Филологические науки/ 4.Синтаксис: структура, семантика, функция

Қазақ тілі мен әдебиеті магистрі, аға оқытушы Есенғазина Б.Б.,

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты

 

КӨРКЕМ МӘТІННІҢ ПСИХОЛИНГИСТИКАЛЫҚ АСПЕКТІСІ

 

Тіл мен сөйлеу ұғымдарының айырмашылығы күнделікті өмірде ажыратыла бермейді. Әйтсе де, ғылымда бұл екеуінің бір ұғым емес екені мәлім. Ғылымда XX ғасырдың басында-ақ Ф.де Соссюр бұл екі құбылыстың алшақтығын ажыратып берген болатын. Оның ойы бойынша, тіл - бұл адамдардың ұжымдасуы арқасында жасалатын әлеуметтік құбылыс. Тіл сөйлеуге тірек болатын жалпыланған әрі тұрақты сипат алған құбылыс. Оның ең басты компоненті - лексика және грамматика болып табылады. Тілге тән басты белгі - жүйелі ұйымдасуы, яғни таңбалардың үйлесуінен тұруы. Осы жүйенің негізінде ортақ бір ұстаным бар: бір таңбаның өзіне тән, өзге таңбаларға ұқсамайтын айрықша белгілері болады. Осылайша тіл жалпыланғандықтан да дерексіз мәнге ие болып, тек сөйлеу барысында ғана танылады. Тіл мен сөйлеу - адамның сөйлеу әрекетінің екі саласы, екі жағы. Ол тілді жалпылау әрекетінің бір бөлшегі ретінде қарастырды [1, 27б.]. Ал кез келген әрекет ол адамның психологиясымен тығыз байланысты жүзеге асырылатын үрдіс.

«Ана тілі - алдымен психолингвистикалық құбылыс. Сондай-ақ ана тілін әлеуметтік-лингвистикалық, лингвистикалық, тарихи-этникалық, жағрафиялық, демографиялық, феласопиалық, заңнамалық, экономикалық  педагогикалық, саясаттануға байланысты толық сипаттап, ғылыми түсінік беруге болады» [2, 86б.] Мәтіннің психолингвистикалықтан   басқа да табиғатын, қасиетін, болмысын анықтау үшін оның адам психологиясымен, жан дүниесімен біте қайнасқан құбылыс екенін түсініп алу өте маңызды. Ол үшін тіл туралы ғылымдардың қатарынан психолингвистикаға жүгінеміз.

Психолингвистикада мәтінге  қатысты  қарастырылатын негізгі мәселелердің қатарына тіл мен сөйлеу; ойлау мен сөйлеу; сөйлеудегі    сөздің жарыққа  шығуы (сөз  ендіру немесе речепроизводство Б.Хасанұлының термині бойынша) мен сөз қабылдау және түсіну т.б. жатады.

Алайда, сөйлеу бұл тілдің жүзеге асқан түрі деп қарау да қазіргі уақытта тар ұғымға айналды. Себебі сөйлеу тек қана тілдің ғана емес, оның арғы жағында тұрған адамның, жеке тұлғаның ақыл-ой, эмоционалды құрылымдарының жүзеге асқан көрінісі.

Сөйлем - адамның дүниетанымы арқылы қалыптасқан, өмірлік тәжірибесінің негізінде коммуникативтік мақсатқа сай құрастырылып шығарылған, белгілі бір ой мен пікір-тұжырымы және интонациясы бар синтаксистік түзілім. Тілші-ғалымдардың негізгі тұжырымы осыны меңзейді. Еңдеше сөйлемнің қандай да бір кұрылымда болуына адресант сөз саптау машығының да қатысы бар

