Қабылова Қ. Қ.

Ө.Тұрманжанов атындағы орта мектебінің мұғалімі

                    Қазақстан. Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы

 

ҚАЗАҚТАРДЫҢ ГЕНДЕРЛІК САНАСЫ ЖӘНЕ ОТБАСЫ ТӘРБИЕСІ

 

Егемен еліміз өркениетке бет бұрған тұста жастарды болашаққа сай, ел тізгінін ұстауға лайық, халық мүддесін ойлайтын жоғары рухты адамзат ұрпағы ретінде тәрбиелейік деген азаматтық парыз әркімдердің-ақ көкірегінде болу тиіс. Сондықтан жастарды отбасын сүюге, ата-анасын сыйлауға, ұлттық әдет-ғұрыпты қадірлеуге, өз бетінше өмір сүруі үшін жар таңдауға, жұбайлық өмірді сақтауға, ұрпақ тазалығы мен ұрпақ тәрбиесіне баулу, үйрету, ата-ананың немесе жалпы отбасының ғана емес, қоғамның міндеті. Қоғамдық деңгейде, жоғарғы оқу орындарында қарастырылатын тәрбие бағыттарының барлық түрімен келісе отырып, әйтсе де басты назарды отбасы тәрбиесіне, оның ішінде: жас жұбайлық некелік өмірге тәрбиелеуге аударған жөн [1].

Халықта «он үште отау иесі» деген аталы сөз бар. Бұл – халқымыздың өткен тарихында өз ұрпағын некелік жұбайлық өмірге даярлауды ерте жастан бастағанының айғағы. Жетімін жылатпау, жесірін қаңғытпау – қазақ халқының сонау замандардан үлкен мақсатқа құрылған қамқорлығы.

Шаңырақты құлатпау үшін, жастай қалған жесірді әмеңгерлікке лайық жан болмағанда ғана сол үйдегі немесе аталас ағайынның он үшке жасы толған баласына қосқан. Халқымыз он үш жастан үйленуді міндеттемеген. Ерте үйлендірген жағдайда да, ұтпаса ұтылған жоқ деуге болады. Себебі: ерте отау иесі атанған баланың өз бетінше өмір сүруге ерте жауапкершілігі қалыптасады. Қазіргідей емес, бір шаңырақ астында бабасы, атасы, әкесі, баласы, немере, шөбере, шөпшегі бірін-бірі көріп өсуіне, тәрбиеленуіне мүмкіндік болады. Яғни, ұрпақтар сабақтастығы да өріс табады. Сан ғасырлық тарихымыздан белгілі, «ата көрген оқ жанар, ана көрген тон пішер» дегендей ұлтымыз ұлын мал тауып, отбасын асырауға, қызын отбасының түрлі жұмыстарына, бала тауып, тәрбиелеуге баули білген. Өмір сүрген ортасына сай, тірлекке араласып кете алмаған жасты «көргенсіз»деп сөккен. «Иті жаман дегенде өлгенім-ай» дейтін қазақ баласының көргенсіз атанбауы үшін отбасы өнегісін ерте жастан бастаған. Қазіргідей мектепте оқытып, университет бітіртпесе де, отбасылық шеберлік мектептерінде шыңдай білген. Абыройлы атаққа ие «қыз сынының жеңімпазы» атану арқылы емес, «көргенді жердің баласы» екенін дәлелдесе, өз отбасының ғана емес, жұртшылықтың көңілінен шығып, «жақсы келін – ақ келін», «ақ бәйбіше», «ақ әже» деп айналасының атауы арқылы көпке танымал болған. Бұған Төле бидің Данабике келіні, Жиренше шешеннің Қарашаштай жары, ақыл-парасатымен ел басқарған [2].

«Қызды тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу» демекші, қыз бала тәрбиесі қай кезеңде де бүкілхалықтық мәселе болған. Бұл тақырыпқа ой айтпаған ғалым, қалам тартпаған ақын-жазушы кемде-кем. «...Қыз бала балиғатқа толысымен оның айналасы жауға толады. Біреу «үкілеуге» ұмтылады, біреу «кетік алма» еткісі келеді... Осындайда бұрынғы аналардың екі көзі төрт, ұйқысы аз. Ол есік алдындағы ит үрсе де, біреу келе жатса да, үйіне қонақ қонса да, қызы көзінен таса болса да, секем алады. Себебі, көгіндегі марқасы марқайды [3].

