Педагогические науки/5.
Современные методы преподавания
Г.М. Альмурзина, А.К. Жанабилова
Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ, Өскемен,
Қазақстан
СТУДЕНТТЕРДІҢ ӨЗДІК ЖҰМЫСЫН ҰЙЫМДАСТЫРУДА
ЖЕКЕ-ДАРА ЕРЕКШЕЛІКТЕРІН ЕСКЕРУ
Қазіргі таңда білім беру жүйесі қоғам алдында
тұрған жаңа талаптарға байланысты білім қорымен қаруландыруға негізделген білім жүйесінен адам болмысын, тұлғаның жеке-дара
қасиеттерін, оқу-танымдық қызметіндегі
өзгешіліктерін ескеруді мақсат тұтатын жеке тұлғаға бағытталған, гуманистік білім беруге ауысуда. Жаңа талаптар бойынша студент –
оқу процесінің негізгі тұлғасы болып табылады. Осыған орай, орыс бөлімі студенттеріне
қазақ тілін үйретуде оларды оқу субъектісі дәрежесіне жеткізу
өзекті мәселе болып табылады.
Студентті өзінің
оқу-танымдық
қызметінің иесі дәрежесіне жеткізу үшін оның
оқудағы дербестілігін, яғни өз тарапынан тіл
үйрену үдерісін басқара алу біліктілігін жетілдіру талап
етіледі.
Сондықтан мемлекеттік тілді меңгертуде оқытушының
әрбір жеке студентін оқу-танымдық үдерістің иесі деп анықтай отырып,
оған тіл меңгеру
әрекетіндегі жеке-дара
ерекшелігіне байланысты
ғылыми тұрғыда негізделген қажетті
бағыт-бағдарды бере алуы басты міндет болмақ.
Бұл ерекшеліктерге
студенттің оқу әрекетіндегі жеке-дара (индивидуалды)
оқу стилін, өзіндік танымдық әдіс-тәсілдерін
(оқу стратегияларын) жатқызуға болады. Әр жеке
студенттің өзіндік оқу стилінің болатынын ескеруіміз және өздік жұмысының тиімді
стратегияларын іздестірулерін қолдауымыз жөн деген ойдамыз. Осы айтылған
жағдайда орыс бөлімі студенттеріне қазақ тілін
үйретуші оқытушының кәсіби біліктілігі оқытылатын
пәннің мазмұнымен шектеліп қоймайды. Ол тіл
үйренушінің танымдық табиғатын зерттеуші де болып табылады. Себебі, орыс бөлімі студенттерін өз бетінше
оқып-үйренуге үйрету мақсатына сай, тіл меңгерту
кезінде оқып-үйрену үдерісінің
заңдылықтарын ескере отырып, өздік жұмысты
ұйымдастыру қажеттілігі туындайды. Бұл дегеніміз,
оқытушы нақты әр студенттің оқу міндеттерін іске
асыруда қандай оқу стратегияларын қолданатынын, оның
тіл меңгеруі қандай жағдайда жеңіл, қай
сәтте ауыр жүретінін, яғни оның тіл үйрену
қызметіндегі жеке-дара оқу
стилін танып білуі қажет.
Жоғары оқу орнының орыс бөлімі студенттеріне мемлекеттік тілді меңгертуде
әрбір тіл үйренуші
өзге тіл үйренушілерден, біріншіден, белгілі бір деңгейдегі
қазақ тіліндегі қатысымдық құзіретімен;
екіншіден, мектептен алған өзіндік оқып-үйрену
тәжірибесімен; үшіншіден, жеке-дара психологиялық
қабілеттерімен (ойлау, қабылдау, т.б.); төртіншіден, өз
дүниетанамымен,
қызығуларымен, көңіл-күйі мен
мақсат-мүдделерімен ерекшеленеді. Осы айтылған
ерекшелектердің бәрі де студенттің
өздік іс-әрекетіне әсер етпей қоймайды. Жоғарыда
айтылған жеке өзгешіліктердің әрқайсысы
өзара тығыз байланыста болатындықтан, оларды тек шартты түрде бөліп
қарауға және оқу әрекетінде ескеруге болады.
Себебі олар өздік әрекетті іске асыруда бір арнаға түсіп,
студенттің жеке-дара
оқу стилінде, сол стильдің даралығын анықтап беретін
өзіндік оқып-үйрену әдіс-тәсілдерінде
көрінеді.
Жеке тұлғаның жеке бас психологиялық
ерекшеліктерінің көбінің физиологиялық негізі бар, ол
сана арқылы басқарылмайды, сондықтан оны өзгерту
қиын екенін ескеруіміз керек екен.
