Пошаев Д.Қ., п.ғ.к., доцент. М.Әуезов атындағы ОҚМУ Шымкент қаласы.  Қазақстан

Қыдырәлі  Ш.  М.Әуезов атындағы ОҚМУ студенті,  Шымкент қаласы.  Қазақстан

 

Оңтүстік  топырағының Ұлы  дидактары және олар қалыптастырған дидактикалық қағидалар

 

          Халықтық дүниетанымның негізі тәрбиелік мәні бар, танымдық арқауы өлең жырлар, ертегілер, нақыл сөздер мен әпсаналық ой кешу үрдістерінен құралған халық даналығы арқылы қалыптасып отырған. Жалпы дүниетанымдық диалектикалық жолын ғылыми тұрғыдан ашып көрсеткен,  қайта өрлеу дәуірінің ғылым саласындағы қайнар бастауында тұрған, тұлға болып танылған әл-Фараби       (850-950 жж) болды. Әл-Фараби тіршілік көзін ғылым мен білімнің зерттеу объектісі ретінде қарастырып, жаратылыстану ғылымында табиғатты, табиғат құбылыстарын детерминистік принципі бойынша ұғынуды алға тартты.

       Бірнеше ғасырдан бері әл-Фараби мұрасы әлемдік көркем ойға өз үлесін қосқан педагогикалық мұраның қатарында көрінді. Осындай биік рухани өсу  біздің қазақ педагогикасының өткені мен оның даму тарихына, яғни әл-Фараби мұрасына қатысты екені ақиқат. Сондықтан да оның қазіргі кездегі мұрасы сан-салалы гуманитарлық-педагогикалық арналары бойынша қазақ ғалымдарының зерттеуімен әл-Фарабидің әрбір ғылымының арнасы айқындалып, ол біздің еліміздің рухани игілігіне айналуда.                                                                             

          Әл-Фараби педагогикалық іліміндегі әдіснамалық ұстанымдар мен дидактикалық принциптердің өзара байланысын төмендегіше қарастырады.      Әдіснамалық негізі: білім топтамасы мен мазмұны туралы ілім; парасат жайындағы ілім; заттардың адамның сезім мүшелеріне әсері туралы ілім;  ғылыми білімнің теориялық және эмпирикалық мәні туралы ілім; таным теориясы; ізгілендіру ілімі. Оқыту ұстанымдары: жүйелілік пен бірізділік; саналылық; көрнекілік; теория мен тәжірибенің байланысы; ғылымилық; оқытудың тәрбиелік сипаты. Сондай-ақ әл-Фарабидің педагогикалық жүйесінде тәрбие мен тәлім, білім мәселелері бір-бірімен органикалық, диалектикалық байланыста қарастырылды. Әл-Фараби де Аристотель сияқты адамды қоғамдық жан деп қарап, өзінің бүкіл педагогикалық, этикалық және басқа гуманитарлық көзқарастарында осы қағиданы басшылыққа алады.

    Қазіргі таңда бүкіл шығыстың зерттеуші ғалымдарының назарын өзіне аударып отырған тарихи, ғылыми мұраның бірі – Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білік» дастаны. «Құтты біліктің» 57, 58, 59, 60 тараулары еңбек тәрбиесін уағыздайды. Мәселен, ол «Диқандармен қалай қатысу жайлы» деген толғауында өзара ұйымдасқан, ынтымақтас диқаншы адамдар тобының бір-бірімен қарым-қатынасы еңбек іс-әрекетіндегі үлгі-өнегесі оқушыларды еңбексүйгіштікке, білімділікке, тәрбиелілікке ынталандырады. Не болмаса «Малшылармен қалай қатысу туралы» толғауында адамдарды бір-біріне жақсылық жасап, қайырымды болуға, еңбек адамдарын құрметтеп, бағалауға үндейді. Әдептілік, тәрбиелілік, білімділік адамға өзінің өмір сүріп отырған қоғамдық жағдайларының әсері арқылы қалыптасып, дамитындығын үлкен философиялық ой-тұжырымдарымен түйіндейді. Сондай-ақ адамдардың еңбек іс-әрекеті, кәсіби мамандығы да өзінің өмір сүрген қоғамдық ортасына, оның талаптарына тәуелді болатынын, адамның мінез-құлқы, көзқарасы, білімділігі, тәрбиелілігі, еңбексүйгіштігі т.б.қасиеттері де қоғамның даму деңгейіне сәйкес қалыптасатындығын дәлелдейді. Демек, Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білік» дастаны – дидактикалық дастан, себебі, ол өзі өмір сүрген қоғамдық ортасының әлеуметтік-экономикалық, рухани жағдайын, халықтың мінез-құлқы мен салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жинақтап, ғылыми – энциклопедиялық мазмұнда көрсете білген.

       «Құтты біліктегі» педагогикалық үдерістің құрылымдық-мазмұнын қарастыралық.

        Қоғамның әлеуметтік тапсырысы:  Мақсаты: текті, парасатты, ізгі, әділ адамды тәрбиелеу

Міндеттері: құтты білімді дарыту, парасаттылыққа үйрету, мәдени құндылықтарды игерту, ізгі сапаларды қалыптастыру, адамгершілік мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру, қоғамдық өмірге және еңбекке дайындау.

Мазмұны:  табиғат, қоғам, іс-әрекет тәсілдері туралы білім жүйесі;  санаткерлік және тәжірибелік іс-әрекет біліктері мен дағдының жүйесі;  шығармашылық, ізденгіштік іс-әрекет тәжірибесі. Құралдары: халық шығармашылығы, іс-әрекет, жаратылыстану негіздері. Әдіс-тәсілдері: үйрету, түсіндіру, өнеге,  ынталандыру. Ұйымдастыру түрлері: пікірталас, ақыл-кеңес, тәрбиелік жағдаят. Тапсырмалар: сұраққа жауап беру, ұғымдардың мәнін ашып көрсету. Нәтиже: текті, парасатты, ізгі, әділ кісі.

