Қанипаш МӘДІБАЕВА
Д.ф.н., проф.
Национальный университет им. Аль-Фараби, Казахстан
Қанат КЕЛДЕБЕКОВ
Магистрант
Национальный университет им. Аль-Фараби, Казахстан
«АБАЙ ЖОЛЫ» ДӘУІРНАМАЛЫҚ РОМАНЫ РЫМҒАЛИ
НҰРҒАЛИ ЗЕРТТЕУІНДЕ
Әуезов
әлемін тұтас қамтып, ұлт тағдырымен, ел тарихымен
астасып кеткен қаламгерлік болмыстың ұлы мұраттары
дарыған «Абай жолы» сынды үлкен дүниенің бүгінгі
талғам талқысындағы танылу бағытын түзген,
алынбас астарларын ақтара төгілген осы зерттеудің
әдіснамалық бекем тұғыры қазақ
әдебиеттану ғылымының кемел кеңдікке ұласу
үрдісіндегі үздік үлгісі.
Рымғали
Нұрғали терең қабаттардың жасырын жатқан
асылдарын асықпай тереді, тоқтаған, салқын
сабырға жеңдірген, саябыр тауып салмақ қосқан
ғылыми зердемен түгін қалдырмастай етіп түгендеп,
ынтық көңіл, қаяусыз құштарлықпен
ақтарып-төңкеріп тауыса айтуға, сарқа
айтуға ден қояды.
Мақала
басындағы шығармашылық сыр, шығарманың жазылу
тарихы бағытындағы (тың түрен)
жинақтаушылық тоқтамы бірте-бірте тарқатыла жайылып,
таусылмастай рухани кәусарлардың көзін ашқан
түйін-түйін нақтылы тоқтам, тың баға, тосын
байламдармен жалғасады.
Толғамның
басталуы сөзінің өзінде де «Абай жолы»
роман-эпопеясының жазылу тарихына көп қатысты арқау,
көп арналы танымды толықтыра түсер ойтүрткі мәнді
ой құнарлары тұнып тұр. Әсіресе
Шәкәрім есіміне қатысты өрбіте түсіп, жеке
зерттеуді, шәкәрімтануда болсын, мұхтартануда болсын
қағаберіс қалып, әлі де айыз қандыра айтылмай
жүрген Шәкәрім-Мұхтар арақатынасындағы
шығармашылық ықпалдастық тұрғысындағы
мәселелерді меңзеу көрінетіндей.
«Абай
заманының сан-салалы сырларын, дәуірдің қат-қабат
тартыстарын, дәлді оқиғалар,
аңыз-әңгімелерді даланың жезтаңдай, ескі
көз, құйма құлақ адамдары кейде саф таза
күйінде, кейде мың құбылтып жеткізген. Абайдың
мінезіне қанықтырған қасындағы жары –
Әйгерім, ұлы Тұрағұл, інісі –
Шәкәрім, шәкірттері – Көкбай, Қатпа,
Баймағамбеттер».
Осында
Шәкәрімнің Абай ғұмыр кешкен орта,
қоғам, ел ішіндегі әрқилы кикілжің, талас,
тартыстар, ел билеу жүйесіндегі әр алуан ахуал, оның
түп-тамыры, Абай ақындығының айналасы,
шығармашылық сырлары жайлы аса мол дерек бергендігін заманында
Мұхтар Әуезовтің өзі де, өзге де айта алмады.
Ағасы Абайдан бар болғаны бір мүшел ғана жас
айырмашылығы бар, беріге дейін жасап, заман ағынымен арпалысып
өмірден өткен Шәкәрімнің Мұхтар
Әуезовпен жол тоғыстырған жайы да, жөні де бөлек.
Басқа күйді былай ысыра тұрғанның өзінде
«Абай жолы» роман-эпопеясында Шәкәрім шығармаларында
баяндалған, суреттелген құбылыс, оқиға,
табиғат суреттерінің айқын түскен із-сораптары бар.
Көп
көмбені, көп дүниені Абай шығармаларының
өзінің астарынан көріп, көтеріп ашуымен бірге
сұңғыла қаламгер дәуір ақиқатын ашуда
Шәкәрім мұрасындағы тыныс пен дірілді көркемдік
айналымға мақсаткерлікпен тартқан.
