Тілембекова Алмагүл Ибрагимқызы

 

Ғылыми-техникалық мәтіндерде кездесетін

күрделенген сөйлемдер

Қазақ тіл білімінде күрделенген сөйлемдер жайлы жан- жақты зерттеп, ғылыми тұжырымдар жасаған – Қ.Есенов. Ғалым  өзінің ,,Қазақ тіліндегі күрделенген сөйлемдер” деген еңбегінде   күрделенген сөйлемдерді екі үлкен топқа жіктейді:

1) Айқындауыштық қосалқы сөйлемдер (оңашаланған айқындауыш, қыстырма, қыстырынды және бірыңғай мүшелі сөйлемдер).

        2) Синтаксистік оралымды сөйлемдер ( көсемше, есімше, шартты рай және қимыл есімді оралымды сөйлемдер).  

,, Қосалқы” деп отырғанымыз – сөйлем мазмұнындағы кейбір жайттарды дәлдей де, анықтай түсуге қосарлана, қабаттаса айтылған көмекші мәніндегі екінші дәрежедегі конструкциялық топтар… Осылайша жұмсалған конструкциялардың сөйлем ішіндегі негізгі қызметі оқиға барысын айқындау, дәлдей түсу болып табылады”. [1, 20-21].

                    Қыстырынды сөйлемдер

Бұл қыстырынды сөйлем  деген  ұғымды А. Байтұрсынов та  өз еңбегінде қолданған. Ол сөйлем ішіндегі ,,құдай біледі”, “аллаға шүкір”, ,,асылық болмасын” сияқты тіркестерді сөйлем ішіндегі қыстырынды сөйлемдер деп таниды: Бүгін, құдай біледі, жауын болса керек. [ 2, 309].

Ал қазіргі уақыттағы Қ. Есеновтің еңбегінде және одан кейінгі еңбектерде қолданылып жүрген  қыстырынды сөйлем ұғымына А.Байтұрсыновтың ,, қамау белгісі” деп атаған жақшаға қатысты айтылған пікірі сәйкес келетін сияқты. Мысалы:

,, Бұл белгі: 1) бір нәрсені қабарында болдыра кетейін деген орындарда қойылады. Ондай кездер айта кетейін деген ой сөйлем келе жатқан әңгіменің жүйесінен тысқары бүтіндеу болған орындарда келеді: Сөйлейді ойланбай-ақ аю шолақ (аюлар күшке мықты, ойға олақ); 2) алдағы сөзді артқысы түсіндіре өтетін жерлерде қойылады. Ондай кездер жат сөзді немесе жаңа сөзді оқушы түсінбес деген орындарда болады. Мәселен, пән сөздің мағанасы жат (сөздің ана тіліне аударғандағы мағанасы жаңа). Мекеменің атауының мағанасы, тағысын тағы сондайлар жақшаға қамалады."  [2,312].

Қыстырынды сөйлемдердің өзін  Қ. Есенов алдын-ала ескертпелі және соңын ала ескертпелі қыстырынды сөйлемдер деп екіге бөледі. Біз зерттеу нысанымызға сай, ғылыми мәтіннің мазмұндық-құрылымдық ерекшелігіне сәйкес, зерттеу барысында екінші топқа ғана тоқталамыз.Себебі соңын ала ескертпелі қыстырынды сөйлемдерде  негізінен сөйлемнің (ойдың )өзі хабарланады да, содан кейін сондағы бір түйінге байланысты ескерту жасау ретінде қосымша түсінік беріле кетеді. Осыған байланысты ғылыми мәтіндердегі қыстырынды конструкцияларды Г.А. Садырованың  төрт топқа бөліп қарастырған  [3] зерттеуі негізінде жіктеуге болады:

1) шет тілдік термин мен оның  қазақшасының  жарыспалы қолданылуы

Мұнда әлі қазақша қалыптасып үлгермеген термин сөз бастапқы тұлғасында жазылып, жақша ішіне қазақша баламасы беріледі.

