з.ғ.к., доцент Султанов Р.Р.
магистрант Қуандықова О.Г.
«Тұран-Астана» университеті, Қазақстан
Қазақстан
Республикасының Конституциялық құрылымының
жүзеге асырылуы
Республика
қызметінің маңызды түбегейлі принципі елде
қоғамдық татулықты орнықтыру болып табылады.
Мұндай принцип әр түрлі объективтік және субъективтік
факторларға байланысты қоғамның әр түрлі
жіктерге, топтар мен таптарға, ұлттарға, сословиелерге,
конфессияларға және т.б. бөлінуі себепті қойылып отыр.
Бұлай бөліну әртүрлі әлеуметтік топтарда
бір-бірімен сәйкес келмейтін әртүрлі
дүниетанымдардың, көзқарастардың,
идеялардың, наным-сенімдердің болатынын білдіреді. Бұл
айырмашылықтар олардың арасындағы келіспеушіліктер,
тайталастың, күрестің себебіне айналмауы тиіс. Басқа
тап, сословие, ұлт, дін, нәсіл өкілдеріне төзімсіздік
келіспеушіліктердің ғана емес, сонымен бірге жанжалдардың,
қақтығыстардың, ашық тайталастың көзі
болып табылады. Мұндай жағдай жанжалға қатысушылар
үшін ғана емес, сонымен бірге бүкіл қоғам
үшін аса қауіпті, оның қалыпты жұмыс істеуіне,
әрбір адамның алаңсыз өмір сүруіне бөгет
жасайды. Сондықтан қоғамдық татулық жағдайы
маңызды. Оған мемлекеттің, оның органдарының
толассыз қызметінің нәтижесінде олар қол жеткізіп,
қолдау көрсетіп отырады. Мемлекеттің, оның
органдарының әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни
және басқа да айырмашылықтарына қарамастан
баршаның тең құқықтығын баянды етуге,
аталған себептер бойынша кемсітушілікке жол бермеуге
бағытталған нормативтік актілер шығару қызметі аса
маңызды.
Конституцияда
анықталған міндеттерді шешу арқылы жалпыхалықтық
келісімге, адамдардың материалдық жағдайын
жақсартуға қол жеткізілетін болады, әлеуметтік
қайшылықтар барынша азаяды [1,8-9]. Мемлекеттік органдардың
құқық қорғау қызметінің де
қоғамдық татулықты нығайтуда елеулі маңызы
зор. Мемлекеттік қоғамдық-саяси бірлестіктерден
қоғамдық татулықта іріткі салуға
бағытталған әрекеттерге жол берілмеуін талап етеді.
Қоғамдық-саяси бірлестіктердің жарғыларында,
ережелерінде азаматтардың бір тобын басқа топтарға
қарсы қоятын өздерін жақтаушылардың ерекшелігін
уағыздайтын идеялар, көзқарастар және т.б.
болмауға тиіс. Жарлықтарда осындай ережелер болған
жағдайда қоғамдық-саяси бірлестіктер тіркелмейді. Ал
егер қоғамдық-саяси бірлестіктер өздерінің
қызметі барысында қоғамдық татулыққа іріткі
салуға бағытталған акциялар жасайтын болса, мұндай
әрекеттерді тиісті құқық қорғау
органдары тыйып тастауға тиіс. 1992 жылғы 15 қаңтардағы
«Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы»
Қазақстан Республикасының Заңында былай деп жазылған:
«Діни бірлестіктер заң талаптарын және
құқық тәртібін сақтауға міндетті.
Мемлекет дін ұстанатын және оны ұстанбайтын азаматтар
арасында, сондай-ақ әр түрлі діни бірлестіктер арасында
өзара төзімділік және құрмет қатынастарын
орнықтыруға жәрдемдеседі». Дәл осындай ережелер «Саяси
партиялар туралы» және «Қоғамдық бірлестіктер туралы»
Заңдарда да айтылған [1, 10-11].
Саяси
тұрақтылық ұстанымы қоғам институттары мен
мемлекеттік механизмдердің тұрақты қызмет етуіне,
олардың келісілген әрекеттеріне қызмет етеді. Конституцияда
саяси тұрақтылықтың берік негізі болатын
саяси-құқықтық идеал сияқты
социо-мәдени құндылықтар бекітілген. Саяси
тұрақтылық оңтайды экономикалық,
әлеуметтік, мәдени-рухани, саяси реформаларды жүзеге асыру
барысында нығая түседі. Қазақстан мемлекетінің
қызметі және қоғамның күш-жігері
экономикалық дамуға бағытталуы тиіс. Нарықтық
қоғам құру мемлекет экономика мәселелерімен айналыспауға
тиіс дегенді білдірмейді. Экономикалық даму мемлекеттің
бірқалыпты реттеуші және ұйымдастырушы рөлінсіз,
сондай-ақ экономиканың мемлекеттік секторын тікелей
мемлекеттің басқаруынсыз жүзеге асырылуы мүмкін емес.
Қазақстандық
патриотизм мемлекет қызметі мен қоғамдық институттар
ұстанымының негізін қалаушылардың бірі ретінде
бұл - азаматтардың мемлекеттің және қоғам
өмірінің барлық салаларында олардың әлеуметтік,
ұлттық және басқа да айырмашылықтарына
қарамастан жалпылама мүдделерінің жүзеге асуы және
түсіну [2,16]. «Адам және азамат» деп аталатын ІІ бөлім адам
мәртебесін мемлекетпен тікелей байланыстырмай, жеке бастын
құндылығын ашып көрсетеді. Онда жеке адамның
құқықтары мен бостандықтары
халықаралық құқықтың
мойындалған қағидаттары мен қалыптарына тікелей
байланыстырылған. Жаңа Қазақстандық Ата
заңның басты желісі - азаматтардың
құқықтары мен бостандықтарын мемлекет
мүддесінен жоғары тұрғыдан қарау болып табылады.