Рымғали
Нұрғали романның құрылымдық
өзгешелігіне, тілдік құнар-қабаттарына, пейзаж,
кейіптеу, кескіндеу, суретті бейнелеу тәсілдеріне, шалқар
көркемдік кеңдікке ұласқан жаратылыс-болмысына өзгеше
толымды байламдарымен баға беруі арқылы көркемдік таным,
талғамның кең келісті өрістерінің
қайталанбас үлгісін қисындайды.
«Романда
қаламгердің бұрынғы шығармаларындағы
әуен-сарындар жалғасып, тереңдеп, байып, жаңа
сападағы көркем ойлар, кемел бейнелер туған,
қазақ тілінің адам психологиясын, әлеуметтік
қайшылықтарды ашып берудегі орасан зор байлығы көрініп,
жанрдың ең жоғары талаптарына жауап беретін мол
мүмкіндіктері ашылған. М. Әуезов тұрмысы,
моральдық институттарының өмірлік материалдары негізінде
қатал реализм, сұлулық, әсемдік талаптарына дөп
келетін тарихи роман тудыру арқылы қазақ
әдебиетінің деңгейін биік әлемдік дәрежеге
көтеріп, жаңа эстетикалық игіліктер дарытып,
қаламгерлік ерлік жасады».
Рымғали
Нұрғали «Абай жолы» роман-эпопеясының көркемдік
құнарына құйылған
арқау-құбылыстарды арна-арнасымен айқындап кетіп отырып
ой жалғайды.
Белгілі бір
шумақ, тіршілік ортасындағы көші-қон, кәсіби
әрекеттер, олардың әлеуметтік тамыры, зорлық пен
зомбылық, тіршілік үшін күрес, адам тағдырлары...
Көшпелі
елдің тіршілік дағдысындағы жылқы малының жайын
жазушы Әуезовтің әр қилы сәт, әр
жағдайда бар мәнімен, бар сәнімен қамтып,
құйқылжыта жазу машығын байқай бермес едік.
Рымғали
Нұрғали жіті үңілу өз алдына, жастайынан
өзін тербеп өсірген өңірдің романдағы
бейнесін ынтық көңіл, сағынышпен, дән риза
марқайған сезіммен төгілте астастыратындай.
Көлемді
туындыдағы ықшамдық, жинақылық, дәлдік
тұрғысында, нақтылық, әр тараудың атауы,
ондағы негізгі арқау, тұтас бір дәуірдің келбетін
адам факторы арқылы ашудағы кейіпкерлер миссиясы туралы
толғам, тоқтамдағы ұшан-теңіз көркемдік
мұхитының келбетін түзген кесек-кесек
құбылыстардың арғы болмысын қамтып отыру
шеберлігі тұрғысында Рымғали Нұрғали пайымдары
көл-көсір шалқар ой мұхитына қарай тартып
әкетеді.
Көркемдік
шындық өмір ақиқатынан да өміршең кейде.
Рымғали
Нұрғалидың: «Романда қаламгердің
бұрынғы шығармаларындағы әуен-сарындар
жалғасып, тереңдеп, байып, жаңа сападағы көркем
ойлар, кемел бейнелер туған, қазақ тілінің адам
психологиясын, әлеуметтік қайшылықтарды ашып берудегі орасан
зор байлығы көрініп, жанрдың ең жоғары
талаптарына жауап беретін мол мүмкіндіктері ашылған. М.
Әуезов тұрмысы, моральдық институттарының өмірлік
материалдары негізінде қатал реализм, сұлулық, әсемдік
талаптарына дөп келетін тарихи роман тудыру арқылы
қазақ әдебиетінің деңгейін биік әлемдік
дәрежеге көтеріп, жаңа эстетикалық игіліктер дарытып,
қаламгерлік ерлік жасады», – деп келіп, тарқата саралауы
ғалымның араға жылдар салып барып, шығармашылық
бағытындағы әр қилы шырғалаңдарға
орай саябыр тапқандай көрінгенімен, сөз өнеріне деген
әсте суымаған іңкәр ынтықтықпен шешіле,
төгіле, сонау бір бозбала күнде бағасын беруге батылы жеткен
Әуезов әлеміне ендігі ересек зерде, кемел таныммен айнымаған
күйде қайта келуінің игі нышаны еді.
Үздіксіз жан
тербеген күйлер кемерінен асып, төгіле бастаған...
