Филологические науки/ 1.Методика  преподавания языка и литературы

Аға оқытушы, магистр Алиева Дидар Алиасқарқызы

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты

 

Оқу сөздігінің дидактикалық құндылығы

 

Қазақ лексикографиясын зерттеуші М.Малбақов сөздікте үш түрлі интенцияның болатынын жазған еді. Олар: дидактикалық, анықтамалық және ғылыми интенциялар. Түсіндірме сөздіктің құрылымын зерттеуге арналған еңбегінде ғалым: «Жалпылама қолданымға арналып жасалатын түсіндірме сөздіктердің жұртшылық тарапынан үнемі қолданымда болуы және неғұрлым ұзақ уақыт ішінде (ондаған‚ жүздеген жылдар бойы) қолданымда болуы ондағы интенциялардың арасалмағына байланысты. Егер сөздіктегі ғылыми интенция басқаларынан өте басым болса‚ ол сөздік негізінен ғылыми жұртшылықтың пайдаланатын кітабы болмақ. Анықтамалық интенция басым болса‚ энциклопедияға айналып кету қаупі бар. Дидактикалық интенцияның басымдығы оны негізінен тіл үйренім‚ оқу құралына айналдырады. Сондықтан‚ сөздіктің шын мәнінде халық кітабына айналуы үшін‚ ғұмыры неғұрлым ұзақ болуы үшін‚ ондағы үш интенция теңгермелі қалыпта болу керек» деген тұжырым жасаған болатын. Ғалым сөздіктің тілі туралы ойларын тұжырымдай келіп: «Сөздіктің ғылыми еңбек, анықтамалық құрал болуымен бір мезгілде тілүйренім құралы ретіндегі қызметі де баршаға аян. Сөздік - тілді үйрету ісінде оқулық пен сөздіктің міндетін бірегей түрде атқаратын оқу құралы болып табылады. Бұл тұрғыдан әсіресе түсіндірме сөздіктің құндылығы даусыз. Академик Л.В.Щерба тілді үйренудің ең тиімді ќұралы ретінде түсіндірме сөздікті - үйренілетін тілдің түсіндірме сөздігін атаған еді» деген болатын.

Оқу лексикографиясының туындыларында дидактикалық интенцияның басым болатындығы белгілі. Ал енді жалпы сөздік атаулының бәрінде де дидактикалық интенцияның басым болатындығы туралы ойдың сонылығы анық. Мұндай тұжырымды әлемдік лексикографияның теориялық тұрғыдан зерттелуіне зор еңбек сіңірген француз лексикографтары К.Дюбуа мен Ж.Дюбуа жасайды. Ғалымдардың пікірі бойынша, жалпы сөздік атаулы дидактикалық жанрдағы туындыларға жатады. Сол себепті осы жанр ауқымындағы лексикографиялық айтылым педагогикалық тілге тән ең маңызды сипаттамаларға ие болады.  Сөздіктің тілі, авторлардың тұжырымы бойынша: «ғылыми талдаудан өткізілген, зерделенген тіл. Аристотельдің үлгісі бойынша бөлшектерге бөлінген мәтін. Табиғи тілдегі біртұтас айтылым тіл білімінің қағида, ережелері бойынша жеке-жеке сөздерге мүшеленіп, ол сөздердің өзі белгілі бір қалыптарға түсіріліп, белгілі бір сөз таптарына телінеді. Табиғи тілдегі сөздер ғылыми сараптамадан өткізіліп, жасанды тілдегі (ғылым тілі) лексикалық бірліктер ретінде белгіленеді, таңбаланады, жік-жікке бөлінеді. Осындай бірліктерді жинақтаушы сөздік, шын мәнінде,  екінші қатарлы туынды болып табылады. Оның нысаны тіл мен әлем емес. Оның нысаны – тіл туралы, әлем туралы жұрт не айтады, не дейді, - міне, сол». М.Малбақов жоғарыда келтірілген тұжырымда «сөздік тілінің бірінші қатарлы табиғи тіл емес, екінші қатарлы жасанды тіл, ғылыми тіл яғни ғылыми метатіл болып табылатындығын меңзеп отыр. Сөздіктің метатілі туралы айтып отыр» деген қорытынды жасайды. Шынында да, сөздіктің тілі табиғи тілдің жүйесін арнаулы талдаудан, ой сүзгісінен өткізіп, өз алдына қойылып отырған мақсатқа сай қалыпта көрсетеді.

