Ключевые проблемы современной науки/ ПРАВО. История государства и права
Қасымбек Алия
Орынбасарқызы, аға оқытушы
Абай атындағы
ҚазҰПУ Құқық және экономика институты
Қазақстан Республикасында
әлеуметтік құқықтардың конституциялық
негіздері
ХІХ ғасырдың соңында адам
құқықтарының тұжырымдамасындағы
азаматтық және саяси құқықтар
әлеуметтік-экономикалық құқықтармен
толықтырылды. Себебі әркімге тумысынан берілетін
бостандықтың жалпы игілікті өмірді қамтамасыз ете
алмағандығын; аш-жалаңаш, сауатсыз адамға ой, сөз
бостандығының түкке де қажеті жоқ екенін
және оның салдары қоғам, мемлекет үшін
қауіпті екенін тарихтың өзі бірнеше рет дәлелдеген
болатын. Осыдан кейін адамдардың «бірдеме істеу
құқығына» «бірдеме алу құқығы»
қосылды, басқаша айтқанда азаматтар әрекет ету
мүмкіндігімен қатар тұтыну мүмкіндігіне ие болды.
Сонымен қатар, ғылыми-техникалық
прогрестің нәтижесіндегі адам факторының
маңыздылығының артуы да – адамдардың
қажеттіліктерін барынша ескерудің, олардың іәлеуметтік құқықтарын
мойындап, мемлекеттің әлеуметтік функцияны жүзеге асыру
қажеттілігін туғызды.
Алайда, ұзақ жылдар бойы, дәлірек
айтқанда ХХ ғасырдың басына дейін әлеуметтік
құқықтар конституциялық нормалардан көрініс
таппай келді. Себебі адамның жеке бостандығын бәрінен
жоғары қоятын либерализмнің жақтаушылары
бұған қарсы болды.
Әлеуметтік құқықтарды
алғаш болып бекіткен 1917 ж. Мексика конституциясы мен 1919 ж.
Германияның Веймар конституциясы болды. Ал ХХ ғасырдың
ортасында әлеуметтік құқықтар туралы нормалар
еуропалық мемлекеттердің конституцияларының
көпшілігінен көрініс тапты. Бұл әлеуметтік
құқықтардың жеке адамның
құқықтық мәртебесінің
негіздерінің бірі екендігін түпкілікті мойындалғандығын
дәлелдей түсті.
Заң әдебиеттеріндегі қалыптасқан
дәстүр бойынша әлеуметтік құқықтар
адам құқықтарның екінші тізбегіне жатады. Егер
адам құқықтарының бірінші тізбегі, яғни
азаматтық және саяси құқықтардың
жүзеге асырылуына мемлекет араласпайтын болса, керісінше әлеуметтік
құқықтардың жүзеге асырылуы
азаматтарға лайықты өмір сүру деңгейін және
басқа да игіліктерді қамтамасыз етуде мемлекеттің белсенді
әрекеттерін қажет етеді.
Азаматтық және саяси
құқықтар либералды қоғамның
құндылықтарын көрсететін болса,
әлеуметтік-экономикалық құқықтар
әлеуметтік бағыттағы мемлекеттің
құндылықтарын көрсетеді. Дегенмен бұлар «бөлінбейтін
және өзара байланысты құқықтар, себебі бір
саладығы прогресс, өзгелеріндегі де прогреске жетелейді, ал
біреулерінің бұзылуы мен артта қалушылығы
өзгелерінің де құлдырау себебіне айналады»[1].
Бұл құқықтардың
конституцияларда бірге көрініс табуы әлеуметтік қорғау
мен жеке бостандықтың, мұқтаж адамдарға
қолдау көрсету мен экономикалық тиімділіктің,
әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мен қарқынды
түрде дамудың жағдайларын жасаудың арасындағы
ортақ жолды табу мәселесін тудырады.
