ӘӨЖ
894.342
Н.Б. Ақжүнісова
п.ғ.м., оқытушы
А.К.Алпысбаева
аға оқытушы
Қарағанды
мемлекеттік медициналық университеті, Қарағанды қаласы,
Қазақстан
Республикасы
ҚАЗАҚ ЕСІМДЕРІНІҢ
ҚҰПИЯЛАРЫ
Тіл
қызметінің ерекше бір саласы - ономастика . Жалқы есімдердің
жинақтық атауын лингвистикада ономастика дейді де, оны зерттейтін
ғылым ономасиология деп аталады. Ономастика – кез келген жанды және
жансыз заттарды не құбылыстардың есімін зерттейді. Ономастика
грек сөзі «ономия» (грек тілінде «оnomа» есім, ат) onomastika - ат
қою өнері, яғни атауларды зерттейтін ғылыми сала.
Ономастиканы (кісі аттарын, жер, су, ру, тайпа аттары т.б.) зерттеудің
теориялық-әдістанымдық негіздері мен тілмен сабақтастықта
қарастырылатын ұлттық этномәдени, әлеуметтік
сипатын анықтаудың қажеттілігін В.В.Радлов, В.В.Бартольд,
Н.Катанов, А.Н.Самойлович, С.Е.Малов, Н.К.Дмитриев, А.Н.Кононов, Н.А.Баскаков,
Қ.Жұбанов, І.К.Кеңесбаев, С.Аманжолов, Ә.Қайдар,
Т.Жанұзақов, Ә.Абдрахманов, Е.Жанпейісов,
Қ.Рысбергенова, Г.Мадиева, А.Жартыбаев т.б. ғалымдар
өздерінің еңбектерінде жан-жақты көрсетті. Ономастика
өз ішінде бірнеше салаға бөлінеді: топонимика (жер, су,
қала атауларын зерттейтін ғылым), антропонимика (адам аттарын
зерттейтін ғылым), этнонимика (ру, ел, халық аттарын зерттейтін
ғылым), зоонимика (хайуандар аттары), гидронимия (теңіз,өзен,
су, көл атауларын зерттейді) т.б. [1.28 б.]
Ономастика атаулардың
шығу, қалыптасу жайын тексереді. Ол зерттеу нысанына қарай топонимика, антропонимика, этнонимика, астронимика, зоонимика, теонимика, фитонимика секілді
түрлерге бөлінеді. Топонимика географиялық атауларды
зерттесе, антропонимика кісінің аты-жөнін, тегін, лақап,
бүркеншік есімдерін қарастырады.
Қазақ тіліндегі
әйел есімдері гүл, күн, ай, сұлулық, асыл тастармен байланысты болса, ерлер есімі батыр, бек, би, құл, мырза, хан сөздерімен, сан есімдермен бірлікте келуімен
ерекшеленеді. Араб, парсы тілдерінен енген есімдер де (Жамал – сұлу,
Абдолла – құдайдың құлы, Нәзипа – таза,
пәк) кездеседі. Этнонимика ел, ру аттарын, астронимика (космонимика)
аспан әлемі, жұлдыз, планета атауларын, зоонимика жануар,
фитонимика өсімдік, теонимика құдай аттарын, рухтар мен
мифтік түсініктерге байланысты атауларды тексереді.
Ономастика халықтың этнографиясымен тығыз
байланыста қаралып, басқа халықтармен жүргізген тарихи,
мәдени қарым-қатынастың сыр-сипатын танытады.
Ономастика қазақ тілінде ғылым ретінде соңғы 20
жыл ішінде дами бастады. [2.35 б.]
Сонымен бірге
ономастикалық лингвокультуремалардың ұлттық
мәдени ерекшеліктерді танытуда атқаратын қызметі ерекше.
Себебі ономастика
өзінің бойына лингвистикалық, тарихи, өркениеттік
және мәдени деректерді жинаған ерекше лингвомәдени
бірліктер жүйесі болып табылады. Олар халықтың бітім болмысы
мен өмірге қөзқарасынан хабар береді. Айтылған
мәселе Т.Жанұзақов, Қ.Рысбергенова т.б.
ономаст-ғалымдардың еңбектерінде арнайы зерттелген.
Қазақтың кең даласы - мәдениет
пен тіл бірлігі, әдет-ғұрып, салт-сана
тұтастығының негізі. Мысалы, бұл
қөзқарас қазақтардың балаға ат
қоюында өзіндік ерекшеліктерінің бар болмысымен
көрінеді. Себебі олар бұл рәсімде ұлт болмысының
барлық этномәдени, әлеуметтік сипатын басшылыққа
алып отырған.
