Жарболова Айгерім Жақсылыққызы
з.ғ.к.,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті.
Қазақстан
Республикасы.
Конституцияның жоғарылығы –
конституциялық
заңдылықтың алғышарты, негізі
Конституцияның
жоғарылығы мемлекеттік биліктің орнығуы мен
жүзеге асуының легитимдігінің,
адам құқықтары мен бостандықтарының
мемлекеттің жоғары құндылығы ретінде өз
қолданымын табуының, мемлекеттік және
қоғамдық институттардың қызметінің
заңдылығының алғышарты, негізі болып табылады.
Конституцияның жоғарылығы қабылданып және
қолданылып жатқан заң актілерінің Конституцияға,
оның талаптарына сәйкес келуін мүмкін ете отырып түрлі
қоғамдық қатынастардың қатысушысы ретінде
қоғам мүшелерінің (жеке тұлғалар,
заңды тұлғалар, мемлекеттік және
қоғамдық ұйымдар) Конституция нормаларын
сақтауын, бұлжытпай орындауын шамалайды. Басқаша
айтқанда, қоғамның барлық салаларында
конституциялық заңдылықтың орнығуын
қамтамасыз етеді. Құқықтық категория
ретінде «конституциялық заңдылық» барлық
қоғамдық қатынас қатысушыларының
Конституция ережелерін сөзсіз сақтауын, оған
сәйкестікте өзінің іс-әрекеттерін ұйымдастырып,
жүзеге асыруын, ал құқық шығармашылық
қызметте нормативтік актілердің Конституция талаптарына дәлме-дәл
сәйкес келуін білдіреді. Бұл екі категория өзара
тығыз байланысты, бірінсіз-бірі болмайды. Конституциялық
заңдылық Қазақстан Республикасы Конституциясында
бекітілген нормаларды, идеяларды, принциптерді мемлекеттің, оның
органдарының, ұйымдарының, лауазымды адамдардың,
қоғамдық бірлестіктердің, азаматтардың,
заңды тұлғалардың, шетелдіктердің орындауынан
көрінеді/1.43б./. Конституцияның жоғарылығы
конституциялық заңдылықтың орнығуының
негізі, оның болуын шамалайтын фактор болып табылады, ал
конституциялық заңдылық – конституцияның жоғарылығының
көрінісі, нәтижесі. Тиісінше, конституциялық заңдылық
режимінің орнығуы конституцияның жоғарылығын,
оның мәнін дұрыс ұғынып, оны қамтамасыз
ететін тетіктерді жетілдіруді қажет етеді. Конституцияның
жоғарылығының мәні көпшілігіміз
ұғынып жүргендей оған нормативтік
құқықтық актілер жүйесінің
қатаң сәйкестікте келуінен де тереңде жатыр.
Конституцияның жоғарылығын, оны шынайы қамтамасыз ету
қажеттігін оны қабылдаған халықтың
мақсат-мұратымен байланыстыра отырып қарау керек. Қазақстан
Конституциясын ортақ тарихи тағдыр біріктірген
Қазақстан халқы дүниежүзілік қоғамдастықта
лайықты орын алуды мақсат ете отырып қабылдаған.
Тиісінше конституцияның жоғарылығы, яғни нормативтік
құқықтық актілердің, билік
органдарының (лауазымды тұлғалардың)
әрекеттерінің Конституцияға сәйкес болуы сол
Конституцияны қабылдаған халықтың мұратына
жетудің ең басты негізі болып табылады. Демек, конституцияның
жоғарылығының мақсаты – Қазақстан
халқының дүниежүзілік қоғамдастықта
лайықты орын алуды мұрат ете отырып бекіткен Қазақстан
мемлекетінің демократиялық, зайырлы,
құқықтық және әлеуметтік мемлекет
ретінде орнығуына, адам, оның өмірі мен
құқықтарының, бостандықтарының
ең қымбат қазына ретінде шынайы танылуына қол
жеткізуде. Кез-келген құқықтық
механизмнің тиімді жұмыс істеуі үшін оның кепілдіктерін
нығайту қажет. Тиісінше конституцияның жоғарылығын,
оны сақтау маңыздылығын мойындап қана қоймай
оның нормаларының тікелей қолданылуын, барлық
қоғам салаларында конституцияның үстемдігін,
бұзылмауын қамтамасыз ету үшін оның кепілдіктерін
күшейту қажет. Оның ішінде
құқықтық мүмкіндігі өзінің
тағайымына лайық конституциялық бақылау тетіктерін
бекіту, қоғам мүшелерінің
құқықтық мәдениетін,
құқықтық санасын, құқықтық
білім деңгейін көтеру маңызды болып табылады. Сонымен
қоса, Конституцияның үстемдігі, оның сақталуы
белгілі бір шамада мемлекеттің саясатына, мемлекеттегі саяси
орнықтылық пен түрлі саяси күштердің
тұрақтылығына да байланысты болады. Қазақстанда
орнықты конституциялық заңдылық режимін
қалыптастыру үшін конституцияның шынайы
жоғарылығының фундаментін жасау керек. Оның бірі –
заңдар мен өзге актілердің мөлдірлігі мен
толықтығы болып табылады. Қазақстан
Республикасы Негізгі заңы – Конституцияда өзін
құқықтық, демократиялық мемлекет ретінде
орнықтыратынын бекітіп, оған қол жеткізуді мақсат етіп
ұстанған тұста конституцияның жоғарылығы
мәселесі алдыңғы кезекке шығады. Республикамыздың
құқықтық мемлекет ретінде дамуы үшін, онда
конституциялық заңдылық режимінің тұрақты
орнығуы үшін конституцияның жоғарылығының
дұрыс әрі бірыңғай ұғынылуы маңызды.
