Филологические науки/ 1.Методика  преподавания языка и литературы

Аға оқытушы, магистр Алиева Дидар Алиасқарқызы

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты

 

Қазақ тілін оқытуда әдіс-тәсілдердің тиімділігі

 

Қазіргі кездегі жоғары білім беру қоғам талаптарын қанағаттандырудың бірнеше жүйелерін қарастырады, яғни ғылымды, білімді және өндірісті интеграциялау түрі ретінде ғылыми оқу-өндірістік кешендер құру; оқытуды және студент еңбегін дараландыру, білім беруді ізгілендіру; оқытушылардың кәсіби даярлығына жоғары талап қою, жоғары оқу орнында болашақ мұғалімдерді даярлау мен олардың кәсіби деңгейін көтеруде мұғалімдерді жаңа технологиялар негізінде көтеру. Мұндай үдеріс әлемнің түрлі елдерінде өздерінің ұлттық ерекшеліктеріне, экономикалық жағдайына, білім беру жүйесінің дәстүрлеріне қарай әртүрлі деңгейде көрініс тапқан.

 «Қазіргі кезде білім жүйелерін технологиялық негізде құру – педагогикалық ғылым мен практиканың жаңа болашағы мол бағыты болып отыр», - дейді педагогика ғылымдарының докторы Ж. Қараев. Оқыту технологиясы мен әдістеме ғылымы бір-бірімен тығыз байланысты. Әдістеме ғылымында негізінен  «Не оқыту керек?», «Не үшін оқыту керек?», «Қалай оқыту керек?» деген сұрақтарға жауап іздейтін болсақ, ал қазіргі таңдағы  оқыту технологиясы  бойынша «Қалай нәтижелі білім беруге болады?» сұрақтың көлемінде ой толғап, жауап іздеп, соған сай білім беру жолында қызмет етеміз. Бірақ осы әдістеменің де, оқыту технологиясының да негізінен көздеген мақсаттары қазіргі таңдағы білім берудің қай жағынан болсын тиімді жолдарын қарастыру. Ал білім берудегі тиімді жолдары болып оқытудың әдістері анықталады.

Қазіргі таңда оқу процесінде оқытудың бұрыннан қалыптасқан әдістерімен бірге оқытудың жаңа әдістері, яғни инновациялық әдістер де жиі қолданылады.

Мысалы: бұрыннан қалыптасқан әдістер көбінесе:  сұрақ-жауап, көрнекілік, мәтінмен жұмыс болса, жаңа инновациялық әдістер көптеп саналады соның ішінде: бүгінгі күні жаңа технология бойынша оқытудың келесі түрлері белгілі:  проблемалап оқыту (М.И. Махмутов т.б.), бағдарламаланған оқыту Ю.А.Самарин, В.П.Беспалько, Т.А.Ильина т.б.), саралап, жекелеп оқыту (Кобдикова т.б.), дамыта оқыту (Ю. Б.Эльконин, Н.Д.Хмель, Т.С.Cабиров, А.А. Бейсембаева, Р.М. Қоянбаев), ұжымдық оқыту( В.К: Дьяченко т.б.), деңгейлеп оқыту (Караев Ж.), дистанциялық оқыту(Г.К.Нұрғалиева, Д.М.Жүсібалиева), модульдік оқыту( К. Жақсылықова) сияқты әдіс-тәсілдер. Қазақ тілін оқытудың негізгі құралы – технологиялық әдістер. Қандай технология болмасын, оны оқытушы сабақтың жоспары арқылы іске асырады. Сондықтан технологияны барлық пәндерге бейімдеп қолдануға болады.

         Оқу процесінде оқытудың озық технологиясын қолдану әдістемелік тұрғыдан алып қарағанда, негізінен болашақ мамандардың яғни студенттердің базалық білімдерін тәжірибе жүзінде толықтыру. Студентті бейімдеу, яғни пәндік және функциональдық жағынан неғұрлым жаңа білім алуда, талаптар ұсына отырып, теориялық білімін ары қарай дамыту, яғни тұлғаның шығармашылық тұрғыдан өсуіне ықпал ету және оның әр түрлі рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру болып табылады.

