Қанипаш Қайсақызы Мәдібаева,

Әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университеті

Филология, әдебиеттаны және әлем

тілдері факультеті қазақ әдебиеті

және әдебиет теориясы кафедрасының

профессоры, ф.ғ.д.

 

Шадыбекова Перизат

Әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университеті

Филология, әдебиеттаны және әлем

тілдері факультеті қазақ әдебиеті

және әдебиет теориясы кафедрасының

1 курс магистранты

 

 

Абайдың қара сөздерінің зерттелуі туралы

Абайдың қара сөздері абайтануда  жанр,  стиль мәселесі, қазақтың жаңа жазба әдеби тілін қалыптастырудағы орны, Абай шығармашылығындағы  дін жайы, дүниетаным мәселелері, т.б. жөндерден белгілібір деңгейде  қарастырып зерттелді.

Мұхтар Әуезов Абайдың қара сөздері 1890 жыл мен 1898 жыл  аралығында  жазылған деп көрсетеді. М. Әуезов  Абайдың “анық қара сөз мұрасы” отыз бес сөзден  тұрады деп түйеді.

“Жалпы алғанда,  Абайдың осы барлық  қара сөз дейтін мұралары  көркем прозаның өзіне бөлек, бір алуаны болып қалыптанады. Бұлар сюжетті  шығармалар емес. Бұрынғы жазушылар қолданған естегі, мемуар да емес. Стиль, мазмұн жағынан  алғанда осы шығармалар Абайдың  өзі тапқан, бір алуан көркем сөздің түрі. Кейде бұлар сыншылдық, ойшылдық және көбінше адамгершілік,  мораль  мәселелеріне арналған  өсиет,  толғау тәрізді.

Бұл шығармаларда Абай өзінің оқушыларымен әңгімелесіп, жүзбе-жүз кездесудегі мәслихат,  кеңес құрып отырған  ойшыл ұстаз тәрізденеді. Кейбір сырт сипаттарына қарағанда  Лев  Толстойдың “Круг чтение” деп аталатын еңбегіне ұқсас” (1, 204 б.).

Абайдың  үшінші сөзін  билеушілер туралы Герценнің “Былое и думысына” ұқсатады.

38-ғақлият – тасдиқатта Абай жазу тілінің,  басқа қара сөздердегі анық қазақты түрін өзгертіп,  кітапшылап (түрікше) тың үлгі,  стиль іздейді. Аят,  хадистен цитат келтіреді. “Ал,  осы  аталғандардан басқа  Абайдың  поэзиялық   мұрасына  қоса қара  сөздері  беретін  әр  заманда  бағасы жойылмайтын   бір үлкен  қымбат  қазына бар. Ол – Абайдың осы  қара  сөзді  жазған тілі. Өлең сөзінде  өзінің  барлық шеберлігі, жаңалығы, көркемдік таланты бойынша қазақ тілінің сапасын  әдебиет тілінің дәрежесіне  көтерген ұлы  тарихтық  еңбегі қандай болса,  қара сөздерінің тілімен де  Абай  осындай  еңбекті  біздің мәдениет тарихымызға  мол сіңірді.

Біздің осы күнгі сөйлеп,  жазып жүрген әдебиет тіліміздің тарихы  жалғыз ғана Абайдан басталады деп кесіп  айтпасақ та, сондай сапалы тілді  қазақтың жазба әдебиетінде анық биік  белге өрлетіп шығарған Абай екені даусыз (1, 213 б.).

Белгілі әдебиет тарихын зерттеуші, абайтанушы Бейсембай Кенжебаев Абай қара сөздерінің теориялық  тұрғыдан негізделуінде 1955 жылы  бірнеше мәнді мәселеге  назар аударды. Ғалымның қара сөз жанрлары  туралы айтқан  пайымдамаларында  қисынды ой, дұрыс бағдар,  табылған тоқтам аз емес. Алайда,  осындағы көп жай абайтанудың былайғы дамуында, қарасөздердің  ендігі зерттелуінде көп ескеріле бермеген. Б.Кенжебаев Абайдың қара сөздерінің “Ғақлия” деп аталып жүргеніне, тегінде Абайдың қара сөздерін ғақлия деп қана атау дұрыс емес деп уәж айтады. “Өйткені ғақлия-ғибрат,  мысал жөнімен дін, мінез-құлық жайында айтылған өсиет, насихаттау сөздер. Абайдың қара сөздерінің бәрі бірдей мұндай ғибрат, мысал болып,  бәрі бірдей дін,  мінез-құлық туралы  болып келе бермейді. Тек бірнеше сөзі (1, 15, 25, 28, 32, 34, сөздері) ғана дін,  мінез-құлық туралы ғибрат,  мысал – ғақлия болып келеді. Естуіміз,  Абайдың өзі о баста тек  осы сөздерін ғана  “Ғақлия” деп атаса керек” (2, 192 б.).