Дегенмен, өзінің ақыл-ой,
т.б. қабілеттерінің мықты немесе әлсіз жақтарын
түсіну, нәтижеге жеткізер жолын және оған кедергі
келтірер жайттарды студенттердің
өзі түсініп, сезінуі, ал
оқушы тарапынан ескерілуі қазақ тіліндегі
кәсіби-қатысымдық құзіреттілікті жетілдіру
барысындағы өздік жұмыстың тиімдірек іске асуына
үлесін тигізеді деп болжаймыз. Басқаша айтар болсақ, тіл
үйренушілердің жоғары жетістікке жеткізер жеке
ерекшеліктерін дамытуға ерекше
көңіл бөлінуі керек болар.
Сонымен, оқу стилін,
өзіндік оқу стратегияларын ескеруге және жетілдіру мен
өзгертуге жататын жеке бас
ерекшеліктеріне жатқызуға болады.
Зерттеу барысында қарастырылған әдебиеттерде[3,4,5,6] көрсетілген
анықтамаларды сараптай келе, мемлекеттік тілді үйрену процесіне
қатысты «жеке-дара оқу стилін» тіл үйренушілердің оқып-үйрену
тәжірибесіндегі қабылдау, түсіну, есте
сақтау, өзара байланысу және ортаға байланысты қолданылатын үйреншікті, тұрақты әдіс-тәсілдері деп ұғуымызға болады.
Қазақ тілін орыс тілді студенттерге оқытудағы
көпжылдық тәжірібеден байқағанымыз, әрбір
жеке оқушы тілді әрқалай үйренеді. Бір студенттер
ақпаратты кезең-кезеңмен меңгеріп,
ақпараттың әр бір жеке-жеке бөліктеріне
көңіл бөледі. Басқа біреулері, керісінше,
ақпаратты тұтастай тез
қабылдайды. Қазақ тілін үйренушілердің біріне
өздік жұмысы тапсырмаларын жеке өзі орындау жеңіл
болса, басқалары - топта жұмыс істеуді қалайды. Бір
студенттерге, міндетті түрде, ақпаратты көзбен көріп
есте сақтау қажет болса, екінші біреу оны есту арқылы тез
қабылдайды.
Осыдан-ақ, студенттің өзіндік
оқу стилі көптеген факторлар арқылы анықталатынын
байқауымызға болады. Бұлар: ақпаратты қабылдауы
мен жадында сақтауына қатысты ерекшіліктер (мысалы, есту
арқылы, көру арқылы, әрекет жолымен); ойлау әрекетінің ерекшеліктері (талдау, синтездеу), темперамент ерекшеліктері және т.б
атауға болады.
Бір зерттеушілер оқу әрекеті мен басқа да
әреттердегі жеке-дара ерекшеліктерді адамның типологиялық
қабілеттерімен байланыстырса, кейбіреулері адамның интеллектісіндегі
(қабылдау мен ойлау)
ерекшеліктерімен байланыстырады. Тағы біреулері осы
факторларының екеуі де әсер етеді деген пікір айтады.
Отандық психологиялық зерттеулерде адамның
оқып-үйренуге әсер ететін факторлар ретінде жоғары нерв
жүйесі қызметі негізіндегі адамның типологиялық
қабілеті (мысалы, темпераменттің психодинамикалық
қасиеттері (М. Жұмабаев, Қ.Жарықбаев), ойлаудың
психикалық қызметі (М.Мұқанов) басты назарға
ілігеді.
Лингводидактикада осы айтылған
факторлар негізінде оқу стилдері,
оқушы типтеріне жіктемелер
жасалған. Оқу стилдері мен
оқушы типі жіктемелерінің негізіне кейбір зерттеушілер бір
ғана себепті есепке алса, тағы біреулері екі, не одан да көп
себептерді алғаны байқалады.
Мысалы, М.А. Холоднаяның жіктемесінде
бір ғана когнитивтік (ойлау, қабылдау ерекшіліктері) факторы алынған. Осыған байланысты,
жіктемесінде 30 когнитивтік стиль, соған сәйкес адамдардың
типтері берілген[4]. Бұл жіктеулер тілге қатысты
құрылмаған. Сонда да осы жіктемеден орыс тілді
студенттердің қазақ тілін үйренулеріндегі оқу
стиліне әсер ететін, сондықтан ескеруге жататын когнитивтік
стилдерді қарастыруға болады. Олар: рефлексті-импульсті,
сыртқы ақпаратты азайтқыш-өсіргіш, сыртқы
ақпаратқа шыдамды-шыдамсыз.
Белгілі психолог-ғалым М.К.Кабардов шет тілін үйретуге қатысты нақты
зерттеулер негізінде тіл үйренудің үш жеке-дара стилін
анықтаған: қатысымдық-сөйлесімдік,
когнитивтік-лингвистикалық және аралас. Ғалымның
пікірінше, қатысымдық стиль жеке тұлғаның жалпы
белсенділігімен, мидың оң жартышары қызметінің
белсенділгіне тән ойлау ерекшелігімен, экстраверсиямен, темпераменті
сангвиник болуымен, ал когнитивтік-лингвистикалық осы
сипаттамаларға қарама-қарсы қабілетті білім
алушыларға тән.
