Батыргалиева Дана Нуркановна
Қазақ
гуманитарлы-заң университетінің 1-курс магистранты
Құқықбұзушылық
үшін мемлекет пен жеке тұлғаны халықаралық
құқықта жауапкершілікке тарту
Кез келген құқықтық жүйеде
жауапкершілік негізгі мәселелердің қатарында. Ол
жүйенің ұйымдастырылауы мен бірлігіне қызмет етеді
және оның даму деңгейін де көрсетеді. Жауапкершілік
құқық концепциясы негізінде жатқан заңи
табиғатын паш етеді.
Жауапкершіліктің халықаралық
құқықта да маңыздылығы жоғары.
Өзімізге белгілі, мемлекетішілік құқықты
бұзу жағдайлары көп жағдайда белгісіз болып немесе
оларды істегендер табылмайтын болып жатады. Ал халықаралық
құқықта мұндай жағдай жоқтың
қасы деуге болады, сондықтан да оған ерекше маңыз
беріледі. Оны «omnia delicta in aperto leviora sunt» немесе «ашық
түрде жасалған барлық
құқықбұзушылықтардың
қауіптілігі төмен» деген даналықпен дәлелдеуге болады.
Дегенмен, қазіргі таңда халықаралық
қылмыстардың қауіптілігі өте жоғары және
ондай халықаралық деңгейдегі
құқықбұзушылықтармен бір ғана
мемлекеттің күресе алмайтынын, адамзат қауіпсіздігі мен
бейбітшілікті бірлесіп қамтамасыз етуі керектігін әлем мемлекеттері
мойындап отыр.
Адамзат ХХ
ғасырда екі бірдей Дүниежүзілік соғысты,
экологиялық қақтығыстарды басынан кешіріп, жаңа
ғасырға, жаһандану кезеңіне өзінің
бұрынғы әлеуметтік ауруларын, солардың ішінде
қылмыстылық және онымен байланысты терроризм,
нашақорлық, сыбайлас жемқорлық, есірткі
заттарының тасымалы, адамды саудаға салу мен өзге де адамды
заңсыз пайдалану сияқты ең қауіпті
құбылыстарды алып кірді [1, 5].
Осыған орай
халықаралық құқық саласындағы
еңбектерде халықаралық
құқықтағы мемлекеттер мен жеке
тұлғалардың жауапкершілігінің құқықтық
негіздерін қалыптастыруға ұмтылыс байқала бастады.
Бұл мақсатта
халықаралық жауапкершілік мәселесін заманауи
тұрғыда реттеуге БҰҰ Бас Ассамблеясының 12
желтоқсан 2001 жылғы Резолюциясында жүзеге асыруға
талпыныс танытты. Резолюцияға «Мемлекеттердің халықаралық
құқықтық іс-әрекетттері үшін
мемлекеттердің жауапкершілігі» атты Қосымша құжат
бекітілді. Бұл құжат халықаралық
құқық Комиссиясының дайындалған жобалар мен
әлемдік саяси және құқықтық
әдебиеттерді саралаған көпжылдық еңбегінің
жемісі болатын.
Бүгінгі
таңда аталған институттың негізгі проблемасы
халықаралық құқықта мемлекеттер мен жеке
тұлғалардың халықаралық жауапкершіліктің
негізгі принципиалды ережелерін белгілеу мен нақты көрсетуге келіп
тіреледі. Ол өз кезегінде мемлекеттердің ішкі
құқығындағы жауапкершілік институты теориясына да
әсерін тигізеді.
Нәтижесінде
бұл институтты жетілдірудің маңызды қадамы ретінде
халықаралық құқықтың императивтік
нормаларын бұзушылықтар үшін жауапкершілік категориясын
енгізуді атауға болады. Ия, дегенмен осы жерде мемлекеттер мен жеке
тұлғалардың халықаралық
құқықтағы жауапкершілігі институтының
өте баяу дамып келе жатқаны дамушы мемлекеттер мен оның
тұрғындарының өміріне теріс әсерін тигізіп
отырғанын ғалымдардың еңбектерінде жан-жақты
жазылған [2, 12].
