Букирбаева Н.З., магистрант

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті. Қазақстан.

ХV ғасырдың ортасы мен ХVІІ ғасырлардағы қазақ хандығының тарихы: фольклорлық материалдар негізіне тарихнамалық шолу (революцияға дейінгі кезең)

 

Қазақ тарихын жазуда фольклор деректерінің маңызы айрықша зор екенің кезінде Е.Бекмаханов атап өткен: «Тарихи ірі оқиғалар ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіліп отарған халықтың ауызша шығармашылығы: дастан, өлең, қисса, батырлар жыры, ертегі, аңыз т.б. арқылы қазақ халқының есінде сақталған. Осы фольклорлық материалдарда қазақтардың қоғамдық және әлеуметтік құрылысы, тұрмысы мен әдет-ғұрпы және ақырында, халықтың өміріндегі аса маңызды тарихи оқиғалар айқын бейнесін тапқан».

Кез келген халықтың өткен тарихын еске түсіруде немесе халықтың саяси-территориялық жағынан қалыптасуы туралы мәліметтерді түсіндіруде фольклор деректерін пайдаланудың өзіндік дәстүрі бар. Ерте замаңда антикалық авторлар Геродот, Диодор Сицилийский, Стробон т.б. еңбектерінде фольклор сюжеттерін көптеп пайдаланған. Олар Европалық және Азиялық халықтардың тарихын, әсіресе, Орталық Азияның далалық аймағын мекендеген скиф, сақ, сармат, массагет сияқты тайпалар, немесе олармен этникалық байланысы бар халықтар жөнінде фольклорлық сюжеттер мен образдарды көп қолданды.

Осы орайда, Рашид-ад-Диннің әйгілі «Жылнамалар жинағы» кітабыныңқалай жазылғанын еске алуға болады. Ғазан ханның тапсыруынан кейін оның уәзірі Рашид-ад-Дин сахараның Болат-жансән (Пулад Чжэн-сян) сияқты даңғайыр шежірешілерін төңірегіне топтастырады. Олар «тамылжытып әңгіме айтады, ғұлама уәзір болса айтылған әнтімені хатқа түсіреді... Шыңғыс хан заманынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі түркі-монғол халықтарының барша тек-тамыры мен іс-әрекеті әңгіменің негізгі арқауы болады... Мұндай байсалды баян бұрынғы-соңғы жылнамаларға түспеген. Мұнан түзу, мұнан шыншыл және мұнан айқын тарихты бұған дейін ешкім жазып көрген емес» [1, 34 б.].

Шежірешілдікті елдік дәстүр ретінде орнықтыру үрдісіне Қазақ хандығы тұсында да айрықша мән берілген. Қазақ хандығы құрылубарысында жаңадан жасақталып, жаңаша түзілген ру-тайпалық құрылымдарды қалың жамағаттың жадына орнықтыруда, сөйтіп ел ішінің саяси-әлеуметтік ахуалына ілкімділікпен ықпал етуде шежірешілдік дәстүр қоғамдық қажеттітікке айналған. Уақыт талабы ел ішінің этникалық құрылымына жүйрік білікті шежірешілерді тарих сахнасына сұрыптап шығарып отырған және олар ел-жұрттың саяси-әлеуметтік ахуалының терең білгірлері ретінде айрықша сенім мен құрметке ие болған. Бұл ретте,қазақ хандарының, билерінің, абыздарының, жырау-шешендерінің барша білім-білігі мен ақыл-парасаты, таным-түсінігі мен әрекет-тірліктері еңалдымен елішінің этно-жаралымын мейлінше терең білуге негізделген. Олардың шежірешілдік білім-білігі тек қана ауызша айтылып қоймай, өз кезегінде хатқа түсіп, оларды әр толқын ұрпақ өзінше толықтыра сабақтап отырған.

Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты парсы тілінде жазылған еңбегінің де қазақ тарихы үшін маңызы зор. Бұл шығармада қазақ халқының шежіре тарихына байланысты фактілер ел арасында сақталған аңыздар негізінде берілген.

