Қабул О.Қ.

аға оқытушы, гуманитарлық ғылымдар магистрі

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті

Қазақстан, Қостанай қ.

 

ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ МЕКТЕП АШУ ІСІ ЖӘНЕ Ы.АЛТЫНСАРИН

 

Ұлы ағартушы Ы.Алтынсарин өзінің прогресшіл ойларын қазақ даласында мектеп ашу ісіне, оқу жүйесін жақсартуға жұмсады. Ыбырай 1841 жылдың қазан айында қазіргі Қостанай облысының Затобол ауданында туған. Әкесі Алтынсары ерте қайтыс болып, ол атасы Балғожаның тәрбиесінде өседі. Балғожа Жаңбыршыұлы – Орынбор шекара комиссиясында әскери старшина қызметін атқарған, арабша сауатты, қазақтың ауыл әдебиетін көп білетін ділмар, шешен адам болған. XIX ғ. екінші жартысында Орталық Қазақстан түгелдей дерлік орыс патшасына бағынып болған еді. Патша үкіметі өзіне бағынған жерлерде үстемдігін тұрақты ету үшін жергілікті халықтан орысша оқыған, сауатты адамдардан әкімдер даярлауды мақсат етті. Қазақтың Шыңғыс, Құнанбай, Балғожа сияқты сұлтандары мен билері балаларын орысша оқытып әкімдер даярлауды көздеді. Ал олар да ел билеу ісінің тізгінін өз қолдарынан шығармай берік ұстау үшін келешегінен зор үміт күткен Шоқан, Ыбырай, Абайлардың орысша оқып әкім болуын қалады.

Осы мақсатты көздеген Балғожа би өзінің сүйікті немересі Ыбырайды 1850 жылы Орынбор шекара комиссиясынын жанынан қазақ балалары үшін ашқан орыс мектебіне оқуға береді, сабақта жүрген Ыбырайға:

"Атаңды сағындым деп асығарсың,

Ата-анаңды өнер білсең асырарсың,

Надан боп білмей қалсаң аһ-ұрарсың"- деп сәлем жолдап жақсы оқы, адам бол деп өлеңмен хат жазады.

Патшалық Ресейдің "бұратана" елдерге әкім етіп тағайындаған отаршыл билеуші аппаратының үгіт-саясатын православие шіркеуінің дін басшылары жүргізді. Олар мүмкін болғанша қазақ жастарын орысша оқыта отырып, өз ұлтының дінінен, тілінен, салт-дәстүрінен мүлде бездіріп орыстандыру- шоқындыру саясатын көздеді. Ал Алтынсарин болса 1857 жылы Орынбордағы жеті жылдық мектепті үздік бітіріп шығысымен, өзі атқарған тілмаштық, оқытушылық, инспекторлық қызметтерінің бәрін халық ағарту ісіне арнады. Қазақ халқының келешегі тек өнер-білімде деп түсінген Алтынсарин өз ойын іске асыруда екі бірдей кертартпа күшпен алысты. Оның бірі қазақ даласындағы ислам дініне негізделген татарша оқу болса, екіншісі патша үкіметінің отарлау саясатына негізделген қазақ балаларына христиан дінінің заңдарын оқытуды көздеген миссионерлік саясат еді.

Ы.Алтынсарин өзінің орыс достарына жазған бір хатында: Молдалар өздерінің адам басын қатыратын ерекше қасиеттерінің үстіне, қазақтың табиғи тілін де бұзып жүр. Біздің елімізде молда дегендер өте көп жайылып барады. Оларды қазақ арасынан қуып шығуға ешқандай мүмкіндік жоқ, өйткені, молданың абыройына тілі тиген кісі қазақ арасындағы бастықтарға сол бойда-ақ кәпір болып көрінеді. Мәселенің мәнді жері қазақтарға татар фанатизмінің ықпалын тигізбеу, қазақтардың білім алуына оның кесірін тигізбеу ғой. Осындай ықпалдан құтқару үшін бірте-бірте, бірақ шын құтқару үшін мазмұны балалардың білімін көтеретін, тақырыбы оларды қызықтыратын кітаптарды жұрт бірден қолға алып оқиды, бұл кітаптар, татар кітаптарымен қатар, зор күш болар еді" – деп өзінің шынайы ағартушылық идеяларын шәкірттерді ана тілінде оқыту арқылы іске асыруды мақсат етті.

Өзінің ағартушылық, тәлімгерлік ісінде Ыбырай талай қиыншылықтарға кездесті. Оның елден қаржы жинап, орыс-қазақ мектептеріп ашып, дүниетану пәндерін оқытуды енгізіп, мәдениет атаулыны насихаттағанын көре алмай өшіккен қожа-молдалар ел ішінде оны "шоқынған кәпір" деп өсек таратса, енді біреулері 1884 жылы Ішкі Істер Министрлігі мен Орынбор генерал-губернаторына "үкіметке қарсы ойы бар", "социалист" деп арыз жазып, қаралауға дейін барды.