Француз лексикографтары келесі кезекте алдыңғы ойды жалғастырып, оны нақтылай түседі: «педагогикалық тілдің кез келген түрі тәрізді, сөздік те оқырманды коммуникацияның нақты бір айқын типіне бағыттайды. Әрі сөздіктің авторы, әрі коммуникация субъектісі болып табылатын лексикограф өзімен сырттай пікірлесуші оқырмандар тарапынан өзіне қойылатын сауалдарға бағдар ұстайды. Олар лексикографқа оның өзіне тиесілі емес мәтіндер туралы сауал қояды. Сауалдарға жауап бере отырып, лексикограф коммуникациядағы айқын субъект рөлінде көрінбейді, коммуникацияның ұжымдық субъектісі яғни қоғам атынан сөйлейтін байланыстырушы, дәнекер бейне рөлінде көрінеді. Демек, лексикограф қоғам тарапынан жүзеге асырылатын ұжымдық айтылымның болжалды субъектісіне айналады. Оқырмандар өздерін идеалды түрдегі сөйлеуші субъект ретіндегі лексикографпен бірбүтін санайды. Ал сөздікте берілетін жауаптар нақты мәдени қауымдастық атынан айтылатын соңғы ақиқат болып табылады. Сөздіктен алынатын білік пен білім оқырмандардың кемістіктерінің орнын толтыруға көмектеседі. Лексикографтың білігі мен жекелеген оқырмандардың толымсыз білігі арасындағы алшақтықты жояды. Осылайша, сөздіктегі лексикографиялық хабарламаның табиғаты да оқытушы ұстаздың педагогикалық хабарламасының табиғатымен бірдей. Лексикограф істен мүлде сырт қала алмайды. Оның тілге деген, тілге жасаған өз сипаттамасының негізінде жатқан лингвистикалық теорияларға деген өзіндік ғылыми көзқарастары бар. Ол ғылыми хабарламаның авторы болып шығады. Және оның іс-қимыл мәнері педагогикалық тіл (айтылым) авторынікіне қарағанда басқарақ. Лексикографтың позициясы белгілі бір теориядан, басқа теорияларға қарсы қойылған, өзі жөн санаған, лайықты деп тапқан теориядан келіп шығады. Осылайша, бір жағынан, ғылыми полемикалық әдіс-тәсіл, екінші жағынан, педагогикалық нормативті әдіс-тәсіл арасында қарама-қайшылық бар екендігі байқалады. Міне осы себепті лексикографтың өз ғылыми хабарламасын тікелей, төтенше, еш аралық сатысыз жүзеге асыруы қиын.

       Білімді, білікті ұстаз – шәкірт үшін қоғамдық-мәдени ұжыммен барабар түсініледі. Оқушы да өз тарапынан өзінің толымсыз білігі мен ұстаздың білігі арасындағы алшақтықты азайта беруге ұмтылады. Осы ұмтылыс, осы үдеріс, - лексикографтың мәдениетпен, тілдік нормамен барабарластырылуы, теңдестірілуі - педагогикалық тілге тән ерекшеліктердің салдары болып табылады... Автордың жасырын, беймәлім болуы оның тұжырымдарының, оқырмандарға берген жауаптарының өтімділігін, пәрменділігін, беделділігін қамтамасыз етеді». Ғалымдар осы еңбектері арқылы сөздік тілінің ең алдымен педагогикалық тіл болып табылатынын бұлтартпастай дәлелдейді. Оқу лексикографиясының негізгі туындысы ретіндегі оқу сөздіктерінде дәл осындай педагогикалық қызмет орын алады. Лексикограф оқырманның тілді өзбетінше меңгеруіне жағдай туғызады. Оқу сөздігінің беттерінен, белгілі бір виртуалды қашықтықтан, оқырманмен тілдесіп отырады.

Француз авторларының пікірі бойынша, «сөздік бір мезгілде әрі тілге белгілі бір нақты дәрежеде жасалған сипаттама, әрі адам туралы хабарлама болып табылады. Демек, сөздік мәдениеттің белгілі бір типі туралы хабарлама болып шығады. Осылайша, сөздік екі объектіге: онтологиялық (тіл) және идеологиялық (мәдениет) - сілтейді деуге болады». Ғалымдар өз тараптарынан айтылған ойды қостайтын тұжырым ретінде француздың ұлы лексикографы А.Рейдің сөзін келтіреді: «Өзінің басты объектісі ретіндегі тіл туралы хабарлама бере отырып, сөздік сонымен бірге әлем жайлы да бөлшектенген хабарлама жасайды». Демек, сөздік ең алдымен дидактикалық құрал бола отырып, екіншіден, ғылым мен мәдениет туралы ақпар беретін анықтамалық құрал, үшіншіден, өзге туындылардан ерекше ғылыми еңбек болып табылады.