Дамыған нарықтық экономикалы,
демократиялық басқару нысанындағы әлемнің
алдыңғы қатарлы мемлекеттері бұл мәселені
адамның ажыратылмас құқықтары мен
бостандықтары тұрғысынан шешіп отыр. Ал енді бұл
мәселенің қазіргі таңдағы
Қазақстандағы жағдайына тоқталар болсақ,
ең алдымен әлеуметтік құқықтардың
еліміз тарихындағы конституцияларда бекітілуіне талдау жасау қажет.
Қазақ АКСР Кеңестерінің ІV съезінде
Қазақстанның бірінші Конституциясының жобасы
талқыланып, құпталған болатын. Қазақ
Орталық Атқару Комитеті 1926 жылдың ақпанында
Қазақ АКСР Конституциясын қабылдау туралы қаулы
шығарды. Ресей Федерациясының Конституциясы бойынша
автономиялық республикалардың конституциялары Бүкілресейлік
Орталық Атқару Комитеті бекіткеннен кейін ғана заңды
күшіне енетін. Қазақ АКСР Конституциясы заңды
түрде жоқ сияқты болатын[2], бірақта
Конституцияның нормалары феодализмнен социализмге өтудегі
өтпелі кезеңнің міндеттеріне сай еді.
Жалпы сол кездегі кеңес өкіметінің
алдында адам құқықтарынан басқа басымдықтар
мен міндеттер тұрғандықтан Конституцияда әлеуметтік
құқықтарға онша көңіл аударылмады.
Онда тек – жан-жақты және тегін білім алу (5(е); еңбек ету
міндеті (5(д); денсаулық сақтау (5(ж); еңбекті қорғау
және әлеуметтік қамсыздандыру[3]
құқықтары жарияланды.
Қазақ КСР-нің екінші Конституциясы 1937
жылдың 26 наурызында Кеңестердің Х
бүкілқазақтық съезімен қабылданды. Бұл
құжатты КСРО-ның 1936 жылғы қабылданған
Конституциясының көшірмесі деп айтуға болады. Конституция
мынадай әлеуметтік құқықтарды бекітеді:
азаматтардың еңбек етуге, яғни еңбегінің көлемі
мен сапасына лайық ақысы бар кепілденген жұмыс алу
құқығы (96 б.); тынығу
құқығы (97 б.); қартайғанда және
ауырып не жұмысқа жарамай қалғанда жәрдем алып
қамтамасыз етілу құқығы (98 б.); білім алу
құқығы (99 б.)[4].
Социалистік типтегі Қазақстанның соңғы
Конституциясы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің
кезектен тыс жетінші сессиясында 1978 ж. 20 сәуірінде қабылданды.
Бұл құжат та КСРО-ның 1977 ж. Қабылданған
Конституциясының ережелерін жаңғырта қайталайды.
Дегенмен Қазақ КСР-нің 1937 ж. Конституциясымен салыстырғанда
көптеген құқықтардың мазмұнының
кеңейіп, жаңа әлеуметтік
құқықтардың бекітілуімен қатар
сапалық өзгерістің болғанын да
аңғаруға болады. Мәселен еңбек ету
құқығы тек кепілді жұмыс алу
құқығын ғана емес, сонымен қатар
қабілетіне, біліміне, кәсіптік даярлығына сәйкес
мамандықты, кәсіп түрі мен жұмыс түрін
таңдап алу құқығын да қамтыды. Сонымен
бірге әлеуметтік құқықтардың қатары денсаулығын
сақтау (40 б.) және тұрғын үй алу
құқықтарымен(42 б.) толықтырылды.