Тек ХХ
ғасырдың ортасынан бастап халықаралық құқық
бұзушылық үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу,
яғни осы әрекеттерді криминализациялау халықаралық
құқық бойынша жеке тұлғалардың
жауапкершілік институтын дамытудың нәтижесі болып табылады. Jus
gentium ретінде пайда болған және дамыған классикалық
халықаралық құқық тек мемлекетаралық
және мемлекет тектес құрылымдардың арасындағы
қатынастарды реттеді; кейінірек халықаралық
құқық субъектілері арасында халықаралық
ұйымдар пайда болды. Жеке тұлғалар халықаралық
құқықтың субъектісі ретінде қарастырылмады
және мемлекеттердің халықаралық
ынтымақтастығының «бенефициарилері» ретінде
қарастырылып, мемлекеттердің бақылауында болды [3, 18].
Халықаралық
құқық бойынша еңбектер мен
халықаралық құжаттарға жүргізілген талдау
мемлекеттердің жауапкершілігі халықаралық ұйымдар
жауапкершілігінен, содан кейін жеке тұлғалардың
жауапкершілігінен бұрынырақ пайда болған және
ғылыми тұрғыда негізделгенін көрсетті. Бұл
заңды да, өйткені мемлекет жауапкершілігін бекітіп алғаннан
кейін қалған субъектілердің жауапкершілігін тану жеңіл
әрі қылмыстардың
(құқықбұзушылықтардың)
құрамдары да салыстырмалы түрде дайын болды. Аталған
қосымша құжатта көптеген жалпы ережелер болды және оларды аналогия бойынша
халықаралық ұйымдарға, кейбір ережелерін жеке
тұлғаларға да қолдануға мүмкіндік беретін.
Бұл құжат барлық субъектілерге бір мезгілде және
бір кезеңде қиын құжатты қабылдауды кейінге
қалдыруға әсерін де тигізетін еді. Кейбір ережелер деп
отырғанымыз, лауазымды адамның қылмысы мемлекетті
қылмыстық іс әрекет үшін немесе оны жасаудың
алдын ала алмағаны үшін жауапкершілікке тартуға әкелетінін
бекіткен. Ал
құжаттағы кейбір ережелер мемлекет атынан әрекет ететін
лауазымды тұлғалардың халықаралық
құқықтағы жеке жауапкершілігіне таратылмайтын.
Сондай-ақ заңды қызметпен келтірілген тәуекел
үшін халықаралық жауапкершілікке баптардың күші
жүрмейтінін бекітті.
Мемлекеттердің
халықаралық жауапкершілігіне қатысты жалпы сипаттағы
баптарды бекітуінен халықаралық
құқықтың прогрессивтік дамуына әрі
қарай жол ашып берді. Бұған қатысты француз профессоры
П.-М.Дюпюи «Международное право ответственности государств: революция или
эволюция?» атты мақаласында былайша қорытындылайды:
«Мемлекеттердің халықаралық
құқықтағы жауапкершігін бекіту аурудың
белгісі емес, керісінше оның өмірлік күші мен пісіп
жетілгендігінің көрінісі» [4, 106].
Олай болса,
мемлекеттердің халықаралық
құқықтағы жауапкершілігін
құқықтық тұрғыда негіздеудің
іргетасы қаланды және БҰҰ халықаралық
комиссиясының құжаты саяси сипатта болғанымен,
әлемдік қауымдастықты халықаралық жауапкершілікті
кодификациялауға негіз берді.
Мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарды, жеке
тұлғаларды жауапкершілікке тартудың басты принципі болып
халықаралық құқықтың әрбір
субъектісі өздері істеген халықаралық құқыққа
қайшы іс әрекеттері үшін жауапкершілікке тартылады немесе
субъектінің жеке жауаптылық қағидасы бойынша
жауапкершілік көтеретінін бекітіп берді. Бұл біреу істеген
әрекет үшін басқа біреу жауап бермейді (nemo punitur pro
alieno delicto) деген қағидаға да сай келеді. Тағы бір қағида, халықаралық тәжірибеде
бұрыннан мемлекеттердің егеменді теңдігі қағидасы
«өз территориясын басқа мемлекеттердің
құқығын бұзатын әрекеттер үшін
қолдануға рұқсат етпеу» міндеттемесін қосады. Мұнда өзінікін
басқаларға зиян келтірмейтіндей қолдану деген
құқықтың жалпы қағидасы көрініс
табады (sic uti suo ut non laedat alienum).