Психологтардың тілімен айтқанда, сөйлеу дегеніміз - әрекет. Әрекет - белгілі бір нәтижеге жету үшін бағыты, мақсаты, бірлігі арқылы топтасқан процестердің күрделі жиынтығы. Сөйлеу адам әрекеттерінің бір түрі болғандықтан, оның анықтамасы да әрекетке берілген анықтамаға ұқсас. Мұнда да алға белгілі мақсат қойылады, сол мақсатқа жету үшін адам сөйлеу мүшелері арқылы әр түрлі артикуляциялық, акустикалық әрекеттер жасайды.   Мәтін табиғатына тән мұндай ерекшелік зерттеуді мақсат етіп ұстанатын ғылым салаларының қатарында психолингвистиканы айрықша атап көрсету орынды. Мәтін қарым-қатынас жасаудың негізгі бірлігі ретінде адамдардың қатысым қызметін ұйымдастырады, құрастырады, сөйлеушілердің әлеуметтік қатынасын реттейді.

Сонымен қатар, сөйлеу тілі негізінен үш түрлі шартта жүзеге асырылатындығын айтуға болады: біріншіден, қатынас жасаушылар арасында ресмилік.  

Сөйлеуге психиканың қатысы қазақ тіл білімінде әр кезде ескеріліп отырды. Бұл ретте С. Аманжоловтың да мына пікірі қисынды айтылған: «... екі кісінің басы қосылған жерде, көпшілік қатысқан жерде, сөйлем бірыңғай, біркелкі болмайды. Мұндай ойлар түрлі адамның сезген-сезгенінше, түйген-түйгенінше беріледі. Ашуы (лебі), күлкісі, сұрауы, жауабы, куанышы... тағы сондай психологиялық жағдайлар да сөйлемге әсерін тигізеді, олар сөйлемнен көрінеді. Неше түрлі ойдың құбылыстары неше түрлі сөйлем түрлерін тудырады. Ашуланып айтқан сөз жайшылықта айтқандай болмайды; куанып айтқан сөз ренжігендей болмайды. Көңілдің күйімен парлап айтқан сөз кестеленіп, дестеленіп кетеді де, оның ішкі құрылысы сол кестелі сөзбен сәйкестеніп отырады. Мұңдағы керекті мағынаны көңілдің күйі, ойдың тегеуріні тәртіптеп, реттеп беріп отырады», - ғалым мұнан әрі сөйлемнің түрліше құрылымда келуін нақтылай түседі [3,16-17].

Жұрт келіннің түр-түсін көріп, алғашқы ырымын жасап та үлгірмеді, іле-шала сұмдық жаманат жайдың оғындай сап ете түсті («Күтумен кешкен ғұмыр» 114 б).

«Заң оны істемесе, мен өз заңымды істеймін: екеуін де өз қолыммен өлтірем, қанға – қан!» – депті. Жайту ондайды айтса айтады, істесе істейді («Күтумен кешкен ғұмыр» 115 б).

«Әке деген аузыңнан айналайын! Айналайын! Аман жүр! Әке дегеніңнен сенің, әке дегеніңнен!...»(«Құпия махаббат», 455 б).

Келтірілген бірінші мысалдан белгілі бір жамандықтың болғанын  түсінуге болатын болса, екінші мысалдан Жайтудың қатыгездігін, қайтсе де өш алып тынатынын ұғуға болады. Ал, үшінші мысалдан 20 жыл бойы бір-бірін танымай келген әке мен баланың қайта табысып, әкесі баласының «әке» деген сөзіне қуанған сәтін байқаймыз.

