п. ғ. д., профессор  Әбдікәрім Тазагул Мукашевна

ПҒА академигі

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

магистрант Амирханова Айсулу Махмутовна

«Тұран-Астана» университеті, Қазақстан

 

Жыраулар поэзиясындағы толғауларды оқыту

Жыраулық поэзия – ғасырлар бойы қалыптасып, дамыған ұлт әдебиетінің ғажап көркемдік құбылысы. Жыраулық поэзия көбіне қазақта кең дамыған ақындық өнердің түрі, оның шығу тегі, көшпелі, жартылай көшпелі өмір сүрген ру тайпалардың бай мұрасы. Сондықтан жыраулық поэзияда ауыз әдебиетіне тән ерекшеліктермен бірге жазба поэзияға тән өрнектер де қатар кемелденген. Жыраулық поэзияда әсіресе бұрын ауыз әдебиетінде көп тараған толғау жанры, сөз үлгілері кеңінен қолданылған. Толғауда, негізінен, терең азаматтық әуен, замана келбеті, ірі қоғамдық, әлеуметтік, саяси, философиялық мәселелер мен тақырыптар ерекше орын алады.

Сөз өнерінің толғау түрі ежелгі жазба ескерткіштерінде аракідік бар болса да, оның жанр ретінде қалыптасуы ХҮ-ХҮІІІ ғасырларға сәйкес келеді, осы кезеңде ол ерекше өркендеп, биік сатыға көтерілген. Толғау әуел баста магиялық, тотемдік сипатта, табиғат құбылыстарын адамға түсіндіру, бағындыру қажеттігіне байланысты дүниеге келсе де, сөз өнері күрделене, жетіле түсуіне сәйкес қоғамдық, әлеуметтік, этикалық, эстетикалық маңыз алып, жанр ретінде қалыптасып дамуы жыраулық поэзияға тікелей қатысты.

Жыраулық поэзияның алғашқы өкілдері эпостық жырларды шығарушылар, ауызша таратушылар, таратқанда жанынан өлең, жыр шумақтарын қосушылар, сәл өзгертушілер, сөйтіп бір эпостың бірнеше нұсқасын тудырушылар болғаны сөзсіз. Алайда, өкінішке орай, олардың аттары сақталмаған, әуелде сақталса да кейін ұмытылған. Сөз жоқ, сол аттары ұмытылған жыршылардың феноменалдық еске сақтау қабілеттері, таланттары, дарындары арқасында ғана біздің заманға қыруар туындылар (эпостық батырлық жырлар, тарихи дастандар, аңыз-эпостар, мақал-мәтелдер, жоқтаулар, тарихи дастандар, тағы да басқа ғажап ауыз әдебиеті шығармалары) жеткен. Ерте заманда толып жатқан ру, тайпалар құрамында көшпелі өмір сүрген, «алаш мыңы» аталған, кейін қазақ есімін иелеген халықтың шығарымпаздық дарындылығымен шығармаларды сақтаушылар, солардың әсерімен өздері де өлең-жыр тудырушылар болған. Көркем сөз сүюшілердің бұл ерекше дарындылығы мен қабылеттілігі өзіміздің зиялылар тарапынан жоғары бағалануымен қатар, басқа жұрт оқымыстыларын да таң қалдырған, олардың тамаша пікірлер айтқаны белгілі. Қазақ сөз маржанын жиюшылардың бірі Г.Н.Потаниннің «бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деуі де осыдан [1].

Қазақ әдебиеті қазіргі Қазақстан жерін жайлаған тайпалар туғызған бай рухани қазынаның заңды мұрагері еді. Ол өзіне дейін ғасырлар бойы жасалған мол мұрадан нәр алды, ежелгі дәстүрлерді дамыту, тың тақырыптар игеру, соны, соқпақ, сораптар қалыптастыру нәтижесінде кемелденді.

Мұсылманшылықтың күш алуына байланысты бұл кезеңде көне түрік жазуы мүлде ұмытылған еді. Оның орнын араб жазуы басты. Шығыс тарихшыларының айтуынша, қазақтар өздерінің балаларын мектеп, медреселерде оқытатын болған. Халық арасынан сауатты, өз заманы үшін білімдар адамдар шығарды. Жазба әдебиет нұсқасы деп танылуға лайық шежіре жинақтары, тарихи үлгідегі шығармалар жазылды. Бұл кезеңде туған еңбектердің көпшілігі жоғалған.

