Махамбеттің күйшілігі оның біртұтас бейнесін даралайды

Кульбаева М.М., А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік                университетінің аға оқытушысы , филология  магистрі

         Бұрын кез-келген қазақ жырын жатқа білетін ақын Махамбет, атының әрбір әрпі атой салып тұрғандай естілетін батыр Махамбет кейінгі жылдары табылған бұлтартпас дәйекті деректер көрсеткендей күйші де екен. Батырдың найза ұстамауы миға қандай қонбаса, ақынның домбыра ұстамауы да сондай ақылға сыймайтын нәрсе. Бірақ, бұл екеуінде ақынды да, батырды да желпіндірер халық басындағы тасқын күш, топан ашу, толағай тағдыр болғанымен, кез-келген көк найзалы батырдың қызыл сөзге суырылып тұрған ділмәр шешеннің семсерін жарқылдатып қан майданға шыға бермесі қандай ақиқат болса, қолына домбыра ұстаған кез-келген ақынның сөзді қысып, сазды сөйлетер аруақты композитор бол бермейтіні де сондай ақиқат.    Оның тұсындағы дүркіреген көп ақынның өзі де, сөзі де халық жадынан шыққанда, оның тұсындағы күркіреген көп батыр сазбауға біткен құба талды сайғақ қып жатып алып, бүгіндері топографтардың ғана қырағы көзіне ілігер белгісіз жер төмпекке айналған кезінде ақын Махамбеттің ащы айғайы әлі күнге дейін құлағыңда саңқылдап, батыр Махамбеттің тап көз алдыңда көлбеңдей шауып бара жатқандай әлі күнге дейін делебеңді  қоздыруының себебі де, міне, осында, Махамбеттің кімнің сөзін сөйлеп, кімнің сойылын соға білгенде ғой.Махамбеттің жеті күйі бізге сол асқақ ақын, асқаралы азаматтың жүрек соғысы мен жүрек тынысының үнмен жазылып қалған кардиограммасындай көп жайды аңғартып, көп нәрсені түсіндіріп тұр. Мұнда да Махамбеттің сол таныс даусы, таныс шабыты, Махамбет жүрегінің сол таныс дүрсілі. Махамбет күйлерi, оның қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен, ел бастаған ақын бола отырып, осының бәрiне қоса күй де шығарған екен-ау дегiзетiндей әуезе сезiмнiң бодауына жүрмейдi.  Ол поэзияда қандай дара болса, күйде де сондай оқшау. Махамбет күйлерi адуын мiнезiмен, асқақ сезiмiмен дараланады. Кiбiртiгi жоқ, iшкi толғаныстың тегеурiнi, күрсiнi көп көкiректен лақылдап ақтарылғандай. Ең ғажабы, осының бәрiн өзгеде жоқ әуен-сазбен өрнектеп отырады. Махамбет күйлерi оның поэзиясының саз-сарынға айналған түрi. Ұлы мұрат жолында арқалы қимыл жасап, атқа қонған ерлерге сүйсiнгенде “Исатайдың Ақтабаны-ай” күйiн саңқылдатқан. Ата жаудың темiр торына түсiп, тар есiктен сығалап, өр кеудесiн өксiк қысқанда “Шiлтерлi терезе” күйiн бебеулеткен. Адыра қалған ата мекен, жаттың табанына тапталған туған жер қасiреттiң үлкенi, қайғының зоры болып, қабырғасын қайыстырғанда “Қайран Нарын” күйiн сұңқылдатқан.           Арманында ақау жоқ үзеңгiлес серiктерiнiң ер тұлғасына, мәрт мiнезiне арнап “Тарлан”, “Жұмыр-Қылыш” күйлерiн күмбiрлететiн… 
Қапыда дұшпанның қақпанын басып, Қиыл өзенiнiң бойында Исатай бастаған есiл ерлер қырғынға ұшырағанда “Өкiнiш”, “Қиылдағы қырғын” күйлерiн азынатқан… Мiне, осылай жалғаса бередi. Себепсiз домбыраға қол созу жоқ. Күйдi көңiл көтеру үшiн емес, көкейдегiсiн жеткiзу үшiн тартатынын Махамбеттiң өзi де жасырмайды. “Домбыра тартсам келер күй” дейдi. Махамбет қатардағы көп күйшiнiң бiрi емес. Ол даланың қатал талабын қапысыз орындап, сарабдал сынынан сүрiнбей өткен соң ғана домбыраға бiлек артқан. Бұған Махамбеттiң “Ақжелең” күйi айғақ.
      Себебi    “Алпыс екi тармақты Ақжелеңнiң өрiсiн ұзартып, өресiн биiктеу санаулы ғана саңлақтардың пешенесiне жазылған. Ал Махамбеттiң “Ақжелеңi” күйшiлiктiң осынау ұлы дәстүрiн нұрландырар дүние. Тiптен, бұрыңғы                            “Ақжелеңдердiң” сезiмiне серпiн қосып, мұңына мiнез дарытып, айтарымен аңғартарын байыта түскен. Махамбеттiң күйшiлiгi оның бiртұтас тұлғасын даралап қана қоймайды, сонымен бiрге дәстүрлi көшпелiлер мәдениетiн жасаушылардың әмбебап қасиетiне де жарқын айғақ. Мұның өзi  өнердегi ғана емес, өнерпаз бойындағы синкреттiлiктi алғашқы қауымдық құрылыстың талғамына телитiн әлдекiмдердiң теориясымағы тайғанақ екенiн аңғартумен бiрге, көшпелiлер мәдениетiнiң болмысына өзгеше зердемен қарауды пайымдатады. 
                Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Келімбетов М. Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі.Алматы: 1986.213 б.