        А. Байтұрсыновтың пікірінше «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау» [4, 10]. Тілдің мұндай қызметтері туралы ақпараттың барлығы мәтін бойында жинақталған. Мәтін – сөйлеу барысында қалыптасып, сұрыпталған, тұрақталған айрықша типтік сигналдардың жиынтығы болып табылады. Оған айрықша форма мен композиция, құрылым тән болып келеді. Адамзат баласы мәтіннің өзіне тән болмыс-қасиетін зерттеуге сан ғасырлардан бері ұмтылып келе жатса да, оның бүгінгі күн талабынан зерттеуді қажет етіп жатқан тұстары әлі де көп. Бұл бағытта жаңадан қалыптаса бастаған қазақ мәтіні лингвистикасы жас болса да біраз тәжірибе жинақтады. Ол еңбектер қазақ тіл білімінде соңғы он жылдағы зерттеулерді қамтиды. Қазіргі ғылымның тоғысқан, жаңа салаларының пайда болып жатқан кезеңінде қазақ мәтіні лингвистикасы мәселелерін жан-жақты зерттеу аса қажет. Ол өз кезегінде психолингвистикалық, этнолингвистикалық, когнитивтік, прагматикалық, компаративтік, әлеуметтік лингвистикалық, тілдік-мәдени, мәтінді оқытуға қатысты зерттеулерге тірек болатыны анық. 

            Мәтін - сөйлеудің сыртқа шыққан, материалданған көрінісі. Ал сөйлеу  психологиялық әрекет нәтижесі болып табылатын жоғары психикалық қызметтің күрделі түрі. Сөйлеу әрекетіне көп деңгейлі, көп қырлы құрылым мен өзге де психикалық қызметпен тікелей байланыстағы күрделі жүйе тән. Осымен байланысты мәтінге тән күрделі психикалық құрылым оның мағыналық, құрылымдық және композициялық тұтастығынан, грамматикалық ерекшелігінен көрінеді.

      А.Н.Леонтьевтің айтуынша, сөйлеуді психолингвистикалық тұрғыдан талдауда адамның сөйлеуден тыс болатын түсінісу механизмдері басты нысанға айналады. Мәтіннің жасалуынан сөйлеу әрекетінің үш фазалы құрылымнан тұратын психологиялық моделін байқауға болады. Олар: әрекеттің бағыттылығы,  орындаушылық сипат алуы, бақылануы (В.И.Галунов, Т.М.Дридзе, А.Н.Леонтьев).

       Мәтіндегі сөйлеуші әрекетінің бағыттылығы дегеніміз – оның не мақсатта сөйлеп жатқанын көрсететін коммуникативтік ойы мен ниеті. Сөйлеушінің бұл коммуникативтік ниеті мәтіннің жасалуына түрткі болады да, мәтіннің мазмұны мен құрылымының коммуникативтік-танымдық  бағдарламасын    айқындайды    (Л.И.Доблаев, В.П.Белянин, И.А.Зимняя). Мәтін авторының сөйлеуге, қарым-қатынасқа тікелей қатыстылығы және сөйлеу пәнін жеткілікті білуі  оның авторлық позициясын танытады. Мәтінде суреттеліп отырған құбылысқа немесе оқиғаға деген автордың интеллектуалдық, эмоционалдық бағасы – шығармада әрдайым беріліп отыратын құбылыс. Мәтіннің жасалуының бұл 1-фазасында автордың негізгі ойын нақты әрі түсінікті жеткізуі үшін маңызды мынадай мәселелерді ескеру керек: сөйлеуге негіз болған қарым-қатынас жағдайы; мәтіннің семантикалық жақтан айтылатын ойға байланысты толыққанды болуы, бірақ ондағы берілген ақпараттың шектен тыс көп немесе артық болмауы (В.П.Белянин, А.И.Новиков).

       Б. Нұржекеұлының «Күтумен кешкен ғұмыр» шығармасындағы бас кейіпкер Қайныкештің  ойы мен автордың сөзін мысал ретінде көрсетуге болады.

Қайныкештің шамалауынша, көп адам «басқаны жамандағаным – өзімнің  жаман болмағаным» деп ұғатын сыйақты. Өйткені әлдекімді жамандаушылар жамандықты өзіміз өрбітіп жатырмыз-ау деп күдіктенбейді, қайта құртып жатқандай күпінеді. Біреулерді құлшына жамандаған сайын жер бетінде жақсылықты құлпыртып жатқандай кеп өршеленеді. Шындығында, жұрттың бәрі де жақсы адам атанғысы келіп жанталасады екен. Бірақ өзі біреуді жамандағаны сыйақты оны да біреу жамандайды, сөйтіп, ешкім жамандамайтын жақсы адам бұл дүниеде болмай шығады («Күтумен кешкен ғұмыр», 140 б).