Ғалым Абайдың қара сөздерінің ара-тұра нақыл, мәтел сөздер – изречение,  афоризм деп  айтылатынына  да  қосылмайды. Абайдың  37 қара  сөзі ғана  билер  сөзі  тәрізді  шыққан нақыл  мәтел,  афоризм дейді.  Белгілі қисыны,  ұйқасы,  ырғағы бар тақпақпен айтылатын  түйдек ой. “Бақпен асқан патшадан, мимен асқан қара артық. Сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық”

Б. Кенжебаев Абай қара сөздерін ғылыми трактат деуге де толық қосылмайды. Ғылыми ой, талдау 17, 19, 27, 36, 38, 43 сөздерде  ғана дейді. Мұны Абай өзі “Тастих” деп атағанын ескертеді.

Сонымен Б. Кенжебаевтың Абай қара сөздерінің жанры жайлы түйіні: “Біздіңше Абайдың қара сөздерінің басым көпшілігі сын, сықақ жөнімен  сюжетсіз  жазылған   көркем әңгіме,  басқаша айтқанда,   көркем проза, көркем публицистика Эссе – жазба” (2, 143 б.).

Қара сөздерді  жазғанда Абай  күнделік  дәптер  сияқты етіп жазған дейді.  Қара сөздегі  үлгі мектебі  С. Шедрин дейді.

Әрине, Б. Кенжебаевтың  қара сөздер жайлы тұжырымына толық қосылуға  болмас. Дегенмен де  ойға тартар  жөні бар.

Б. Кенжебаев мынадай ойға тартар тың,  тосын шешіммен тоқтайды:

“Сонымен,  Абайдың қара сөздері көркем проза. Абай қазақтың  көркем прозасының  негізін  салушы. Бірақ  Абай  бұл жөнінде жалғыз,  тұңғыш емес, оның серігі, құрдасы бар. Ол Абайдың замандасы Ыбырай Алтынсарин. Ыбырайдың көптеген тамаша ұсақ әңгімелері, новеллалары қазақтың көркем прозасының басы, негізі. Ыбырайдың бұл әңгімелері Абайдың тұсында, Абай қара сөздерін жаза  бастаған кезде,  қайта онан сәл ілгері жазылды” (2, 145 б.).

“Сондықтан Абай қара сөздері сырт  формасы  жағынан “Кабуснамаға” өте ұқсас болса да, мазмұны мүлде бөлек. Бұл тұста біз Абайдың  аталмыш шығарманы оқығаны және түрі, стилі жағынан болса да үлгі тұтқанын  айтпақпыз.

Жанрлық іздену жолында ол Шығыстың  ғылыми трактат,  тастих ретіндегі  шағын үлгілерін, Жәмидің қарасөзді  ғақлияларын  есте  ұстағаны даусыз” (3, 113 б.).

Ғалым Абайдың  прозасында  ғақлия, нақыл  сөздер де,  ғылыми мақала да, ойшылдық трактат та, өткір сын, мысқыл ретінде келетін сатиралық   әңгіме де, адамгершілік өсиеттер де (дидактикалық рассуждение), публицистикалық насихат түрлері де, шешендік әңгіме кеңестері де бар дейді.

Профессор Х. Сүйіншәлиев Абайдың қара сөздерін  прозаның шағын түрі деп  атау керек деп,  қара сөздерді мынадай түрлерге  топтады:

1.                      Өсиет Ғақлия. 13, 20, 28, 38.

2.                      Тастих (утверждение). 7, 17, 43, 45

3.                      Нақыл,  тұспал сөз (афоризм, изречение)

4.                      Әңгіме,  кеңес ретіндегі  диалог, монолог. Сұрақ-жауап. 4, 5, 8, 9, 10, 12, 16, 19, 25, 27, 31, 32, 40.

5.                     Публицистика. 1, 2, 3, 14, 24, 26, 29, 33, 39, 41, 42 және “Біраз сөз” (46 сөз. Қ.М.)

6.                      Мақала,  памфлет, ирония, сатира. 6, 11, 14, 22, 29, 41.

7.                      1 сөз күнделік, мемуар.

8.   Ал 15, 17, 18, 23, 26, 27, 35, 36, 44 сөздерінің көркемдік сипаты басым: әсіресе, мінезсіз адамдардың (кербез, мақтаншақ) бейнесін суреттеуі.

