ББК 65.272.1 (5K)                   

 

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІН ДАМЫТУ

 

Э.ғ.к., доцент  Турабаева М.Б.

(Теміртау қ. Қарағанды  мемлекеттік  индустриялық университеті)

 

Арқаңды аяздай қаритын нарық заманында сүрініп құлағанның ешкім қолтығынан көтермейді. Осылай күнделікті күйбеңмен қалай қартайғанымызды да білмей қалатынымыз бар. Бұл мұңсыз қарттығыңды өзің ойлап, ертеңгі күнге қамдануды бүгіннен бастауды меңзейді.

Мәселенің төркінін уайымсыз қарттықтың кепілі – зейнетақы жүйесінің отандық хал-ахуалынан бастасақ... Жалпы, отандық зейнетақы жүйесінің дүниеге келген күні деп 1998 жылдың 1 қаңтарын айтады. Дәл осы күні «ҚР Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» заңы күшіне енген болатын. Бұл заң осыған дейінгі ескі жүйенің жаназасын шығарып, жаңа реформаға жол ашты. Біз зейнетақы жүйесін қалыптастыруда сол тұста ең тиімді деп саналған чилилік жинақтаушы қорларының тәжірибесіне сүйене отырып отандық үлгі қалыптастырдық. Ел экономикасына тікелей әсері бар зейнетақы саласының екі тармағы қалыптасты: базалық жүйе және жинақтаушы жүйе.

Ең алдымен, мемлекеттік кепілді қамсыздандырудың негізгі көзі болып табылатын базалық зейнетақы жүйесі жайлы айтар болсақ, зейнетақының бұл түрі 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін зейнетақы алып келген барлық зейнет жасындағы адамдарға бірдей мөлшерде тағайындалып, «ҚР Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» заңының тоғызыншы бабына сәйкес зейнет жасына жеткен тұлғаларға, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетке шығарылған әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне де тағайындалады. Сондай-ақ, базалық зейнетақы – зейнетақы төлеу орталығынан төленетін зейнеттік төлемдер мен жинақтаушы зейнетақы қорларынан түсетін жарналардан және мүгедектігіне байланысты мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік жәрдемақыдан бөлек есептелінеді.

Базалық зейнетақы жүйесі әлеуметтік қорғаудың алғышарты болып саналады да, одан ары қарай зейнетақы алатын адамдардың екі санатын анықтап алуға мүмкіндік туғызады. Ол бойынша зейнетке шығудың шекті мөлшері – ерлер 63 жасқа, әйелдер - 58 жасқа толғаннан кейін әрі олардың еңбек өтілі 25 және 20 жылды құраған күннен бастап зейнетақы төлеудің толық жүйесіне көшіріледі де, тиісінше орташа немесе жоғары зейнетақы мөлшері тағайындалады. «2013 – 2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы»  заңға сәйкес биылғы қаңтардан бастап төленетін орташа зейнетақы мөлшері 19066 теңге болса, зейнетақы максимумы 67509 теңгені құрады.

Таяқтың екі ұшы сияқты зейнетақы төлеудің базалық жүйесінің де артықшылығы мен кемшілігі бар екенін жасырмауымыз керек. Алдымен артықшылығын сөз етер болсақ, зейнетақы мемлекеттік бюджеттен төленеді. Бұл дегеніңіз, еліміздегі кәрі-құртаңдар мен әлеуметтік нашар қорғалған адамдар тобы үшін барлық жауапкершілікті мемлекет өз мойнына алады деген сөз. Базалық зейнетақы жүйесінің тағы бір негізгі артықшылығының бірі – табысы аз әлеуметтік топ өкілдерінің қамсыз келешегінің кепілі. Әрине, бұл жерде «табысы аз» және «қамсыз» деген анықтамалықтар күлкі шақыруы мүмкін. Бірақ, отандық өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салаларында көптеген адамдардың өзін-өзі жұмыспен қамтуы немесе мүлдем жұмыссыз болуы салдарынан еліміз ұсынып отырған жинақтаушы зейнетақы қорларына қатысты саясаттың құрбаны болып кету қаупін жоққа шығаруға болмайды. Анығында, бүгінгі табыссыз адам – ертеңгі зейнетақысыз қария... Ендеше, аз болсын, бірақ, бар болсын!