Мемлекеттер жауапкершілігіне Құжаттың 56 бабы:
«Қолданыстағы баптармен реттелмейтін мемлекет жауапкершілігі
туралы» бабы арналған.
Құжаттағы мұндай шешім
құқықтық және тәжірибелік
көзқарас жағынан жалғыз мүмкін болатын шешім
болып табылады. Керісінше жағдайда жауапкершілік туралы баптар белгісіз
мәртебеге ие болар еді. Қарастырылып отырған бап тағы
да екі қызмет атқаратынын айта кету қажет. Ол берілген
баптармен шешілмейтін мәселелерге келгенде мемлекеттер жауапкершілігіне
қатысты халықаралық құқық нормаларын сақтайды. Бапта «халықаралық
құқық нормалары» туралы айтылады. Бұл
ұғым тек жалпы халықаралық
құқық нормаларын ғана емес, келісімшарттық
нормаларды да қамтиды.
Тағы бір қызметі халықаралық жауапкершілік
құқығымен емес, халықаралық
құқықтың басқа салаларымен реттелетін
халықаралық міндеттемелерді бұзудың
құқықтық нәтижелерін мойындауда жатыр.
Бұған қатысты мысалы, бұзылған келісім
шарттың нәтижелері және т.б. анықтайтын
халықаралық келісім-шарттар көрсетіледі.
Қандай да бір ұйым мүшесінің әрекеті болып
табылмайтын әрекет үшін мемлекет жауап бермейді, ол жеке өз
әрекеті үшін жауапкершілікке тартылды.
Бұл мәселе бойынша түсіндірмеде: «мемлекет
халықаралық ұйым атынан, бірақ өз
басшылығындағы органдар арқылы әрекет еткенде
мұндай әрекет мемлекеттің жеке әрекеті болып табылады
және оған қолданыстағы баптар қамтитын салалар
таралады. Кез-келген басқа жағдайда мемлекет егер ол
халықаралық ұйым атынан жұмыс істемесе мұндай
әрекет жасамайтын еді немесе ол халықаралық міндеттемелерге
қарамастан халықаралық ұйым атынан жұмыс істеді
деген сылтаумен өзін мемлекеттер жауапкершілігі
құқығын қамтитын салалардан шығаруы тиіс
дегенді білдіретін еді». Мұндай жағдайға негіздемеге және
тәжірибелік мәніне мемлекеттердің Солтүстікатлант
келісім шарт ұйымы жауапкершілігіне байланысты бірнеше мәрте
туындаған жағдайды келтіруге болады.
Егер халықаралық құқық
бұзушылық әрекетті іске асыру үшін бір мемлекет екінші
мемлекетке көмектесті деп танылса, соңғы мемлекеттің
жасаған әрекеті жеке өзі жасалғанда
халықаралық міндеттемені бұзбаса да халықаралық
құқық бұзушылық әрекет болып
табылады.
Бұл жағдайда мұндай бапты қабылдай отырып
халықаралық құқық Комиссиясының
мүшелері бір мемлекеттің басқа бір мемлекеттің
халықаралық құқық бұзушылық
әркетіне қатысуын нақты көрсетті.
Ал 58 баптағы ереже жеке жауапкершілікке арналған. Бап
толықтай халықаралық құқық бойынша
жеке тұлғалардың жауапкершілігіне емес, тек қана
мемлекет атынан жұмыс істейтін тұлғаларға
қатысты. «Жеке жауапкершілік» термині жалпы қабылданған
және Халықаралық қылмыстық сот Статутын
қоса құқықтық актілерде қолданылады.
Жеке тұлғалар, мемлекеттің лауазымды
тұлғаларымен қоса халықаралық
құқық бойынша жауапкершілікке тартылу
қағидасы Нюрнберг және Токия әскери трибуналдарының
жарғыларында орын алып, 1946 жылдың 11 желтоқсанында
БҰҰ Бас Ассамблеяның резолюциясымен бекітілді. Бұл
қағида осы трибуналдар үкімдерінде, сонымен қатар,
бұрынғы Югославия және Руанда трибуналдарының
үкімдерінде іске асырылды. Оның мәні қолданыстағы
әмбебап қағида ретінде қылмыстық соттың
Халықаралық Статусымен бекітілді. Қазіргі уақытқа
дейін бұл қағида қылмыстық жауапкершілікке
қатысты қолданылды. Алайда ол жеке тұлғалардың
азаматтық-құқықтық жауапкершілігіне,
негізінде шығынды өтеу жағынан таралады. Осылайша, қинау және басқа да
қатыгез, рақымсыз немесе ар-намысты кемсітетін әрекеттер мен
жазаларға қарсы Конвенция 1984 ж. жәбір шегушілерге
қиыншылықтарын өтеуді ескереді (14 бап). Мұндай
жауапкершілік толықтай «жеке жауапкершілік» жайлы баппен қамтылған.
