п. ғ. к., доцент Досанова
Алтынай Жапаровна
тарих және қоғамдық ғылымдар
академиясының академигі
«Ресей лингвист-когнитологтар
Ассоциациясының» корреспондент мүшесі
магистрант Амирханова Айсулу Мухтаровна
«Тұран-Астана» университеті, Қазақстан
Хандық дәуір әдебиетіндегі жыраулар тұлғасын
оқыту
Жыраулық
поэзияның алғашқы өкілдері эпостық жырларды
шығарушылар, ауызша таратушылар, таратқанда жанынан
өлең, жыр шумақтарын қосушылар, сәл
өзгертушілер, сөйтіп бір эпостың бірнеше нұсқасын
тудырушылар болғаны сөзсіз. Алайда, өкінішке орай,
олардың аттары сақталмаған, әуелде сақталса
да кейін ұмытылған.
Сөз жоқ, сол аттары ұмытылған жыршылардың
феноменалдық еске сақтау қабілеттері, таланттары, дарындары
арқасында ғана біздің заманға қыруар туындылар
(эпостық батырлық жырлар, тарихи дастандар, аңыз-эпостар,
мақал-мәтелдер, жоқтаулар, тарихи дастандар, тағы да
басқа ғажап ауыз әдебиеті шығармалары) жеткен. Ерте
заманда толып жатқан ру, тайпалар құрамында көшпелі
өмір сүрген, «алаш мыңы» аталған, кейін
қазақ есімін иелеген халықтың шығарымпаздық
дарындылығымен шығармаларды сақтаушылар, солардың
әсерімен өздері де өлең-жыр тудырушылар болған.
Көркем сөз сүюшілердің бұл ерекше
дарындылығы мен қабылеттілігі өзіміздің зиялылар тарапынан
жоғары бағалануымен қатар, басқа жұрт
оқымыстыларын да таң қалдырған, олардың тамаша
пікірлер айтқаны белгілі.
Қазақ
сөз өнеріндегі қайталанбас шығармашылық
құдірет иесі саналатын өнерпаздық тұлғалар
аз емес. Өнерді ерекше кие деп білген ұлтымыздың ұлттық
болмыстағы әдебиеті әлемдік құбылыс болып
табылады.
«Арабтардың
жалаң аяқ, жалаң бас балаларына дейін өзіне
қойылған сауалға көркем өнермен жауап бере
алатыны жайында Арабстанның шөлін кешіп, аптабына күйіп,
көшпенділердің шатырында түнеген Еуропа саяхатшыларының
қайсысы болмасын таңырқай баяндайды, біздің
қазақтардың да ақындығы осы дәрежеде», -
деп жазады Ш.Уәлиханов. Иә, қазақтардың
ақындығы, сөз өнеріне ерекше құрметпен
қарайтындығы, қазақтың халық әдебиеті
үлгілерінің құндылығы жайында Еуропа әдебиетшілері
мен этнографтары өткен ғасырдың өзінде-ақ
ғылыми маңызын күні бүгінге дейін жоймаған
көптеген салиқалы пікірлер айтты.
Көне
түркі дәуірінен кейін XV ғасырдан бастап қазақ
ұлтының атымен аталатын төл әдебиеті алға
өрлеп, ән-күймен қатар түрлі өнер саласы
қайта жанданды. Осы бір кезде тарих тұғырында да,
әдебиет әлемінде де елеулі орны бар жыраулар поэзиясы сөз
өнерінде өз тұғырын айқындауға батыл
қадам жасады. Егер халық «Өнер алды – қызыл тіл» деп
есептесе, сол тіл өнерін жете меңгерген, аузын ашса болды
көмекейінен күмбірлеп жыр құйыла жөнелетін
дарынның жұрт алдында зор беделге ие болуы заңды
құбылыс. Сөз өнерін тек қазақтар ғана
емес, қазақ сияқты көшпенді халықтардың
барлығының да аса жоғары бағалап, өздерінің
ақын-жырауларына бас игенін көреміз. Бұл жайында араб
әдебиетінің тарихын
жазған профессор Ханна аль-Фахури: «Басқа жұрттың
сөзінен гөрі, ақынның сөзі өтімдірек
келетін; кейде оның беделі мен билігі, тіпті ру көсемдігінен де
артық болатын», - дейді [1].
Көшпенділер
арасында тіл өнерінің қадірлігі сондай, сөз зергерлері
кейде шыққан тегіне қарамастан үлкен әлеуметтік
сатыға көтерілетін болған. Араб классикалық
поэзиясының даңқты перзенттерінің бірі Антара (525-615)
сүйегі құл, тәні қоңырқай түсті
екендігіне қарамастан өз руының көсемі қызметін
атқарған исламға дейінгі араб ақындарының
көпшілігі-ақ билеушілер тобынан шығып отырған. Өз
әміршілері алдында үлкен беделі болған Шалкиіз, Жиембет
сияқты жыраулар да дала феодалдары тобынан. Алайда, олар
өзінің хан алдындағы, халық алдындағы
құрметіне шыққан тегімен емес, құдіретті
сөзінің күшімен жеткен [2].
Бірыңғай
импровизация дәстүрінде туып, егіз бір арнадан нәр алып
келген сол ақындық поэзия мен жыраулық
толғаулардың жырлайтын тақырыбы мен жанрлық ішкі
мүмкіндіктерінде де өзіндік елеулі өзгешеліктері де бар.
