Оразбаева А.С.

аға оқытушы, филология ғылымдарының кандидаты

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті

Қазақстан, Қостанай қ.

МӘШҺҮР ЖҮСІП КӨПЕЙҰЛЫНЫҢ «ҚАЗАҚ ШЕЖІРЕСІ» ШЫҒАРМАСЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Қазақ әдебиетінің тарихилығы сөз өнері мұраларының мазмұны мен пішінінен айқын байқалады. Тақырып нысанындағы жеке тұлғалардың, оқиғалардың өзара сабақтасқан жүйесі арқылы халықтық дүниетаным психологиясы айқындалады. Қазақ сөз өнері тарихындағы көрнекті шығармашылық тұлғалардың мұралары арқылы рухани мәдениеттің ұлттық сипатын тереңірек тани түсеміз. Қазақ әдебиетінің қалыптасуы мен даму  жолы әлемдік сөз өнері тарихында әрі ұлттық, әрі жалпы адамзаттық маңызымен ерешеленеді. Соңғы жылдарда қазақ әдебиетінің тарихын құрайтын мәдени мұраларды жаңа заман талаптарына сай жаңаша қарастырудың жаңа арналары кеңейе түсуде.  Қазақ сөз өнері тарихындағы жанрлардың барлығы да фольклор мен әдеиет мәселелеріне арналған зерттеулерде жүйеленді, бағдарлар жасалды. Бірақ қазақ сөз өнеріндегі ұлттық төл тарихымызды анық бейнелейтін кейбір жанрлар зерттеу нысанына айналмай келді. Қазақ әдебиеттану ғылымында осы уақытқа дейін арнайы зертеу нысанына алынбай келген өзекті мәселелердің бірі – шежірелік шығармалар. Шежірелік шығармалардың тарихилығы мен жанрлық-стильдік ерекшеліктерін саралау – тарихи әдебиеттану ғылымының күн тәртібіндегі аса өзекті мәселелерінің бірі. Бұл зәру мәселе біздің көрнекті әдебиет зерттеушілеріміздің еңбектерінде түрлі қырларынан қарастырылып келгені мәлім. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мұрасы – ХІХ ғ. екінші жартысы мен ХХғ. алғашқы отыз жылы кезеңіндегі (1858-1931) әдебиетіміздің дамуына мол үлес қосқан рухани қазына.  Оның дидактикалық-философиялық, лирикалық өлеңдері, қисса-дастандары әдеби шығармашылықтың мол бітімді болмысын танытады. Ақын халқымыздың арғы-бергі тарихын жырларына негіз етіп ала отырып, арнайы шежірелік шығарма да жазады.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Қазақ шежіресі» деген атаумен ұлттық рухани мәдениетіміздің тарихына енген бұл еңбекті жарыққа шығаруға еңбек еткен зерттеуші С. Дәуітов осы кітаптың «Алғы сөзінде» былай дейді: «...Бұл шежіренің бастап жазылғанына жүз жиырма жылдай болған, бұрын еш жерде баспа бетін көрмеген, қолжазбаның кей сөздері өшкен, кей тұстарының оқылуы қиын... Бір қызығы, Мәшһүр Жүсіп шежірені жадағай... Атаны тарату деп түсінбей, онда сол рудағы немесе сол елдегі батырға байланысты, ақынға қатысты, балуан жайлы, күйші туралы аңыз-әңгіме, жыр, күй, тақпақ болса, соны қалдырмай жазған. Әсіресе, жастарға үлгі-өнеге боларлық-ау деген дүниені тұтас қамтып, өзінше сипаттама беріп, дәлелді ойымен түйіндеп таратып айтып отырыпты» [1, 3б]. Демек, Мәшһүр Жүсіптің шежіресі тарихи дерек тілімен баяндаған жай жазба жұмыс емес, дидактикалық-гуманистік, эстетикалық дүниетанымын тереңдіктерін ұрпақтар санасына сіңіруді көздеген әдебитанымдық шығарма. Мәшһүр Жүсіптің бұл еңбегінде қазақ тарихын тарихи деректермен мазмұндаған мынадай тарихи-баян-әңгімелері бар: «Қазақ шежіресі», «Орта жүз тарихы», «Мейрам тарауы», «Бошан», «Сүйіндік», «Күлік, Күлік, жүрген жерің бүлік атанған Күлдікке келейік», «Тілеуімбет, Наурыз», «Наурыздан алтау», «Қуандықтан алтау туады», «Қуандықтың бір баласы – Алтай», «Мойынды таратайық», «Сармантайдан», «Қаракесек», «Нұрбибі», «Қарсұн», «Бұл Мәшһүр шежіресі қазақ ертегісінен алынып сөйлеген», «Қаракерейді сөйлейік», «Ақбура», «Шәуке тараулары», «Бәсентейін, Сырым», «Бәсентиін», «Мола Мәшһүр Жүсіп Көпейбаласының жинаған сөздері», «Орманшы тарихы», «Керей тарихы», «Бұрынғы заманның адамдарының қандай екенін танытуға сөйлеген сөз», «Ұлбике», «Бөлтірік шешен», «Шанышқылы Бердіқожа».

Шежіредегі әңгімелерді мазмұны мен пішін заңдылықтары тұрғысынан былайша саралауға болады: біріншісі-тарихи деректерді жүйелеу мен авторлық баяндау стилі аралас қолданылған тарихи әңгімелер; екіншісі-тарихи тұлғалар мен елеулі оқиғалар дараланатын әдеби-тарихи әңгімелер.