Лауазымдық тұлғалар жасайтын қылмыстар мемлекет
жауапкершілігімен белгілі бір байланыста болады. Әдетте мұндай
жағдайларда мемлекет өзінің лауазымдық
тұлғаларының әрекеттері немесе оларды
тоқтатпағаны, ол әрекеттеріне жазаланбағаны үшін
жауапты болады. Алайда мұндай жағдайларда мемлекет жауапкершілігі
жеке жауапкершіліктен ерекшеленеді.
Мемлекеттің лауазымды тұлғаларының жазалануы оны
жеке жауапкершіліктен босатылмайтынын бекіткен. Халықаралық
қылмыстық соттың Статутында «жеке қылмыстық
жауапкершілікке қатысты қолданыстағы Статуттың
бірде-бір ережесі халықаралық құқық бойынша
мемлекет жауапкершілігіне әсер етпейді» (25.4 бап). Басқа
жағынан лауазымдық тұлғалар өздері жасаған
құқық бұзушылықтарын ақтау үшін
мемлекетке сілтей алмайды.
Сонымен қатар, жобаны БҰҰ Бас Ассамблеясының
Алтыншы комитетінде талқылау кезінде кейбір делегациялар баптың
қолайлылығы туралы мәлімдеді. Шараларды тексеру режимі
БҰҰ Жарғысының VII бөлімі бойынша
Қауіпсіздік Кеңесінің өкілеттігіне қол сұғушылық
ретінде қарастырылмауы тиіс екені және баптың жобасы
бұған қатысты қажетті кепілдіктерді қамтамасыз
ететіні атап өтілді.
Ал халықаралық құқыққа
қайшы іс-әрекет бірнеше субъектілердің өзара
арақатынасынсыз кейде мүмкін емес. Арақатынастары
тереңдеген сайын олардың сыбайласып жасайтын
құқықбұзушылықтарының да саны арта
түседі. Мемлекеттердің сыбайластығы олардың тікелей
қатысуымен немесе халықаралық ұйым немесе орган
шеңберінде де қатысты болуы мүмкін. Ол кезде ұйымдар
мен мүше мемлекеттердің жауапкершілігі жайлы мәселе
туындайды. Және де Р.Аго халықаралық
құқықтың Комиссия мүшелері мемлекеттер
сыбайластығының нақты жағдайларына тоқталып,
мысалға, мемлекет өз территориясын үшінші мемлекетке
қастандық жасау немесе оны жеңілдету мақсатында
басқа мемлекеттің қарамағына беруін келтірген еді [5]
Бір мемлекеттің басқа мемлекеттің атынан
құқықбұзушылық жасап әрекет ету
жағдайлары да практикада белгілі. Мәселен, Австралия, Жаңа
Зеландия мен Ұлыбритания бірлесіп Науруға қатысты
қорғаншылық әрекет еткен. Наурудағы кейбір фосфат
өндіріс орындары жайлы істі қарау барысында Халықаралық
Сот үш елдің атынан
әрекет еткен тек қана Австралияны жауапкер ретінде таныды. Австралияның әрекеті үш
мемлекеттің бір мемлекеттің аумағын өз атынан
және өзге мемлекеттер атынан басқару үшін ортақ
әрекеті деп бағаланды [6, 17].
Ұзақ уақыт бойы халықаралық
құқықта жеке тұлғалардың
жағдайы туралы жалғыз ережеден ауытқу –
«қарақшылық» болды. Қарақшылар hostes humani
generis – барлық адамзаттың дұшпаны деп саналды және
әлемнің барлық мемлекеттері қарақшылардың
азаматтығына және олардың құрбандарына
қарамастан кінәлілерді жазалап және табуға
құқылы болды. Сонымен қатар халықаралық
құқық жеке тұлғаларға
қылмыстық тәртіпті бұзудан ұлттық
заңнама арқылы емес, тікелей міндеттеме жүктеді.