Жалпы Кеңес өкіметінің өмір
сүрген алғашқы жылдарынан бастап әлеуметтік
құқықтардың бекітілуі мен дамытылуына ерекше
көңіл бөлініп, тіптен алдыңғы қатарлы
мемлекеттердің әлеуметтік кепілдерінің жүйесінен басым
түскен болатын. Бірақта шынтуайтына келгенде, кеңестік
Конституцияларда жарияланған әлеуметтік
құқықтар сыртқы пішіні бойынша ғана
Халықаралық құқық нормаларына сай болып,
ішкі мәні мен мазмұны, қоғамдағы рөлі мен
тудырған салдары әртүрлі болды. Нақтырақ
тоқталатын болсақ, ең алдымен кеңестік конституцияларда
жеке меншік құқығы танылмады. Бұл өз
кезегінде еңбек нарығында мемлекетті монополистке айналдырып, адамдарда
тоғышарлық сананы қалыптастырды. Екіншіден, әлеуметтік
құқықтар күрделі, жартылай жасырын және
соттық қорғауға алынбаған жеңілдіктер мен
артықшылықтар жүйесі арқылы жүзеге асырылды.
Тіптен, кеңестік дәуірдегі заң әдебиеттерінде негізгі
әлеуметтік құқықтардың сот арқылы
қорғалу мәселесі мүлдем қарастырылмаған
болатын.
Тәуелсіз Қазақстанның
тұңғыш Конституциясы 1993 жылдың 28
қаңтарында қабылданды. Бұл қандай да бір
идеологиядан аластатылған, жаңа мемлекеттік құрылысты
нығайту барысында бірегей маңызға ие мүлде жаңа
Конституция еді. Мемлекеттің аса маңызды құжаты болып
табылатын бұл конституцияның өркениеттілік
тұрғысынан алғандағы қол жеткізген
жетістіктерімен қатар қоғам өмірінің талаптарына
сай келмейтін тұстары да болды.
Алдымен жетістігіне тоқталсақ. Адам
құқықтары саласында бұл құжат
бірқатар түбегейлі бұрын-соңды болмаған
жаңа ережелерді бекітті. Қазақстан Республикасы адамды,
оның өмірін, бостандығы мен ажырамас
құқығын ең қымбат қазына деп танып,
ол «өз қызметін азамат пен қоғам мүдделері
үшін жүзеге асыратындығы» туралы өзіне
конституциялық міндеттеме алды.
«Адам құқықтары» категориясы
алғаш рет конституциялық деңгейде танылды. Ал Кеңестік
құқықтық доктринада «адам, оның
құқықтары» құқықтық,
саяси тұстарда өзіндік мәні бар категория ретінде мойындалмай,
конституцияларда бұл «жұмысшылар», «азаматтар» деген
әлеуметтік-таптық ұғымдармен алмастырылған
болатын.
Сонымен қатар 1993 ж. Конституция ата заңда
бекітілген құқықтар мен босстандықтардың
тікіелей қолданылатынын және олардың сот арқылы
қорғалатынын жария етті. [4]
Әлеуметтік
құқықтардың қатары азаматтардың
жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуы (19 б.);
заңда бекітілген ең төменгі мөлшерден кем болмайтын
еңбекақы алу (19 б.); ереуіл жасау (20 б.); өмір сүру
мен денсаулыққа қолайлы қоршаған ортада
тұру (26 б.); құқықтарымен толықтырылды.
1993 жылғы Конституция тәуелсіз жас
Қазақстанның ең алдымен жалпы адамзаттық
құндылықтарды басым етіп қоятын мемлекет екенін
әлемге паш етті. Мұның барлығы оның тарихи
маңызға ие құжат екенін көрсетеді.
Дегенмен, жаңа мемлекеттің даму
қажеттіліктеріне, либералды-демократиялық ойлардың
қағидаларына, әлеуметтік нарықтық
экономиканың талаптарына сай келетін конституциялық нормаларды
тұжырымдай алмағанын да жоққа шығара алмаймыз.
Әрине мұндай кемшіліктер заңды да. Жалпы
бір-біріне қарама-қайшы мемлекеттің бір типінен екінші типіне
ауысу, қоғамның санасын өзгерту ұзақ
уақытты қажет ететін күрделі мәселе.