Мысалы, тіл мен
сөздің магиялық күшіне сенген олар әдетте
қарғыстан, балаларын мақтаудан қорыққан.
Соның нәтижесінде Kүшікбай, Жаманбала, Салбыр,
Қасым, Сағал, Kенесары сынды жалқы есімдер дүниеге
келген. Олар «көз тимесін», «балам аман болсын» деген ырымнан туған
болуы керек. Немесе дүниеге келген балаға Артықбай,
Несібелі, Бекенбай Мырзагелді сияқты ат қою арқылы
оған белгілі бір қасиеттерді дарытуды көздеген мақсат
қойылған. Ал, Тілеміс, Тұрлыбек, Сағындық,
Есенгелді лингвокультуремалары ұл куту, бала тілеу, балалары
тұрақталмаған себебінен туған антропонимдер. [3.8 б.]
Антропонимика
(кісі аттары) - тіл тарихын, ұлт мәдениетін зерттеуде
құнды да бағалы мұра. Антропонимдер жүйесі
адамдардың өткендегі тұрмысын,
қоғамдық-әлеуметтік құрылысын және
материалдық әрі мәдени өмірдің құбылыстарын
да көрсете алады. Олардың кейбір топтары қазақ
ауылының ертедегі тіршілік, іс-әрекетінен және
шаруашылық күйінен мағлұмат береді. Мәселен,
төрт түлік малға, шаруашылық, тұрмыстық
сөздерге байланысты есімдер. Немесе қазақ
халқының ұлттық әдеті бойынша жас келіндер
күйеуінің жақын туыстарының, ата-енесінің аттарын
атамайтын. Сөйтіп жас келін күйеуінің ағасын, інісін я
қарындасын тура атымен атай алмай, жанама ат қойып алатын. Атап
айтқанда, қайынсіңлілерін – шырайлым, бикеш, бойжеткен,
әке қыз, еркем, ержеткен, ерке қыз, ал ер адамдарды төрем,
шырақ, мырза жігіт, молда жігіт т.б. деп атайды. Тіпті
күйеуінің құрдастарының аттарын атауды да
ұят санап құрдас, замандас немесе аттас деп
атау дәстүр ұстаған.
Әр тілдің ономастикалық
қоры түрлі кезеңдерде, түрлі тілдерде пайда
болған тілдік бірліктердің жиынтығын құрайды.
Қазіргі қазақ тілі лексикасының құрамы
жағынан біркелкі емес. Тіліміз түркі
сөздерімен қатар, араб, парсы, орыс және де басқа шет
тілдерден енген кездеседі. Қарастырылып
отырған екі тілде де басқа шет тілдерден енген антропонимдермен
салыстырғанда көбіне араб және парсы тілдерінен енген есімдер
пайыздық көрсеткіші жағынан басым. Түрік
тілінде қазақ тілімен салыстырғанда араб тілінен
алынған жалқы есімдер біршама көптеп кездеседі.
Халық
ауыз әдебиеті шығармаларындағы әйел есімдерін
қарастыру барысында, жиналған есімдерді
саралай келе бірден-бір көзге түскен нәрсе,
есімдердің жас ерекшелігіне байланысты, қоғамдық,
әлеуметтік жағдайына
байланысты бөлінетіндігі. Жас
қыздарға бір бөлек есімдер, оның ішінде бай мен хан
қыздарына басқа есім, жасы
ұлғайған әйел адамдарға
бөлек есім, тұрмыстағы әйелдер мен бай әйелдеріне
бөлек есім беріліп отырған. Бұдан
шығарар нәтижеміз халық әлеуметтік
және қоғамдық жіктегі әйел
затына тиісінше мағыналы есімдерді беріп отырған. Осылайша,
кейіпкерлердің есімінің олардың іс-әрекеті,
шыққан тегі мен сыр-сипатына сәйкес екені
анықталды. [4.45 б.]
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.
Тіл білімі терминдерінін түсіндірме сөздігі —
Алматы. "Сөздік-Словарь", 2005.
2.
Орысша-қазакша түсіндірме сөздік:
Ғылымтану. Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д.,
профессор Е. Арын- Павлодар: ҒӨФ «ЭКО», 2006.
3.
Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы:
Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және
денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты,
1998.
4.
“Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор
Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы,
1998 .