Кейбір жіктемелерде тек
оқушылардың мәліметті қабылдау арналарына мән
беріліп, оқу стилдерді: «визуалды оқу стилі», «аудиалды оқу
стилі», «кинестикалық оқу
стилі» деп, ал оқушылардың
мәліметті есту арқылы қабылдайтандарын – аудиалдар,
мәліметтерді бейнелер арқылы қабылдайтындарды – визуалдар,
сезу мүшелері немесе немесе қимыл арқылы есте
сақтаушыларды – кинестиктер деп жіктейді.
Қазақ тілін оқыту әдістемесі мен отандық
психологиядағы ғылыми мәліметтерге, оқу стильдері
жіктемелеріне жасалған талдаулар нәтижесіне негіздеп және
студенттермен жүргізілген әңгімелесулер мен олардың
оқу әдебінен байқаған жағдайларға сүйене отырып, өздік
жұмысты іске асырудағы оқу стильдерін анықтауға
талпыныс жасадық. Орыс бөлімі студенттерінің кәсіби
қазақ тілінен өздік жұмысты іске асырудың негізгі
екі стилі анықталды. Оларды кестеде көрсетілгендей, тілдесімдік – синтездік стильдер
және лингвистикалық-аналитикалық
стильдер деп атаймыз. Осы негізгі
деп алынған екі стиль студенттің өздік жұмысын
жұмысында сол қалпында, таза
түрде кездеспейді, олар әр қырынан көрінуі
мүмкін. Сондықтан «стиль» деген сөзді көптік
жалғауымен қолданып, бұл стильдер бір-бірімен ауысып,
бірін-бірі толықтырып жататынын ескереміз.
Осы екі стильдер мен оқу типі тобының негізгі айырым
белгілерін төмендегі кесте арқылы ұсынамыз:
|
Тілдесімдік – синтездік
стильдер |
Лингвистикалық-аналитикалық стильдер |
|
Когнитивтік стильге байланысты айырым белгілері |
|
|
синтездеуге бейім |
талдауға бейім |
|
көбінде тыңдау, арқылы жадына сақтайды |
көбінде көру арқылы
жадында сақтауды қалайды |
|
мәліметтердің
ұқсастығын тез табады |
ақпараттардағы айырым
белгілерді тез табады |
|
импульстілік |
рефлекстілік |
|
ақпаратты өсіргіш |
ақпаратты азайтқыш |
|
сыртқы ақпаратқа
шыдамды болуы мүмкін |
сыртқы ақпаратқа
шыдамсыз болуы мүмкін |
|
Тұлғалық типіне байланысты айырым белгілері |
|
|
көбінде экстраверт |
интроверт |
|
холерик, сангвинник |
флегматик, меланхолик |
|
түйсікпен танитын тип |
логикаға жүгінетін тип |
Кестеде көрсетілгендей, стильдерге әсер етуші факторлар
ретінде когнитивтік стиль мен тұлға типін аламыз.
ЖОО–нда орыс бөлімі студенттерінің қазақ тілінен
өздік жұмысын ұйымдастыруда жеке-дара оқу стильдері
ескерілуі тиіс. Әдістемемізде мемлекеттік тілді меңгеруде бір
жағынан, жоғарыда көрсетілген екі стиль де маңызды екенін ескере отырып, оларды
әр түрлі оқу стратегияларын ұсыну арқылы
жетілдіруге тырыстық, екінші жағынан тапсырмаларды түрлендіру
арқылы әр жеке тіл үйренушіге өзіндік оқу стилін
іске асыруға жағдай жасадық. Тәжірибеден алынған
кейбір мысалдарды келтіреміз.
Қазақ
тілінде тілдесім әрекетін құруға үйретуде темперамент өзгешіліктерін ескеру
маңызды. Тіл – қатынас құралы болғандықтан,
оған үйрену мен үйрету де тілдесім үдерісі арқылы
іске асады. Тілдесім үдерісі кем дегенде екі қатысушының
қарым-қатынасы арқылы жүзеге асатыны белгілі.
Олардың әрқайсысының темперамент ерекшелігі
қатысым әрекет динамикасына, оның өту барысына
әсер етуі мүмкін. Ендеше студент пен студенттің, немесе
студент пен шағын топтың
мемлекеттік тілді меңгерудегі біріккен өздік әрекетін
ұйымдастыру нәтижелі болу үшін белгілі психолог Қ.Жарықбаевтың
«... темперамент өзгешіліктері еске алынып отырылуы тиіс» деген
қағидасын сақтау біз үшін маңызды [1,294-295б.].