Тәуесіздіктің алғашқы жылдарында мемлекетіміздің
алдында нақ осындай жағдай тұрды. Социалистік
көзқарастар мен деялар кеше ғана кеңес
өкіметінің, тәуелсіздік алғаннан кейін
«Қазақстан Республикасының» деп аталатын Жоғарғы
Кеңесімен қабылданған Конституцияға әсер етпеуі мүмкін
емес еді.
Жоғары Кеңес жаңа ата заңда 1978
ж. Қазақ КСР-нің Конституциясындағы жарияланған
әлеуметтік құқықтардың барлығын
дерлік бекіте отырып, бұрынғы социалистік сарынға сай
жүзеге асырылуы мемлекеттің шынайы экономикалық
мүмкіндіктеріне сай келмейтін еңбекке, білім беруге,
тұрғын үйге және басқа да
құқықтарға қатысты бос уәделерді
бекітті. Ал бұл еркін нарықтық қатынастардың
дамуын тежеді. Әлеуметтік құқықтарға
қатысты конституциялық нормалар әркімге емес тек
азаматтарға ғана бағытталды.
Тәуелсіз Қазақстанның
қолданыстағы қазіргі Конституциясы 1995 жылдың 30
тамызында бүкілхалықтық референдуммен қабылданды. Онда
1993 ж. Конституцияның қол жеткізген жетістіктері
өзінің жалғасын тауып, әлеуметтік бағыттағы
нарықтық экономиканы ұстанған
либералды-демократиялық қоғамның ең маңызды
қағидалары бекітілді.
Жаңа конституция адам мен азаматтың
халықаралық қағидалар мен стандарттарға сай
құқықтары мен бостандықтарының кең
тізімін бекітті. Бұл құқықтар мен
бостандықтар сандық жағынан ғана толықтырылып
қоймай, сапалық-мазмұндық жағынан да
нақтылана түсті.
Сонымен бірге Ата Заңда әлеуметтік
құқықтар бұрынғыға қарағанда
біршама жаңа контекстіде жарияланды. Мұның дәлелі –
Қазақстан республикасы өзін демократиялық, зайырлы
мемлекетпен қатар құқықтық,
әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны (1б. 1т.); бүкіл
халықтың игілігін көздейтін экономикалық дамуды
ұстанатыны (1б. 2т.); мемлекеттік меншік пен жеке меншіктің
танылып, бірдей қорғалатыны (6б. 1т.); меншіктің міндет
жүктейтіні, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игілігіне
де қызмет етуі тиіс екені (6б. 2т.); адам
құқықтары мен бостандықтары танылып, оларға
кепілдік берілетіні (12б. 1т.) [5] туралы нормалар болып табылады. Бұл
біржағынан мемлекеттің адамдарды
қамқорлыққа алу міндетінен бастартпайтынын
көрсетсе, екінші жағынан адамдардың өз тағдырына
деген жауапкершілігін арттырып, белсенділігі мен дербестігін ынталандыра
түседі. Демек бұл Қазақстанда әлеуметтік
құқықтардың түпкілікті жаңа
конституциялық үлгісінің қалыптасқандығын
көрсетеді.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1. Қазақстандағы адам дамуы. – Алматы, 2004. – 259 б.
2. Сапарғалиев Ғ. Қазақстанның Конституциясы:
кеше, бүгін // Заң және заман.
3. Осы құқықтарға қатысты Конституция
баптарында РКФСР заңдарына сілтеме жасалады. Қазақстан:
мемлекеттілік кезеңдері, конституциялық актілер. – Алматы, 1997. –
250 б.
4. Котов А.К. Суверенный Казахстан: гражданин, нация, народ. – Алматы, 1996. –
с.75.
5. 1995 ж. 30 тамызда
қабылданған Қазақстан Республикасының
Конституциясы. http://www.akorda.kz