         Осы әдістердің барлығын сабақ тақырыбына сай, барлық түрін мұғалім өз сабағына пайдаланып келеді. Бұл біріншіден, оқушыға берілетін білімнің әдістері көрсетіледі, екіншіден оқушымен жүргізілетін жұмыстың дәлдігі нығаяды, үшіншіден мұғалімнің атқаратын жұмысы, бағыты белгіленеді. Қазақ тілін оқыту барысында тақырыптың мазмұнына сай білім берудің әр түрлері әдіс-тәсілін қолдану ерешелігі жөніндегі ғалымдардың пікірін жақсы білген жөн.

         Белгілі ғалым-лингвист, әдебиет зерттеушісі, түрколог, дарынды ақын аудармашы, ірі қоғам қайраткері А.Байтұрсыновтың өзі «Жаңа мектеп» журналында жариялаған «Қай әдіс жақсы?» атты әдістеме мәселесіне арналған проблемалық мақаласында «Жалғыз әліп-би үйретудің өзінде толып жатқан әдіс бар..., әдіс түрлерін айтып түгесе алмас едік...». деп келтірген. А.Байтұрсынов сонау 1912 жылы қазақ тілін оқыту мәселелерін жалпы тіл білімінен, жалпы дидактикадан тыс зерттемеген. Мұндай көзқарас өте ұтымды, өте маңызды көзқарас. Себебі теория мен практиканы бірінен бірін толық ажыратып тастау теорияға да, практикағада (оқыту процесіне) кері әсерін тигізеді.

1928 жылғы «Әліп-би» еңбегіндегі әдістемелік көзқарастары (ойлары) мыналар: 1) Ресей әдістемесінен мағлұмат; 2) «Төте оқу» деген дыбыс негізді әдіс; 3) «Тұтас оқу» әдісі; 4) «Әліпби» кітабының құрылысы туралы; 5) қай әдісті қай тәсілмен меңгеру керек екендігі туралы.

Сонымен бұл еңбекте де (1928 жылғы) Ахмет Байтұрсынов күрделі дидактикалық, әдістемелік мәселелерді көтеріп, оларға қысқа жауап береді.

Ол мәселелер: әдістерді, тәсілдерді саралау; бөтен елдегі оқыту әдістерін сол күйінде қолданбау, оларды қазақ тіл әлеміне бейімдеп қолдану; төте оқыту, тұтас оқыту әдістеріне көшу; әліпбидің мазмұнын, құрылымын өңдеу; жаңа заманға сай бағдарлама жасап, соның негізіңде сабақ беру т.б. Көтерілген осы мәселелердің барлығы қазақша білім алу, білім беру процесін өрлетуді, тереңдетуді, кеңейтуді көздейді. Сондықтан осы шарттарды орындаған мұғалім жаңа жолға түседі, теңсіз жаңашыл қызмет атқарады деген ой айтылады.

А.Байтұрсынұлы өзге ғалымдардың әдістемелік  еңбектерін тек сол күйінде көшіріп  алып қоймай жақсы, тәлімді дүниелерін ескере отырып, халқымыздың ұлттық нақылына бейімделген, шамасы келгенше қазақ қанына қабыстыруға  тырысқан. Оның әдістемелік еңбектерінің осы уақытқа дейін құнын жоймай, халыққа қызмет етіп келе жатқанының себебі, мүмкін, осында жатқан шығар.

А.Байтұрсыновтың әдістеме мәселелері хақындағы еңбектерінде ауыз толтырып айтарлық қана емес, бүгінгі оқыту ісімізде ойланарлық, әжетке жарарлық құнды еңбектері жетер-ақ. Еңбектерінің қай-қайсысы да әдістеме мәселесі тұрғысында берері, айтары мол дүниелер. Аталмыш /мәселелер/ материалдар тек қазақтың ғана емес, жалпы түркі тілдес халықтардың әдістеме ғылымына қосылған салмақты үлес.

