Филологические
науки/ 4.Синтаксис: структура,
семантика, функция
Қазақ
тілі мен әдебиеті магистрі, аға оқытушы Есенғазина
Б.Б.,
Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 3
курс студенті Костин Қ.Х.
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ
СИНТАКСИСТІК ҚҰРЫЛЫМЫ
Лексикалық
құрамның толығуында басқа да тілдік бірліктердің әсері
болып отырады. Бұлардың қатарына тұрақты
тіркестерді де жатқызамыз. Өйткені, Ә.Болғанбаевтың
пікірінше, «фразеологизмдер бір
бүтін единица ретінде
қолданылуы жағынан лексикалық единица – сөзге
ұқсайды» [1,189]. Тілдік
бірліктердің ішінде фразеологиялық құрылымдардың
алатын орны ерекше. Олардың лексикалық тұрғыдағы
қызметі барынша баяндалып отырды, баяндалып та отыр. Тілдік бірлік бір
ғана қызмет атқарып қоймайды. Дұрысы –
өзінің негізгі қызметінің үстіне қосымша
қызметке ие болуы орын алады. Бұл олардың лексикалық
тұтастығын, тіркес тиянақтылығын және орын
ауыстырмау қызметін жоққа шығармаса керек. Дегенмен
көп жағдайда тіркес құрылымындағы
сөзтұлғалардың орнын ауыстыруға, басқа
сөзтұлғалармен алмастыруға болмайтыны рас.
«В отличие от идиом или фразелогических сращении
фразелогические сочетания значительно подвижны, менее замкнуты» (Р.А.Будагов).
Ғалымды әрі қарай тыңдасақ, фразеологиялық
тізбек фразеологиялық тұтастық сияқты сөздер
тіркесімінің біртұтас мағынасы үшін қызмет етеді. Сонымен
қатар фразеологиялық тізбек «как бы останавливается на полпути,
создают такие соединения, которые легко распадаются на отдельные
слова и внутри которых слова не теряют своей большей или
меньшей самостоятельности» [2,84].
Тұрақты
тіркестердің синтаксистік қызметі тұрғысынан
ажыратылуын Ю.С.Маслов та қозғайды. Ғалым пікірінше,
тұрақты тіркестер 1) түрліше бөлшектену мүмкіндігі
бар (зат есім, үстеу, етістік және басқа терминдік атаулар) сөздердің
эквиваленті; 2) бүтін сөйлемдік сапада жұмсалатын бірліктер [3,119]. Мұндай
ғылыми мәні бар пікірлер аталған тілдік бірліктің
тағы да тыңғылықты қарастырылуын қажет
етеді. Әсіресе тұрақты тіркес құрамындағы
бөлшектердің орнын ауыстыруға болмайды, олардың байланысуы
бір-біріне тәуелді, т.с.с. тұжырымдар олардың шын мәніндегі
көрінісіне сай келе бермейді. «Некоторые
группы фразеологических оборотов (а именно включающие в свой состав глагола)
способны к двоякому расположению своих компонентов (ср: Сгореть со стыда
≈ со стыда сгореть, тянуть волынку ≈ волынку тянуть, бить баклуши
≈ баклуши бить)...» [4,90]. Сөздердің орын алмасуынан
түзілген тұрақты тіркестер І.Кеңесбаев сөздігінде
молынан ұшырасады. Қараңыз:
ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүр ≈
жеңілдің асты, ауырдың үстімен жүр, болмаса
бұтын бұт, қолын қол қылды ≈ қолын
қол, бұтын бұт қылды. Әрине, мұндайда тұрақты
тіркестерге тән белгілер даяр қалпында жұмсалу, мағына тұтастығы
мен тіркес тиянақтылығы заңдылығы бұзылмау
қажет. Біздің байқауымызда, тұрақты тіркес
құрамындағы сыңарлар төмендегідей
ыңғайда орын алмасуға көніп отырады. Олар, біріншіден,
құрмалас сөйлемдік құрылымның барлық
түріне сәйкес жұмсалады. Екіншіден, жай сөйлемдік
үлгілер мен үшіншіден, сөйлемше құрылымға
негізделген.
А) Салалас құрмалас сөйлемдік үлгі.
Мұндайда
тұрақты тіркестің қос құрамды және
көп құрамды түрде де келе беретінін
байқауға болады. Сонымен қатар баяндауыш
тұлғаларының бірыңғай есімді, я бірыңғай
етістікті болып байланысуы да салаластың құрамдық түрлерінде
бірдей. Қараңыз: Басы таудай, аяғы қылдай //
Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс //
Балығы жылқы жусатпас, Бақасы кісі ұйықтатпас //
Білгені бір тоғыз, білмегені тоқсан тоғыз // Бай бастас,
батыр қандас, би құлақтас.
