". Осы пікірді И.Е. Кравцов та қайталайды. [2].

Мәселені басқаша түйіндеген ғылыми зерттеулерге зер сала қарағанда патриотизмнің қоғамдағы атқаратын функциясын жете бағаламаған әртүрлі пікірлердің орын алып келгенін анық аңғаруға болады. Айталық, Ю.И. Дерюгин деген автор: "...патриотизм бұл  жай ғана абстрактілі ұғым ғой" десе, П.М. Рогачев пен М.А. Свердлин: " патриотизм феномені ертеден келе жатқан түсінік екені рас, бірақ бұл  ғылыми-зерттеулердің арналарына жатпайтын үгіт-насихаттық жұмыстың ғана нысаны болуы керек" деп мәселеге біржақтылау сыпат береді. Бұл, әрине, патриотизм ұғымының мән мазмұнын толық аша алмай тұр. [3].

Тарих қойнауына кез жіберсеңіз, патриотизм ұғымын нәсілшілдік көзқарас тұрғысынан түсіндіруге тырысқандар да болған. Мәселен, ғалым Н.И. Губановтың жазуынша ағылшын лорды Х. Спурель "Патриотизм биологиялық көзқарас тұрғысынан" деген кітап жазған. Ол 1914 жылы орысшаға аударылып басылып шыққан. Спурель патриотизмнің түп-тамырын, тіпті, жануарлар әлемінің тіршілік түйсігінен іздеуге тырысады. Оның пікірінше олардың (жануарлардың) өз жұптары мен балаларына деген қамқорлығы, аталық сезімі патриоттық сезімнің баламасы бола алмақ. Бар болғаны осы. Бұдан асып мысалды іздеудің қажеті шамалы екен. [4].

Патриотизм ұғымын өзінше түсіндіру, тар мағынада қарастыру осылайша белең алып отырған. Сондықтан мәселенің мәніне тереңірек бойлап қарастыру қажеттігі айқын байқалады. Осыған байланысты патриотизм ұғымының тарихи тамырларын зерделеп, оның функцияларын анықтап, олардың мазмұнын ашуды жөн көріп отырмыз. Сонда Ю.И. Дерюгин, П.М. Рогачев, М.А. Свердлин сияқты кейбір авторлардың пікірлерінің негізсіздігі өзінен өзі - ақ айқын байқалмақ. [5].

Патриотизм мәселесі маңызды проблема ретінде Платон, Аристотель, Цицерон, Гегель, Ф. Энгельс еңбектерінен елеулі орын алған. Айталық, Цицеронның "Мемлекет туралы", "Заңдар туралы сұхбаттар", Гегельдің "Философияға кіріспе", Ф. Энгельстің "Семьяның, жеке меншіктің және мемлекеттің шығуы" деп аталатын туындыларында отансүйгіштік, елжандылық табиғатының әр-түрлі аспектілеріне талдау жасалынады. Соның бәрі айналып келгенде "Өз Отанын шексіз сүйген жанның орны ұжымақта деп Цицерон айтты деген қанатты қағидадан арна тартады. [6].

Ал енді патриотизм ұғымының тарихи эволюциясы қандай үрдістерден өткен? Ол үшін патриотизм табиғатының тіні саналатын патриоттық сана ерекшелігін, оның қалыптасу үрдісіне назар аударған жөн. Ф. Энгельс өзінің атақты "Семьяның, жеке меншіктін, және мемлекеттің шығуы" деген еңбегінде алғашқы қауымдық құрылыс сыпатын жан - жақты баяндай келіп, ғұрыптық дәстүрлік салт - сананың оянуы әр тайпаның өзіндік ерекшеліктерін айқындайтынын жазған. [7].

Демек, әр тайпаның өзіндік ғұрып-дәстүрінің санасы қалыптасқан. Осы үрдістегі әлеуметтік құндылықтар олардың қолөнерлік, көркемөнерлік дәстүрінен көрініс тауып отырған. Енді осы пікірімізді жүйелесек, алғашқы қауымдық құрылыстағы, тайпалық дәстүрдегі патриоттық сапа болмысы былайша көрініс берер еді. Оны үш негізге бөліп қарастыруға болалы. Олар: тайпалық дәстүрдегі патриоттық сананың экономикалық негізі, әлеуметтік негізі және рухани негізі. Экономикалық негізге - жерге және өндіріс құралына деген жалпытайпалық меншік алынса, әлеуметтік негіз жекелеген тайпа көсемдерінің бедел - билігі мен адамдар арасындағы қауымдастық қатынастар ерекшелігімен сипатталады. Ал рухани негіз қайнары тайпалық мифологиядан басқа адамдардың туған жерге деген сүйіспеншілігі, аруақтарды ардақтау, тайпа көсемдеріне шексіз берілгендік, қауымдастықты өзгелерден қорғау, түйінді мәселелерді әділ шешуге күш салу секілді ерекшеліктер болған. [8].

