Синтаксисті ірілендіріп оқытудың педагогика-дидактикалық
негіздері
Балабекова Қ.Ш.
Қазақ мемлекеттік қыздар
педагогикалық университеті
(Алматы,Қазақстан)
Ана тілін
оқыту, игерту – шығармашылық үрдіс, ол тілдің
дамуымен, салаларының айқындалуымен тығыз байланысты.
Оның жылдар бойы қалыптасқан заңдылығы бар.
Қандай ой болмасын, ол осы заңдылықтарға негізделіп
беріледі, қатысымдық қызмет атқарады,
тыңдаушысына түсінікті болады. Яғни тіл мен сөз
мектепте таным құралы,
оқушылардың рухани жағынан өсу құралы,
шығармашылық
қалыптасу құралы, әлеуметтену құралы
болып табылады.
Тіл – ойды беру
құралы. Демек, ойымыз салмақты да салиқалы болуы
үшін тіл заңдылығына,
ойды берудің көркемдеуші құралдарына, тілдің мүмкіншілігіне мән беруіміз керек. Яғни ой мен
тіл – бір бірімен тығыз байланысты
құбылыс. Сондықтан тілді игертуді
оқушылардың шығармашылық ойлауын дамытумен бірлікте
қарастыру қажет. Тілді бар мүмкіншілігімен меңгеру
ойдың дамуына,
оқушының тұлға ретінде қалыптасуына
жағдай жасайды. Осыған орай
әдістеме ғылымында тілдік тұлға
қалыптастыру мәселесіне үлкен көңіл
бөлінуде. Өйткені дәстүрлі эмпирикалық
жүйе, яғни оқушыға бағдарлама бойынша білім беру,
іскерлігін дамыту, дағды қалыптастырумен шектелу бүгінгі қоғам дамуын,
оның білім беру талабын қанағаттандырмайды. Себебі мұндай
жүйе оқушының шығармашылық қабілетіне
негізделіп дамитын тілдік тұлғасын дамытпайды, оқуға деген
қызығушылығын төмендетеді, өз бетімен
әрекет ету, ойлау мүмкіндіктерін
жетілдірмейді. Мысалға, қазақ тілі
оқулықтарындағы тілдік материалдардың, оны бекітетін
жаттығу-тапсырмалардың берілуінен
мынадай кемшіліктерді байқауға болады:
1) қазақ
тілінің мазмұнына
ғылыми пән, оқу пәні, тілді игерту пәні ретінде
қарамаушылық;
2) тілдің
табиғатына, оның байлығы мен заңдылығына,
қоғамдағы мәніне, атқаратын қызметіне жете
көңіл бөлмеушілік;
3) тілді
оқытуда оқушылардың тілдің мүмкіншілігін сезіну,
тілдік талғам, жауапкершілік сезімдерінің дамуына мән
бермеушілік т.т.
Яғни
теорияны бекітуде тек өтілген тақырып аясында ғана, мысалы, мәтіннен дауысты,
дауыссыз дыбыстарды табыңдар, астын сызыңдар т.т. сипатындағы
жаттығуларды орындату оқушының тілдік сезімін
қалыптастыруға, ой-өрісін дамытуға, өз бетімен
іздену, сыни ойлау қабілетін жетілдіруге
аздық ететіні сөзсіз.
Оқушылардың
білім деңгейі бәрінде бірдей емес екені белгілі. Осыған орай
оның себептерін, оған әсер ететін факторларды білу
қажет. Тек қана білім деңгейін көтеру арқылы
нәтижеге жететініміз белгілі. Білім деңгейін көтеру
үшін педагогикалық қандай жағдай жасалуы қажет ,
яғни мұғалімдер
ерекше қандай мәселеге көңіл аударуы қажет
дегенді сөз ету маңызды. Оқыту, білім беру үрдісіндегі
педагогикалық әрекеттің ғалымдар мынадай компоненттерін
атайды: диагностикалық, мақсаттық, мазмұндық,
әрекеттік және мотивациялық .
Диагностика – оқушылардың
білім деңгейлеріне бақылау жасаудағы білім беру
үрдісінің маңызды бір бөлігі. Оның негізгі
мақсаты дидактикалық үрдістің
нақты нәтижесін анықтау, бағалау және оған
талдау жасау, кемшіліктерін түзету, оқыту әдістемесінің
тиімділігін айқындау болып табылады. Педагогикалық диагностика, біріншіден, жекелей оқыту
үрдісінің тиімділігін арттыру, екіншіден, оқытудың
нәтижесін дұрыс анықтауды ұйымдастыру, үшіншіден,
білім алушыны мамандық таңдауға бағыттауда
қолданылады.