Дәлірек айтатын болсақ, Қазақстан
Республикасындағы ең қымбат қазына - адам және
адамның өмірі, денсаулығы, абыройы мен ар-намысы,
қадір-қасиеті, жеке басына ешкімнің тимеуі,
қауіпсіздігі, оның құқықтары мен
бостандықтары болып табылады және олардың танылуы,
сақталуы мен қорғалуы мемлекеттің ең басты,
негізгі міндеті болып саналады, оған ешкім де күмәнді болмауы
тиіс. Өйткені мемлекет жеке адамға емес, бүкіл
қоғамға қызмет атқарады және ол
адамның, азаматтың алдында жауапты. Оны біржақты
түсінбеуіміз керек, себебі жеке азаматтың, адамның
өздеріде мемлекеттің алдындағы жауаптылығын ұдайы
сезініп тұруы тиіс және оны іс жүзіне асыруда белсенділік
көрсетулері қажет. Осыған байланысты айта кететін бір жайт -
жеке адамның, тұлғаның жан-жақты дамуы үшін
барлығына біркелкі және әділетті жағдайларды
тудыруға мемлекет міндетті. Әркімнің еңбек ету
бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін
таңдауға, олардың қауіпсіздік пен тазалық
талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбек үшін нендей
бір кемсітусіз сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан
әлеуметтік қорғалуға кепілдік беруге мемлекет міндетті.
Осыған орай айтатынымыз - еліміздің конституциясы мен
заңдарында көрсетілген адам мен азаматқа тиесілі
құқықтар мен бостандықтардың,
кепілдіктердің толық берілуі тек азаматтылыққа
байланысты. Ол дегеніміз адамның белгілі бір мемлекетпен
саяси-құқықтық тұрақтылық
байланысы. Қазақстан Республикасы азаматының,
азаматтығы жоқ адамдардан айырмашылығы бар, олар бүкіл
құқықтар мен бостандықтарға толық
иелі және кепілдіктермен қамтамасыз етіледі. Қазақстан
Республикасының азаматтығы заңға сәйкес беріледі
және тоқтатылады, ол қандай негізде берілгеніне
қарамастан, біріңғай және тең болып табылады (10
бап 2-тармақ). Тіптен, азамат ауыр қылмыс жасағанның
өзінде оған тиісті қылмыстық жаза қолданылады,
бірақ та оны азаматтығынан айыруға негіз бола алмайды.
Себебі, адам құқықтары мен бостандықтары
әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан
ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге нормативтік
құқықтық актілердің мазмұны мен
қолданылуы осыған қарай анықталады (12-бап
2-тармақ). Міне, бүкіл Конституциялық
құрылыстың ең негізгі принципі болып саналатын гуманизм
осыдан көрініс табады.
Мемлекет өзін
демократиялық және құқықтық деп
есептейтін болса, ол азаматтық қоғамның саяси
ұйымын тануы тиісті. Өйткені, демократия идеологиялық
және саяси әр алуандылық негізінде ғана іс жүзіне
асырылады.
Идеологиялық
әр алуандылық Қазақстан Республикасында танылады
және ешқандай әр түрлі идеологияның бір-бірінен
басымдылығы болмайды [3,177-179].
Қорыта
келгенде, Ата Заң еліміздің тұрақты және адымды
дамуының негізін қалап берді деуге болады. Конституция тек
терең әлеуметтік-экономикалық қана емес,
сондай-ақ саяси реформалармен байланысты үлкен жолдан өтуге
мүмкіндік жасады. 1993 жылғы Конституцияда Парламенттік республика
моделіне қарағанда 1995 жылғы Конституцияда бекітілген
Президенттік республика моделі арқасында еліміз кеңес
дәуірінен кейінгі экономикалық және саяси дағдарыстан
мойымай шығуына және де негізгі реформаларды қарқынды
жүзеге асыруға жағдай туғызды. Сонымен қатар,
мемлекетімізге қажетті заңдардың дер кезінде
қабылдануына негіз болды десек те қателеспейміз. Сонымен,
конституциялық құрылымның негізі деп Конституцияда
бекітілген негізгі қағидалар мен принциптерге сәйкес
қабылданатын барлық нормативтік актілердің жиынтығын
айтамыз.
Әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасының
құқықтық саясат тұжырымдамасы. Алматы: Жеті
Жарғы, 2002.- 56 б.
2. Табанов С.А., Оразова А.Ә. Күрделі заманның өтпелі
кезеңдеріндегі қазақ қоғамы Ата
Заңдарының тарихи-құқықтық
сабақтастығы. – Алматы: Жеті Жарғы, 2005.- 360 б.
3. Қазақстан Республикасының Конституциясы.
Ғылыми-құқықтық түсініктеме. Авторлар
ұжымы. ҚР заң шығару институты. -Алматы: Жеті
Жарғы, 2005.- 392 б.
РЕЗЮМЕ
В данной статье
рассматриваются главные аспекты конституционной структуры Республики
Казахстан. Сущностью конституционной структуры мы называем совокупность всех
нормативных актов принимающих в соответствующии с основными теориями и
принципами укрепленных в конституции.
RESUME
This
article considered the main aspects of constitutional structure of the Republic
of Kazakhstan. Essence of the
constitutional structure we call set of all regulations accepting in
corresponding with the main theories and the principles strengthened in the
constitution.