Жазушы Ә.Таразидің тілінде кездесетін салалас
құрмалас сөйлемдер:
Арақ,
шарап, шампанның түр – түрі самсап, Жексен шіркіннің
өңешін қытықтап, көзінің жауын алып
барады (“Тасжарған”, 39 бет). Қонақтардың үстіне кірмеймін, осы кухняда отырып,
көзімнің қырын салсам
болғаны (“Тасжарған”, 39 бет). Құрмаластың
сыйысулы түрі де тұрақты тіркес нәтижесінен болып
отырады. Сөздіктен терілген салалас құрмаластық
тұрақты тіркестердің үштен бірі осындай
құрылымға бағынған. Мәселен, Жегені желім,
ішкені ірің болды // атта жал, адамда қам жоқ // Отыз
күн ойын, қырық күн тойын қылды тіркестері екі
жай сөйлемдік үлгіден жасалып тұр.
Ә) Сабақтас құрмалас сөйлемдік
үлгі.
Сабақтастық
үлгіде деп танылған тұрақты тіркес түрлерін де
құрамдық жақтан таратуғаболады. Ең алдымен,
дара бағыныңқылық ыңғайдағы тіркес түрлерінің
мол кездескенін тілге тиек еткен жөн. Олардың көбі қос предикаттық
ортаға бағынған Болары болып, бояуы сіңген // Досы сүйініп,
дұшпаны күйінді // Айтқаны өтіп, атқаны жетіп
тұр сынды тұрақты тіркестер де, енді біразы Асарын асап,
жасарын жасады // Отпен кіріп, күлмен шықты тіркестерінің
бір предикаттық ортаға байланып жұмсалған түрі.
Мұндай дара бағыныңқылы сабақтас түрлерінің
сыңарларын ауыстыруда (ал кәдімгі байымдаудағы сабақтастар
оған көне бермейді) грамматикалық мағына бұзылмайды.
Ал көп бағыныңқылы деп танылған тіркестерде
соңғы тиянақты тұлға ауыстыруға
көнбейді. Бұл жағынан кәдімгі сабақтас
құрмалас өлшеміне жауап береді: Қол алысып,
төс соғысып, дос болды. Сабақтас
құрмаластың жасалуында етістік тұлғалары шартты райлы,
көсемше және есімшелі болып келеді. Бұл
тұлғалардың тұрақты тіркес
сыңарларының әрқайсысында болып, С.Аманжолов көрсеткен
тиянақты басыңқысыз сабақтастай түзілім
құратынын байқауға болады. І.Кеңесбаев
сөздігінен ауыз әдебиеті үлгісінде кездесетін Арасат оты
жанғанда, бура мұздан тайғанда // Астыңғы ерні
жер тіреп, үстіңгі ерні көк тіреп тіркестері мен
Қырық күн қырғын, мың күн
сүргін болса да // Жаяу жатып, атты түсіп қарағандай
сияқты баяндауыштарының сыйысуынан болған тіркестерді
келтіруге болады.
Б) Жай сөйлемдік үлгі.
Мұндайда
орын алмасу жеке сөйлем мүшесі болып талданарлықтай орайда
келеді. Олар І.Кеңесбаев көрсетуінде бастауыш пен
баяндауышқа, анықтауыш пен анықталғыш мүшеге,
пысықтауыш пен пысықталғыш мүшеге, тура және
жанама толықтауыш пен толықталатын сипатты фразеологизмдер болады.
Бастауыш құрылымды: Айы-күні батты // Асқақтаған
амалшыдан аяңдаған адалдық озады. Баяндауыш құрылымды:
Арасы жер мен көктей // Ашуы жауған қардай, шөккен нардай.
Толықтауыш құрылымды: Ащы мен тәттіні татқан
білер // Жанды мен жансызға арыз айтты. Пысықтауыш
құрылымды: Ар жақ, бер жақ қып ұстады.
В) Сөйлемше негізді тұрақты тіркестер.
Мұнда екі
мүшелі қатынастан тұрған тіркестер сипатталады.
Және олардың өзі кемі екі сыңардан болып,
бағыныңқы-басыңқы сипатта келеді. Мәселен, Бармақ
басты, көз қысты тіркесімінің орнын өзгерткеннен
(Көз
қысты, бармақ
басты) жең ұшынан жалғасудың мәні
жоғалмайды. Бұлардың өзін екі ыңғайда
байланыстыруға болады: тұлғасын өзгертпей-ақ
байланысатын тіркестер және аздаған өзгеріске түсіп байланысатын
тіркестер. Тұлғасын өзгертпей-ақ байланысатын тіркестер
сөздердің байланысу тәсілдеріне сүйеніліп
құрылады да сөз тіркесі боларлықтай дәрежеде
тұрады. Олардың орын тәртібі амалына бағынып,
қабыса келуіне (әр сөз табынан), септік
жалғауларының қызметін қамтып, меңгеріле
байланысатынына (әр септік тұлғасынан) және ілік септік
пен тәуелдік жалғаулы матасу формасымен тиянақталған
түрлерін кездестіруге болады.
Қабыса
байланысудағы тұлғалар: кебеже қарын, шұбар
төс // адал ақы, маңдай тер // асулы қазан, тігулі
үй // жылаған бала, боздаған ана. Меңгеріле
байланысқан тұлғалар: сыйға сый, сыраға бал //
сөзге батыр, іске пақыр // қардан кебіс, мұздан
құрсау // судан тұнық, сүттен аппақ.
