Оразбаева А.С.
аға оқытушы,
филология ғылымдарының кандидаты
А.Байтұрсынов
атындағы Қостанай мемлекеттік университеті
Қазақстан,
Қостанай қ.
ШӘКӘРІМ ШЕЖІРЕСІ - ТАРИХИ-ӘДЕБИ
ШЫҒАРМА
Қазақ
әдебиетінің тарихын құрайтын мұраларды
қазіргі заманғы талаптарға сай қарастырудың
жаңа арналары кеңейе түсуде. Қазақстан
Республикасының тәуелсіздігі салтанат құрған
жаңа дәуір ұлттық мәдениеттің бұрын
назарға алынбай келген ақтаңдақ беттерін
толықтыру талаптарын алға қойып отыр. Қазақ
әдебиеттану ғылымында осы уақытқа дейін арнайы зертеу
нысанына алынбай келген өзекті мәселелердің бірі – шежірелік
шығармалар. Бұл зәру мәселе біздің көрнекті
әдебиет зерттеушілеріміздің еңбектерінде түрлі қырларынан
қарастырылып келгені мәлім.
Ұлы
Абайдың «Біраз сөз қазақтың қайдан
шыққаны туралы» атты шежірелік шығармасы оның
ақындық айналасына да ықпал етті. Абайдың тікелей
ұстаздық ықпалымен қалыптасқан ақындар
туралы Мұхтар Әуезов «Абай ақындығының айналасы»
деген еңбегінде былай дейді: «Мұндай ақын - төртеу.
Оның екеуі – Ақылбай, Мағауия – Абайдың өз
балалары. Қалған екеуі – Көкбай, Шәкәрім. Осы
төрт ақын Абайдың нағыз толық
мағынадағы шәкірттері. Ұстазы Абай жазған
тарихнамалық еңбекке үндес шежірелік шығарма жазу
арқылы Шәкәрім ұстазының дәстүрін
кеңейте түсті.» [1, 105 б].
Шәкәрімнің
шежіресі – прозалық және поэзиялық түрде жазылған
тарихи-әдеби шығарма. Шежіренің
прозалық бөлігі – тарихи баяндау тілімен жазылған.
Шәкәрімнің осы шежіресі арқылы оның
тарихшы-этнограф зерттеушілігі де айқындалады. «Бісміллә ал рахман
ал рахим» деп басталатын осы шежіренің прозалық бөлімінде
мынадай тақырыптармен аталатын тарихи баян-әңгімелер бар:
«Шежіреден бұрын», «Шежіре басы», «Қазақтың
қайдан шыққаны», «Ұлы жүз», «Кіші жүз»,
«Орта жүз» ( қаңлы, қыпшақ, қоңырат,
қара қырғыз, керей, найман, уақ, төлеңгіт,
тарақты, арғын, орта жүздегі Арғынның рулары ,
«Хан шежіресі», «Шыңғыс хан шежіресі», «Стомболдағы Османлы
түрік, һәм сұлтанлары», «Парсыдағы
һәм Закавказьедегі түрік нәсілі», (сарт, өзбек,
ноғай), «Башқұрт, қалмақ һәм
телеуіт», «Түркімен», «Якут», «Оранхай», «Күншығыс
Түркістандағы түріктер». Шәкәрім
шежіресінің қара сөзбен жазылған бөлігіндегі аталған
тақырыптар тарихи деректерді жүйелі баяндаумен берілген. Шежіренің
осы бөліміндегі тарихи баяндаумен жазылған бөлімшелерден
туындының әдеби сипатын танытатын бірнеше ерекшеліктерді
байқаймыз. Біріншісі – тарихи деректердің авторлық
көңіл-күй әуендері араласқан
лирикалық-психологиялық сипатпен әңгімеленетіндігі,
екіншісі – шежіренің құрылымында
өмірбаяндық-ғұмырнамалық
тұрғыдағы лирикалық-психологиялық
баяндаулардың кездесетіндігі. Тарихи деректердің авторлық
көңіл-күй әуендеріндегі психологиялық
сыршылдықпен баяндалуы шежірелік шығармаларды
тыңдаушылардың, оқушылардың қабылдау