Сақарадағы рухани өмірдің өзіндік ерекшеліктері көп. Кең даладағы көшпенді тірлік, тұрмыстық-қоғамдық өзгешелік сөз өнерінің соны сипатта қалыптасуына себеп болған-ды. «Өнер алды – қызыл тіл», ал тіл шұрайы - өлең сөз деп танылды. Халықтың рухани өмірінде жетекші орынға шыққан поэзия әлденеше ғасыр бойы қазақ әдебиетінің жай ғана көшбасшысы емес, ең басты жанры қызметін атқарды. Ал осы кезеңдегі қазақ поэзиясының ең ауыр жүгін көтерген, сөз өнерінің жетекші өкілдері – жыраулар болды. Қазақ жыраулары ХҮ-ХҮІІІ ғасырлар шегінде бүкіл әлемдік мәні бар аса құнды әдеби мұра жасады.

ХҮІІІ ғасырдың аяғында Қазақстан жерінің біршама бөлігі Ресей құрамына енеді, ал ХІХ ғасырдың 60 - жылдарында қазақ даласы тұтасымен жауланып империяның құқығы кем, бас билігі жоқ езілген отарына айналады. Қазақ жұртының мың жарым жылдық ұзақ тарихының ең ауыр кезеңі басталады. Бірақ рухани өмір толастамайды. Орталық дәуірге, зар заманға орай ел мұңын мұңдаған, күреске шақырған, жарыққа жол іздеген жаңа әдебиет қалыптасады. Сонымен қатар, халық өзінің тәуелсіз заманындағы көркем сөз үлгілерін аялап сақтап, келер ұрпаққа мұрат еткізіп жеткізеді [2]. 

ХҮ-ХҮІІІ ғасырлар поэзиясын жинау, зерттеу жайын сөз еткенде әрдайым атап өтуді қажет ететін өзекті бір мәселе – осы поэзияның біздің дәуірімізге жету жайы төңірегінде. Аталған дәуірлер поэзиясы алғаш қағаз бетіне кем-кемдеп түсе бастағанға дейін (1875ж.), алды 300-400 жыл, кейінгі тұсы 100-150 жыл өмір сүрді, ұрпақтан-ұрпаққа тек ауызша ауысып, жетіп отырды. Бұл бүгінде айтар ауызға ғана оңай жол. Әйтпесе, жүздеген жылдардың ауыр сыны мен салмағынан ақын мен жыраудан жүйріктің жүйрігі ғана, оның өзінде олардың шығармашылығының болмашы үзінділері, жеке жолдары мен шумақтары ғана жетті. Оның басты себебі: қазақ сияқты халықтың өлеңді суырып салып айту өнері соншама дарынды, өнімді, ал, оны сақтау қабілеті одан да артық деп танығанның өзінде өлеңді ұмытпай, дәл бастапқы күйінде ойша, ауызша сақтау қиынның қиыны. Өлең қанша сұлу да көркем болғанмен қысқа да нұсқа, мірдің оғындай өткір, күн сайын сан рет қайталанып жатталатын, көпке тарай ұштала түсетін мақал-мәтел емес. Оның үстіне өлең, толғауларды жаттап алып айтушы, таратушылардың да аз-кем ақындыққа таласының болуы орындауларындағы шығармалардың жеке тұстарын кейде ұмытып, кейде тіпті ұмытпай-ақ өздерінше өңдеп, жөндеп, өзгертіп айтуына мүмкіндік беріп отырған.