Матаса байланысудағы
тұлғалар: аттың жалы, түйенің қомы // біреудің
қаңсығы, біреудің таңсығы. Сабасына
қарай піспегі, мұртына қарай іскегі // сауысқандай
сақтығы, жұмыртқадай ақтығы // атса
оғы, шапса қылышы // берсе қолынан, бермесе жолынан сынды
біраз тіркесулер осы байланыс түріне жақындайды.
Аздаған
өзгеріске түсіп байланысатын тіркестерге белгілі бір дыбыстың
болмаса қосымшаның өзгеруін жатқызуға болады.
Бұл қатарға Ләйлі мен Мәжнүндей тіркесін
алмастырып Мәжнүн мен Ләйлідей, Жүсіп пен Зылихадай
деуде мен ≈ пен, дай ≈ дей дыбыс және буын алмасуларын
байқаймыз. Мұндай алмасулар жалғауларға да тән: Өлі
мен тірінің арасында ≈ тірі мен өлінің арасында // Қылыштың
жүзі, найзаның ұшымен ≈ найзаның ұшы,
қылыштың жүзімен. Жалпы, тұлға
өзгертуде біртұтас мағынаға нұқсан
келмейді.
Олай болса талданған
тұрақты тіркестердің тұлғалық өзгеріске
түсуін де түсіністікпен қабылдаған жөн.
Осыған қатысты зерттеу жүргізген Г.Смағұлова: «Яғни, «тұрақты
сөз тіркесінің бәрі бірдей қалыптасқан бір
ғана тұлғада қолданылады» деген дәстүрлі
ұғымды қатып қалған қағидаға
айналдыруға болмайды» – дейді [5].
Біздің
байқауымызда, тұрақты тіркес құрамындағы
әр тұлғалы сөзтұлғалар бір-біріне
«бағына» байланысудың нәтижесінен ғана құралмайды.
Бір қарағанда, көптеген тұрақты тіркес
сыңарларын бір- біріне тұлға жағынан байлап,
біртұтас мағына беруге әкеліп тұрған грамматикалық
тәсілдің әртүрлі амалдары нәтижесінен,
мәселен шығыс септік нәтижесінен, талдауға болатындай: мойнынан
жалы кетті = мойнынан + жалы кетті. Бірақ қазақ тілі фразеологизмдері де алуан
түрлі ерекшеліктерімен қоса, І.Кеңесбаев айтқандай, «компоненттерінің
байланыс сипаты жағынан да соншалықты әр тарап болып келеді.
Сыртқы тұрпаты жағынан өзіне тән ерекшелігімен
көзге түсер бір шоғыр тізбектер – параллельді фразеологизмдер.
Бұлар өзгеше бір копуляция жолымен салаласа тіркескен
фразеологизмдер» [6,619]. Бір жағынан тиянақсыз тұлғалы
сыңарларды салаласа байланысуға жақындату мүмкін
еместей көрінеді. Бірақ жоғарыдағы талдау
етістіктің тиянақсыз тұлғаларында келген жеке
сыңарларды да, бағыныңқы-басыңқы сипатта
келген құрылымдарды да мұндай байланыста болатынын
көрсетті. Әрине, тиянақсыз тұлғалы
сыңарлардың бәрі осындай қызметке бағынады деп
есептемеу керек. Ондайда синтаксистік байланыс пен лексикалық мағынаның
тоқайласуына көңіл аударған жөн. Мәселен,
кедейлену мағынасындағы Отқа
қарап, суға сүрінді тіркесін Суға сүрініп,
отқа қарады деуге мағыналық тұтастық
жібермейді. Мұндай мысалдарды жай сөйлемдік үлгілерден
құралған салалас құрмалас сөйлемге де қарата
айтуға болады: Күн де өтер, айлар өтер, жылдар
өтер. Ай күннің өтуінен, жыл айдың
өтуінен кейін болатыны – мағыналық тұтастық.
Қорыта
келгенде, тілдік тіркестердің бірі тұрақты тіркес тек лексикалық
бірлік қана емес, сонымен қатар синтаксистік бірлік ретінде де
танылады. Тіпті, олардың ажырамастай болып көрінетін ішкі
құрылымы түрлі орын алмасуларға көніп те
жұмсалатынына көз жеткіздік.
Әдебиет
1. Болғанбайұлы
Ә., Қалиұлы Ғ. Қазіргі қазақ
тілінің лексикологиясы мен
фразеологиясы. –Алматы: Санат,
1997.
2. Будагов Р. А. Очерки по
языкознанию. –М.: Изд. АН СССР, 1953.
3. Маслов Ю.С. Введение в языкознание.
–М.: Высшая школа, 1987.
4. Современный русский
литературный язык. –Л.: Высшая школа, 1987.
5. Смағұлова Г.
Фразеологизмдердің варианттылығы. –Алматы: Санат,
1996.
6. Қазақ
тілінің фразеологиялық сөздігі. –Алматы: Ғылым, 1971.
7.
Ә.Тарази “Тасжарған” романы. - Алматы: “Жазушы” баспасы, 2005. - 334 бет.