Осы толғамда
олқы сөйлеп көрмеген Рымғали Нұрғалидан
қалған ой әлемі және бір жарқ етіп, Әуезов
әлеміне ынтық жүректерге нұр құяды.
Рымғали Нұрғали Мұхтар Әуезов туралы «Ұлы
толқынның рухани аманатын» кейінгіге табыстап кеткен, «Алаш
қайраткерлері ішінде коммунистік террордан тірі қалған жалғыз
қазақ» деген болатын.
Өзі де
ұрпаққа аманат жеткізудің тарихи миссиясы
бұйырған ұлттың санаулы перзенттерінің бірі еді.
Арғы-бергідегі
әдеби даму, әдеби үрдіс, жазу тәсілдерін мейлінше жетік
барлаған Рымғали Нұрғалидың «Абай жолы»
роман-эпопеясына өзгеше бір зерек зердемен қарауында толып
жатқан ішкі-тысқы себептер бар.
«Алаштың бас
шығармасы» толғамында Рымғали Нұрғали
Мұхтар Әуезовтің әлем мойындаған
туындысының шынайы құндылығын, тұтас бітімін
танудың тағы бір тың бағыттарының көкжиегін
көтерген.
Ас та төк
мақтан сөзге сараң, іші бос құрғақ
қисындарға қаны қас әдебиет білгірі «Абай
жолының» көркемдік талқысы, шығарма жөніндегі
таным, талғам тұрғысында көп дүниеге
көңілі толмайтындығын көп уақыт бұрын
құлаққағыс еткен. Бұл
төңіректегі пайымдаулардан орта қоржын олқылықтар
байқап, қомсына сөйлеген де жайы бар еді.
Әдеби
мұраны тану, бағалау бағытындағы зерттеулерді саралап
отырып ғалым «Абай жолына» қатысты кезінде дуалы сөз
айтқан әдебиеттанушылардың бұл жөндегі
ұстанымдарын талқыға тартуды қажет көрмесе,
себепсіз болмағаны.
Мұқаметжан
Қаратаев, Темірғали Нұртазин, тағы да басқа
әдебиет зерттеуші, сыншы ғалымдардың қазақ
әдебиеттануындағы елеулі еңбектеріне тоқталуында
Рымғали Нұрғали олардың «Абай жолына» қатысты
ойларына бұрылмаған. Айқын Нұрқатов шығармашылығына
үңіле түсіп айтқан мына бір ойдың астарында алуы
да болса ақиқат жатқаны рас.
«Бүгінгі
таңда әдебиет тарихын пайымдауға арналған жаңа
еңбектерден ғылыми дәлдік, теориялық біліктілік,
сарабдал объективтілік, соны ой, батыл байлам талап етіледі» (1, 48 б.) деген
ұстанымға тұтас ойысқан, ересек зердемен, талапшыл
қатқылдықпен ой қозғау дағдысы бекем
Рымғали Нұрғалидың «Абай жолы» туралы сәті
келгенде құйылып түскен кезекті бір толғанысының
ұзақ жылдар бойы назарында ұстап келген көкейтесті
көркемдік-танымдық қыры болғандығын
байқамау мүмкін емес. «Телағыста» (1986) Айқын
Нұрқатов туралы ой қозғап отырып, жүрек жарды
шынын жайып тастайды.
«Абай жолы» эпопеясы
хақында жазылған дүниелерді түгел жинап бастырса,
шығарманың өз көлемінен әлденеше есе асып
түсетін шығар. Дәл басқан, терең бойлаған,
жіті аңдаған мақалалар, еңбектер баршылық,
бұған ешкім дауласпайды. Алайда, Әуезов творчествосын
тұтас қараған, оның эволюциясын баяндаған,
шыққан топырағын байсалды сөз еткен алғашқы
дүниелер Нұрқатов қаламынан туды.
Жаңсақ
байламдардың кейде өрескел концепцияға айналып кететіні
болады. М. Әуезов творчествосының кейбір қыры туралы
күні кешеге дейін байсалды пікір айтылмағанын жасыра алмаймыз» (1,
65 б.).
Сол уақыттарда
осы бір құны зор дүниенің оңайға алдырмас
қатпарлары мен астарлары туралы өзі меңдеген тереңіне
араға жылдар салып барып «Алаштың бас шығармасы»
еңбегінде ой бойлатқан ғалым роман-эпопеяны ендігі
ұрпақтың өресімен, таным-талғамымен танудың
әдіснамалық бағыттарын түзіп береді.