Өкінішке қарай, жүйенің кемшін тұстары да жоқ емес. Сарапшылардың пікірінше, базалық зейнетақы жүйесінің қолданыста болуы зейнетақы төлемдерінің максимумына шектеу қояды. Яғни, төменгі мөлшердегі 9330 теңгелік шығынның артуы жоғары мөлшердегі 67509 теңгелік төлемнің кемуіне әкелмек. Тағы бір қауіп, демографиялық тәуекел. Зейнет жасындағы адамдардың саны еңбеккерлер санынан артып кеткен жағдайда, әлеуметтік төлемдердің (салық түрлері, сақтандыру жарналары т.б.) мөлшері де көбеймек. Мұның сыртында экономикалық дағдарыс факторлары мен бюджеттің дефициті сияқты тәуекелдер мен атқарушы органдардағы бюрократия мен қағазбастылыққа, тіпті, жемқорлыққа да жол ашатын кемшілігі кездеседі.[1]

Ал енді, қоғамның назары ауған жинақтаушы зейнетақы жүйесі жайлы әңгіме қозғайтын болсақ, бүгінде жинақтаушы зейнетақы қорларының жұмысы кенжелеп барады дегенді жиі естиміз. Бұл мәселе соңғы бірер жылдың ішінде елдің алаңдаушылығына негіз болып жүр. Мәселені шешудің жолы Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында айтылды. Мемлекет басшысы зейнетақы жүйесін дамыту мәселесіне қатысты Үкімет пен Ұлттық банкке арнайы тапсырма жүктеді. Бүгінде салымшылардың зейнетақы қорларының инвестициялық саясатына ықпал ету мүмкіндіктері жоқ екенін, сондықтан да зейнетақы аударымдарына алымға қарағандай қарау қалыптасқанын, ал жекелеген зейнетақы қорларының басшылығы оларды өзінікіндей көріп, көбінесе көп шығындарын жабу арқылы акционерлердің  мүдделеріне қызмет істейтінін алға тартқан Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп бірінші жартыжылдықтың соңына дейін зейнетақы жүйесін дамыту жөнінде ұсыныстар қалыптастыруы керек екенін айрықша атады.

Егемендігімізді алып, етек-жеңімізді жия бастаған тұстан бері қарай шегінсек еліміз Кеңестер Одағының шекпенінен шыққан елдердің арасында зейнетақының жинақтау жүйесін қолданысқа бірінші болып енгізді. Жоғарыда атап өткеніміздей, 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап Чили тәжірибесіне негізделген әлеуметтік қамсыздандырудың жаңа жолына түстік. Жаңа жүйенің мәні – жинақтау зейнетақы қоры негізін құру арқылы мемлекеттік бірдей зейнетақы төлеу жүйесінен біртіндеп бас тарту болатын. Бүгінде елімізде аралас зейнетақы жүйесі – жаңа жинақтау және бұрынғы мемлекеттік зейнетақы төлеу жүйесі жұмыс істейді. Қазақстан Республикасында зейнетақы жүйесін дамыту жөніндегі зерттеу жұмысының шеңберінде жүргізілген Дүниежүзілік банктың актуарлық есептеулері бойынша 2043 жылы еліміздегі зейнетақы жүйесінің күні бітіп, зейнеткер жинақтау қорында жиған-тергенімен өмір сүреді деп болжануда.

Зейнетақы жүйесін реформалаудың 14 жылы ішінде қазақстандық тәжірибе өзінің жетістіктері мен кемшіліктерін көрсетіп берді. Жетістік деп 14 жыл ішінде зейнетақы жүйесін құруға арналған тұжырымды және нормативтік құқықтық базаның қалыптасқанын, сондай-ақ, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің инфрақұрылымы жасалып, жүйені басқарудың тәжірибесі жинақталғанын айтуға болады. Дегенмен, жүйенің кемшін тұстары да бар. Жүйенің қаржылық тұрақтылығы, сенімділігі, шынайылығына, әлеуметтік тиімділігіне қатысты шешілмеген бірқатар мәселе бар. Сенімділік демекші, осы жылдар аралығында зейнеткерлердің зейнетақысын есептеу және қайта есептеудегі әлеуметтік әділетсіздік, яғни есептелінген зейнетақының сол кезде алған жалақы мен атқарған еңбекке сәйкес еместігіне байланысты бұқара тарапынан  реніштер де айтылып келеді. [2]

