п.ғ.к., профессор Мұсаева К.С., оқытушы Искакова Л.М.

Арнайы мақсаттағы ағылшын тілі кафедрасы, Абай атындағы ҚазҰПУ,

                                            Қазақстан, Алматы.

 

Білім кеңістігінде еркін самғауға жол ашатын қажеттілік – тілдің үш тұғырлылығы.

         Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстан халқы бүкіл әлемде үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Мұнда: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» деген болатын[1].

Көп ұлтты және әр түрлі деңгейде көп тілде сөйлейтін кез - келген мемлекетте тіл - қызметтік міндеттері бойынша таралуы, тасымалдаушылардың санына қарай бөлінеді. Оңтайлы тіл кеңістігін жасау үшін мемлекет тілдердің қызметтік қарым-қатынастарын нақты анықтап алады, бұл тұрғыда мемлекеттік тіл өзіне лайықты орында болуы қажет.

Мемлекеттік тіл мемлекеттік және қоғамдық өмірде аса қажетті қызмет атқарады. Бұл – ең бірінші аталған мемлекетте заңнамалық актілер қабылданантын тіл, ресми іс-шараларда, қызметтік хат алмасуда, іскери қарым-қатынаста пайдаланатын міндетті тіл. 

         Тіл – таусылмайтын байлық. Қанша тіл білсең, өзгеден сонша биіксің. Дегенмен, алдымен туған еліңнің мемлекеттік тілін білуге міндеттісің.

Тәуелсіздік күні қарсаңында, Елбасымыз өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты жаңа Жолдауын ұсынған еді. Жолдаудың «Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі» бөлімінде:

Қазір біз балаларымыз қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де белсенді меңгеру үшін жағдай жасауға шаралар қабылдап жатырмыз. Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандырылуы керек.

Біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек. Қазіргі әлемнің осы «лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады – деп тағы да тілдің үш тұғырлығына тоқталып өтті[2]. 

Жалпы алғанда, «Тілдің үш тұғырлығы» тіл саясаты бағдарламасы күні кеше ғана айтылған мәселе емес, Елбасымыз аталмыш тілдік стратегияны 2004 жылы да жария еткен болатын. Ал, Еуроодақ өздерінде үш тілді білім тәжірибесін заңды түрде енгізді. Бұл тарихи қажеттіліктен туындап отыр.

         Сонымен қатар, Қазақстан халқына арнайтын дәстүрлі Жолдауларында да тіл саясатына, оның ішінде қоғамдағы мемлкеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселесіне тоқтала келіп,  «Тілдің үш тұғырлығы» мәдени жобасын жетілдіру керектігін, орыс тілін қазақ тілмен қатар ресми қолданылса, ал ағылшын тілі – бүкіл дүниежүзілік қарым-қатынас тілі деп атап көрсеткен.

Қазіргі таңда мемлекет басшысының бастамасы бойынша «Тілдің үш тұғырлығы» ұлттық мәдени жобасы іске асырылып отыр. Жалпы, бұл жобаның негізгі мақсаты – кемінде үш тілді – қазақ, орыс, ағылшын тілдерін халықтың еркін игеруі мен қолдануы үшін ұйымдастырушылық  - техникалық жағдайлар жасау[3].   

         Рухани интеграция дәуірлеген бүгінгі таңда ағылшын тілі – ғаламдық феноменге айналды. Мемлекетаралық байланыстарды нығайту елдердің экономикалық қарқыны ғана емес, ол руханиятқа, соның ішінде, тілге де тәуелді. 

Шет тілі – бұл тек қарым-қатынас пен ойды жеткізу құралы, белгілі бір білім көлемі, халық мәдениетінің кілті ғана емес, сонымен қатар мәдени құндылықтың аккумуляция үлгісі, жаңаны меңгеру және қол жеткізу әдісі. Мұнда халық тәжірибесі Қазақстан Республикасындағы этномәдени білім беру Тұжырымдамасында «мемлекеттік және ана тілдерін білу, шет тілін меңгеру тұлғаның ой-өрісін кеңейтеді, оның жан-жақты дамуына, әлемге деген кең және құзырлылық көзқарасты қалыптасуына әсер етеді» деп бекер айтылмаған.

Ағылшын тілі қазіргі таңда шет елдермен байланыс құралы болып отырғандықтан заман талабына сай шет тілін меңгеру әр жас ұрпаққа қойылатын негізгі талаптардың бірі. Ағылшын тілін білу қазіргі таңда шет елдермен мәдени, экономикалық, саяси байланыс құралы болып отыр. Сонымен қатар, ағылшын тілінің ақпарат дамуындағы алатын орны ұшан теңіз. Көптілді оқыту - жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі ең басты қажеттілік. Қазақстанда білім саласында қазақ, орыс, ағылшын тілдері оқу тілі ретінде және пән ретінде де қолданылады. Негізінен, біздің елімізде ағылшын тілін оқытуға басымдық беріліп келеді. Өйткені, бұл тілдің әлемдік маңызы барған сайын артуда.

         Шет тілін үйрену процесінде коммуникативті бағыттағы негіз ұсынылды. Ол дегеніміз – шет тілін үйренуші тұлғаның тілге деген құштарлығы, белсенділік әрекеті, өз бетінше жұмыс істей алу еркі. Осы әрекеттердің барлығы үйренушінің бойынан табылып жатса, онда ол шет тілін үйрену үрдісін жеңілдетер еді.

         Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының сессиясындағы өзінің кезекті бір бағдарламасында, бүгінде «барлық жалпыға бірдей білім беру мен жоғарғы оқу орындарында ағылшын тілін тереңдетіп оқытудың арнайы бағдарламасын жасайтын уақыт келді», - деп атап өтті.

         Ағылшын тілі – дүниежүзілік тіл немесе халықаралық тіл. Қазіргі өмір талабы – оқу және тәрбие процесін түбегейлі өзгерту. Еліміздің тарихында болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, білім беру саласындағы жаңа бағыттар ағылшын тілін оқытуды үнемі жетілдіруді, оқытудың ғылыми және әдістемелік деңгейін көтеру міндеттерін жүзеге асыруды талап етуде. Осыған орай, ағылшын тілін тілдің үш тұғырының бірі ретінде қызмет етуінің алғышарттары- оның қоғамдық өмірдің әр алуан саласында қолданылуы болып табылады. Жер шарын мекендеген мыңдаған ұлттар мен ұлыстардың бір-бірін түсінуіне – халықаралық сипат алған ағылшын тілінің ролі зор.

         Ағылшын тілі – Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі алты тілінің бірі болып саналады. Ағылшын тілі пәні білім, тәрбие берумен қатар, жасөспірімдердің жеке бас қасиеттерін тұлға ретінде жетілдіруге, қоғамдағы өз орнын табуға ерекше ықпал етеді. 

Тілді меңгеру – бұл әлемдегі арнайы білімге қол жеткізу мүмкіндігі, түрлі мәдениет аралық қарым-қатынас, сонымен қатар, белгілі бір өркениетке қол жеткізу.

Үш тілді болу - қазіргі заман талабы. Өркениет көшінен қалмай, соған сәйкес қадам жасауға, толыққанды білім алуға қол жеткізуге үлесімізді қосуымыз керек.          

 

1.     Н.Ә.Назарбаев. «Қазақстан – 2030» Ел Президентінің Қазақстан Халқына Жолдауы, 2008ж.

2.     ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. «Қазақстан - 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. Астана, Ақорда, 2012 ж.

3.     Эналеев С. Триединство общей цели. Языковая политика. Казахстанская правда.-2007.