       Мәтіннің жасалуының 2-фазасында автордың негізгі ойының «тілдік материалдануы» жүзеге асырылады. Негізгі ой санада қалыптасқанмен, оның «тілдік қабық жамылуы», сонымен бірге қалыптасып, аяқталған сипат алуы сөйлеу барысында ғана мүмкін болады. Ғалымдардың пікірінше, осыған байланысты санадағы ой әуел бастан өзінің семантикасы жағынан оның сөйлеудегі сипатына сәйкес келе бермейді.

       Қисыны бары да, жоғы да бір-бірмен жағаласып, Әтіке жайлы кезбе өсек пен қилы болжам милығып, соңғы кезде шындық пен өтіріктің арасын жұртқа ажыраттырмай жіберді. Дүйім елдің ар жаққа өтіп кететіндігі күмән мен дүдәмәл көбейтті. Тіпті, «Жайтуды өлтірген Әтіке емес, басқа екен»,- деп те сөз тарады. «Жалғыз Әтіке Жайтуды атқа сүйрей алмайды, әлі жетпейді, қасында серік біреуі болу керек», - деген де дүдәмәл айтылды. Жоқ болып кетуіне де болжам көп: біреу ар жаққа өтіп кетті дейді, екіншісі албандарға барып қосылған шығар дейді, үшіншісі қым-қуыт әскердің біріне кез келіп, айдалада атылып кетті ме деп күдіктенеді. Әйтеуір қырық саққа құбылтады («Күтумен кешкен ғұмыр»,142 б).

       Сөйлеу әрекеті құрылымының 3-фазасында сөйлеушінің айтайын деген негізгі ойы «мағыналық жағынан өңделіп» қана қоймайды, оның вербалдануы да сұрыпталады. Осы тұста мәтіннің тақырыптық және мағыналық тұтастығының болуы өте маңызды, себебі санадағы ойлардың ассоциациялығы тіл арқылы берілген ойдың семантикалық тұтастығына нұқсан келтіруі мүмкін.

       Сыртқа шыққанда, көзіне  әуелі сарғайып батып бара жатқан күн шалынды. Ауылдың үстіне көтерілген шаңнан ба екен, әйтеуір, еңкейіп бара жатқан күн ауру адамның көзіндей боп тым сарғыш тартып тұр екен. Көңілі күрт қайта бұзылып кетті. «Әтіке өліпті ғой, өліпті»,- деді күбірлеп. Ет бауыры езіліп кеткендей болды. Бар дауысымен «ой, бауырымдап» айқайлап тұрып жылағысы келді. Жоқтау айтқысы келді.

       Шынайы аяқталған мәтін, яғни сөйлеу бірлігі тақырыптық, мағыналық және құрылымдық тұтастыққа, композициялық тәртіптілікке, грамматикалық байланыстылыққа ие болуы керек. Сонда ғана сөйлеу әрекеті толыққанды жүзеге асады. Айтылған қасиет-сапалардың тілдік қана емес, психологиялық та маңыздылығы бар.

