Филологические науки/ 3.Теоретические и методологические проблемы  исследования языка

Қазақ тілі мен әдебиеті магистрі, аға оқытушы  Шошақова Ж.Қ., қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының  2 курс студенті Батырғалиева А.

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты

 

ҚАЗІРГІ ТАҢДАҒЫ ТЕРМИНИ СӨЗДЕРДІҢ ЗЕРТТЕЛУІ

 

            Қазақ тілінде термин жасау күрделі де қызық проблеманың қатарына жатады. Ол негізінен тіліміздегі сөзжасам процесінің аумағына енетін мәселе. Осы сөзжасам процесінде, оның ішінде терминжасам ісінде мамандардың тірек ететін негізгі материалы ең алдымен ана тілдің өз сөз байлығы, оның негізгі сөздік құрамы дедік. Қазақ тілінің сөздік құрамы термин жасауға көптеген дайын материал беріп келеді. Бұл сарқылмайтын байлық көзі. Оның термин жасау мүмкіншілігін біз әлі түгел пайдаланып біте алғанымыз жоқ. Қазақ тілінің осындай өз ішкі мүмкіндігі терминжасам процесіне пайдасы тиер бір арнаның көзін ашып, көмектесер болса, кірме сөздерді игеру мен қабылдауда назар аудармауға болмайтын біраз қиындықтар кезігеді.

            Ал «термин» деген ұғымның өз басына  келер болсақ, әлі күнге бұл жайында  бірегей пікір қалыптаса алмай келеді.

            Кабылданған  көзқарас бойынша термин – бұл арнаулы қолданыс сферасындағы ғылыми немесе өндірістік-технологиялық  ұғымның атауы болып табылатын және дефинициясы (тиісті  ұғымның анықтамасы)  бар сөз немесе сөздер тіркесі». Ұсынылып жүрген анықтамалар бірыңғай емес. Негізінде (принципінде) кез келген сөз термин бола алады, бірақ ол оның  ерекше қызметіне  (функциясына) байланысты

            Жалпы термин зерттеуші ғалым  Ш.Құрманбайұлының пікіріне қосылып, термин жөнінде нақты мына мағыналарды айтуға болады:

         1. Терминдер негізінен тілдік бірліктер (символ сөз, сан, географиялық таңба түріндегі терминдер де бар. Бірақ терминологиядағы олардың үлес салмағы термин-сөздерге қарағанда әлдеқайда төмен.)

            2. Термин деген – ұғым аты.

         3. Термин белгілі бір терминологияның мүшесі.

Енді әр түрлі аспектіде зерттеп жүрген ғалымдардың берген мына анықтамаларын білген абзал.

         Термин – ғылыми немесе өндірістік-технологиялық ұғым атауы болып табылатын арнайы қолданыстағы дефинициясы бар сөз немесе сөз тіркесі.

         Термин – терминологиялық жүйенің элементі.

         Термин – адам қызметі мен білімнің арнаулы салаларының жалпы, нақты немесе абстракті ұғымдарын белгілейтін белгілі бір арнаулы мақсаттар тілінің лексикалық бірлігі.

          Ал тұрпаты мен тұрқы жалпы халықтық сөз байлығынан екшелеу қалыптастасатын термин сөздердің жасалу тарихы, негізгі ескерер мәселесі дегенде, біз, Ахмет Байтұрсынұлының  үлгі-өнегесіне алдымен көңіл қоямыз. Ол өз еңбектерінде қазақ терминологиясының  ғылыми принциптері деп ат қойып айдар тақпай-ақ,  олар мынадай тәсілдермен жасалады деп жеке-дара көрсетпей-ақ, бұл жөніндегі өзінің ойларын нақты білдірген болатын [1].

        Терминологияны біріздендіру мәселесі термин жасау мен оларды қалыптастыру жұмыстарын үйлестіре жургізуге, жарыспалылықты болдырмауға байланысты туындайды. Термин шығармашылығы кезінде жарыса қолданылып жүрген баламалардың біріне тоқталып, оны арнаулы ұғымның атауы ретінде терминологиялық лексикада тұрақтандыру процесін біріздендіру деп түсінетініміз белгілі. Біріздендіру термині 2000 жылы Мемтерминком ресми бекіткенге дейін кеңестік дәуірде қалыптасқан унификация нұсқасында қолданылып келді.