Қарақшылықтың ізіне түсуді
халықаралық реттеуді бағалай отырып,
қарақшылардың өз қылмыстарын қандай да бір
мемлекеттің территориясынан тыс – ашық теңізде жасайтынын
атап өту керек, сондықтан осындай әрекеттер үшін
жауапкершілікті реттеумен халықаралық
құқықтың айналысқаны орынды [7, 21].
XIX ғасырдың аяғында басталған және XX
ғасырдағы екі дүниежүзілік соғыста шегіне жеткен
мемлекетаралық қарулы қақтығыстар әкеп
соққан ауыр салдардың тоқтамай өсуі
халықаралық құқықты мемлекеттермен
қатар жеке тұлғаларға бас бұруға
міндеттеді. Біріншіден, тікелей жеке тұлғаларға
бағытталған және бүкіл халықаралық
қауымдастықтың қарсылығын тудырған
әрекеттер жасағаны үшін жауапкершілікті жүктейтін
халықаралық құқық нормалары пайда болды.
Екіншіден, негізгі адам құқығының институты
халықаралық-құқықтық сипатқа ие
болды. Үшіншіден, халықаралық
құқыққа сәйкес кінәлі жеке
тұлғалар жауапкершілігі құқық бұзушы
мемлекеттің ұлттық құқығына
бағынбайтынын бекітті.
Ю.М. Рыбаков «әлемге қарсы қылмыс жасаған жеке
тұлғаларды агрессор мемлекеттің юрисдикциясынан алу ол
жасаған агрессияға байланысты оның егемендігіне шектеу
қою, яғни сәйкесінше агрессия үшін оның саяси
жауапкершілігінің бір түрін шектеу формасы болып табылады» деп
жазады. Бұл пікірді Л. Н. Галенская және Ю.В. Петровский де
айтқан: «...жеке тұлғалар жауапкершілігі мемлекет
жауапкершілігін көрсету ретінде, саяси жауапкершіліктің бір формасы
ретінде шығады» [8, 46].
Сондықтан
Р. Аго өзінің
БҰҰ халықаралық құқық
комиссиясындағы баяндамасында «Мемлекетке меншіктелген
құқық – халықаралық қылмысын
жасаған тұлғаларды жазалау міндетінде жауапкершіліктің
«ерекше формасын» көру қате болар еді» деп айтқан. Сондай
ақ, «агрессиялық соғыс немесе геноцид саясатын
жүргізген мемлекеттік аппарат басында тұрған
тұлғаларды жазалау, мемлекеттің өзін халықаралық
жауапкершіліктен босатпайды» деп дұрыс жазған. Және де
халықаралық құқық Комиссиясы мүшелері
мемлекеттер сыбайластығының нақты жағдайларына
тоқталып, мысалға, мемлекет өз территориясын үшінші
мемлекетке қастандық жасау немесе оны жеңілдету
мақсатында басқа мемлекеттің қарамағына беруін
келтірген еді [9, 116].
Бұл жерде мемлекет жасаған халықаралық
қылмысқа кінәлі жеке тұлғалар
халықаралық қылмыстық жауапкершілікке тартылады деп
айтсақ дұрысырақ болады. Құқық
бұзушы мемлекет саяси және материалдық жауапкершіліктің
басқа формаларына тартылуы тиіс. Әлемге және
қауіпсіздікке қарсы Қылмыс Кодексі жобасында 3 және 5
баптары да келтірілген тезисті растайды.
Жеке тұлғалардың халықаралық
қылмыстық жауапкершілігі – бұл егемендікті шектеумен
көрсетілетін мемлекет жауапкершілігінің формасы деген фактіден
нақты индивидтердің халықаралық-құқықтық
жауапкершілігін іске асыру мүмкіндігі шығады. Мемлекет егемендігін
былай шектеу оның саяси жауапкершілігінің формасы болып жеке
тұлғалар жауапкершілігінің қажетті шарты қызметін
атқарады.
Жеке тұлғалардың халықаралық
қылмыстық жауапкершілінің ерекше белгісі – оның
мемлекеттің халықаралық қылмысымен байланысы.