“Аталған әңгімелердің бір тобы көркем дидактика (изречение), шешен толғаныс туындылары. Олар кей тұста өткір мысқылмен де қатысады. Кейбіреулері таза диалогты әңгіме. Енді біразы  автордың  терең толғаныстары, монологы, ақыл айтып, кеңес жасау толғана сөйлеу (рассуждение) ретіндегі  монолог. Бәрі де сюжетсіз, белгілі бір ойды ғана білділерлік шебер, шешен туындылар. Аталмыш диалогтары мен  монологтары  басқа сөздерінен ерекше көркем, қазақтың шағын прозасының алғашқы көріністері. Ол адамдар   арасында  кездесетін кербез,  кердең, мақтаншақ, құр кеуде, жұғымсыз мінез-құлықтарды шебер бейнелейді. Бір топ адамның жағымсыз мінезін  көз алдыңа елестетеді (3, 169 б.).

Қара сөздің жанры туралы абайтанушы ғалым Ғарифолла Есім “Сөз жанры” дейді (М.Қашқарида кездесетін “Сөз” жанрына ұқсасҚ.М. ) “Абай ойына келген нәрселерін еркін  айту үшін  өзі  арнайы жанр ойлап тапқан. Ол сөз жанры. Ақынның қара сөздері нағыз еркін ойдың  жанры. Мұнда ешқандай бір дәстүрге, тәсілге бағынушылық  жоқ.  Ой еркін айтылған, мазмұн өзін лайықты форма тапқан” (4, 129 б.).

Аслан Жақсылықов Абайдың қара сөздері жайлы өзіндік танымын ұсынуында көп мәселеде иландырады.Абайтанудың ендігі алымдарына  құлаш ұрған ауқымды  білімпаздық байқатады.

“В целом в рамках всего цикла “Слов” реализована определенная нравственно-этическая программа воспитания слоев народа, особенно людей, естественно тяготяющих к религии. Содержательная духовно-филосовская полнота, честность и искренность в изложении взглядов, ориентация на нравственное воздействие на души людей, учет общиного принципа сознания свойственно “Словам” Абая позволяют говорить об их жанровой близости к Хадисам пророка Мухаммада, нежели к эссеистической дидактической традиции западной литературы. Совершенно не случайно во многих фрагментах “Слов” упоминаются хадисы пророка, цитируются изречения из Корана” (5, С. 207).

Абайдың дәстүрлі “иман” иланымы арқылы кемел адам тәрбиелеу мақсұтын жан-жақты адамгершілік ұстанымдармен ұштастырудың терең бойлаған зерттеуші “иман” иланымының мұсылмандық Шығыста қай дәуірде  болмасын басты  қағида болып отырғандығын  негіз етеді.

“Данная концепция “иман” бытовала в восточной мусульманской культуре  ряд веков,  получая различные трактовкии формы выражения, она отразилась в трактатах аль-Фараби,  в трудах суфийских теоретиков Аль Газали, Ибн Араби, в поэме Ю. Баласагун “Құтты білік”, в дидактической книге Кайкауса “Кабуснаме” и т.д (5, С. 210).

А. Жақсылықовтың Абайға бұлайша ой тастауы – Абайды билеп-төстеп сөйлейтін қайсыбір зерттеудің жалаң, жалпылама сөзі емес. Ақын Абайды ақиқат тану  жолындағы  шынайы зерттеу, зерделеудің қисыны. Абайды іштен ұғу. Ғылыми негізді сөз. Абай жөнін тың танудың кемелденген кезеңінінің мәнді  сөзі.

М. Мырзахметов Абайдың М. Әуезов көтерген, исламиятқа қатысы мәселесін кең, алымды зерттеулерге айналдырудың көкейтестілігін әр кез айтып келеді.

Ғ. Есім “түсінікті  – түсіну” атаған  “Хакім Абай”  зерттеуінде Абайдағы дін, дүниетаным жайын сұңғылалықпен сараптайды.

Ғалымның “мистика – ол да дүниетанымның бір формасы” деген  тұжырымы, “дін, мистика” дегеннен шайлығып қалған санаға жаңа сәуле жүгіртетіндей. Алла мен Адам, кейінгінің алғашқыға таусылмас махаббаты… Алла мен Адам арасындағы ынтызарлық болып трансформацияланған  Аллаға  деген  махаббат… Сопылық пәлсапа… Ғ. Есім Абайдың көзқарасын діни идеология емес, діни философия жағынан іздеу керек дейді. Ғалымның Абай шығармаларында Алла үш мағынада  қолданылады деп  қисындауы, ілгері абайтануда  айтылмаған  пайымдау екендігін ескеру қажет.