Осындай алуан түрлі жағдайлардың нәтижесінде арғы дәуірлерде айтылды деп жүрген өлең, толғауларымыздың көбі дерлік біздің дәуірімізге мол өзгеріске ұшырап жеткендіктен, олардың біраз жағдайда қазіргі шығармалардан айтарлықтай айырмасы да болмай жүр. Бұл шындықты жасырып, жабуға не елемеуге ешкімнің де хақы жоқ. Асан Қайғы атына байланысты өлең, толғаулардың басқа көп өзгерістерін айтпағанда, тек тілдік ерекшелігі жағынан біздің бүгінгі тілімізден қандай өзгешелігі бар? Әрине жоқ. ХҮ ғасырдағы қазақ тілі біздің дәл бүгінгі тіліміздей болды деп қай тілші-ғалым кепілдік бере алады? Бұдан шығатын қорытынды ХҮ-ХҮІІІ ғасырларда толық мағынасындағы поэзияның өмір сүргеніне қазір ешкім шүбә келтірмесе де, ол поэзия біздің тұсымызға бастапқы қалпында толық жеткен жоқ, ал жеткен жеке нұсқалары сан түрлі өзгерістерге ұшырап, кейінгі дәуірлердің көп қосындыларын бойына сіңіре жетті. Әдебиет зерттеушілерінің алдында осыған байланысты туатын үлкен міндет-мүмкіншілігінше, бір кездегі поэзияның өзіндік болмысынан тануға, анықтауға талпыну болса керек.

Сөйтіп, әдебиеттің арғы дәуірлерін зерттеушілердің алдында қосымша бірнеше қиындықтар тұрды. Олар – ең алдымен зерттейтін әдебиетті не сол әдебиеттің жұрнақтарын іздеу, табу, сол тапқандарды неше түрлі ой елегінен өткізу арқылы қашан және кімнен шыққанын анықтау, бұған ең әуелі өзің сену, содан кейін барып ғылым жолымен өзгені сендіру, осылардың барлығын жинақтай келгенде бүтін бір әдеби дәуірдің ұзақ әдеби үдерісінен аз-кем болса да нақты, асып жатса, тұтас түсінік беру қиындығы, т.т.

ХҮ-ХҮІІІ ғасырларда қазақ поэзиясы қанша шабан дамыса да, бір кездегі мол поэзиядан бізге аз ғана нұсқалар күйінде жетсе де, өзінің ұзақ жолында бір бағытта, яғни жазба әдебиетті қалыптастыру бағытында қызмет етті, өзінің әрбір елеулі қадамымен, кезеңімен болашақ әдебиетке жақындай және оны әзірлей түсті, барша ірілі-ұсақты табысын осы мақсатта жинағандай, жинақтағандай болды.

Айқын шығармашылық даралығымен көрінген ірі жыраулар жалпы жыраулық шығармашылықты ілгерілетумен бірге, ауыз әдебиетінен бірте-бірте ұзап, поэзияның көркемдік қорына аз-кем үлесін қоса отырып, болашақ әдебиеттің тууын жеделдетті. Асан Қайғы атымен аталатын шағын жолдардан бастап Бұқарға дейінгі поэзияны ойша шолсақ, осы қозғалысты, кем-кемдеп есеюді, сонымен бірге поэзия бойындағы жалпы тұтастықты, ортақ дүниетаным мен көркемдік ойлау, бейнелеу тәсілдерінің бірлігін барша болмысымен көреміз, танимыз. Мысалы, ХҮ ғасырдағы Асан Қайғының Әз Жәнібек ханға айтқаны мен ХҮІІІ ғасырда Бұқардың Абылай ханға айтқан толғауының арасында жалпы принцип жағынан да, көркемдік тәсіл жағынан да қаншама ұқсастық, ұластық, жалғастық бар, түр мен мазмұн жағындағы туыстық өз алдына. Бұның бірі жыраулық форманың ауыз әдебиетінен алғашқы бөліну тұсын білдірсе, екіншісі – оның бірнеше ғасыр бойы дами отырып, өзінің биік белесіне көтерілгенінің белгісі. Осы тәрізді көріністердің қайсысы да сөз болып отырған кезең поэзиясының бір көркемдік арнада өмір сүргенінің, сонымен қатар іштей өзара тұтастық, жалғастық, жүйелілікпен дамығандығының дәлелі [3].

Әдебиеттер:

1.   Қазақ әдебиетінің тарихы. ІІІ Т. ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы: Жазушы, 2000.

2.   Мағауин М. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет. – Алматы: Ғылым, 1992.

3.   Дербісәлин Ә. Әдебиет туралы толғаныстар. – Алматы: Қазақстан, 1990.