Романға
қатысты ілгеріде, кейінде қоздап отырған
үзік-үзік танымның тұтас көркемдік концепциясын
құрады.
Бір шақтарда
өзі қозғаған мына бір ойлардың ендігі
толысқан ғылыми негіздемесін жасайды. Қадау-қадау
қағидалар қисындайды.
«Абай жолы» эпопеясы
– қазақ прозасы шыққан ең биік
заңғар, ұлттық көркемдік дамуындағы
жаңа тенденциялардың, жаңа қайнарлардың басы.
Бұл шығармалардың әсемдік, сұлулық
қасиеттерін, ғажап поэтикалық рухын, идеяларын,
көкейтесті сарындарын, етжүректі елжіретер күйлерін
толқын-толқын ұрпақ өз тарапынан
қайта-қайта ашары хақ. Әуезовтің
құбылыстарды таңдау, эстетикалық баға беру
көрегендігін, оны идеямен байланыстыру тапқырлығын,
материалдарды орналастырудағы шеберлігін ежіктегіштік, әріп
кеміргіштік дертіне шалдыққан мыжыма методология ешқашан
танытып бере алмайды» (1, 81 б.).
«Алаштың бас
шығармасы» Мұхтар Әуезовтің шығармашылық
сырына тарта түседі.
Әдебиеттанушы
ғалым Рымғали Нұрғалидың әлемдік
өреден бағалау, саралау дағдысының өзгешелігін
мойындата түседі. Ғалымның бір кезеңдерде қасаң
методология құрсауында танылған
құбылыстарға жалпыадамзаттық өреде қайта
үңіліп, айнымас танымға тізгін салғаны даусыз.
Сонау бір
уақыттар өзі де байқағанымен, байыптап таратып
әкетуге ден қоя бермеген құбылыстарға
қайырылып соғып, қайдағы тарихты қопарып,
қазақ дейтін жұртының қайырлы
құндылықтарын құнттай түскенін
сезінесің.
«Тіршіліктің
барлық бояуын көрсеткен ғаламат шығарманың сан
алуан көркем қабаттары халқымыздың өткен тарихын,
рухани әлемін, әсемдік идеалдарын көз алдыңа алып келеді.
Бұл романда атан жілік батырлар, ақылгөй даналар, керауыз
билер, қаражүрек болыстар, жастардың мөлдір
махаббаттары, ақындар, аталар, аналар, балалар, сан буынның
өкілдері бар. Тау, су, өзендер бар. Ән, жыр, қара
қобыз, кәрі домбыра бар. Қысқасы, «Абай жолы» эпопеясында
қазақ халқының ары, намысы, арманы,
мәңгілік ғұмыры көрінеді» (1, 217 б.).
Ілгері-кейіндегі
«Абай жолы» роман-эпопеясына қатысты тоқтамдардан осы
«Алаштың бас шығармасы» толғамын айқын ерекшелендіріп
тұрған бірнеше құбылыс байқалады. Ол, ең
алдымен, қазақ қазақ болғалы айтамын дегенін
айналаға жалтақтамай айтуға мүмкіндік туған
тарихи кезеңнің кеңшілігі, көркемдік таным
кеңістігі арғы-бергі тарихтың, ұлт
тағдырының ақиқат қайнарынан бастау алып
бұлқына ілгері ұмтылған ағыстардың
таусылмас, сарқылмас шалқар мұхитына ұласты.
Рымғали
Нұрғали ә дегенде осы мәселенің басын ашып берген
ой тізгінін ұстады.
«Алаш
қайраткерлері ішінде коммунистік террордан тірі қалған
жалғыз қазақ Мұхтар Әуезов еді. Ол ұлы
толқынның рухани аманатын көркем әдебиетте толық
қалдырған бірден-бір қаламгер. Бұл идея ең
алдымен оның басты шығармасы «Абай жолы» романында жүзеге
асты».
Ғалым «Абай
жолының» ұлттық рухани тағдырындағы ғана
емес, саяси-азаматтық тарихындағы мәнін уақыт биігінен
зерделеуге тартып, роман-эпопеяның көркемдік-әлеуметтік
құндылығын саралаудың бастауын қайда бұру,
қайнар көзін қалай аршу бағытындағы тың
сөзін әрі қарай жалғап, сабақтаған
ғалым толғамында осы ой өзегін қуалай
жалғасқан түбірлі негіздемелер бар.