Тіл
үйренушінің «сыртқы ақпаратты азайту-өсіру»
сияқты когнитивтік стильдері де ескерілуі тиіс. Бұл когнитивтік
стильдер кейбір адамдардың
ақпаратты ықшамдап, не мүлде кемітіп, ал
кейбіреулерінің өсіріп, әсемдеуге бейімділігіне қатысты
туындаған деп көрсетіледі. Әдістемемізде мемлекеттік тілді
меңгеруде осы когнитивтік
стильдердің
маңыздылығын ескере отырып, оларды
«күрделендіру/қосу», «жеңілдету/ықшамдау» оқу стратегияларын ұсынып,
төмендегі мазмұндағы тапсырмалар арқылы жетілдіруге
тырыстық. Мысалы:
«оқиғаның қысқаша суреттемесін пайдаланып, .... жайында
әңгімелеңіз», «№1-мәтіндегі ақпаратты, №2-мәтіндегі
ақпаратпен толықтырыңыз, немесе «сіз электронды пошта
арқылы бастығыңыздан құрылыс фирмасына
жүргізілетін аудит туралы қысқаша нұсқау
алдыңыз, өз аудиторлық тобыңыздың
мүшелеріне сол нұсқаулықты басқа да
мәліметтермен толықтырып жеткізіңіз».
Қазақ тілінен орыс бөлімі студенттерінің
өздік жұмысын олардың өзіндік оқу стильдерін
ескеру арқылы іске асыру оңай іс емес, бірақ
оқушының студенттің өздік жұмысын тиімдірек
ұйымдастырудың бір жолы. Себебі, студентке өзінің
табиғи қабілеттерімен үйлесімде өзін-өзі дамыта
отыра тілді меңгеруге жағдай жасалады. Оқу стильдерінің
тұжырымына сәйкес жақсы немесе жаман стиль болмайды. Әр
стиль өкілдерінің өзінің артықшылығы
әрқалай жағдайға байланысты ашылады. Дегенмен,
қолданатын үйреншікті стратегиялары тиімсіз де болуы мүмкін.
Сондықтан да, тапсырмаларды орындауда
әр түрлі тәсілдерді қолдануға мүмкіндік
берумен қатар, олардың қаншалықты тиімді екенін де
бақылауымыз қажет. Басқаша
айтар болсақ, қазақ тілін үйренудің әр
түрлі стратегияларын ұсына отырып, өздік
әрекетінің өзіндік стилін қалыптастыруды басқарып
отыру қажет екен. Мысалы,
оқушылар бойында тек өзінінің оқу стиліне тән
ойлау, қабылдау т.б. ерекшеліктерді ғана дамытпай, өзіндік
оқу стиліне тән болмағынымен, қазақ тілін
меңгертудегі тиімді деген стратегияларды да дамыту дұрыс. Өзіндік
стильді қалыптастыра отырып, оқушыларға әр түрлі
оқу стратегияларының бар екеніне назар аудартып, олардың
мәнін, нақты қандай сөйлесім әрекетінде
қолдануға болатынын түсіндіру орынды.
Қорытындылай
келе, студенттердің өздік әрекетін ұйымдастыруда
жеке-дара (индивидуалды) оқу стильдері ерекшеліктерін танып, ескеру
арқылы олардың танымдық мүмкіншіліктерінің
толық іске асуына, оқу дербестілігінің дамуына, өздігінен білім алу процесінде
жетістікке жетулеріне жағдай жасауға болады деп ойлаймыз.
Әдебиет:
1. Жарықбаев Қ. Жантану
негіздері: жоғары және арнаулы орта оқу орындарының,
пединституттардың педагогика және бастыуыш мектеп әдістемесі
факультеті студенттеріне арналған оқулық.- Алматы, 2003.-
415б.
2. М.М.Мұқанов. Жас
және педагогикалық психология. - Алматы, 1982.- 246 б.
3. Самбикина, О. С. Индивидуальный
стиль учебной деятельности [Текст] :
дис. … канд. психол. наук : 19.00.01 / Самбикина Оксана Семёновна. – Пермь, 1998. – 207 с.
4.
Холодная, М. А. Когнитивные стили: О природе индивидуального ума
[Текст] : учебное пособие / Холодная М.
А. – М.: ПЕР СЭ, 2002. – 304с.
5.
Ливер Б. Л. Методика индивидуализированного обучения иностранному языку с учетом влияния
когнитивных стилей на
процесс его усвоения. Дисс... к. п. н. М., ГИРЯП, 2000.
6.
Кабардов М.К. Коммуникативный и
лингвистический типы овладения иностранным языком в разных условиях обучения //
Школа здоровья. - 1997, - №1.