Міне, осыған қарағанда алғашқы қауымдық құрылыстағы патриоттық сана сыпаты ұжымдық пікірлердің орайласуымен көрініс тапты дер едік. Осының өзі қоғамдық прогреске жол ашты. Ол, әрине, өз кезегінде интегративті, регультативті функция атқарды. Алғашқы қауымдық құрылыстағы адамдар өз тайпасын мақтан етпей тұра алмады. Тайпалық мақтаныш сезімі оның өз тайпаластары үшін, жері үшін отқа да, суға да түсуге даяр болатын қасиет қалыптастыруға жол ашты. Тайпаластар арасында жауынгерлік рух басым болды. Олар соғысқа әзірлік алдында би-билеп, тайпа көсемдерінің алдында ерік-жігер күштілігін дәлелдеуге тырысты.

Демек, кез келген мемлекеттегі үстемдік етуші саясат пен идеология патриотизмнің мазмұнынан, санасынан көрініс тауып отыратын болған. Адамзатты өркениетке жетелейтін, ізгілікке үндейтін, елжандылықка баурайтын патриоттық сана қашанда жоғары бағаланып отырған. Сонымен қоса патриотизмді өз мүддесіне орай, билікті барынша нығайтудың құралы ретінде шебер пайдалана білген тоталитарлық жүйелердің мысалын да дүние жүзінен көптеп кездестіруге болады. Айталық, бір ғасырдыц ішінде саяси-әлеуметтік, экономикалық құрылымы бірнеше рет өзгеріп, соның салдарынан адамдар санасы сан мәрте күйзеліске ұшыраған Ресей қоғамының тағдырына назар аударсақта жеткілікті. Солай бола тұра орыс зиялылары өз халқын Отанды сүюге үндеуден жалықпаған. [9].

Н.Г. Чернышевскийдің, В.Г.Белинскийдің, Г.В. Плехановтың мұралары рухани құндылықтарға айналып отырғаны даусыз. Г.В. Плеханов озінің "Патриотизм және социализм" деген еңбегінде орыс патриотизмінің ерекшеліктеріне тоқталса, әйгілі сыншы В.Г. Белинский: "Атамекенді сүю жалқыдан жалпыға ұласатын құбылыс болуы керек. Отаныңды сүю деген сөз оның болмысынан өзінің идеалыңды көру, сезіну деген сөз. Қал-қадірінше әркім соның жүзеге асуына үлес қосуы керек" деп жазды. [10].

Ал Н.Г. Чернышевский өзін орыс халқына еңбегім сіңді деп атайтын әрбір қайраткерге мынадай өлшем қойды: "Әрбір ұлы орыс адамының тарихи еңбегі оның Отан алдындағы еңбегімен, оның патриотизмімен өлшеп-пішілуі керек".

Осы пікірлердің әркайсысында ел тағдырына алаңдаушылық, халық рухын оята алсақ деген перзенттік ниет жатыр. Мұндай құбылыс қазақ топырағында туып, халықтың мұң - мұқтажын жоқтай білген азаматтар шығармашылығына да тән. Сараптап қарасақ оның өзі жайдан жай пайда бола қалмаған. Оның өзінің себебі, даму барысы, салдарлары болған екен.

Қарапайым ғана мысал алайық. Империялық саясат тұсында Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға көсіліп жатқан ұлан - ғайыр қазақ даласын бөліп ал да билей бер пиғылы үстемдік еткені сөзсіз. Ал бірақ сол жымысқы саясатты жүзеге асыртпаған ненің арқасы, ненің құдіреті? Ақ найзаның ұшы, ақ білектің күші ғана шешуші роль атқарды ма?

Талайлы тарихымызға, оның қатпар-қатпар қойнауына көз салсаңыз, сайын даласы мен айдынды шалқар көліне көз алартушылар қай заманда да аз болған жоқ. Қазақ, қазақ болғалы, қабырғалы жұрт атанып қанат жайғалы жері үшін қан майдан үркіншіліктен көзін ашқан емес. Халқымыздың ауыз әдебиеті мен фольклорының эпикалық тұлғалары Қобыланды, Қамбар, Тарғын, Алпамыс сынды баһадүрлер образынын көркем туындыларда кестеленуінің мәні зор. Себебі, "Батыр тұлғасы әрқашан да Отанын сүйетін, елі үшін жанын аямай күресетін асқан патриот, жақсылыққа жаны құмар ізгі жан. Ол жауына қаншалықты қатал мейірімсіз болса туған - туысқанына, семьясына, ел - жұртына соншалықты мейірімді, жұмсақ, аңғал да ақкөңіл жан". Демек, батырлар тұлғасы, олардың болмыс-бітімі жас жеткіншек бойында ақыл - парасат пен қайрат - жігер сынды қабілет-қарымды қалыптастыруда ерекше роль атқарған. [11].

Халқымыз талай дүбірлі, дүрмекті кезеңді бастан өткізген. Сол замандарда уақыттың қойған талап - міндеттеріне сай елі ардақтаған перзенттері шығып отырған. Ал олардың ауыз әдебиетіндегі сомдалған образы ел арасында жас өскен буынды атамекенді сүюге, туған жерді сыртқы басқыншылардан қорғауға тәрбиелеуде айрықша маңызды болған.