Соңғысыз алғашқысы да жоқ. Осыған орай,
әрекеттердің екі категориясы – халықаралық
қылмыстар мен халықаралық сипаттағы қылмыстар
арасындағы айырмашылықты айту артық болмас. Бұл екі
құбылысқа мысал ретінде 1973ж. апатеид қылмысын
тоқтату және жазалау туралы Халықаралық конвенцияны
және 1970ж. ауа кемелерін және т.б. заңсыз алу туралы
Конвенцияны келтіреді.
Алайда бұл екі конвенцияда әр түрлі
құбылыстар туралы айтылады. Апартеид — бұл
халықаралық қылмыс, халықаралық сипаттағы
қылмыс емес. Ауа кемелерін заңсыз иемдену – халықаралық
емес, халықаралық сипаттағы қылмыс.
Халықаралық сипаттағы қылмыстар – бұл күресу
үшін мемлекеттер бір-бірімен серіктес болатын (есірткімен күресу,
ауа қарақшылығы, порнографиялық басылымдарды
таратужалған тиын шығару және т.б.) жалпы
қылмыстық істер.
Егер халықаралық қылмысты тікелей мемлекет жасаса
және жеке тұлғалардың халықаралық
жауапкершілігі мемлекеттің саяси жауапкершілігінің формасы болса,
онда халықаралық сипаттағы істер негізінде мемлекетпен емес,
жеке тұлғалармен жасалады. Жеке тұлғалар жасаған
халықаралық сипаттағы қылмыс үшін мемлекет
жауапкершілігі тек халықаралық сипаттағы қылмыспен
күресу бойынша өзінің келісімшарттық міндеттемелерін
орындамау немесе бұл қылмыстарға мемлекет органдары (мысалы
арнайы қызмет) тікелей араласқан жағдайда ғана
таралады.
Халықаралық сипаттағы қылмыс жасалуы
жағдайында жауапкершілік режимі халықаралық қылмыс
жасау жағдайындағы жауапкершілік режиміне қарама-қарсы
болып табылады. Халықаралық қылмыс жасалғанда мемлекет
оған тікелей жауап береді. Жеке тұлғалардың
халықаралық қылмыстық жауапкершілігі мемлекет
жауапкершілігінің формасы мен нәтижесі ретінде шығады.
Халықаралық сипаттағы қылмыстар жасағаны
үшін жеке тұлғалар тікелей өздері жауап береді.
Халықаралық қылмыс жасауда кінәлі жеке
тұлғалар жауапкершілігі тек халықаралық трибуналдарда
ғана емес, ұлттық сот алдын да өткізіле алады.
П.С. Ромашкин «агрессияға
және әскери қылмыстарға кінәлі
тұлғалардың халықаралық қылмыстық
жауапкершілігі әр түрлі формада: халықаралық юрисдикция
және ұлттық юрисдикция формаларында өтіп, қазіргі
халықаралық құқықтың жалпы
танылған қағидасы болып табылады».
С. В. Черниченко, мемлекетте жеке тұлғалардың
халықаралық қылмыс жасаған жағдайында
қылмыстық жауапкершілігі туралы халықаралық
құқық нормалары ұлттық
құқық нормалары секілді айналдырылмай, тікелей
қолданылады деген пікір айтады. Нюрнберг Халықаралық
әскери Трибуналындағы негізгі неміс әскерилерінің
жауапкершілігін ол келесідей түсіндіреді: «Нюрнбергтегі сотталушылардың
процессуалдық жағдайы оларға халықаралық
құқық нормаларын, Лондон келісімі қарастыратын
нормаларды тікелей қолдану жолымен анықталады деп есептеуге
болмайды... 1945 ж. 20 желтоқсандағы №10 Германия Бақылау
Кеңесі заңының 1 бабында1943 ж. Мәскеу декларациясы
және 1945ж. Лондон келісімі (Халықаралық әскери
трибунал Жарғысын қосқанда) сол уақытта Герменияда іске
асырылған ішкі құқықтың ажырамас
бөлігін құрайды. Оны төрт ірі мемлекеттердің
Германияға арналған біріккен ішкі құқығы
деп қарауға болады. Ішкі
құқық нормалары ретінде процессуалдық
жағдайды реттеп, сотталушыларға қолданылды».