Немесе төмендегі мысалдағыдай алдымен қазақшасы жазылып, жақшаға орысшасы беріледі:

,,Өндірісте жиі қолданылып жүрген түзеткіш схемаларының бірі - өткелдік (мостовая) схема (3.4 а-сурет)”. [4].

2)                     Ғылыми   мәтіннің дәлдік, анықтық, объективтілік секілді белгілерін жүзеге асыру үшін қызмет ететін анықтаушы (уточнительный ) конструкциялар

Осындай материалдардың бірі – ұзынша молекулалардан тұратын нематикалық (nema- латын тілінде жіп деген сөз ) кристалл. [4].

Тағы бір қосымша қасиет – шығыс жолдарының сыртқы энергия көзінсіз жұмыс істей алуы (оптронның фотогенераторлық режимі). “[4]).

3)         Сілтеме :

а ) жұмыстың авторы, жариялануы жайлы мәліметтер, беті.

ә) тілдік емес конструкциялар: сандық мәліметтер, физикалық және химиялық элементтердің символдары, сурет, кесте, сұлбалар (схема)

Одан аздап айырмашылығы – онда пайдаланылатын шикізаттардың (GaP, GaAs, SiC) тыйым салынған зонасының үлкендігіне байланысты ондағы тура кернеу түсімінің көптігі (бірнеше вольтқа жетуі мүмкін, 2.11, а-суретті қараңыз). [4].

4)         Толықтырушы конструкциялар. Бұлар қосымша информация енгізу арқылы қабылдаушыға өзіне қажет вариантын таңдап алу мүмкіндігін береді.

7 сегментті индикатордың негізгі кемшілігі – бір сегменті істен шыға қалған жағдайда немесе қате жанғанда, барлық ақпараттың бүліну мүмкіндігі, яғни қате берілуі. Сондықтан да ақпараттық сенімділікті арттыру үшін индикатордың одан ары жетілдірілген түрі- матрицалық индикатор пайдаланылады. 36 сәуле диодтарынан тұратын осы индикатор (2.13, ә-сурет) бар сандар мен әріптерді әжептеуір өрнектеп (сегментті индикаторға қарағанда) көрсете алады және оның бір-екі сегменті жанбай қалған жағдайда да хабар беруде жаңылыспайды. [4].

Ғалымның пікірінше, ғылыми мәтіндерде қыстырынды конструкциялардың қолданылуы тілдік құралдардың көбеюіне, ал бұл өз кезегінде айтылым мөлшерінің кеңеюіне әкеледі.Солай бола тұра, бұл конструкциялар бір айтылым ауқымында қосымша информация енгізудің неғұрлым үнемді тәсілі боп табылады. [3, 114].

Сонымен қатар, ҒТМ-де күрделі атаулар көбіне қысқарған күйінде жұмсалады. Сондықтан, бастапқыда  ҒТМ-де осындай ұғымның толық атауынан соң жақша ішінде қысқарған түрі беріліп отырады да, әбден үйреншікті болған соң , тек қысқарған түрде қолданыла береді:

,,Халықаралық электртехникалық комиссияның ұйғаруы бойынша, оптоэлектрондық аспаптарға (ОЭП) оптикалық диапазонда (ультракүлгін,көрінетін және инфрақызыл сәулелерінде) жұмыс істейтін аспаптар жатады.”

Мұнда жақша ішінде берілген ОЭП –тің не екенін өзінің  алдында толық нұсқасында қолданылып тұрған тіркес ашса, ал  оптикалық диапазон тіркесінің мағынасын одан кейін келген, яғни соңын ала қыстырынды сөйлем ашып тұр.

 “Толқын ұзындығына байланысты сәуленің (сондай-ақ кез-келген электрмагниттік толқынның) әр түрлі тереңдікке бойлайтыны белгілі.

Олардың негізгі өкілдері: санауыштар, нышандағыштар (шифратор), тіркеуіштер (регистрлер). Микропроцессорлар да осы топқа жатады.