1. Алла – шындық,  ақиқат.  Өлшеусіз.  Біздің ақылымыз өлшеулі.

2. Космогониялық  мәнде. Алла әлемді жаратушы құдірет.

3. Гносеологиялық тұрғыда. Ислам дінінде Алланы тану оның елшісі пайғамбар  арқылы  болмақ.

(Осы арада ғалымның: “Абай пайғамбарды тануға шақырмайды” деген пікіріне қалай қарауды  ойлағанымыз жөн Қ.М.).

Жалпы, Абайдың дүниеге көзқарасы,исламиятқа қатысын зерттеуде Абай және сопылық ілім мәселелері біршама қозғалған. ХХ ғасырдың  алғашқы ширегінде абайтанушы Ғабрахман Сағди Абайды сопылық ілімнен бөлек, бөліп алып қарастырудың  жөнін көрсетіп,  пікір айтқаны белгілі.

Ғ. Есім де: “Абай сопылар сияқты Аллаға құлшылық жолында дүние қызығын тәрк қылуға қарсы”, – деп, Абайдың аса күрделі дүниетанымына  тартар құнды бір ойдың тереңіне баурайды (4, 41 б.).

Профессор Аслан Жақсылықов Абай дүниетанымын бүгінгі ғылымның   ауқымды өресімен, тұщымды нәтижелерімен зерделеуде іргелі ізденістерге  бастайтын ой өрбітеді. Оның “Широкие разносторонние познания Абая в области  философии мировых религий, метофизики, суфизма сегодня у нас  не  вызывает сомнения” дегендей пайымдаулары Абай шығармашылығының   жаратылыс құпиясын зейін қоя қадағалап, құмарта зерттеуден туған, Абай ақындығының айналасын  молынан қамтыған   ізденіс нәтижелері.

Қара сөздердің қайсыбір қырларына ғалым өзіндік танымын ұсынады: “Ғақлия (эссе) Абая – плод наиболее серьезных и зрелых размышлений, философское духовное наследие поэта, оставленное народу, будущим поколениям.

…По духу и интонации они не являются назиданиями, наставлениями, ибо Абай никогда не ставил себя над народом и поза  поучающего  наставника была для него неприемлима” (5, С. 207).

Қара сөздердің құны бөлек. Сыры терең…

“В целом в рамках всего цикла “Слов” реализована определенная нравственно-этическая программа воспитания слоев народа, особенно людей, естественно тяготяющих к религии. Содержательная духовно-философская полнота, честность и искренность изложении взглядов, ориентация восприятие масс неизбежно привели к созданию программы по нравственно-этическому  воспитанию слоев народа, в том числе и совершенного человека (правиденного) в рамках традиционной  идеи “имам”:

На нравственное  воздействие на души  людей, учет общиного принципа сознания своиственные “Словам” Абая  позволяют  говорить об их  жанровой  близости к Хадисам пророка Мухаммеда. Нежели к эссеистической  дидактической  традиции западной  литературы. Совершенно не случайно во многих фрагментах “Слов” упоминаются хадисы пророка, цитируются  изречения из Корана” (5, С. 207).  мәніндегі А. Жақсылықов әлі танылмағандығын, ашылмағандығын орынды көтере отырып, жалпы, жалаң ой емес, Абайды тану жолындағы шынайы ғылымның қисын, жөнін алға тартады. Қисынды. Абайды ұғынбастан ұғындару емес, іштен ұққан сөз.

Ә. Қоңыратбаев “Фараби және Абай” деген мақаласында  осы отыз сегізінші қара сөзі жайында: “Бұған әзірше ешкімнің тісі батпай жүр. Мұны түсіну үшін араб  тілін білу жеткіліксіз, сонымен бірге ислам  философиясын да білу қажет. Мұнда Абай Фейербахша дінді реформалап, соны  жаңашылыққа бейімдегісі келеді. Қайшылығы бар. Ол Фейербахтың “Махаббат діні” деген еңбегіне  ұқсайды. Алайда Абайдың отыз сегізінші, қырық үшінші сөздерінің бас тақырыбы алла емес, адам бойындағы табылмаған қасиеттер. Дінді Абай антропология теориясымен түсіндіреді. Өйткені адам құдайды өзіне ұқсатып   жасаған,  сондықтан негізгі жаратушы адам, ол өзін аллаға ұқсатуға тиіс, дейді” (6, 329 б.).