Осылайша саралана танылатын Мәшһүр Жүсіп шежіресіндегі тарихи және әдеби-тарихи әңгімелердің барлығында да автордың өзіндік тұлғасы жеке адамдарға және тарихи оқиғаларға арналған бағалаулары үнемі айтылады. Мысалы, «Қазақ шежіресі» атты алғашқы тарихи баянын мынадай авторлық толғаныспен бастайды: «Біздің қазақта тасқа басқандай анық шежіре жоқ. «Оқуға сенген ұмытшақ» деп оқуды керек қылмаған. «Жазуға сенген жаңылшақ» деп жазуды керек қылмаған. Оқу мен жазудың жоқтығынан жазылған шежіре болмаған. Естігенін ұмытпайтын құлағының тесігі бар, кеудесінің есігі бар, ұқпа құлақ жандар болған. Сондай жандардың айтуыменен кеудесі хат, естігені, көргені жад болған қариялар кейінгіге ауыздан ауыз алып айтумен үлгі-өсиет қалдырған» [1, 9 б]. Осы үзіндідегі бейнелі тіркестер еңбектің әдеби шығармаға тән көркем стилін аңдатады. Мысалы: «Жазуға сенген жаңылшақ», «Оқуға сенген ұмытшақ», «Құлағының тесігі бар», «Кеудесінің есігі бар», «ұқпа құлақ жандар», «кеудесіхат», «естігені, көргені жад болған қариялар». Мұндай көркем бейнелі тіркестер шежіре құрылысындағы жоғарыда аталған әңгімелердің негізгі стилін құрайды. Тарихи баян сипатындағы шығармаларды көркем бейнелі тіл өрнектерімен жазу стилі шежірелердің әдеби шығармаға тән болмысын айқындай түседі.

Мәшһүр Жүсіп шежіресіндегі кейбір тарихи әңгімелерде шағын сюжеттік құрылымдар бар. Бір әулеттің пайда болуына, қалыптасуына, өсіп-өркендеуіне байланысты белгілі тақырыптың аясында бірнеше сюжеттер біртұтас композицияны құрайды. Шағын сюжеттерде де тарихи тұлғаларды әдеби шығармалардағы кейіпкерлер секілді сөйлетеді, өзіндік мінездемелер де жасайды. Шежіре бөлімдердегі тарихи деректерді баяндау барысында жекелеген тарихи тұлғаларды даралайды. Мысалы, Құнанбайдың Меккеге жүз жиырма кісілерден құралатын қажыларды бастаған көсемдік тұлғасына, шешендік өнеріне байланысты шағын оқиға айтылады. Ал, «Мейрам тарауы» атты бөліктегі Мейрам баба, Қуандық, Сүйіндік туралы әңгімелер де әсерлі баяндалады. Автор тарихи тұлғаларды өзара диалогтық құрылымдар арқылы пікірлеседі. Осындай қысқа да болса нұсқалы эстетикалық мәнді оқиғалы баяндаулар жиі қолданылады. Мысалы, Канты баласы Әлі, Саржан баласы Жаманкөл, Дос батыр мен баласы Қожаназар, Өкірек, Найман, Төлек атайдың Қылышқожаның қызын алғаны, балта ақын мен Құнанбай қағысуы, Әлібек пен Ақша, Саққұлақ шешен, Төлеген байдың мінез-құлқы, Үкібай, Шоң би қылықтары, Өмірбидің ұлағаты, Құрман Қыпшақтың батасы, бәсентиін балалары Күшік пен Сырым, Бұқа, Көбір және олардың ұрпақтары, Жақай ахун, Баян баласы Асан туралы тарихи оқиғалы шағын әңгімелер – Мәшһүр Жүсіп шежіресіндегі көркемдік-эстетикалық ықпалдылықты айрықша сездіреді. Мәшһүр Жүсіп шежіресінің әдеби сипатын айқындайтын негізгі ерекшелік – аталған тақырыптар мазмұнының басым бөлігін шағын әңгімелер түрінде жазғандығы. Шежіредегі шағын әңгімелердің тартымды оқылуы және тарихи тұлғаларды кейіпкер тұлғасында таныту үшін диалог, монолог түрлеріндегі сөйлеу үлгілері қолданылады. Бұл жағынан алғанда шежіредегі кейбір тарихи әңгімелер авторлық баяндаумен жазылса да диологтар, монологтар арқылы қазақ мәдениетінің  этнографиялық болмысын, тарихи тұлғалардың психологиялық жандүниесін аңғартады.

Қорыта айтқанда, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Қазақ шежіресі» атты шығармасы – қазақ әдебиетіндегі шежіре жанрындағы шығармалар қатарындағы елеулі туынды. Әдебиеттану қисыны бойынша «Шежіре негізінен қара сөзбен, кейде өлеңмен жазылады, көлемі әрқалай болып келеді. Арғы ата-бабалардың тайпа, рулардың басталуы, таралуын көрсететін тізбе шежіренің және бір мағынасы, ол – тарихи жазба ескерткіш» [2, 224 б]. Сондықтан, Мәшһүр Жүсіптің аталған туындысын ұлттық әдеби мұраларымыздың бірі ретінде бағалаймыз.

Әдебиеттер тізімі

1.     Көпейұлы М.Ж. Қазақ шежіресі.Алматы, 1993.

2.     Әдебиеттану терминдерінің сөздігі / Құрастырғандар - З.Ахметов, Т.Шаңбаев. Алматы, 1996