         Әдістемеші ғалымның еңбектерінде нені басты нысана ететінін, бүгінгі таңдағы көмекші құралдардан айырмашылығы мен ұқсастығын салыстыра қарасақ, байқайтынымыз, бүгінде біз жаңалық тапқандай айтып жүргеніміздің көбін ғалым өз кезінде-ақ білдірген.  

         Сол сияқты орыс педагогі К.Д.Ушинский "Мұғалім - өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанда оның мұғалімдігі де жойылады" - деп айтқандай, қазіргі заман талабына сай, әр мұғалім, өз білімін жетілдіріп, ескі бірсарынды сабақтардан гөрі, жаңа талапқа сай инновациялық технологияларды өз сабақтарында күнделікті пайдаланса, сабақ тартымды да, мәнді, қонымды, тиімді болары сөзсіз. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсеткен.

  Жоғары оқу орнының бағдарламасын: егер студент өзін қызығушылығы бар, мәдениетті тұлға және нағыз маман, жауапкершілігі мол, ерікті, талапты тұлға ретінде көрсетсе ғана сәтті меңгеруге болады.

         Жоғарыда айтылғандай әр технология мұғалімдердің шығармашылықпен жұмыс істеп, жаңалықтарды дер кезінде қабылдап, өңдеп, оны өз ісінде тиімді қолдана білуін айырықша талап етеді. Сондықтан да қазіргі таңда оқытушылар үнемі ізденіс үстінде. Олар заман талабына сай, студенттердің білімін тереңдету үшін, тілге деген қызығушылығын арттыру үшін көп еңбек етуде.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының білім жүйесін әлемдік білім кеңістігіне кіріктіруге бағытталған жүйе есебінде сипатауға болады.   Қазақстан Респбликасының 2005- 2010 жылдарға арнап қабылдаған білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қазіргі талап пен әлемдік стандартқа сәйкес келетін ұлттық білім жүйесін жасақтаудың проблемаларын шешуге жасақталған. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдуында да көрініс тапқан, атап айтсақ, Қазақстанның жоғары оқу орындарына қойылған мақсат әлемдік стандарт деңгейінде білім беру. Бұл аталған бағдарлама мен жолдаудын басты құндылығы – еліміздегі білім беру жүйесін дүниежүзілік деңгейге көтерілетіндей баспалдақтардан өтуге бағыт берумен қатар, оқушының бастауыш сыныптан бастап қоғам талабына сай біліммен қаруланып, оны кейінгі сатыларда терең деңгейге жетілдіріп әлемдік білім беру кеңістігіне енуіне жол ашуы.

         Қорыта келе, қазіргі таңда студенттердің білім сапасының мемлекеттік стандарт талабына сай болуын үнемі қадағалап отыру керек. Ол үшін талмай ізденіп, студенттің білім сапасын арттырып, оған қойылатын талапты нақты орындау керек. Өйткені, қазіргі студент – ертеңгі ел азаматы, яғни еліміздің болашағы.     

 

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

 

1. Қазіргі педагогикалық технологиялар: оқу-әдістемелік құрал.- Алматы, 2008. (К.М.Беркімбаев, Л.К.Керимовпен бірлестікте).

2. Бүгінгі студент- келешек білікті маман // Білім-Образование.- 2006. - №3. (К.М.Беркімбаев, Б.Н.Садуовпен бірлестікте).

3. Жаңа педагогикалық технологиялар- болашақ мұғалімдердің кәсіби бағыттылығын қалыптастыру құралы //Ізденіс.- Алматы, 2007.

4. Жаңа педагогикалық технологиялардың болашақ мұғалімдердің кәсіби бағыттылығын қалыптастырудағы алатын орны мен маңызы // Ұлт тағылымы.- Алматы, 2007

5. Жаңа педагогикалық технологияларды қолдану маңызы //Білім беру.- Алматы, 2007