Мұндай пікір анық емес деген ұғым келеді.
Біріншіден, ХӘТ – этнооккупациялық сот. Бірақ индивид
халықаралық сот алдында жауап бере тұрып оған
халықаралық құқық нормасы неге
қолданыла алмайды? Екіншіден, №10 заң «1943 ж. 30 қазанда
қабылданған Мәскеу декларациясын, 1945 ж. 8 тамызда
қабылданған Лондон келісімін, Халықаралық әскери
трибунал жарғысын іске асыру үшін және Германияда
халықаралық әскери трибанал қудалау жүргізіп
жатқан тұлғалардан бөлек әскери және т.б.
қылмыскерлерді біртекті соттық қудалау
қағидаларын орнату мақсатында» шығарылады деп
қарастырылған. №10 Заңда негізгі әскери
қылмыскерлер туралы емес, оккупациялық ірі мемлекеттердің
әскери трибуналдарымен іске асырылған неміс әскери
қызметкерлерінің процесстері туралы айтылады. Оған қоса, №10 заң,
Нюрнбергте процесс басталған соң бір айдан соң қабылданған.
В.М. Шуршалов аталған тұлғаларға
халықаралық құқық нормаларын
қолдануды басқаша түсіндіреді. Ол жеке тұлға
халықаралық құқық субьектісі болмаса да,
нақты халықаралық құқықтық
қатынастардың субьектісі бола алады деп есептейді. Оның көзқарасынша,
халықаралық құқық субьектісі болу
үшін тікелей халықаралық құқық
нормаларынан шығатын құқықтар мен міндеттерге ие
болу аз. Оған қоса халықаралық
құқық нормаларын құрастыруға
қатысып, олардың орындалуын қамтамасыз ету қажет.
Біздің ойымызша теориялық та тәжірибелік
тұрғыдан да мұндай жағдай мүмкін емес.
Құқық тұлғасы болатын тұлға
қандай да бір нақты құқықтық қатынастар
субьектісі бола алады, себебі соңғыларының қалыптасуы
үшін белгілі бір заңды факт болуы керек. Керісінше, яғни
құқық субьектісі болмай тұрып,
құқықтық қатынас субьектісі болу –
мүмкін емес.
Г.В. Игнатенко, О.И.Тиунов және Д.И. Фельдман халықаралық
құқық субьектілерін «халықаралық
қатынастар аумағында қандай да бір саяси билікке,
халықаралық бір-біріне тәуелсіз, халықаралық
құқықпен бекітілген құқықтар
мен міндеттерді өз бетімен жүзеге асыратын
құқықтық қабілеті бар
құрылымдар» деп келтіреді [10, 148]. Халықаралық
құқық дәстүрлі түрде және
өзінің көп бөлігінде ішкі мемлекеттік
құқықтан нормалардың құрастырушылары
құқықтар мен міндеттерге иелік етушілердің
сәйкес келетіндігімен, яғни олар келісу жолымен өздері
үшін құқықтар мен міндеттер жасайтынымен
ажыратылады. Алайда әдетте мемлекеттер өзара ерікті келісу жолымен
қарым-қатынас реттеу нормаларын емес, жеке не заңды
тұлғаларға, халықаралық ұйымдардың
жеке органдарына, халықаралық үкіметтік емес органдарға
бағытталған нормалар шығарады, ал индивидтер
халықаралық құқықты
құруға тікелей әсер етеді. Көп жағдайда
мұндай нормалар бұл тұлғаларға қатысты
тікелей емес, ішкі мемлекеттік нормалар арқылы жанама әрекет етсе
де, қазіргі кезде көрсетілген тұлғалар мен құрылымдардың
әрекетін халықаралық құқық нормаларымен
тікелей реттеу фактісін жасыра алмаймыз.