           Қоғам өмірінде болған саяси, тарихи-мәдени өзгерістерге байланысты көптеген жаңа терминдер жасалды және кезінде орынсыз шеттетілген бірқатар терминдер терминологиялық лексикамызға қайта қосылды. Қошке Кемеңгерұлының сөздігінен алынған мысалдағы отаршылдық, отаншыл, отаншылдық, сарапшы, зиялы, дәріс, дастан шендестіру, әкім, әкімдік, әдістеме атауларының тілімізде кеңінен қолданыс тауып жүргендігі, тіпті кейбіреулерінің ресми бекітілген термин ретінде терминологиямыздан орын алғандығы дәлел бола алады [2].

             Терминжасамдағы өнімділігі жағынан -ма/-ме және -м,-ым/-ім жұрнақтарымен теңеспесе де кейінгі жылдар жиірек қолданылып жүрген қосымша морфемалар қатарына -с, -ыс, -іс жұрнағын да қосуға болады.Мысалы, сұраныс (спрос), тексеріс (проверка, досмотр), тапсырыс (заказ), сілкініс (сотрясение), шыгыс (расход), кіріс (приход), керіліс (натяжение), түйіс (стык), жарылыс (взрыв) т.б. [3].

          Крокодил, алигатор атауларында да тұрақтанбаушылық бар. Қазақ ертеректе крокодилді «тәмсақ» деп атаған деген деректер бар. Сол атауды жадымыздан шығарып алмай, крокодилді «тәмсақ» дегеніміз жөн. Тәмсақтың түп төркіні «тәмсілден» шықса керек, «Тәмс» л дегеніміз астарлап, жұмбақтап сөйлеу. Олай болса, «тәмсақ» әдеттен тыс, таңқаларлық жануар деген ұғымнан негіз алса керек. Ал алигатор тәмсақ отрядының бір тұқымдасы . Халқымыз оны бір қырынан «қолтырауын» дейді, әдебиеттерде де солай жазылып келді. Қалай болғанда да бабаларымыз қолданған көне атауларды да жадымызда сақтап білу, оны одан әрі жалғастыру парыз.

  Сарамандық жұмыс пен зертханалық  жұмыс. Неге екенін кім болсын, осы бір сөз тіркесіне кейбіреулер өгей баладай сыртқа теуіп, «қайдан шыққан?» деп адырая қарайды. «Сараман, сарамандық» атамыз ежелден қолданып келе жатқан өткір де, өтімді сөз.10 томдық  «Қазақ тілінің түсіндірмелі сөздігі» және Р.Сыздық тағы басқалардың құрастыруымен шығарылған «Орфографиялық сөздігінде» жазылған. Бұл сөздің түпкі мәні – адамның тікелей өзі қатысып, өмір тәжірибелерін жинақтаған еңбегінің нәтижесін көрсету. Олай болса, сарамандық пен зертханалық жұмыстың мәнін ажырата білгеніміз жөн.

              Сондай ақ биологияда «объект» терминін зерзат, «субъект» терминін нақзат деп алуды ұсынамыз. Бұл сөздер орысша – қазақша биологиялық сөздікте (2 том. 108 бет) бұрын құпталып, басылған.

              Түсінісе алмай жүрген терминдердің бірі – ағза. Бір ағзаны «организм» сөзінің баламасы ретінде алдық. Организм – латынша «orgnismus – тірі дене, тірі мақұлық» ал французша ретке келтіремін, сымбатты бейнеге келтіремін дегенді білдіреді. Бұл ұсынған ағза араб сөзі.   Абай атамыздың пікірінше, ағза – адамның сыртқы және ішкі мүшелерімен үйлесімді қызмет атқаратын, олардың тірі денеге айналуын қамтамасыз ететін, тіршіліктің жаратылу деңгейіндегі  біртұтас бөлік. Олай болса, «ағза» сөзін тірі денелерге қолдануға болады. Бұрыннан қалыптасқан мүше сөзін енді өзгертудің қажеттігі қанша? Сондықтан, мүше орган, ағза организм болып тұрақтандырылуы қажет.