Теңгерілмелік күшейткіш (ТК) дегеніміз-екі сигналды өзара теңгеріп, олардың айырымын күшейтетін (сондықтан, оны айырмалық немесе дифференциалдық деп те айтады), оларды өзара салыстыра отырып, біріндегі мезгілсіз ауытқуды екіншісіндегімен теңгере отырып жою, яғни өзін- өзі тұрақтандыру негізінде жұмыс істейтін күшейткіш.

Екілік жүйесінде, жоғарыда айтылғандай, екі ғана тұжырым болады: “бар” немесе “жоқ”, “ақиқат” немесе “жалған” (цифрлар тілімен “1” немесе “0”) . Осы ерекшеліктеріне байланысты екілік жүйесінің өзіңдік заңдары, амалдары бар. Оларды логикалық алгебраның немесе Буль алгебрасының (ағылшын математигі Бульдің атымен) заңдары мен амалдары дейді. [4].

Демек, келтірілген мысалдардың негізінде ҒТМ-де соңын ала қыстырынды сөйлемдер негізінен анықтаушы, түсіндірмелік мәнде жұмсалады деп қорытуға болады.

 

Синтаксистік оралымдар

А. Байтұрсынов ойды әр түрлі сөйлеу әдістері арқылы жеткізуге болатындығын былайша айтады: ,, Сөйлегенде ойды тақ-тұқ қысқа айтып, білдіретін орын да болады. Ойды ұзын айтып, орағытып келіп білдіретін орын да болады. Сөйлеудің сондай түрлері орамды деліп аталады. “

[2,310].

Осылайша ғалым мұндай сөйлеу түрлерін орамды немесе өрнекті сөйлем деп атайды.Бұндай  сөйлемдерді құрмалас сөйлемдердің қатарында қарастырып, олардың  көлемі қанша үлкен болғанмен, қазық болатын бас пікірдің жалғыз болуына байланысты, оларды ұлғайтып та, шағындап та айтуға болатындығын айтады.

Әдеби тілде (көркем әдебиет, публицистика, ғылыми әдебиет) жиі көрініс беретін есімшелі оралым туралы қазір бірсыпыра қалыптасқан көзқарас бар. Соңғы уақытқа дейін әр түрлі атаулармен аталып келген бұл тілдік құбылыс қазір есімшелі оралым деген атауға ие болды.

Профессор Қ. Есенов: ,, Оралымдар сол тұтас қалпында өздерін меңгерген сөзге атрибуттық қатынаста жұмсалатындықтан,” оларды ,,Есімше қабыспалы оралым “ деп атаған. [1].

Қазақ тіл білімінде жай ғана есімшелі оралым деп аталып жүрген  бұл конструкциялар С. Ізімбергенова, Р. Өмірбекова [5,6] еңбектерінде қарастырылған.

Мысалы, Р. Өмірбекова  өзінің ,, Қазіргі қазақ тіліндегі есімшелі оралымдар “ деген зерттеуінде Қ. Есеновтің “ Оралымдар  атрибуттық қатынаста жұмсалады” деген пікірін  әрі қарай дамытып, есімшелі оралымдардың сөйлем ішіндегі жігі, олардың байланысу формалары жайлы өз тұжырымдарын жинақтай келе, есімшелі оралымдарға мынадай анықтама береді: ,,Есімшелі оралымдар деп өз жетегіндегі сөздердің синтаксистік қызметін өзіне бағындырып, сол тобымен бір-ақ сұраққа жауап беріп, бір ғана сөйлем мүшесі болатын анықтауыштық топты айтамыз.” [6].

Қазір техникалық жоғары оқу орындарында қазақ тілін оқыту студенттің өз мамандығына сәйкес мәтіндерді пайдалану арқылы жүзеге асырылуда. Оқыту процесі негізінен жазба мәтіндерге  негізделгендіктен, оны меңгеру үшін студент сол мәтінді құрайтын фразадан жоғары бірліктер құрамындағы сөйлемдерде  жиі кездесетін есімшелі оралымдарды дұрыс тауып, жіктеп, түсініп, орыс тіліне аудара алуы керек. Студенттердің  пайдаланатын оқу құралынан есімшелі оралымдар кездесетін біраз мысалдар келтірейік:

“Радио (лат. сәуле таратамын, шығарамын деген сөз) – алыс қашықтыққа  сымсыз таралатын жоғары жиілікті электрмагниттік тербелістерді пайдалануға негізделген техника саласы.