Ақындық поэзияда тақырып ауқымының
кеңдігіне қоса, сезімге құрылған лирикалық
сипат басым болып отырса, жыраулық толғауларда әлеуметтік
өмірдің әр алуан көріністері мен заман жағдайын
сипаттайтындай ой-болжам, асқақ эпикалық үнге
көбірек мән беріледі. Осы ерекшеліктерді М.Әуезов кезінде
дәл басып танып: «Жырау демек, ақын деу емес. Жыраудың
ақын атаулыдан, жыршыдан бөлек өз жанры бар.
Бұның сөз үлгісі, жанры – толғау. Жыраудың
мақсаты, міндеті – «не болса сол көңіл ашар», «әлдене»
дерлік сөз айту емес. Ол заман сыны, мезгіл, дәуір болжалын, тарихи
оқиғаның мазмұн бағасын сөз қылады.
Көбінесе, әрі жырау, әрі би болады», - деп бағаласа,
ақындық дарынның ерекшелігін Е.Ысмайылов: «Ақын
өмірдегі құбылысты, тарихи оқиғаны
өзінің ой-өрісі дәрежесінде таниды. Ақынның
сезінуі, ол сезгенін қабылдауы шапшаң, ол тез көріп, тез
әсер ала біледі, алған әсерін ұғып, есіне
сақтауы да күшті, тұрақты. Ақын естігенінен гөрі,
көзі көргенін тез сезіп, жылдам жырлап кетеді» [3], - деп жазады.
Қазақ
сөз өнерінің өкілдері ескіде өздерінің
репетураларына және орындайтын шығармаларының сыр-сипатына
ақын, жырау, жыршы, өлеңші деп бөлінген. Сал-серілерді
де белгілі дәрежеде осы топқа қосуға болады.
Бұлардың өзіндік ерекшеліктері жайында әдебиетші
ғалымдарымыз біраз пікірлер айтқан. Біз тек, ақын мен
жыраудың шығармашылық тұлғасы және
олардың поэзиясындағы өзгешеліктер туралы кейбір ойларымызды
баяндамақпыз.
....
«Ноғайлының ауыр йұрт,
Абдырады, ойланды.
Ойланып, кеңес
тапмады.
....Мұнарасы
қырық құлаш
Өзден
сұлтан Жәнібек
Оны көрген
қарыңмын...»
Академик
Ә.Марғұлан атап көрсеткендей, бұл жолдар жырау
бейнесін және оның қоғамдық рөлін біршама
дәл бейнелейді. Яғни, жырау өз руластарының
ақылшысы, көсемі. Көпті көрген көне қалт
айтпайды, сондықтан оның сөзі, берген кеңесі жерде
қалмайды. Өз сөзінің құдіретін білген жырау
жай ақылшы ретінде ғана емес, әмірші ретінде де
сөйлейді Қазақ жырауларының сан ғасырлық
шығармашылығын негізінен үш кезеңге бөліп
қарастырған жөн сияқты. Бірінші топқа
жыраулық дәстүрдің негізін қалаған
алғашқы өкілдері: Қорқыт, Аталық
(Кетбұға), Сыпыра жыраулар жатады. Бұл дәуір
ХІ-ХІҮ ғасырларды қамтиды. Жыраулықтың
қалыптасу кезеңін белгілейтін екінші топқа Асан
Қайғы, Қазтуған, Шәлгез, Доспамбет
шығармалары кіреді. Мұның кезеңі ХҮ-ХҮІ
ғасырлар. Үшінші топты жыраулықтың әбден толысып,
кемелденген кезеңіндегі өкілдері: Үмбетей, Жиембет,
Тәтіқара, Ақтамберді, Бұқар жыраулар
құрайды. Бұған ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлар
жатады. Сондықтан бұл кезеңдердің ерекшеліктерін ашып
әңгімелеуді, ең алдымен жыраулық поэзияның
бірден-бір көрінісі – толғау жанрының туып
қалыптасуынан бастау қажет [5,38].
Жыраулар
шығармашылығындағы көшпенділер дүниетанымы,
сұлулық әлемі, өршіл де намысты және алдаспандай
өткір қайсарлық болмысы толғау жанрының
табиғатын даралайтын сипат. Ол елдік үшін ерлік деп білген жыраулар
тұлғасындағы поэтикалық қуатын тануға
мүмкіндік берді. Көптеген халықтардың фольклор тарихына
ой жүгіртсек, ең алдымен эпикалық жырлардың туып ұзақ
уақыт бойы өмір сүргенін және өзге
ірілі-ұсақты көп жанрлардың қызметін бір
өзі атқарып келгенін білеміз. Мұның тарихи және
қоғамдық себептері аз болмағанға
ұқсайды. Д.Лихачев ХІ-ХҮІІ ғасырларда жанрлардың
пайда болуы туралы ойларын дамыта келіп, мұның өзі
көбінесе фольклор мен жазба әдебиеттің екі аралығында
туып, дүниеге келгенін дәлелдейді. Орыс әдебиетінің
басы болып саналатын «Игорь полкы туралы жырдың» тууын да осы өреде
танып бағалайды.
Әдебиеттер:
1. Ханна аль-Фахури. История арабской
литературы. Т. – Москва, 1992.
2. Мағауин М. Қобыз сарыны. – Алматы: Ғылым, 1968.
3. Исмаилов Е. Ақындар. – Алматы: Жазушы, 1956.