            Термин қабылдауда әлі күнге бірізділік жоқ екені байқалады. Математика мен физикада жиі кездесетін нумер сөзі номер түрінде алынады да, нумерация нөмірлеу болып өзгеріп шыға келеді.

             Тағы да қоса кететін жайт, терминдердің бекітілген нұсқасын сақтамау мысалы, электро – магнитная индукция – электрлік – магниттік индукция, (дұрысы электромагниттік индукция).

             Сонымен, Қазақ терминологиясының теориялық, ғылыми-әдістемелік негізін нығайтып,  барлық терминологиялық жұмыстарды бір орталықтан үйлестіріп, басқарып, қадағалай отырып кәсіптік деңгейде жүргізу керек. Бұл істен тілші ғалымдармен қатар терминдер жүйесін қалыптастыруға ат салысып жүрген арнаулы салалардың тәжірибелі мамандары да шет қалмауы тиіс.    Жұмысты солай ұйымдастырғанда ғана  қазіргі қалыптасып отырған ретсіздіктен арылып, жетілдірілген, жүйелі терминология құру мақсатына қол жеткізе аламыз [4;5].

         Ұлттық тарихымыздың рухани-мәдениетіміздің өзекті бір саласы – тіл мәдениеті десек, оның кейінгі   80-90 жыл беделінде  дәстүр ретінде қалыптаса бастаған жаңа да жаңаша құбылысына «тілді терминдендіру процесін»  жатқызуға болады. Бұл процестің замана талабына сәйкес тіл өмірінде орасан зор мәні бар екендігін халқымыз  бірден болмаса да, біртіндеп,  әр түрлі идеологиялық көзқарас  ықпалында, ғылыми-практикалық ізденіс барысында түсініп келеді.

            Тәуелсіздікке қолы жетіп, дамудың жаңа жолына түскен әрбір халық ұлттық сана-сезімін, бітім-болмысын ана тілінде сезінеді.

          Өз тілін өзге тілден айыра, ажырата біліп, оның даралығын, қадір-қасиетін арттырып, байыта түсудің шараларын белгілейді.

          Демек, қазақ тілінің жаңа терминдері қазақ терминологиясын жетілдіру, жүйелендіру, оның мемлекеттік тіл ретінде орнығуы мен дамуының кепілі болмақ. Сонымен қатар, өз ұлтымыздың ұлттық рухани қазығымызды, ұлттық дінімізді, ұлттық ділімізді, ұлттық сөз байлығымызды, ұлттық сөздік қорымызды байытудың бірден – бір  көзі болып табылады [6].

            Қорыта келе айтарымыз: біріншіден, халықаралық термин шапанын жамылып жүрген орысша терминдерді (орыс тілі арқылы келген еуропа терминдерін) аудармай немесе оның орнына қазақша термин жасамай, сол күйінде алу керек деген пікір қазақ тілінің терминдерін байыту емес, қайта керісінше, мемлекеттік тіл болып табылатын қазақ тілінің басына су құю деген сөз; мемлекеттік тілді жанбай жатып, сөндіру деген сөз. Екіншіден, термин шын мәнінде-ғылыми ойдың жаршысы, ғылыми сананың көрінісі.

    Осы мәселе қазақ азаматтарының есінде болса екен.

 

                               Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.Құрбайұлы Ш. Сала терминдері: кешегісі және бүгіні мен болашағы. Алматы 2003 ж.

2.Құрманбайұлы Ш. Сапина С. Терминологиялық хабаршы № 3 Астана 2003ж.

Терминологиялық хабаршы. №1(15)

3.Құрманбайұлы Ш. Қазақ терминологиясы дамуының кезеңдік сипаты. Астана, 2002 ж.

4.Құрманбайұлы Ш. Терминком және қазақ терминкомының болашағы. //Егемен Қазақстан. 8 ақпан, 2002 ж.

5.Әміров Ә «.Қазақ баспасөзінің 1990-2000 жылдар аралығында терминологияны қалыптастырудағы ролі (Канд. дис. автореф).Алматы,2002ж

6.Сейітов.Н. «Төл терминдерге төте жол» / Н.Сейітов //  Ана тілі-2004,15.01