«Алаштың бас
шығармасы» толғамында пісуі жеткен ой сілемдері сеңгір
таулардай мығым, дәлелді, дәйекті таза
тоқтамдарға ұласып, тыңға тартқан
жаңа таным бағыттарын түзген. Шығармадағы
қайсыбір жағдаяттарға, күрделі
қайшылықтарға Рымғали Нұрғали басқа
биіктен көз тастайды.
«Кеше ғана
тізе қосып, ел тізгінін қатар ұстаған
Құнанбай мен Бөжей бүгін Ырғызбай мен Жігітекті
соғыстырып, кісі өліміне дейін барып отыр. Бұл екі
қошқардың басы бір қазанға сыймағаннан
туған бақастың, күншілдік кикілжің емес, алыс
түкпірлі ниетті тіршіліктің қамы, өз нәсілі
үшін қоныс кеңейту, жер алу мақсатынан
шыққан арпалыс. Шындап келгенде, бұл ауызбірліктің
жоқтығынан өршитін таза қазақы рулық
қақтығыс емес, жалпы адам баласының мәні бар, әулет
пен әулетті, ұрпақ пен ұрпақты, халық пен
халықты, ел мен елді, мемлекет пен мемлекетті соғыстыратын
мәңгілік майдан. Сол үшін шекара күзетіледі,
қару-жарақ жасалады, елшілік жүреді, ұйымдар
құрылады».
«Абай жолы» енді
Мұхтар Әуезовтің ғұмырлық
мұраттарымен, ұлттық болмыс түзген рухани
кеңістігімен тұтастықта талқыға түседі.
Шығармада
құбылыстың барлығы, дерегі, деталі, басқасы
тұтастай автор мұратына байлаулы. Көлденең,
кездейсоқ ештеңе жоқ.
Бір ауыз
сөзіне шейін шашау шығармай, шашыратпай төрт томдық
туындының жүгін бөлісе көтеруге жұмсаған
Мұхтар Әуезов шығармасында салмақ
арқаламаған көрініс, оқиға болсын ба?!
Рымғали
Нұрғали эпопеядағы жүрекке қонақтаған
қымбат шақтардың, естен кетпес күйлердің
ұлт бітімімен, халықтың тағдыр тарихымен тұтасып
жатқан асыл өзегін арши сөйлейді.
«Абай жолы» атты
дәуірнамалық роман ұзақ жылдар сарыла күткен,
зерттеу мен зерделеудің ендігі бір ғылыми алымында ой төгеді.
М.
Әуезовтің қаламгерлік ұстанымында Бөжей
асының бір мәні – Абайдың азамат есебінде елге танылуы деп
ұққан едім сонау бір жылдарда. Рымғали
Нұрғали романдағы көп-көп жайды, жеке
мәселелерді алыстан қамтып зерделейді.
«Көшпелі
мәдениетке тән этнографиялық, тұрмыс-салттық,
сенім-нанымдық, құқықтық,
әскери-саяси, адамгершілік-моральдық көріністердің
барлық белгілерін толық та кең, терең де дәл
қамтыған шығармада ерекше ықшамдылық, лаконизм
бар. Қазақ елінің ежелгі бар дәстүрі, арғы
замандарда басталған, тіпті шариғаттың өзі де
мұртын бұза алмаған белгілі адамға ас беру, жылы
өткенше өліктің артын күту, азалы үй тігіп, ат
тұлдап, қаралы көш жүргізу, дауыс айтып, көрісу
дәстүрі Бөжей өлімі тұсында кеңінен бейнеленеді.
Екінші қайтара мұндай ситуацияға оралу жоқ.
Әншілік,
серілік, аңшылық, саятшылық, құсбегілік
өнерлерінің үлкен-үлкен бір-бір тарауларда арнайы
түрде суреттелуінен осындай көркемдік шарттарын, қаламгерлік
қатал позицияны аңғарамыз. Сол секілді мезгілді уақыты
жеткен соң, өзіне тиесілі көркемдік-эстетикалық
міндетін атқарғаннан кейін қосалқы персонаждар
ұлы оқиға арнасынан түсіп қалып, олардың
орнын жаңа, басқа мақсат үшін көрсетілетін
кейіпкерлер басып, соны ситуация, тың әрекет бел ала бастайды».