Демек, біздің ойымызша қазақта батырлық, ерлік, дәстүрді дәріптеген туындылардың өзі жайдан жай дүниеге келмеген. Оның қоғамдық ой сана көшіне, адамдар психологиясына нақты, қыруар ықпалы болған. Сондықтан бүгіндері тілдік қорымызға берік орныққан қазақстандық патриотизмнен бұрын, ең алдымен, қазақ патриотизмнің түп тамырына бойлаған жөн. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде қазақ патриотизмін, отаншылдығын қалыптастырудың бірнеше қайнар бұл ақ - бастау көзі бар, соның бірі сөз өнеріне, оның поэтикалық пафосына, азаматтық әуен қуатына тікелей байланысты.

Атақұлдықта ел мұратын үкілеудің үрдісі. Қазақ - бауырмал халық. Бірақ сол шектен тыс бауырмалдықтын сабақ аларлықтай тағылым да аз емес, әрине. Ғасырлар бойы бодандықтың бұғауында болған халқымыз сыртқы күштің теперішін аз тартқан жоқ. Соның салдарынан "есіктен кіріп төр менікі" дейтін пиғыл өріс алып, қазақтар өз жерінде, өз елінде қақпақылға түсіп, кемсітушіліктің небір түрін бастан кешірді. Бұл, әсіресе, кеңестік интернационализм деген саясат тұсында шебер бүркемеленіп, республиканың негізгі этносы қазақтардың рухани өрісінің кеңеюіне барынша қысым жасалды. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде тарихшы М. Қойгелдиевтің пікірімен санаспауға болмайды. "Большевиктер жалпыадамзаттық гуманистік идеяны қазақ топырағына соған дейін қорланып қалған ұлтаралық мәселелерді табанды да байсалды түрде шешу арқылы емес, керісінше декреттер арқылы күштеп және тез арада енгізу жолына түсті, - деп жазады ол.- Мемлекеттік идеология дәрежесінде пәрменді түрде жүргізілген бұл  әрекет өз ретінде пассионарлы ұлттық элита тарапынан қарсылыққа жолықты" [12].

.Бұл  мәселе жағымды оқиға саналған "жылымық", қайта құру жылдарында да өз сабақтастығын тауып, СОКП орталық комитетінің съездері мен пленумдарының шешімдері мен қарарларында халыққа жергілікті ұйымдар арқылы танылып жатты. Ұлт араздығын тудыратын саясат интернационализмді бетке ұстап кең етек алды. Бір ұлтты басқа ұлттардан жоғары қою саясатының қате екенін КСРО - ның ыдырауы дәлелдеп шықты. Олай болса, патриоттық тәрбиенің өлшем бірлігі ұлттық мақтаныш сезімі мен қазақстандықтардың жалпы - ұлттық мақтаныш сезімі деген мәселелер туралы ой қозғағанда, міне, осы өзекті тақырыптарға айырықша назар аудару қажет.

Қазақстанды мекендейтін өзге ұлт өкілдерінің қазақтарға теріс көзқарасы болмайтындай әлеуметтік - экономикалық, саяси, рухани жағдайлар жасалуда. Қолынан келгенінше бар көмегін ұсынатын қазақтардың шектен тыс мейірбандығын, қонақжайлылығын, кең қолтықтығын өзгелердің өзінше түсініп, өзінше ойлап - пішіп, басынып, астамшылық көрсетуіне жол берілмеуі керек. Бұл  заң негізінде жүзеге асырылуы керек.

Әдебиеттер тізімі

1. Богославский В.В. Жалпы психология.- Москва. - 1978ж.

2. Базарбаев Ж. Нұсқабаев Ж., Даулетова Қ. Инабат.  Әдептану оқу құралы. Алматы: «Жазушы». - 1996ж.

3. Власкин А.Г. Оқушының рухани әлемі. - Ленинград.- 1991ж.

4. Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті: «Мектеп». - 1974ж.

5. Досмұхамбетұлы Х. Аламан: «Ана тілі». - 1991ж.

6. Жолдасбеков М. Асыл арналар.-  Алматы: «Жазушы». - 1986ж.

7. Жұмабаев М. Педагогика: «Ана тілі». - 1992ж.

8. Жарықбаев Қ.Б., Наурызбаев Ж. Қазақтың ұлттық тәлім - тәрбие атауларының түсіндірме сөздігі. – Алматы. - 1993ж.

9. Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақ тілінің тәрбиесі. - Атамұра.- 1994 ж.

10. Жарықбаев Қ., Табылдиев Ә. Әдеп және жантану.  Атамұра.- 1994 ж.

11. Құнанбаев А. Шығармалары. Екі томдық. «Жазушы».- 1968ж.

12. Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика. - Алматы.- 1993ж.

13. Қалиев С. Қазақ халқының салт - дәстүрлері және демократ ағартушылары. Алматы: РБК. - 1993ж.