Бүгінде ата-ананың бәрі сауатты, білімді. Қыз тәрбиесі туралы түрлі еңбектер мен газет-журналдар, теле-радио хабарларын қабылдауға мүмкіндік те жетерлік. Қазақстан Республикасы саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар Қауымдастығы тұрақты түрде жастар арасында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, олардың денсаулығы мен оның ішінде жыныстық өмірге қатысты жан-жақты мәселелерді қарастырып жүргендігін білеміз. Қауымдастықтың президенті Бектұрғанова Бақытжамалдың пікіріне жүгінер болсақ, жыныстық тәрбиенің қазақ отбасында дұрыс берілмеуі, бұл жөнінде ақпараттандырылудың аздығы жас жеткіншектердің көзсіз істерге ұрынуына әкеп соғады дейді. Олардың зерттеулерінше, алғаш жыныстық жақындықтың дәмін татушылардың ең жасы 7-8 жасты көрсетті. Осы орайда сұрақ тууы заңды: бұл – жұбайлық өмірге деген сұраныс па, әлде «жезөкшелік» пе?

Еуропа елдерінің ортағасырлық кезеңіндегі «әйел затына» көзқарасын алып қарастырсақ, «әйел» атауы «жын, пері» ретінде «ведьма», «оборотень» деп кемітіп, әйелдердің денесіне сайтандар оңай енеді деп, өз әйелдерін инквизиция отына жақты. Біздің елімізде бұның бәрі де болмаған. Көшпелі елдердің көркі − қыз, бұлағы − ана саналған. Жаңа заман еуропалықтардың өнегесі әйелді ерлердің «қуыршағына» айналдырды. Оларға еркектерге ұнайтындай арнайы киім тігіп, аяғына капрон мен биік өкше киіп жүруін талап етті. Ол енді сұлу, нәзік, қорғансыз болу керек. Аяқ асты талып қалып, атқа мінсе, ерінің көмегінсіз түсе алмау керек, сонда ғана ол ерлердің көңілінен шыға алады. Әйелді «сексуальды объектіге» айналдырды. Кабаре, стриптизді шығарды. Әйел денесін сатып пайда табу Еуропа елдерінде орын алды. Қалаларда орысша атауы «Дом терпимости» ашылып, жезөкшелер арнайы дайындалған. Бұның барлығы әйелді кемсітіп, оның қажеттілігі, тек ер адамға қажеттілігімен шектелді. Осыған қарсы еуропалық әйелдер күреске шығуы заңды. Өздерінің адами келбетін қайтарып алуға белсене кірісулері батыс тарихында «эмансипация», «феминизм» түсініктері арқылы көрініс тапты.

Мұндай жағдай біздің елімізде болған жоқ. Қыздардың ары қорғалды. Жесірлер мен жетімдерге әулет болып қорған бола алды. Әйелді қуыршақ еткен жоқ. Ана сөзінен ешкім асқан жоқ. Батыстағы эмансипация әйелдердің тек саяси құқық алу үшін күреспен шектемей, әрі қарай жалғастырды. Еркектің ісінің барлығын бірдей игереміз деп темекі шегіп, хоккей ойнап, штанга көтеріп өз теңдігін күш сынасып жалғастырды. Батыстың әйелдерінің ісіне елігіп қазақ қыздары темекі шегіп, спирттік ішімдіктерге бас бұрып «эмансипацияланған әйелге» ұқсағылары келді. «Эмансипациясыз да» әжелеріміз насыбай атқан. Насыбайды балаларын тауып, оларды өсіріп, немере баққан кезде ғана ермек үшін тартқан. Ұрпаққа зияндарын келтірмеген. Ал қазіргі жастар бала көтермей жатып қандарын никотинмен, алкогольмен уландырады.

