Оразбаева
А.С.
аға оқытушы,
филология ғылымдарының кандидаты
А.Байтұрсынов
атындағы Қостанай мемлекеттік университеті
Қазақстан,
Қостанай қ.
ҚҰРБАНҒАЛИ
ХАЛИДТІҢ «ТАУАРИХ ХАМСА» КІТАБЫНДАҒЫ
АҚЫН-ЖЫРАУЛАР
ПОЭЗИЯСЫНЫҢ КӨРКЕМДІГІ
Құрбанғали
Халидтің «Тауарих хамса» кітабындағы қазақ
халқының ежелгі дәуіріндегі орта және ХҮ-ХІХ
ғасырлардағы ақын-жырауларына байланысты деректер,
олардың шығармалары еңбектің құрылымында
үйлестіріле кіргізілген. Мысалы, «Алаш атауына уәж (қаулы)» деп аталатын бөлімде Қожа
Ахмед Яссауиге байланысты мынадай әдеби-тарихи мәні бар
ұлағат айтылады: «...Қожа Ахмет Яссауидің:
Өзбекте бар имамым, тәжікте бар күмәнім» сөзін
салыстыру керек. Сарт-сырт дегендері де бар, яғни олар бізден
бөлек, тысқары дегені. Қожа Ахмедтің түркі тілдерінде
ғибрад сөздері өте көп. Халыққа
жақсы, әркез игі ниетте болуға, уақыттың
бағасын білуге шақырып айтқан. «Әркімді
көрсең Қыдыр біл, әр кещені (дуана) қадір біл»
дегені, нәпсіні, яғни өзін-өзі танып тоқтата
білуге «Барша жақсы, біз - жаман, бәрі бидай, біз - сабан» деген
үндеу сөздері өте көп» [1, 77 б].
Шежіре
кітапта қазақ әдебиеті тарихындағы көрнекті
ақын-жыраулардың өнегелі істерін, шығармаларының
мәнін, маңызын айту арқылы тарихнамалық
еңбектің әдеби сипатын кеңейте түседі. Мысалы,
Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік»
(Құдатғу білік») атты дидактикалық-философиялық
дастанының атауына байланысты автордың берген түсінсіктемесі
ғылыми-танымдық маңыздылығы анық: «Тарихшылар
«Құдатғу білік» туралы осы кітап атына аса қанық
болмағаны үшін біраз түсінік жазу керек болды.
«Қудатқу білік – құтатқу білік» боп жазыла
береді, екеуі бірдей: білік-білу; «Құд» - күт (екеуі
құт) дегені, бұл арабтың «күтб» сөзінен
алынған, тіл сөзі. «Құтб» - әр
нәрсенің баянды ой байыздап тұруына айтылады, сол үшін
«құтб жұлдызы» атауы бар (Темірқазық
жұлдызын айтып отыр). «Құт» - бақыт мағынасында,
оған пәлен жерде құт болды дейді, яғни «сонымен
ол бақытты болды» демекші құттықтағанда
«құтты болсын» деу осыдан. Демек, «Құтатқу білік»
- білімді құттаушы, білімді қаруландырушы, білімді табандатып
байыздатушы кітап, яки «бұл кітапты білген бақытты болады»
мағынасымен сарындас (Халид Құрбанғали. Тауарих хамса
(Бес тарих). Ауд. Б. Төтенаев, А. Жолдасов.- Алматы;
Қазақстан, 1992). Деген анықтамадан кейін: ...
«Құтадқу білік» кітабынан мына бір бәйіт
(өлең) оқылып, жылы анықталды. Ол бәйіт:
Ит алмыш икки
ерди дөрт юз иылда,
Бу сөзі
сүйлімдім мән тутыб жан суррә
(Жыл алпыс
екі еді төрт жүз жылған
Бұл
сөзді сөйледім мен шаттанып тұлғам), яғни 462
жылы жазып бітірген» [3, 241б].
«Тауарих
хамса» кітабындағы «Орда мағынасы» деген бөлімде
қазақ хандығы тұсындағы жыраулар поэзиясы
қамтылады. Шежіре кітабы - жыраулар поэзиясындағы
дәстүр жалғастығын да дәйектейтін тарихи
құжат. Кітапта Қазақ хандығын
қалыптастыруда зор еңбек сіңірген Асан қайғы
жыраудың «Қилы-қилы заман болар, қарағай ьасын
шортан шалар» деген сөзінің мәнін Бұқар жыраудан
Абылай ханның сұраған дерегі беріледі. Автор
Құдайбай есімді зағип ақыннан Асан
қайғының мынадай толғауын естігенін айтады:
Мұнан соң қилы-қилы заман
болар,
Заман азып, заң түзіп жаман болар.
Қарағайдың басына шортан
шығып,
Балалардың дәурені тамам болар [3,111б].