Мақсаттық компонент – оқу-тәрбие жұмысын
жүйелі жүргізу факторы. Мақсат – әрекеттің
нәтижесіне жету. Мақсаттың өзін оқыту
технологиясында 3-ке бөліп қарастырады. Басты мақсат одан
нақты мақсат одан жеке мақсаттар туындайды. Демек,
мақсаттылық – оқыту технологиясының басты сипаты.
Мысалы, синтаксистік бірліктерді күрделендіріп, ірілендіріп
оқытудың басты мақсаты – оқушыда бұл бірліктер
туралы тұтас білім қалыптастыру болса, нақты мақсаты
оның ішкі құрылымдық ерекшеліктерін (жайылмалану,
күрделену, толығу) игерту, ал осы құбылыстардың
әрқайсысының ерекшеліктері мен заңдылықтарын ашу
жеке мақсат болып табылады. Қазіргі дидактика ғылымы әр
сабақтың мақсатын: білімдік, дамытушылық және
тәрбиелік деп саралайды. Осы мақсаттардың
әрқайсын жіктеп беруге
болады. Мысалы, білімдік мақсатының өзін: басты, нақты
және жеке деп бөлуге болады. Орта мектепте оқушылардың
білім деңгейлері әртүрлі болатындықтан,
оқушылардың орташа деңгейі негізге алынып, мынадай
нақты мақсаттар қойылады:
–
игертудің
басты көрсеткіштері: ойлауын, қорытынды жасай білуін, дербес
жұмыс істей алуын, саналы игеруін, білімнің тереңдігі мен
тұрақтылығын, бір тәсілден екіншіге ауыса алу
мүмкіндігін, материалдың негізгі мәселелерін түсініп,
бөліп ала білуін дамыту;
–
жеке тұлғалық
қажеттілігін, мотивін, мақсатын;
–
танымдық
қабілетін, яғни материалды талдау, салыстыру, қорытынды жасай
білу мүмкіндігін дамыту. Бұл мақсаттардың бәрі
сабақ кезінде іске асып отырады. Ал басты мақсат стандарт,
бағдарлама талабына сай болады. Мысалы, мектепте тіл сала-саламен
игертілетіндіктен, негізінен, мынадай басты мақсаттар қойылады:
– тіл
білімінің салалары, оның ерекшеліктері туралы білім, дағды
қалыптастыру;
–
оқушының санасында тілдің салаларын игеру, тілдік материалды
талдау, қорыту, жүйелеу әдіс-тәсілдерін білу, оны
практикада қолдана білу іскерлігін
қалыптастыру.
Ал оқыту технологиясы
бойынша мынадай жеке мақсаттар қойылады:
– игерген білімді
бекіту;
– тақырып
бойынша білімін тексеру;
– қайталау;
– жаңа
материалды игерту;
– тірек білімдерін
жандандыру;
–
тақырып
бойынша білімдерін жүйелеу, қорыту.
Педагогикалық
әрекетте мақсат компонентін іске асыру оқыту технологиясын тиімді қолданудың бір шарты болып
табылады.
Басты ұстанымдары. Педагогикалық
технологиялардың мақсаты бір (нәтижеге жету)
болғанымен, олар құрылымы, ұстанымдары,
әдіс-тәсілдері
жағынан бір-бірінен ерекшеленеді. Оқыту ұстанымдарына
ғалымдар: талап, қағида, норма, тәсіл деген сипаттама
береді. Негізінен тәсіл дегенге үлкен мән беріледі. ДБІ технологиясының
негізін салған П.М. Эрдниев философия,
психология, лингводидактика, логика
т.т. ғылымдарының негізінде оқыту технологиясының
ұстанымдарын айқындайды [1]. Ғалымның
ұсынған ұстанымдарын лингводидактикалық
ұстанымдармен үйлестіре
қарастырамыз.
Бір тектес, ұқсас немесе
қарама-қарсы тілдік
құбылыстарды бірлікте және бір мезгілде игерту
ұстанымы. Бұл ұстаным тіл
табиғатына сай және теорияның практикамен байланысы
ұстанымына негізделе іске асырылып отырады.
Ақпаратты топтап, ірілендіріп беру ұстанымы. Ақпаратты ірілендіріп беру
ұстанымы оқушылардың
шығармашылық қабілетін дамытуға негізделе отырып,
мынадай талаптардың жиынтығынан құралады:
– оқушылардың
қалыптасқан жалпы
іскерлігін ескере отырып, шығармашылық міндеттерді шешудің жалпы
әдіс-тәсілдерін іздеу;
– ірілендіру
абстрактылықтан нақтылыққа көшуі, яғни
алғашқы білім мен игерілген білімнің арасында жаңа
байланыстардың болуы;
– сызба, кестелерді,
тірек конспектілерін пайдалану;
–
жаттығулар
орындатуда тура және кері байланысқа мән беру.