Батыс елдерінен Шығысқа бет бұрсақ, Қытай елінде әйелдің, қыздың сұлулығына көп мән берген. Ерлерге олар көздері аздап қыли болса, аяқтары кішкентай болса ұнаған. Сондықтан қыздардың екі көз арасына шыбық байлап «қыли» қылған, аяғына ағаш кебіс кигізіп көп өсірмеуге тырысқан. Ерлердің көңілін табатын әйедер тобын дайындау Жапонияда осы кезге дейін сақталған Гейшалар дейтіндер бар. Ерлерін піріндей сыйлау, оның барлық талабын орындау − бұл Шығыс әйелінің бейнесі. Осы ортада Батыс пен Шығысты, не болмаса Еуропа мен Азияны жалғастырып тұрған аймақтарда славяндардың және көшпелілердің тайпаларында «әйел − еркек» қарама-қарсылығы болмаған. Көшпелілерде ер мен әйел тең жүріп еңбек еткен, еркін жүріп, еркін өмір сүрген. Атқа да мінген, мал да баққан, шаңырақ та көтерген, ел де билеген, даналығын да таныта білген, өнерін де көрсете білген. Адамзат тарихына енген Тұмар, Айғаным, Домалақ ана, Дина Нұрпейіс-келіні, Әлия мен Мәншүктердің аттары осының дәлелі. Қазақтардың санасында қызды ерекше сыйлау дәстүрі бар. Қызды төрге отырғызу, қыздың баласын еркелету оның табиғи орнына байланысты болса, әлеуметтік орны бәйгеге, ойынға, айтысқа, білім үйренуге қарастыру. Қыздары жігерлі, қайсарлы, батыл қалып тәрбиелеуі, ұлдан кем санамауы, өз әулетінің толық мүшесі ретінде қабылдауы. Қазақ халқының тілі де басқа халықтардың тіліне ер мен әйелге байланысты бірдей сөздерді қолданады. «Он», «она», «оно», «she», «he» деп бөлмейді. Жалпы «адамды» басқа әлемнен бөліп алып қарастырады. Ұл мен қыздардың ортақ аттары да жиі кездеседі (Бақыт, Ардақ, Асыл, Жанат, т.с.с.). Жұмысты да бөліп істеуден гөрі бірігіп істеген. Бала бағу тек әйелдің ісі демей, «Ана көрген тон пішер, әке көрген оқ жонар» деу, бала тәрбиесіне екі жақ болып кіріскен. Тамақ пісіру тек әйелдің ісі емес. Қазір де ауылдағы ер азаматтар қуырдақ турап, күріш басудан тартынбайды. Сырым батыр: «Түзде жүрсек батырмыз, үйге келсек қатынбыз, әйел ауру, бала жас, тары түйіп жатырмыз!» дегендей, тары түйіп, киіз басып, қазан көтеріп, диірмен де тартқан. Ер адамды мақтағанда оның «қызмінезділігін» айтқан. Исламдық тәртіп енгенше «ер» адам мен «әйел» деп қарама-қарсы тұрушылық болмағандығына осы сөздер дәлел. Исламмен бірге арабтардың дәстүрлеріне байланысты көрқарастары енгізіліп «ерлер»  мен «әйелдердің» ара қатынасына қыздар мен әйелдерді кемсіту, бір саты төмен деп санау ене бастады. Бірнеше әйел алу өріс алып, ер адам әйелдің пірі саналып, әйел ердің иелігі ретінде түсінік қалыптасқан. Енді ұлдарды шаңырақ иесі ретінде биіктетіп, қызға «қырық үйден тыйым» салына бастайды. Бірақ дін қазақтардың түпкі санасын толық жоя алмады. Жаңа заман біздің жерімізге жаңалық ретінде Еуропа мәдениетінің «әйелдер» мен «еркектердің» киім үлгісін әкелді. Ерлердің еуропалық костюмі, әйелдердің (ұзындығына қарай «мини», «миди», «макси» түрлері бар) етек қию қалалық өмірге жарайтын мәдениетті саналатын киімі біздің өмірімізге әбден сіңіп кетті. Қазіргі заманда мұсылмандылыққа бет бұрған қазақ қыздары мен ұлдары бірі денесін тұмшалап, бетінен басқа жерін киіп астына тығып, бірі тақия киіп «мен − мұсылманмын» деп өзін алыстан таныстырғандай болып жүр. Бұл − қоғамымызда әлі де өзіміздің үлгімізден гөрі өзгенің үлгісі басымырақ болғанының салдары [4].

Қорыты айтсақ, егеменді еліміздің келешегін ойлау − өзге елдердің мәселелерін шешпей, өзге елдің киімін кимей, санамызды сандырақтатпай, ұлтымыздың адамға деген (әйел еркек демей) «универсализмін» орнына келтіруіміз қажет. Қазақтардың гендерлік санасы қазіргі заманға сай келетін «адами уневерсализмінде». Универсализм дегеніміз ерлердің қабілет, істерін, мүмкіндіктерін, мінез ерекшеліктердің әйелдердің қабілет, істерінің, мүмкіндіктерін, мінезін жекелеп айырып қарастырмай, «адами ортақтыққа» жету. Адам табиғи орнынан гөрі әлеуметтік орны айқындалу тек қоғамға байланысты емес, адамның өзіне де байланысты. Қоғам өзінінің әр мүшесін әйел деп, ер деп бөлмей адам болып даралануына барлық жағдай жасау керек. Ал ұлдарымыз бен қыздарымыз өз мүмкіндіктерін дамытуға, қоғамның дамуына үлесін қосуға тырысуы арқылы адами уневерсалдылыққа жетуге ұмтылуы тиіс.                  

                        Пайдаланылған әдебиеттер

1. Садықов Қ. Қазақстан мектебі. № 2, 2001ж, б-33.

2. Арғынбаев Х.А. Қазақ халқындағы семья мен неке. А., 1973ж, б-73

3. Қыраубайқызы А. Өзімді іздеу. Ұлт тағылымы № 1. 1998ж.

4. Жарқымбаева Д. Егемен Қазақстан №5 қараша 2010ж.