Рымғали
Нұрғали Мұхтар Әуезовтің суреткерлік әлем,
шеберлік тәсілдер болмысын ертеден барлаған, жастайынан
бақылап, зерделеген. Алғашқы «Трагедия табиғатынан»
бастап Әуезов әлемін құштарлықпен шарлаған
ғалым «Алаштың бас шығармасы» толғамында толысқан
таным, тоқтаған ақылдың тілімен, ағынды, алымды
ойдың тілімен ақтарыла сөйлейді.
Рымғали
Нұрғалидың Базаралы тұлғасын
Бақтығұл, Ұзақтармен туыстықта қарауы
Мұхтар Әуезовтің шығармашылық ұстаханасында
шыңдалған тұлға проблемасына қатысты ілгеріде,
кейінде қозғалған таным талқысындағы жаңа
пайым. Әрі мейлінше қисынды пайым.
«Бұл
тұлға жазушы қаламынан ертеректе туған ірі қимыл
иелері Бақтығұл, Ұзақтардың рухани туысы,
дәлірек айтса, әлем әдебиетіндегі күрескерлер
қатарына еркін аттап барып, тең қосылған, үздік қаһарман».
«Абай жолы» –
ұлттық құндылық. Дөңгелек
дүниедегі ешкімге ұқсамайтын, ешкімді қайталамайтын
төлтума, үздік ерекшеліктері – ұлттық сипаты
айқын қазақ дейтін қалың жұрттың
қырат, сайлы ата қонысы, шашбауы
бұлғақтаған ай жүзді арулары, кесек бітім,
кең пейіл, нұр шырайлы, арқа сүйер арғымақ
азаматтары, дана, дара қариялары, алдағы күндерге
жалғаған таусылмайтын арманы, қара нар көтермес
қайғыда тізесі бүгілмеген сабырлы қалпы түзілген
ұшан-теңіз кеңістік, көркемдік әлем.
Рымғали
Нұрғали романдағы көркемдік шарттардың келісім
кеңістігіндегі шешімін қалдырмай түгендеп отырып, тауыса
саралайды. Кескін, мінез, кеңістік суреттері, көңіл күй
толқындары, қаламгер қалауы, тұтас ұлттың,
ұлыстың тарихи бір дәуір қолтығындағы
бұйығы; бұлқынған болмысы – бәрі, бәрі
қамтылады. Шығармашылықтың төзім тауысар азабы
да, сезім шалқытар рахаты да назарда.
Рымғали
Нұрғали шығармадағы сұлулықты сөзден
кесте төгіп отырып шалқыта саралайды.
«Абай жолының»
сөз өрнегіндегі өзгеше машығын, өзіндік
ағыс-дариясын айқындай түсуде алдыға жан салмастай
үздік құштарлықпен, саралау, жинақтаудың
озық үлгілері дәстүріндегі, жаңашыл, бастамашыл
қисындаулармен жазылған бұл қазақ әдебиеттану
ғылымындағы Рымғали Нұрғали зерттеу
мектебінің бір дәйегі.
Құрсауда
қалған елдік рух сілкініп қайта бас көтеріп,
ата-бабалар тарихы жадымызды қозғап, қанымызды қыздыра
бастаған қазіргі дәуірде «Абай жолындай» асыл дүниені
және бір салмақтап отырып, жалпыадамзаттық көркемдік
таным үдесінде ой қорытқан академик Рымғали
Нұрғалидың аталған толғамы Мұхтар
Әуезов мұрасының ұлттық мұраттармен
суарылған құндылығын ендігі ұрпаққа
аманат етуді көздейтіндей.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі
1. Әуезов
М. «Абай жолы» роман-эпопея. – Алматы: «Жазушы» 2009
2. Нұрғали Р. Әуезов және Алаш. – Алматы:
Санат., 1997-303 б.
Резюме
Рассмотрены вопросы
современного Ауезоведение, проблемы художественного анализа романа – эпопеи
«Путь Абая» в исследованиях академика Р. Нургали.
Summary
The
problems of modern Auezovedenie, issues of artistic analysis of the novel - the
epic "Abai's Way" in academic studies R. Nurgali.
Адрес
профессора
Мадибаева
К., г Алматы, Мамыр-7, дом-11, кв.15, 050036