Педагогикалық басқару оқушылардың өзін-өзі
басқаруына ауысу ұстанымы.
Бұл
ұстанымның оқыту
әрекетіндегі сүйенетін заңдылығы – оқушылардың
шығармашылық қабілетінің дами түсуіне көп
жағдай жасалады.
Бұл
ұстанымды іске асыруда:
– егер
оқушылар берілген тапсырмаларды
өз бетімен орындауға қабілетті болса, оған ондай
мүмкіндік жасалуы қажет;
– оқушылар
берілген жаттығуларды түрлендіруге, қайта
құруға қалыптасуы тиіс;
– тапсырмалар
әр түрлі болуы: шығармашылық, ізденушілік, қайта
құру, т.т. болуы тиіс;
–
мұғалім
оқушыларды шығармашылық тапсырмаларды таңдау, орындату
арқылы басқарып отыруы қажет.
Жүйелі-функционалдық ұстаным.
Тіл – көпаспектілі
құбылыс. Оның салалары бір-бірімен диалектикалық
бірлікте болатыны белгілі. Сөйлеу
үрдісінде оның барлық салалары бір-бірімен байланыса
отырып, қатысымдық қызмет атқарады. Мектепте
тілдің барлық салаларын байланыстыра оқыту қазақ
тілін оқытудағы басты ұстанымдардың бірі болып
табылады. Бұл ұстаным
арқылы оқушы тілдің ғылыми негіздерін білуге,
оның күрделі, дамымалы құбылыс екендігін, әр
саланыңі іштей ерекшеліктері барлығын бағамдайды. Кез келген
тілдік тұлға сөйлеу әрекетінде
белгілі бір қызмет атқаратыны аян. Осыған орай қазіргі
лингводидактика ғылымында жүйелі-функционалды
ұстанымның да маңызы зор. Қазақ тілі, оның
салаларын жүйелі-функционалды ұстанымға негіздей оқыту лингвистикалық
білімнің күрделілігін, оқушыда жүйелі де терең
білім қалыптасуы үшін тілдің салаларын бір-бірімен
байланыстыра, бірлікте қарастыру тілдің ішкі байланыстарын
сақтауға, олардың арасындағы қатынастарды
ажыратуға, олардың қолданыстағы қызметін саралауға мүмкіндік береді.
Білімнің
жүйелілік ұстанымы мынадай талаптар негізінде іске асады:
– бір-біріне
байланысты сұрақтарды, теоремаларды тұтастықта игерту;
– әр блок бір
мәселеге құрылуы; Мысалы, жайылмалану блогі, толығу
блогы т.т.
– жүйелі білім
қалыптастыратын сызба, кестелерді пайдалану;
– оқушыда
қалыптасқан тұтас білімнің ірілендірудің
негізінде материалды қайталау;
– жүйелі қалыптасқан білім материалы
ұзақ есте сақтауға мүмкіндік жасайды;
– игерілген материалмен байланысы
жоқ сұрақтарға сабақта жол бермеу.
Жаттығуды құрылымдық
өзгерістермен беру ұстанымы.
Бұл ұстаным мынадай жағдайда іске асады:
– жаттығулардың
құрамына формасы өзгертілген
тапсырмаларды енгізу;
– кері байланысқа
құрылған жаттығулар құрастырып ұсыну.
Жаттығуларды
дайын күйінде бергеннен гөрі өздеріне
құрастыртудың маңызы зор. Мысалы, жай сөйлем
беріп, оны күрделендіру: кеңейту, толықтыру талаптарын
қою арқылы оқушыны іздендіруге, ойландыруға,
сөйлемді күрделендіретін, кеңейтетін тілдік факторларды есіне
түсіруіне т.т. мүмкіндік жасалады. Оқушының тіл
байлығы артады. Мұндай сабақтар бірнеше кезеңнен
тұрады. Мұндай жатығуларды орындау кезеңдері
оқушыны бірізділікпен жұмыс істеуге, яғни жеңілден
ауырға ұстанымын іске асыруға мүмкіндік жасайды.
Жұмыс істеу дағдысын қалыптастырады, өзін-өзі
бақылау мүмкіндігі болады, біліміндегі олқылықтарды
байқайды, оқуға деген қызығушылығы артады,
шығармашылық ойлауға қалыптасады.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.
Эрдниев П.М. Укрупнение дидактических единиц как
технология
обучения. / П.М. Эрдниев. М.:
Просвещение, 1992, в 2 ч.; ч.1 -176, ч.2-257.
Резюме
В статье
рассматривается педагогико-дидактические основы изучения синтаксиса в
укрупненном плане.