Оқу лексикографиясында оқу сөздігінің алатын орны ерекше. Оқу сөздігі – тілдік қатынас және тілдесім құралы ретінде зерттеу ісінде көмегі болатын, көлемі мен типі жағынан алуан түрлі болып келетін лексикографиялық туынды (В.В.Морковкин). Сөздіктің бұл түрінің басты ерекшелік белгісі – оның тілді үйрету ісіне бағдарлануы. Оқу сөздігінің сөздіктің басқа типтерінен басты айырмасы – оның лексикографиялау тәсілі мен бағдарына байланысты.Олар адамның тілдік санасына тілді үйрету мүддесі тұрғысынан әсер етуді көздейді. Демек, оқу сөздіктері антропоцентристік болады. Оқу сөздіктерінен басқа типтегі сөздіктерді лингвоцентристік сөздіктер деп аталады. Лексикографиядағы аталған екі түрлі тәсілдің айырмашылығы түсіндірме сөздіктердің сөздік мақала құрылымынан байқауға болады. Лингвоцентристік тәсілмен жасалатын түсіндірме сөздіктерде басты назар тілдің құрылымын сипаттау мәселесіне аударылады. Ал антропоцентристік тәсілмен түзілетін түсіндірме сөздіктегі мақсат – тілді үйренуге, меңгеруге көмектесу. Оның үстіне оқу сөздігі деп аталатын шағын көлемді түсіндірме сөздіктердің барлығы бірдей өз атына сәйкес келе бермейді. Олардың көпшілігі жалпылама қолданымға арналып түзілген үлкен түсіндірме сөздіктердің сөздік құрамын жай ғана қысқарту, сығымдау, ықшамдау жолымен жасалып жүргендіктен сапасы нашар болып шығады. Ғылыми негізде жасалатын шын мәніндегі оқу сөздігінің жүйесі мен құрылымы мүлде басқаша болады.

Әлемдік лексикография тәжірибесі бойынша, оқу сөздіктерінің екі типі болатыны анықталып отыр. Біріншісі – тілге бағдарланған оқу сөздіктері. Екіншісі – нақты пайдаланушыға бағдарланған оқу сөздіктері. Бірінші типті оқу сөздіктерінің мақсаты – берілген лексикалық бірліктер көлеміне өзге тілді оқырмандарға лайықтап жан-жақты лексикографиялық талдау жасау. Нақты пайдаланушыларға арналған оқу сөздіктерінің міндеті – сөздіктің бірінші типінде берілген лексикографиялық материалды нақты тұтынушының нақты ерекшеліктерін ескере отырып (жас ерекшелігі, тілдік даярлығы, кәсіби талаптары, ана тілі, т.т.) өңделген түрде ұсыну. Осыған байланысты сөздіктің екі типінің бір-бірімен байланыстылығы, бір-біріне тәуелділігі белгілі болады. Екінші типті сөздіктер бірінші типті сөздіктерден кейін жасалады. Осындай жағдайға байланысты, қазіргі қазақ тілінің лексикалық негізіне бағдарланған оқу сөздіктерінің жүйесін құру жолдарын іздестірудің қажеттігі байқалады. Оқу лексикографиясы бойынша бұрын жазылған еңбектерде оқу сөздіктерінің жүйесі туралы мәселе көбінесе аналитикалық аспектіде қарастырылып келген еді. Зерттеушілердің мақсаты – осындай жүйеге қандай элементтер кіруі керек, яғни қандай элементтерден тұрады дегенді анықтау болды. Мұндай сөздіктердің типтері қандай болу керек деген мәселе кең талқыланғанымен, зерттеушілер осы жүйені қалай құруға болатындығын сөз етпеген еді. Сөз еткендердің өздері, бұл тәрізді жүйеге қандай лексикографиялық оқу құралдарын енгізу қажеттілігін тізбелеумен шектеледі. Әркім өз тізімін ұсынады (осындай автордың «қазақ тілі» оқу құралын, сөздікшелерін пайдалану қажет деген сияқты).

М.Малбақов ағылшын лексикографиясындағы тілүйренімдік мақсатта жасалған түсіндірме сөздіктердің  «мектепке дейінгі балаларға арналған‚ бастауыш мектептегі балаларға арналған‚ орта мектеп оқушыларына арналған‚ студенттерге  арналған‚ от басында қолдануға арналған‚ жұмыс басында қолдануға арналған‚ кітапханада қолдануға арналған‚ жол-жөнекей қолдануға арналған («жол ашар»‚ «қалта сөздіктері») дегендей түрлі дәреже-деңгейлерде жасалып отырғандығын» жазады. Ғалым сөздіктердің осындай алуан түрлерін жасауға негіз болатын басты ұстанымның  - градуалдылық екендігін айта отырып, төмендегі жайларды сөз етеді: «Латын тіліндегі «адым‚ қадам» мағынасындағы gradus сөзі мен ортағасырлық латындағы gradarіus «ақырын адыммен жүруші‚ асықпайтын»‚ gradatіm «қадам сайын‚ бірте-бірте‚ ақырын-ақырын»‚ gradatіo «бірте-бірте биіктеу‚ ақырын көтерілу»‚ gradualіs «басқыш сайын‚ бірте-бірте» сөздерімен төркіндес градуалдылық ұстанымының  негізінде тілдің жүйелілік қасиеттерін кеңейте көрсету‚ «тілді үйрену процесін сатылы түрде‚ үздіксіз жүргізу‚ оны бірте-бірте күрделендіру» ұстанымы жатыр. Ғалым өзінің ойын «осы тәрізді сатылы үйренім сөздіктерін жасау - қазақ лексикографиясы үшін де өте қажетті іс екендігі даусыз» деген түйінмен аяқтайды. Біз де осы пікірді қостаймыз. Қазақ тілін үйренушілерге арналып жасалатын осындай градуалды сөздіктер қажет. Алайда, олардың ғылыми негізде жасалуы, қазақ тілінің лексикалық негізін қамтуы шарт.