2. Қыдырбаева Р.З. Генезис эпоса «Манас». Фрунзе: Илим. 1980. 278 стр.

3. Батырлар жыры. 3-5т., Құрастырған О.Нұрмағамбетова, Қ.Сыдықов .                                      

    Алматы: Жазушы .1989.384б.

Мәңгі өшпес поэзия сарыны

 Кульбаева М.М., А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік                университетінің аға оқытушысы , филология  магистрі

(Ғафу Қайырбековтің 85 жылдығына арналған)

Ғафу Қайырбеков – ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ поэзиясындағы өнер тудырған аса көрнекті ақындардың  бірі. Ана тілінде алғаш рет ұйқасты сөз құрастырып,өлең жаза бастағанынан өмірінің соңғы  күндеріне дейіңгі жарты ғасыр ішінде ол өте өрнекті еңбек етіп, туған әдебиетіне мол да қымбат мұра қалдырды. Табиғатында ақын боп жаратылған дарынды жастың шығармашылық қабілеті ерте ашылды да, бірден-бірге жедел жетіліп, тез қалыптаса бастады. Жас ақын деген атаққа сонау мектеп қабырғасында-ақ ілінді.Ғ.Қайырбеков 1928 жылы 15тамызда Қостанай облысының Жангелдин ауданында, Торғай кентінде туған. Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін оқуын үзіп, еңбекке араласты: аудандық мекемелердің бірінде кеңсе қызметін атқарды. Майданға кеткен ерінің   орынын басып, еңбекке араласқан әйел туралы  «Ана қуаты» атты өлеңі  аудандық газетте жарық көріп, тұңғыш рет баспасөз бетінде жарияланды.Өң бойына біткен табиғи ақындық дарынды суарып,  шыңдай түсті,шынайы көркемдік қасиеттерді қапысыз аңғаратын таза талғам қалыптастырды. Оқуын бітіргеннен кейін Қазақстан Жазушылар одағының қарамағына жіберіледі. Ұзақ жылдар бойы «Жазушы» баспасында поэзия редакциясын басқарады; «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында бас редактордың орынбасары болып істейді. Сөйтіп, еліміздегі әдеби өмірдің қайнаған қалың ортасында болды. 1954 жылы оның «Құрдас » атты алғашқы өлеңдер жинағы жарық көрді. Көлемі қалтаға салып жүретін қойын дәптердей ғана шағын кітапшаның негізгі  мазмұны әдеттегідей жас талапты қай-қайсысына  да тән болып келетін алғашқы махаббат сезімі мен өмірге өзімсіне қараған жасқа исігіп, аналық  мейірін тосатын табиғат тақырыбы еді. Солардың ішінде ақынның өзіндік үнін айқын естіртетін тың леппен қатар бағзы бір өзгелер машығында қалыптасып қалған есік сүрлеулерге еліктеу элементтері де жоқ емес еді. «Кешір маған жас сұлу», «Есімде сол күн, сол дала», «Жалғыз сөз» сияқты өлең жолдары осының айғағы болатын.