      Мәтін талдауда басты назарға алынуы тиіс тағы бір мәселе – мәтіннен тыс – мәтінде – мәтін астары арқылы көрінетін психолингвистикалық модель (В.П.Белянин, Н.И.Жинкин, А.И.Новиков). Сөйлеу бірлігінде ақиқат өмір туралы обьективтік ақпараттар орын алады да, ол мәтіннен тыс қалыптасатын объективтік құбылыстарға жатады. Әрине, көркем мәтіндерде көп жағдайда қоршаған ортадағы өмір сол қалпында берілмейді, ол мәтіннен тыс мәліметтер автордың көзқарасы тұрғысынан, оның «дүниетаным ракурсы» шеңбері аясында суреттеледі. Мәтіннен тыс модельге ақиқат өмірдегі оқиғалар жатады. Көркем мәтінде оның жасалуына автордың қиялы өзіндік ықпалын тигізетіні белгілі. Мәтін астары  жасырын берілген ақпарат болып табылады да, ол рецепиенттің қабылдау-түсінуі арқылы белгілі болады. Оны түсіну мәтін бірліктерінің арасындағы ассоциациялық байланыстың, олардың «аккумулятивтік» қасиеттерінің нәтижесінде іске асады.

      Мәтіннің сөйлеудегі нейропсихологиялық аспектісінің маңызды тұсы – оның мидағы көрінісі болып табылады, себебі сөйлеу әрекеті мида жүзеге асады. Қазіргі психология сөйлеуді қарым-қатынас жасаудың аса маңызды құралы, саналы әрекеттің күрделі және арнайы ұйымдасқан түрі   ретінде қарастырады. Сөйлеуге тән басты ерекшелік – экспрессивтілік. Оған мотив түрткі болып, ішкі сөйлеу алқабы арқылы сөйлеу схемаларында кодталатын ойдан тұрады. Ол «генеративті» грамматика арқылы толық сөйлеуге айналады. Сонымен қатар, импрессивті сөйлеу бөгде адамның сөзін қабылдау және оны талдап түсіну арқылы декодталуы, мәнді-маңызды жақтарын аршып алу және оны ішкі сөйлеу алқабы арқылы астарлы мән қоса отырып сөйлесімге айналдырудан тұрады.  

Мәтіннің логикалық және қатысымдық категорияларының тілдік көрінісі әр мәтінде әртүрлі. Ол, әсіресе, сөйлемдердің ремалық бөлігінде айқын байқалады. В.В.Виноградовтың айтуы бойынша, сол контекске немесе жағдайға сәйкес белгілі бір сөйлемнің нақты мазмұнын анықтауда сөйлемнің темасы мен ремасының ақпараттық жүгін білу өте маңызды. Сөйлемнің темалық және ремалық бөліктері арқылы сөйлемдердің ақпараттық қайнар көзі, сөйлеу кезіндегі екі адамға да белгілі мәселелер мен айтылымның ядросы, ақпараттық негізі анықталады. Мәтіннің семантикалық ұйымдасуында ремалық бөлік ерекше маңызды рөл атқарады,  бір сөйлемнен екінші сөйлемге өткен сайын ремалық бөлік негізгі ақпаратқа қатысты жаңа ақпараттарды үстемелеп отырады. Әңгімелеу мәтіндерінің тақырыптық ұйымдасуы әрекет иесінің сипатына байланысты болады. Әрекет иесі біреу болған жағдайда мәтінге бірізді баяндау мәнері тән болады да, ремалық бөліктегі субъектінің әрекетіне қатысты объектілер, мақсат пен адресат келесі сөйлемдердің темасына айналады. Әрекет иесі екеу немесе одан да көп болған жағдайда олар сөйлемнің тематикалық бөлігін параллельді ауыстырып отырады [5, 38].

 

Әдебиет

1. Ф.де Соссюр. Труды по языкознанию. Москва, 1977.

2. Б.Хасанұлы. Тілдік қатынас негіздері. Алматы, 2006.

3. Аманжолов С. Қазақ әдеби тілі. Алматы, 1949.

4. Байтұрсынұлы А. Әдебиет танытқыш. Алматы, Атамұра, 2003.

5. Виноградов В. О художественной прозе. Москва, 1990.

6. Елеуова А.С. Қазақ тіліндегі актуальсыздану құбылысы және оның сөйлем құрамында алатын орны: Фил. ғыл. канд. авторефер. Алматы, 2007.

7.     Бовдарко А.В. Теория значения в системе функциональной грамматики. Москва, 2002.