«Тауарих
хамса» кітабындағы «Орда мағынасы» деген бөлімде Абылай
заманындағы ұлт ұраншысы боп танылған Бұқар
жыраудың қайраткерлігі мен шығармашылығы тұтасқан
тұлғасына баға беріледі. Абылайдың жанындағы
қолбасылары Бөгенбай мен Қабанбай батырлардың
торғауыт қалмақтарына шабуыл жасау туралы екі түрлі
ұсыныстары таласқа түседі. «Бөгенбай
қалмақты Үржар-Емел бойына Тарбағатай арқылы, ал
Қабанбай Ласты, Шорға бойындағы торғауытты шабуды
ұсынады. Кітапта қазақ жерін азат ету жорығында
жүрген хан, батырлар бастаған жауынгерлердің,
халқымыздың жеңісі жолы Бұқар жыраудың
шешімді жыры арқылы орындалғаны айтылады. Жырау Абылайдың өзіне, Бөгенбайға
баға береді, Қабанбайдың батырлығына қоса «хан»,
«дарабоз», «мубариз» «жекпе-жекке шыққан жауынгер! Атақтары
бар тұлға екендігіне орай оның ұсыныстарының
орынды екендігі дәлелденеді:
Сен, Қанжығалы Бөгенбай,
Тоқымы
кетпес ұры едің.
Түн
қатып жана жүр едің.
Қабанбайдан
бұрын найзаңды
Қашан
сен жауға тіредің,-деп мәселе шешілген [3,106 б].
Шежіре кітабында осылайша
жыраулар поэзиясының Қазақ хандығының
қалыптасуына, нығаюына зор ықпал жасағанына
әдеби-тарихи тұрғыда бағалаулар жасалады. Абылай
ханның Бас кеңесшісі Бұқарды автор «... қарт
әрі данышпан шежіреші биі... деп бағалайды.
Бұқардың Абылай ханға Асан қайғының
болжалды толғауындағы сөздері (Қилы-қилы заман
болар, қарағай басын шортан шалар») туралы берген жауап
толғауы да аса маңызды. Асан қайғының бұл
«Ханаға жауап айтпасам» атты болжал толғауы
Құрбанғали Халидтің «Таурих Хамса» кітабындағы
жарияланған нұсқасы түрінде Бұқардың
1992 жылғы толық жинағында жарық көрді.
Толғаудың идеялық-композициялық құрылымында
Қазақ мемлекетінің, халқының болашақ
ғасырлары болжал түрінде жырланады. Жырау
қарағайдың судан қашып шөлге біткен бір
дараққа айналатынын, суға шыдамсыз шортанның
қарағайдың басына ұшып шығатыны туралы
тіркестердің мезгеулі астарлары қазақ халқының
Ресей империясының отаршылдық бұғауына түсетін
тарих шындығына әкелетін деректі
болжалмен дәл суреттеледі:
...Күн батыстан бірдұшпан,
Ақырда
шығар со тұстан.
Өзі
сары, көзі көк,
Бастығының
аты поп,
Күн
шығысқа қарайды.
Шашын алмай
тарайды [3, 110 б].
Бұқардың
Абылай хан ауырып жатқанда айтылған мадақ жырының
(«Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан ханым-ай»)
да әлеуметтік және эстетикалық мәніне баға
беріледі. Абылай басқарған тұстағы Қазақ
хандығының елдік мәртебесінің нығайғаны,
халықтың әл-ауқатының жақсарғаны
ханның халқына істеген жақсы қызметінің
көрсеткіштері екендігі атап көрсетіледі.
Тарихнамалық
шежіре кітабында қазақ сөз өнерінің жыраулар
аоэзиясы тұсында қоғамдық-әлеуметтік
маңызды қызмет атқарғанына ерекше мән беріледі.
Шежірелік еңбектің әдеби сипатын аша түсетін бұл
ерекшелікті автордың зерттеуші ретіндегі бағалаулары
толықтыра түседі: «Осынша айтылған нақыл, жыр,
өлеңдер араб, яки парсы ақындарынікі болса, я түркі
жақсыларынан естілсе ғой бірнеше кітап жазылар еді. Өкінішке
орай қазақ тілінде сөйлегендіктен өлең-жыр деп
атынан-ақ қашып, назарларына ламаған,
мән-мағынасына бармаған» [1, 113 б].
Құрбанғали
Халидтің «Тауарих хамса» кітабындағы әдеби сипат
қақаз жырауларының толғаулары арқылы
байқалады. Қазақ хандығы дәуірінің тарихи
шындығы жыраулардың толғаулары арқылы дәйектеліп,
сөз өнерінің гуманистік-эстетикалық ықпалы
анық танытады.
Әдебиеттер тізімі
1.
Көпейұлы М.Ж. Қазақ шежіресі.Алматы. 1993.
2.
Әдебиеттану терминдерінің сөздігі /
Құрастырғандар З.Ахметов, Т. Шаңбаев. Алматы.
1996.
3.
Қ. Халид. Тауарих хамса. Алматы. 2000.