Сонда жеке және заңды тұлғалар,
халықаралық үкіметтік емес ұйымдар бұл
жағдайда халықаралық құқық
субьектілері болып табылады ма? Біздің ойымызша ия. Егер
халықаралық құқық субьектісі – бұл
құқықтар мен міндеттердің иесі болса, олар –
субьектілер. Бұл жағдайдан шығу екі ұшті:
халықаралық құқықта
құқық субьектілерінің бір-бірлерінен халықаралық
құқық нормаларын құрастыру
қағидалары мен орнына байланысты ажыратылатын және екеуі де
халықаралық құқық нормаларынан
шығатын құқықтар мен міндеттерді иеленуімен
бірігетін екі категориясы болады. Жеке және заңды
тұлғалар мен үкіметтік емес құрылымдар екінші
деңгейлі халықаралық құқық
субьектілері ретінде оның дестинаторы яғни, халықаралық
құқық бойынша құқықтар мен міндеттерге
ие, оның нормаларын құруға қатысатын, жанама
түрде олардың орындалуын қамтамасыз ететін жеке және
заңды тұлғалар болып шығады.
Жаңа заманның алғашқы концепциясының тарихи
жоспарында жауапкершілік мемлекеттің егемендік билігіндегі
территориялардан шығарылған.
Мемлекет өз территориясында ерекше билікке ие
болғандықтан, ол өз территориясында жасалатын
құқық бұзушылық актілер шегінде ғана
жауапкершілік алады. Бұл концепция өз уақытының негізгі
жауапкершілік мәселесін шешуге шақырылған еді. Бұл
мәселе – мемлекеттің шетел азаматтарына келтірген шығынын
өтеу мәселесі. Ол тікелей басқа мемлекеттің
құқығын бұзатын өз әрекеті үшін
жауапкершілік саласын қамтымады.
Негізінде қазір позитивті халықаралық
құқықта аталған жағдай тек территорияны
әскери қолдануда танылады. Аталған жағдайға 2002
ж. Ресей үкіметі территориясын шешен жауынгерлері Ресей территориясында
қарулы әрекет жасауға дайындалып жатқан қор
ретінде пайдаланған Грузияға наразылық танытып жатқанда
сүйенген. Мемлекеттік территория аумағында басқа мемлекеттерге
зиян келтіруші қызмет түрлеріне келетін болсақ, онда
сәйкес нормалар тек қалыптаса бастайды.
Олай болса, мемлекеттер мен жеке
тұлғалардың халықаралық жауапкершілігін ресми
түрде бекітудің негізі қаланып қойғанын
мойындауымыз қажет. Сондықтан
бүгінгі таңда халықаралық жауапкершілік
институтының негізгі проблемасы халықаралық
құқықта мемлекеттер мен жеке
тұлғалардың халықаралық жауапкершілігі
механизмдерінің негізгі принципиалды ережелерін белгілеу мен нақты
көрсетуге келіп тіреледі. Және жауапкершілікке тартуда қолданылатын негізгі
қағидаларға «халықаралық
құқықтың әрбір субъектісі өздері
істеген халықаралық құқыққа
қайшы іс әрекеттері үшін жауапкершілікке тартылады немесе
субъектінің жеке жауаптылық қағидасы бойынша
жауапкершілік көтеретіндігі» (nemo punitur pro alieno delicto) және
«өз территориясын басқа мемлекеттердің
құқығын бұзатын әрекеттер үшін
қолдануға рұқсат етпеу» міндеттемесі (sic uti suo ut non laedat alienum) жатады.
Пайдаланған
әдебиеттер:
1 Овчинский В.С. ХХІ век против мафии. -М., Инфра-М,
2001. -148с.
2 Левин
Д.Б. Ответственность государств в современном международном праве. -М., 1966.
С. 12.
3 Лукашук И.И. Международное право. Общая часть:
Учебник. - М.: Издательство БЕК, 2001. – 432 с.
4 Dupuy P.-M.
The International Law of State Responsibility: Revolution or Evolution?//Mich.
JIL. 1990. No. 1. P. 106.
5 Еж. КМП. 1962. Т. I. Заседание
634. П. 52
6 Ушаков Н.А. Основания
международной ответственности государств. М., 1983. Гл. VI;
7 Лукашук И.И, Наумов А.В. Международное уголовное право: Учебник. -М.:
Спарк, 1999. 287 с.
8 Галенская
Л.Н. Право убежища. -М., Международное отн, 1968. -С. 79.-160с.
9 Ушаков Н.А. Основания
международной ответственности государств. М., 1983. С. 116.
10
Международное право. Учебник для вузов. Отв.ред. Г.В.Игнатенко, О.И.Тиунов, Д.И. Фельдман.-М.:Норма-Инфра-М.,1999.-584с.