Оқу сөздігінің негізіне алынатын басты қасиет – оның антропоцентристік сипаты болып табылатындығын Р.Түсіпқалиева да атап өтеді. Ғалымның пікірі бойынша, «барлық сөздіктерді сипаттау ең әуелі лингвоцентристік сипаттау және антропоцентристік сипаттау болып екіге бөлінеді... Лингвоцентристік  ұстанымда тіл бұрыннан бар, бұрынғы мәтіндерде тіркелген, ол тілде сөйлеуші субъектіге  қатысы жоқ құбылыс түрінде көрініс береді.   Сипаттаманың бұл түрінде тілдік механизмді құрайтын типологиялық тұрғыдан алуан түрлі құбылыстар мен процестерді белгілеп,  кезекпен сипаттау жүзеге асырылады. Сондықтан сипаттаманың бұл түрін  сипаттамалы-жүйелеуші деп атайды. Лингвоцентристік тәсіл тілге дәстүрлі сипаттама жасалатын академиялық грамматикалар мен сөздіктерде жүзеге асырылады. Тілді лингвоцентристік негізде қарастыратын тіл ғылымын сипаттамалы-жүйелеуші лингвистика деп атауға болады. Антропоцентристік көзқарас тұрғысынан тіл адам санасының туа бітті қасиеті ретінде емес, адам санасында уақыт өте келе пайда болатын мәнді құбылыс, демек, бірте-бірте қалыптасатын, бірте-бірте белгілі болып, айқындала, ашыла түсетін құбылыс ретінде ұғынылады.  Антропоцентристік тәсілдің мәні, біріншіден, тілді үйренім нысаны ретінде жүйелі түрде сипаттаудан, екіншіден, тіл мен адамның әрекетке түсу сипатын анықтаудан көрінеді. Өз тұжырымдарын антропоцентристік көзқарас тұрғысынан сипаттайтын лингвистиканы антропоцентристік лингвистика деп атайды. Сипаттамалы-жіктемелік лингвистикада тілдің жиынтық әлеуметтік құбылыс ретіндегі қалыптасуы мен қызмет етуі сөз болса, антропоцентристік лингвистикада негізінен, бейнелі тілмен айтқанда,  адамның тұла бойында өркен жайып, өсіп шығатын организм ретіндегі тіл қарастырылады. Демек, тілүйренімдік лексикография педагогикалық лингвистикада жүзеге асырылып отырған антропоцентристік көзқарасқа негізделуі керек».

Жүргізілген талдау барысында сөздік атаулының бәрінің де дидактикалық туынды болып табылатындығы, осы арқылы оларда қашанда дидактикалық интенцияның негізгі интенциялардың бірінен саналатыны айқындалды. Сондай-ақ, жаңа шешімдердің бірі ретінде қазақ лексикографиясындағы бұрынғы «оқу лексикографиясы» және «оқу сөздігі»  тәрізді атаулардың орнына «тілүйренім лексикографиясы», «тілүйренім сөздігі» атауларының қолданымының дұрыстығын  негіздеуді айтуға болады.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Малбақов М. Қазақ тілі түсіндірме сөздігінің құрылымдық негіздері. Филология ғылымдарының докторы диссертациясы. Алматы, 2003.

2. Мұсаева Ж. Қазақ лексикографиясында қолданылатын атаулардың метатілдік табиғаты. Фил. ғ.к. авторефераты. Алматы, 2006. 26 б.

3. Түсіпқалиева Р. Қазақ лексикографиясы: екітілді шағын сөздіктердің құрылымы. Ф.ғ.к. авторефераты. Алматы, 2007.

4. Көбденова Г. Қазақ тілінің тарихи лексикографиясы. Ф.ғ.к. авторефераты, Алматы, 2008.

5. Қалиев Б. Қазақ тілінің қазыналы сарайы // Лениншіл жас‚ 1984‚ 20 наурыз.

6. Қалиев Б. Түсіндірме сөздікке түсініктеме //Қазақ әдебиеті‚ 1988‚ 25 қараша.