Жыр жинақтарының керуен көшіндей ұзақ-шұбақ тізімі мынадай болып келеді:«Қосбасар» (1956), «Дала қоңырауы» (1957, поэма), «Таулар соөйлейді» (1960), «Арал әуендері» (1961), «Алғашқы асу» (1964, бірінші таңдамалысы), «Жер астындағы жұлдыздар» (1965), «Большевик ауыл» (1967), «Алтын бесік» (1969), «Көсемнің нұрлы атымен» (1970), «Сарыарқа саздары» (1972, екінші таңдамалысы), «Қанатты жылдар» (1976), «Асу алда» (1977), «Жұлдызды тағдырлар» (1980), «Маңғыстау мұнаралары» (1983), «Туған топырақ» (1985), «Күн теңескен» (1986), «Ана туралы жыр» (1987), «Шұбалаң» (1988). Бұл аталғандар-  ақынның үлкен поэзиясындағы тың туындылары. Олардың сыртында Ғ.Қайырбековтың поэзияда балалар әдебиетіне қосқан үлесі өз алдына. Атап айтқанда, «Балықшы Иван» (1951); «Балқурай» (1962); «Күн баласы» (1963); «Ақ көйлекті шал» (1968); «Алғашқы қоңырау» (1982).

1978 жылы ақынның елу жасқа толуына орайластыра, алғашқы ширек ғасыр ішіндегі өлең майданындағы еңбегінің есебі ретінде «Беласар» деген атпен екі томдық көлемді таңдамалы шығармалар жинағы, одан кейінгі он жылдық еңбегінен 1988 жылы тағы сондай қостомдық таңдамалысы жарық көрді.

Тәуелсіздік жырлары ақынның жаңадан шабыт шақырып, өзгеше бір ырғақпен тебіренген тұсында туған шығармалары өзі өмірден өткеннен кейін бастары қосылып, 2003 жылы «Көнсадақ» деген атпен жеке жинақ түрінде баспадан шықты. Негізгі шығармашылық бағыты поэзия бола тұрып, ақын прозаға да, әдеби сынға да қалам тартып көрген. Оның «Ақ желкен» (1976), «Жел қайық» (1980) атты проза кітаптары, «Бір кеменің үстінде» (1981) атты сын кітабы бар.Ғафу жырларын тақырып, мазмұн жағынан қарастырып, сапалық қасиеттеріне үңілгенде де, алдымен көзге шалынатыны көркемдік ізденістер аясының кеңейе түскендігі аңғарылады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.     Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ж.

2.    А.Нұрқатов  Ғ.Мүсіреповтің творчестволық жолы.-Алматы., 1962 ж.

3.    М.Бақбергенов  Сөз зергері.-Алматы., 1967 ж.

4.    Ғ. Мүсірепов Таңдамалы үш томдық шығармалар жинағы. 1 том. Алматы «Жазушы» 1980 ж.

5.    Т. Ақшолақов Шығарманың көркем айшықтарын таныту. Алматы., 1994 ж.