Абай Алланы сүюін, Алланы тану жолындағы адам баласының түйсік аласапыранын өлеңде де, қара сөзде де  үздіксіз  қозғады. Оның дүниетаным шеңбері жайлы кесім айту – алынбайтын алыс асу. Дегенмен де Абайдың өлең сөзі мен қара сөзін толтырған, дүние, жаратылыс жайлы толғаныстарын тоғайтып отырған, толықтырып отырған  қайнар көздерді  көре білу, олардан Абайдың сіңіргені мен адамзат  даналығына  өз қосқанын ажырата тануға  ұмтылыс  заңды.

Бұл жөнінде абайтанудағы қилы кезеңдегі тұжырым-түйіндердің қайшылығын ғылымның ендігі жетістігімен  ой желісін құнарландыра отырып, тігісін жатқыза  және бір қарастыру  да  көкейтесті.

Ғарифолла Есімнің тәсілі де ойға тартады: “Мен Абайды тануда өзгеше тәсіл қолдандым. Оның аты еуропаша герменевтика, арабша – бари ирманийас. Бұл түсінік туралы ғылым немесе түсінікті түсінудің  тәсілі. Түсінікті түсіну деген сөз, біреудің ойлау  тәсілін  меңгеру” (4, 51 б.).

Ахмет Байтұрсынов “Әдебиет танытқыштың” “Қара сөз” бөлімінде жасаған теориялық негіздемелердің, сөз жоқ, Абайдың қара сөздеріне  әбден қатысы бар. Мұнда ғалымның өзінің тұжырымдарына Абайдың қара сөздерін негіз етіп отырғанын  байқауға болады. А.Байтұрсыновтың  бұл пікірлеріне ден қойып қарасақ, Абай қарасөздерінің теориялық негіздемесін бекіте түсер түйін-тұжырым жатқаны даусыз.

“Нәрсе турасында  тиісінше сөйлеу үшін  тиісінше  ойлау  керек. Тиісінше ойлағанда  ойымыз, ұғым түрлеріне қарай бірнеше  тармаққа бөлінеді.

1.                      Ғалам тарапына.

2.                      Құдай тарапына.

3. Ғылым тарапына,

4. Әлеумет тарапына,

5. Үгіт-тәрбие тарапына,

6. Сын тарапына (7, 396 б.).

Ахмет Байтұрсынов осыларды таратып, ұғындыруда көбіне Абай қара сөздерін  негізге  алып отырғаны көрінеді.

Адам танымының шектеулілігіне қатысты, ғылымға, әлеумет жайын қозғаған көсемдік  ұғымдарға, басқаға тапқан білімді үйретуге  жұмсағанда  үгіт-қара сөздеріндегі ұғымы, басқаның ісін таразылап, ұнамды, ұнамсызын  тексергенде сын ұғымы жүйесі  пайда болады дейді.

…Қара сөздердің, ең әуелі, баса қозғаған мәселесі А. Жақсылықовтың Мұхаммед пайғамбардың хадистеріне ұқсайды деп атап көрсеткеніндей, Алланы тану – теологиялық таным.

Қара сөздерде өмір философиясы, қазақ әдебиетінде ежелден келе жатқан  сарын – не жақсы, не жаманның  жайы түйінделген. Халық ұстанған өмір сүру қағидасы, Абайдың өмір қағидасы құрғақ  ақыл – жалаң дидактика емес. Адамның дүние жаратылыстың еріктен тыс заңдылықтарымен  үйлесім  тауып ғұмыр  кешудің  қисындары.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Әуезов М. Абай Құнанбаев. – Алматы, 1967. – 391 б.

2. Кенжебаев Б. Әдебиет белестері. – Алматы, 1986. – 400 б.

3. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы, 1997. – 928 б.

4. Есім Ғ. Хакім Абай. – Алматы, 1995. – 183 б.

5. Жаксылыков А. Образы, мотивы и идеи с религиозной содержательностью в произведениях казахской литературы. – Алматы, 2000. – С. 254.

6. Қоңыратбаев Ә. Қазақ эпосы және түркология. Алматы, 1987. – 295 б.

7. Байтұрсынұлы А. Ақ жол. – Алматы, 1991. – 464 б.

Резюме

Мақалада Абай қара сөздерінің жанрлық ерекшеліктері зерделенген. Мәселенің зерттелу тарихы, болашақ бағыттары  туралы ой қозғалған.

Резюме

В статье говорится о жанровых особенностях слов назиданий Абая Кунанбаева. Рассмотрены вопросы степени исследования.

 

Summary


The article refers to the genre of word edification Abai Kunanbaev. The questions of degree studies.