ықыласына ерекше әсер етеді. Тарихи деректер – шежірелік
шығармалардағы ұрпақтар жалғастығын
танытатын басты сипат. Сондықтан Шәкәрімнің
шежіресіндегі авторлық баяндаулардың
поэтикалық-психологиялық ықпалдылығы ерекше
байқалады. Қазақ тарихының түпкі бастау
негіздері, әуелгі ата-бабалар және олардың тарамдалған
ұрпақтары жүйелерін сабақтастыра баяндаудың
әдеби тәсілімен берілген мазмұны әсерлі оқылады. Шәкәрім
шежіресінің осы прозалық бөлімінде, қазақ
тарихындағы кесек бітімді адамдардың тұлғаларын даралап
сипаттаудың да бар екендігін көреміз. Мысалы, автордың
Құнанбай туралы жазған әдеби-тарихи
сипаттаулардың тоғыса тұтасқан табиғатын танимыз:
«... ұлы атамыз Құнанбай қажы марқұм
жайынан аз сөз жазамын. Қажы марқұм бұл
елдің бек надан кезінде туып шала хат танып қалса да, әкесі
Өскенбай биге әр жақтан келген хаттарды оңаша алып
барып, бірін-біріне салыстырып өзінен-өзі оқып, түркі
кітапты оқитұғын болыпты. Және ноғай молдаларды
сақтап, елсізге үй салғызып, қазақтың
балаларын жиып алып, молда мен балаларды сонда сақтап оқытып,
бұл жақтағы қазаққа оқу оқытып,
хат танытқан сол қажы марқұм еді.» [2, 84 б ].
Бұл - әдебиет жанрларының ішінде эссе табиғатына
тән сөз саптауымен жазылған толғаныстар, әсіресе,
эссе авторына тән.
Шәкәрімнің
аталған шежіресінің екінші бөлімі өлеңмен
жазылған. «Мақсұд» атты өлеңі Жаратушы
Аллаға («Бір алла бергеніңе сансыз шүкір»)
мүнәжат етуден басталады. Автор шежіре жазудан мақсатын,
халықтың өткен тарихын жазу арқылы ұрпақтарға
адамгершілік тәрбиесі ықпалын жасау мұратын білдіреді. Халықтың
да, билеуші хандардың да татулықпен еңбек сүйгіштікпен
ғана өсіп өркендейтін ұлағатын уағыздайды:
... Бітірдім
түрік, қазақ шежіресін,
Боса да
кемшілікті, қисық-бүкір,
Елім-ау, неге
ерініп тек жатасың,
Ғылымға
бір кіріссең дән татасың.
...
Жазғанда мақсатым көп менің тағы. [ 2, 187 б].
Шәкәрімнің
өлеңмен жазған шежіресі – туған халқына рухани
пайдалы ықпалын жасауды көздеген даналықтың
көрінісі. Бұл – Абай дәстүрін ұстанған
тұлғаларға тән ерекшелік. Мысалы, шежіренің
«Қазақ» атты бөлігінде ұлттық өркендеуіне
кедергі болып отырған кесапатты қылықтар өткір тілмен
сыналады:
... Демейді
ғылым біліп жанданайын,
Мақсаты
мақтан іздеп паңданайын.
Қанша
ұқтырып айтсаң да қалыбында,
Ойда
жоқ жігерленіп қамданайын.
Міне,
естісеңіз елдің жайын. [2, 201 б].
Шәкәрім
шежіресінің идеялық
мұраты – бұрыңғы және кейінгі тарихын
жалғастыра отырып, қазақ халқына ілгері өрлеу
үшін насихат айту. Шәкәрімнің бұл тарихи дастан-шежіресінен
халық тарихындағы көрнекті тұлғалар
(ақын-жыраулар, батырлар, хандар) деректілік сипатпен дараланады...
Пайдаланылған әдебиеттер
1.
М.Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық
жинағы. Алматы. 2003.
2.
Ш.Құдайбердіұлы. Түрік, қырғыз-қазақ
һәм хандар шежіре. Алматы.1991.