Алтынсарин болса, өзі ашқан орыс-казақ мектептерін миссионерлік бағыттағы жат пікірден де, жаттамалы шығыстың діни оқуынан да қорғап бақты. Жастарға шынайы білім беретіп дүниетану пәндерді (жаратылыстану, география, тарих, есеп т.б.) оқытуды іске асырды. Қазақ қыздарына арнап мектеп интернат ашу, қолөнер училищесін ашу ісін қолға алды. Ол орыс-қазақ училищелерінің шәкірттерін сол кездегі прогрессивтік, гуманистік идеяда жазылған К.Д.Ушинскийдің "Балалар дүниесі", Л.Н.Толстойдың "Әліппе және оқу кітабы" Б.Ф.Бунаковтың "Әліппе мен оқу құралы", Тихомиротың "Грамматиканың элементаралық құралы" атты оқу құралдарын пайдалануды ұсынды. Алдыңғы қатарлы орыс педагогтарының гуманистік идеяда жазылған осы құралдарын басшылыққа ала отырып, қазақтың, ауыз әдебиеті мен салт-дәстүрлеріне негізделген екі оқу құралын ("Қазақ хрестоматиясы", "Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы") 1879 жылы жазып, бастырып шығарады. Хрестоматияға Ыбырай, біріншіден, қазақ халқының Қара батыр, Байұлы, Жиренше шешен, Тазша бала туралы ертегі, батыр аңыз-әңгімелерін енгізсе, екіншіден, өзінің "Бай баласы мен жарлы баласы", "Таза бұлақ", "Әке мен бала", "Асыл шөп" т.б ғибаратқа, өсиетке құрылған дидактикалық әңгімелері мен өліңдерін, үшіншіден, "Талаптың пайдасы", "Бір уыс мақта" "Зеректік" т.б. орыс, батыс классиктерінің тәлімдік мәні зор әңгімелерін аударып енгізді. Ол қазақ жастарын оқытып-тәрбиелеу мәселесін ең басты мәселе деп қарады. Халық үшін қызмет ететін білімді мәселе адамдардың қатарын көбейту арқылы қазақ қоғамының мешеулігін жоюға болады, сондықтан жастарды оқытып-тәрбиелеуден, тәрбие ісінің құдіретінен артық еш нәрсе жоқ – деп түйді Ыбырай.

Ыбырай "адам мінезін түзетіп болмайды, сүйекке біткен мінез, сүйекпен бірге кетеді" дейтін феодалдық теріс көзқарасты әшкерелеп, адамның жақсы я жаман болуы тәрбиеге, өскен ортаға байланысты деген қағиданы қуаттап отырды. Ол өзінің хрестоматиясына енгізген әдеби шығармаларының бәрін негізгі педагогтік ісімен тығыз байланыстыра білген. Яғни, хрестоматияға енгізген шығармаларды іріктеуде , біріншіден, әр халықтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрінен хабар беру принципі көзделсе, екіншіден оқушыларды адалдыққа, еңбекке, ұқыптылыққа, талапқа тәрбиелеу, адамгершілік жақсы қасиеттерді олардың бойына дарыту көзделді, үшіншіден жастардың, әсіресе бастауыш сынып оқушыларының түсінігіне жеңіл, тілі жатық, әңгімелерді беруге тырысты. Мысалы, Ыбырай "Ұлықпан әкім" әңгімесін ұсыну арқылы ғылымның адам өміріне пайдасын насихаттауды мақсат етсе, "Жиренше шешен", "Тазша бала" әңгімелерін ұсына отырып, оқушыларды тапқырлыққа тәрбиелеуді көздеген. Ыбырай аударып хрестоматияға енгізген орыс жазушылары Пауэльсонньң, Ушинскийдің, Толстойдың әңгімелерінде де қайрымдылық, кішіпейілділік, талаптылық, еңбек сүйгіштік сияқты зор адамгершілік қасиеттер дәріптеліп, оған қарама-қарсы жауыздық, екіжүзділік, дүниеқорлық, т.б. жексұрын мінез-құлықтарды әшкерелеу өзекті орын алған. Ыбырай осы арқылы жастарды ізгі жүректі, инабатты, талапты ел-жұртына пайдалы азамат болуын көздеп отыр. Бұл шығармалардың бәрі халықтық өлең-жыр, мақал-мәтелдерде, насихатталатын гуманистік идеялармен өзектес болып келуінің өзі тектен-тек емес.