XVIII–ХІХ ғғ. өлкетану, түркі халықтарының тарихы, этнографиясы мен лингвистикасына байланысты деректерді жинақтау ісі қарқынды болды. Бұл дәуірде этнографиялық мағлұматтарды қолға түсіру мақсатымен даярланған көптеген ғылыми экспедиция мүшелеріне айналған ғалымдар өз ынталылығын танытты, жан-жақты ізденіп, ғылыми мәнді деген мәліметтерді тіркеп жазды. Нәтижесінде қазақ, башқұрт, қырғыздардың этнографиясына байланысты жиналған ғылыми мұра сол болды. Аты әйгілі А. Левшин, В.  Вельяминов-Зернов, Н. Аристов, А. Харузин, В. Радлов, Н. Остроумов, А. Нестеров  және т.б. белгілі ғалымдар өз еңбектерінде шежіре мәліметтерін қазақтың этноқұрамын қарастыруға ғана қолданған. Халықтың тарихи жады сақтаған тарихи мәліметтер зерттеушілер үшін қызықты, құнды болуына қарай, әр заман тарихнамашылары қазақтың тарихи фольклор деректерін қажетсінді. «Тарихи шежірелерге патша үкіметі саяси мән беріп, жергілікті орындардан жинатып отырған, – деп жазды Ә. Марғұлан . Қай заманда да солай болған. Ш. Уәлиханов, Г. Потанин, Ә. Диваев, Н. Гродеков, И. Шангин сияқты ауызша тарих нұсқасын жинаумен айналысқан ғалымдардың топтамалары архивте сақталған[2,5 б.]. ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында еңбек еткен Ә. Диваев (1856–1933) қазақ халқының фольклор үлгілерін мол жинады. Шежіре мәліметін әсіресе халықтың этникалық тарихын зерделеуге көп қолданған. Тарихи фольклор деректеріне авторлар тең көзқараста болмағанымен, тереңойлы ғалымдар бұл мәліметтерді айналып өте алмады [3]. Революцияға дейінгі дәуірде Қазақстанды әр қырынан шолып, елеулі еңбек жазған орыс ғалымдары зерттеулерінік орны мен мәні бір сыпыра кітаптарда атап өтілген. Мәселен, XVIII ғасырда Қазақстан тақырыбына еңбегін арнаған авторлар қатарынан П.И.Рычков, П.С.Паллас, И.Г.Георги, И.Ф.Фальк, X.Барданес, И.Г.Андреевтер аталса, XIX ғасырдық бірінші жартысында бұл тізім жаңа есімдермен М.Поспелов, Т.Бурнашев, Ф.Назаров, Г.Спасский, Е.К. Мейендорф, А.И. Левшин, С.Броевский т.б. жалғасады. Ал XIX ғасырдың орта тұсында Қазақстанды зерттеушілерқата­ры қалындай түседі. Бұл ретте Я.Ханыков, Н.Красовский, А.Вамбери, Л.Мейер, Л.Плотников, М.Иванин, Г.Колмогоров, П.Медведский, А.Влангали, А.Артемьев, И.Завалишин, И.Казанцев, Н.Балкашин, И.Бларамберг аттарын келтіруге болады.[4, 8 б.]

Ш.Ш.Уәлихановтың ғылыми-зерттеулерінің қазақ шежіресіне қосар үлесі мол. Ғалымның қазақ халқы ауыз әдебиетінің байырғы түрлері батырлық эпостар мен тарихи жырлар, аңыздары мен ертегілеріне жасаған талдаулары, қазақ-қырғыз этнонимінің шығу төркініне ден қоятын деректер мен зерттеулері ерекше.ХІХ ғасырда «Қазақ шежіресі» атты мағынасы терең ғылыми мақала жазған ірі ғалым Ш.Уәлихановтың еңбегі елеулі. Шоқан бұл деректерді өзі ғана жинап қоймай, сол кездегі қазақ ортасындағы көзі ашық, сауатты, қайраткер адамдарға да аманат қылды. Қазақстандағы шығыстанушылық зерттеулер ХІХ ғасырдағы Ш.Уәлиханов еңбектерінен бастау алып, ХХ ғасырда жақсы дамыды.Кейін бұл мұралар Г.Потаниннің кітаптарында жарияланған. Ә.Бөкейханның төрелер шежіресіне қатысты жинақтаған генеалогиялық мәліметтері бүгінгі күні де өзектілігі мен ғылыми-қолданбалы мағынасын жоғалтпаған. Қазақ өткенің баяндайтын деректерді жариялаған М. Тынышпаев, өз еңбегінде қазақ руларының жүйесі, шығу тегі, ата-тек кестелері мен халық саны туралы мәліметтер келтірген. Оның ізденістеріне А. Харузин, Н. Аристов, В.Бартольдтің еңбектері қатты әсер еткен. Орыстың шығыстанушы ғалымдарымен жақын таныса отырып, М. Тынышпаев бұл еңбекте олардың зерттеу әдістерінен көп тәлім алған. [2,6 б.]

Қазақтар тарихына арналған жұмыстардың ішінде ең маңыздыларының бірі А.И.Левшиннің 1832 жылы жарияланған 3 томдық "Описание киргиз-казачьих и киргиз-кайсацких орд и степей" деп аталатын еңбегі. Еңбек қазақ халқының географиясынан, тарихы мен этнографиясынан мәліметтер береді. Мұндағы оқиғалар XVI ғасырдың ортасынан XIX ғасырдың басына дейінгі кезеңдерді қамтитындықтан, біз қарастырып отырған дәуірді жан-жақты зерттеуге көмегі зор [5, 104-126 б.].