Басқа елдердің зейнетақы жүйесі жайлы сөз қозғайтын болсақ, Австралияда мемлекеттік зейнетақының мөлшері кіріс пен меншікке байланысты. Егер зейнеткердің меншігі мемлкет белгіленген сомадан көп болса, онда оған мүлде ешқандай мемлекеттік зейнетақы төленбейді. Ал АҚШ-тың жинақтаушы зейнетақы жүйелеріне мемлекеттік және жеке зейнетақы бағдарламалары жатады. Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы бағдарламалары үкіметке және жергілікті билік органдарына жұмыс істейтін азаматтарды қамтамасыз етуге арналған. Азаматтардың жеке жинақтаушы зейнетақы бағдарламаларына қатысуы ерікті түрде жүзеге асырылады. Елімізге көршілес орналасқан Ресейдің зейнетақы жүйесі әлемдік қағидаттар бойынша жаңа ғана қалыптаса бастады.

«Әлемдік тәжірибе дәлелдегендей, егер қартайған шаққа қаражат жинаудың қамын уақытында өзі жасамаса, ешбір мемлекет зейнеткерге мұқтажсыз өмірді қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан ресейліктерге де әркімнің болашағы өз қолында дегенге бойын үйрету керек және еңбек қызметі аяқталған соң мұқтажсыз өмір сүру үшін жастайынан зейнетақы жинақтау керек», - деп санайды «ӘЛ-АУҚАТ» ЖЗҚ атқарушы директоры Елена Сухорукова.

Соңғы кездері әлем елдерін дүрбелеңге салған дағдарыстың екінші толқыны зейнетақы қорларын да айналып өтпейтіні рас. Себебі, қазіргі қаржы нарығындағы осал буын – осы жинақтаушы зейнетақы қорлары болып тұр. Дей тұрғанмен, еліміздің 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында жақын онжылдықта әлеуметтік қорғау мәселесі еліміздің негізгі даму басымдықтары болып белгіленген. Осыған сәйкес тұрғындарды жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметімен қамтуды кеңейту, жинақтаушы зейнетақы қорларының инвестициялық қызметін және олардағы зейнетақы төлемдері тетігін жетілдіру, зейнетақы ауниттері рыногын дамыту қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесін жетілдірудің басты бағыты болып табылады. Бүгінде жинақтаушы қорлардың инвестициялық қоржыны негізінен қаржы министрлігі мен ұлттық қор шығаратын құнды қағаздарға тәуелді болып тұр. Заңмен белгіленген ереже бойынша салымдар нақты қаржылық құралдарға салынуы тиіс екенін ескерсек, қолдағы қаржыны неғұрлым табысы мол салаларға салған жөн болар. Қалай дегенмен де, алдағы міндеттің ауқымы бөлек. [3]

          Қорыта келе, Қазақстанның зейнетақы жүйесін дамытудың келешек перспективалары ұлттық экономиканың шикізат моделінен индустриялық-инновациялық моделіне өтуімен тығыз байланысты, оның басты құрамдас бөлігі қоғам мен мемлекеттің заманауи зейнетақы жүйесінің жалпы рентабельдігіне тікелей әсер ететін тыныс-тіршілігінің барлық салаларын жаңарту болып табылады, ал мемлекеттік шығыстарды жоспарлаудың негізгі басымдығы халықтың тұрақты өсуі, өмір сүру деңгейінің артуы және олардың әл-ауқатын нығайту болған және бола береді.

 

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1.www.inform.kz. Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі тұрақты жұмыс істеп тұр
      2. Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілер жинағы

3. Баймұратов О. Қазақстан қаржы нарығы: Оқу құралы. – Алматы:2000 ж.