Көпұлтты Қазақстан халқы Республика
Конституциясын оның қазақша не орысша мәтініне
қандай да бір өзгешелік берместен тұтастай бір тарихи
құжат ретінде қабылдады. Тиісінше оның
жоғарылығы, бұзылмауы мәселесі де бірыңғай
қаралуы керек. Алайда, Республика Конституциясына нормативтік
актілердің сәйкес келуі тұрғысында тиісті
актілердің орыс және қазақ (мемлекеттік) тіліндегі
мәтіндерінің арақашықтығын көреміз.
Нақты айтсақ, ҚР Конституциясы қабылданғаннан
бергі 16 жыл ішінде конституцияның жоғарылығы ретінде орыс
тілінде мәтінделген Конституцияның жоғарылығы
ұғынылатындығын байқаймыз. Ашып айтсақ, бір
мысал: мемлекеттік тілдегі Конституцияның 10 бабының 2
бөлімінде «Республика азаматын ешқандай жағдайда
азаматтығынан ... айыруға болмайды» деп бекітілген /2/. Ал,
«Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» ҚР
заңында 21 бапта Қазақстан Республикасы азаматтығынан
айырылу жағдайлары қарастырылған /3/. Яғни
азаматтық туралы заңның 21 бабы Конституцияның 10-шы
бабын бұзып тұр. Соған қарамастан мұндай
Конституцияға қайшылық 16 жыл
құқықтық кеңістікте қолданылып
келеді, тиісінше депутаттар тарапынан қалыпты жағдай ретінде
өз бағасын алып отыр. Оның себебіне келсек, бұл
конституциялық қайшылық қазақ тілінде
мәтінделген Конституцияға қатысты қайшылық.
Конституцияның орыс тіліндегі нұсқасына аталмыш заң
қайшы келмейді. Өйткені, «азаматтықтан айыру» термині
Конституцияның орыс тіліндегі мәтінінде «лишение» деп, ал
«Азаматтық туралы» заңда (орыс тіліндегі) «утрата» деп реттелген.
Демек, орыс тілінде жарық көрген тиісті актілердің
мәтінінде қайшылық жоқ, тиісінше бәрі
дұрыс. Заң шығарушылардың, заң жобасын
түзушілердің мемлекеттік тілге деген
немқұрайлығы, заңдарды орыс тілінде қабылдап,
сапасыз аудармаға жол беруі ақыр аяғында сонша жыл бойы
мемлекеттік тілде жазылған Конституцияға қайшылық
жағдайдың тұрақты орнығуына, тіптен еленбеуіне
жеткізіп отыр. Ол өз кезегінде Конституцияның
жоғарылығының «орталануына» негіз беріп келеді. Ғылымда
бұл қайшылықты жағдай «утрата» терминінің орнына
оның аудармасы ретінде «жоғалту» сөзін қолданумен
шешілген. Сондықтан, аталмыш конституциялық
құқықбұзушылықты ҚР азаматтығы
туралы заңға өзгерту енгізіп 21 бапта көрсетілген
жағдайларды ҚР азаматтығынан айыру жағдайлары емес
ҚР азаматтығын жоғалту жағдайлары деп анықтау
арқылы жойған дұрыс. Конституцияның
жоғарылығын, конституцияның нормативтік
құқықтық актілер жүйесіндегі
үстемдігін, оның тікелей әрекет етуін шынайы қамтамасыз
ету конституциялық заңдылық режимін
қалыптастырудың маңызды құралы болып табылады.
Ал, конституциялық заңдылық режимі қамтамасыз етілген
шынайы құқықтық мемлекетте Конституцияны
және заңнаманы сақтау міндеті бір мезгілде
моральдық-этикалық тәртіп категориясы, тиісті
қоғамның өнегелік жағдайының
көрсеткіші болып табылады /4. 49с./. Олай болса,
құқықтық қатынастың барлық
қатысушылары – мемлекет, мемлекеттік органдар мен лауазымды
тұлғалар, заңды тұлғалар, жеке
тұлғалар, қоғамдық ұйымдар
өздерінің қызметерінде, іс-әрекеттерінде алдымен
конституциялық тәртіпті қамтамасыз ету арқылы
конституциялық заңдылықты тұрақтандыруға
бағытталуы тиіс.
Қолданылған әдебиеттер:
1. Ғайрат Сапарғалиев. Қазақстан республикасының конституциялық құқығы. Академиялық курс, - Алматы, Жеті жарғы, 2004. – 480 бет
2. Қазақстан Республикасы Конституциясы. 30 тамыз 1995 ж.
3. Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы 1991 жылдың 20 желтоқсанындағы №1017-ХІІ Қазақстан Республикасының заңы.
4. Ким Ю.А. Роль и значение Конституционного Совета в обеспечении конституционной законности // Законотворческий процесс в Республике Казахстан: состояние и проблемы. Материалы международной научно-практической конференции 27-28 марта 1997 г. Алматы, 1997, с.49-55.