Қазақ тарихының орта ғасырын шығыс деректеріне сүйене зерттеу ең алдымен В.В.Вельяминов-Зерновтың есімімен байланысты. Ғалым өзінің "Исследование о Касимовских царях и царевичах" деген еңбегінде шығыс авторларының шығармаларынан қазақтар туралы жазылған деректерді орыс тіліне аударып, ғылыми жұртшылыққа таныстырды. Әсіресе Қадырғали Жалайыридің "Жылнамалар жинағы" еңбегінен Ораз-Мұхамед сұлтанға қатысты берген көптеген деректерін талдап, соған байланысты оның әулеттік шежіресін, қазақ хандарының XV-XVII ғғ. саяси-өмірін ғылыми түрде сипаттаған. Сондықтан В.В.Вельяминов-Зернов шығармасының 2-ші бөлімі біз үшін құнды зерттеу үлгісі болып табылады [6].

Белгілі шығыстанушы В.В. Бартольдтің еңбектерінде XV-XVIII ғасырлардағы Орта Азия елдері мен Қазақ Ордасының саяси қарым-қатынасы, олардың мәдени тұрмысы, қалалар мен сауда мәселелері баяндалған. В.В.Бартольд еңбектерінен XV-XVIII ғғ. Орта Азияда үстемдік еткен билеуші әулеттер туралы көп мағлұмат аламыз. Ғалым көптеген шығыс деректерін талдап, ғылыми жұртшылыққа ұсынады.

XV-XVII ғғ. саяси-әлеуметтік тарихықа арналған еңбектердің қатарына XIX ғғ. сонында жарық көрген А.Н. Харузин мен Н.А. Аристовтың қазақ этногенезі мен рулық құрылымы жөніндегі еңбектері және М.Тынышпаевтың зерттеулері жатады. Зерттеулер біз қарастырып отырған кезеңнің проблемаларын ғылыми тұрғыдан қарастырған [7].

XV-XVII ғасырлардағы Қазақ хандығының сыртқы қарым-қатынастары А.ІІ.Чулошниковтың, М.П. Вяткиннің еңбектерінде қарастырылады. Осы зерттеулердің нәтижелері фольклорлық материалдармен толықтырылады. XX ғасырда халық мұрасын жинап зерттеу ісі А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедұлы сияқты зерттеушілердің назарына ілінді.

Қазақ тарихының фольклор нұсқасын жазуда Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының алар орны ерекше. Жас кезінде Шығыс әлемінің білімімен сусындаған, кейіннен орыс тілін меңгеруі арқылы Батыс өркениетінің де ғылыми жаңалықтарымен танысқан ол тарих, этнология (шежіре нұсқалары), фольклористика (жинастырған ауыз әдебиет үлгілері), әдебиет (ақындығы), тіл тарихы, этнография (қазақ халқының салт - дәстүрі туралы шығармалары), философия, медицина (емшілік, дәрілік өсімдіктер туралы), космология ғылым салаларына арналған еңбектерді жазып қалдырды.

Мәшһүр Жүсіп 1887-1890 жылдары бірнеше рет Орта Азияны аралап Шығыстың классикалық әдебиетінен сусындаған. Ол осы жылдары Қазанға сапарға аттанып, түрколог ғалымы В. Радловпен танысып, ауыз әдебиетінің үлгілерін жинаумен айналысты. Кейін келе Мәшһүр қазақ фольклорының ең жүйелі жинақтаушысы болды[8].

Қазақ қолжазбаларының мейлінше құнды шежірелік нұсқалары Санкт-Петер­бург, Москва, Казан, Ташкент, Алматы сияқты калалардың кітапханаларында, мұрағаттарында сақталған және олардың басым көпшілігі әзірше ғылыми айналымға түсе қоймаған. Бұл қолжазбалар Қазақхандығының бой көтеруіне қатысты, әсіре-се, қазақ ру-тайпаларының жаңадан жасақталған құрылымы туралы, ел ішінің саяси-әлеуметтік ахуалы жөнінде аса құнды мағлұматтар бере алады.

 

Әдебиеттер тізімі:

1. Ақселеу Сейдімбеков. Қазақтың ауызша тарихы: Зерттеу.- Астана: Фолиант, 2008. – 728 б.

2. Қазақ шежірелері – тарихи дерек ретінде. Алпысбес М.А.Тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның афторефераты: Алматы: 2007. –5 б.

3. Диваев Ә. Тарту (Құрастырған, алғы сөзін және түсініктемелерін жазған Флора Оразаева) – Алматы: Ана тілі, 1992. – 256 бет.

4. Қазақ фольклористикасының тарихы. Бердібаев Р. (революцияға дейінгі кезең): Ғылым. Алматы: 1988. – 8 б.

5. Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей. – А., 1996. – 656 с.

6. Вельяминов-Зернов В. Исследования о касимовских царях и царевичах. – СПб., 1864. – Ч.2. – 498 с.

7. Аристов Н. Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности // Живая старина. – 1896. – Вып.3-4. – С.277–456.

8. Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Екі томдық. 2 т. – Алматы: Ғылым, 1992. 224 б.