Попов Александр Степанович  (1859 – 1906)  - орыс физигі,

радиобайланыс негізін қалаған өнертапқыш. Ол  неміс физигі

Г. Герц жасаған электрмагниттік толқын таратқыш вибраторды қашықтан сымсыз сигнал беру ісінде пайдалану жөнінде көп еңбектенді.

Радиотехника – радио диапазонындағы электрмагниттік тербелістер мен толқындарды генерациялау және күшейту, тарату, қабылдау тәсілдері мен оларды пайдалану мәселелерін зерттейтін ғылым.

Телевизия мұнарасы – ұшар басына телевизия, радиохабар тарату, радиограф пен радиореле байланыстарының антенналары орнатылған биік мұнара.

Таратқыш пен қабылдағыш линиясын самолет қиып өткен кезде байқалатын радиотолқындардың  соғу құбылысына негізделген алғашқы радиолокациялық станция (РЛС) Д.С.Столетовтың басқаруымен 1938 жылы жасалып, іске қосылды. [7].

Қазір күрделенген сөйлемдер қатарына кіретін осындай сөйлемдерді А. Байтұрсынов айтқандай, “шағындап” айтуға да болады, өйткені олардың “бас пікірі -  жалғыз”.

Осы келтірілген мысалдардағы хабарлы сөйлемдердің ең шағынының өзі 10 сөзден артық болса, көбінде 20 сөзден де жоғары болып тұр. Соңғы мысалда берілген  РЛС туралы информацияны біз оны анықтап тұрған есімшелі оралымынсыз-ақ ала аламыз, яғни осы сөйлемді ,,Алғашқы радиолокациялық станция (РЛС) Д.С.Столетовтың басқаруымен 1938 жылы жасалып, іске қосылды” деп те құрауға болады, бірақ осы станцияның қасиетін ашу қызметін нақ осы оралым атқарып тұрғандықтан, оның қолданылуының еш артықтығы жоқ.

Демек, есімшелі оралымдар күрделенген сөйлемдер құрамында келіп,  хабарланған нәрсе, оқиға немесе сипатталған құрылғы жайлы біздің  танымымыздың кеңеюіне жәрдемдесетін мәтінтүзімдік элементтер болып табылады екен.

Бұл келтірілген мысалдардағы есімшелі оралымдардағы әр сөзді сөз табына қарай талдап, соған орай әрқайсысын анықтауыш, толықтауыш, баяндауыш деп танысақ, онда осы сөйлемдердің табиғаты бөлшектеніп кетеді де, мағынасыздық туады.

 

Пайдаланылған әдебиет тізімі:

1.            Есенов Қ. Қазақ тіліндегі күрделенген сөйлемдер. Алматы: Ғылым, 1974, 195 б.

2.            Байтұрсынов А. Ақ жол, Алматы: Жалын,1991, 463 б.

3.            Садырова Г.А. Вставные конструкции в современном казахском языке: дисс. канд. филол. наук. – Алматы, 1997.

4.            Берікұлы Ә. Техникалық электроника. – Алматы: Білім, 1995.

5.            Изимбергенова С.К. Причастные обороты в казахском и русском языках. Дисс. канд. филол. наук: 10.02.02. Алматы, 1990, 171с.

6.             Өмірбекова Р.Қ. Қазіргі қазақ тіліндегі есімшелі оралымдар.Филол.ғыл. канд. дис.: 10.02.02. Алматы, 1997, 152 б.

7.  Төлеуп М.М., Дүкембай С.Х., Тілембекова А.И. Энергетика және байланыс үшін қазақ тілі: Оқу құралы.  Алматы, 2001, 87 б.