Білім беру мазмұны: Жалпы элементтері – құттың төрт діңгегі: Әділет; Дәулет; Ақыл; Қанағат.

Еңбек тәрбиесінің әлеуметтік-экономикалық мәселелері адамзат қоғамының барлық даму сатысында зерттеу нысанасы болып отырды. Алайда жазу-сызуды білмеген, ғылым мен мәдениеттен мешеу дәуірдің өзінде де, балаларды еңбекке тәрбиелеу отбасы, тайпа мүшелерінің ортақ ісі болған. Демек, адамның өз ұрпағын еңбекке қоғамдық өмірге икемдеп үйретуі адамзат қоғамымен бірге жасасып келе жатқан тарихи процесс. Сондай-ақ әрбір халықтың ұрпақ тәрбиелеудегі көптеген ғасырларға ұласқан өзіндік тарихи тағылымы мен ой-пікірлері, ғылыми-танымдық идеялары да бар. Қазақ халқының еңбек тәрбиесі туралы тәлімдік ой-пікірлері сонау VII–VIII ғасырлардағы Орхон-Енисей түркі жазба ескерткіштері мен Қорқыт Ата тағылымдарынан бастау алады.

Еңбек тәрбиесі туралы тағылымдық ой-пікірлер Қорқыт баба мұрасында көрініс тапты. Қорқыттың тағылымы мол поэзиялық шумақтарынан көшпелі тайпалардың тұрмысы мен әдет-ғұрпын, тәлім-тәрбиелік даналық ойларын көптеп кездестіреміз. Қорқыт баба нақыл сөздерінде «Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман. Ондай бала ел басын құрап, үйінен дәм беруге жарамайды. Ақылсыз балаға ата дәулетінен қайран жоқ. Ер жігітке қара таудай мал бітсе, жияр, көбейтер, талап етер, бірақ несібесінен артығын жемес», – деп отбасындағы қыз бала мен ер баланы еңбекке баулуда ата-ананың үлкен рөлі атқаратынын айтады. Халқымыз бұл пікірді өрбіте отырып, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Баланың ұяты әкеге, қыздың ұяты шешеге», «Ана көрген тон пішер, ата көрген оқ жонар», – деп ой түйіндеген.

   Еңбек тәрбиесі тақырыбы Махмұд Қашғари мұрасында да ерекше орын алады. Еңбектің ұлылығы, адам еңбек арқылы өмір сүріп, алдына қойған мақсатына жететіндігі оның ауызша поэтикалық шығармаларға, этнографиялық материалдарға берген түсіндірмелерінде жан-жақты көрініс тапқан. Қашғари балалардың еңбексүйгіштігін қалыптастыруда, әсіресе, ұжымдық еңбекке қатысуын, үлкендермен бірлескен жұмыстарының өзіндік орнын бөліп атайды. Бұл жағдайларда, халықтың баланы еңбек арқылы тәрбиелейтін дәстүрлері балаларға көрнекті үлгі бола алатындығын ескертеді. Қашғари атап көрсеткен халықтық тәрбиеде – жеке тұлғаға қажет барлық салаларды игерген еңбекшіні қалыптастырудың аса бай тәжірибесі жинақталған. Атап айтқанда, халықтық тәрбие: балалардың еңбекке моральдық, психологиялық дайындығын еңбекке жағымды қарым-қатынасының болуымен өлшейді; – еңбектенудің борыш және міндет екенін балалар санасына өмір талабы ретінде сіңіреді; орнықты еңбек дағдылары мен икемділіктерін игерту олардың болашақтағы қызметінің кепілі деп біледі;  балаларда еңбек әдеттерін қалыптастыру ең бірінші өмірлік қажеттілік деп санайды; балаларды жұмыс істеуге, өнімді еңбекке ерте қалыптастыру халықтық тәрбиенің басты қағидасы деп біледі.

        Ахмет Ясауидің «Диуани хихмет» еңбегін адам, тіршілік, әдептілік, ынсап, қанағаттылықты дәріптейтін дидактикалық үлгідегі шығарма десек болады, онда  адамның рухани байлығы білім екенін, адамзаттың ғылымға талап қоюы  дәріптелген. Ұлы бабамыз қоғамдық өмірдегі қандай-да болсын саясаттың ғылымға деген салқындыққа, ғалымдардың беделін төмендетуге соқтырмауын ескерткен. Ұрпағымыздың жаман әдеттен іргесін аулақ ұстауды, адал жолмен жүріп тұру секілді жалпы адамгершілік   нормалары жайлы кеңестері педагогикалық  тұрғыдан тап бүгінгі күнде құндылығына шек келтірмейтін дидактикалық өсиет болып қалады.

Игүнекидің «Ақиқат сыйы» кітабы тәлім-тәрбие  адамгершілік, моралдық нормаларды тұжырымдайтын дидактикалық ой-пікірлерге толы еңбек. Онда, тәрбие  негізі-тіл екендігіне; сөйлеу мәдениетін көтеретін кеңестеріне; мәңгілік құнын жоймайтын мінез-құлық нормалары қазіргі этнопедагогиканың әдіснамалықжәне әдістемелік  негізіне арқау боларлық дидактикалық құрал.

Сүлеймен  Бақырғанидің «Ақыр заман кітабы» -  көзі ашық, саналы ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған кеңестерінде ғылымның – білім және бүкіл қоғамның анықтаушы күші екенін,  дегенімен, қоғамның, сананың «қоммерциялануынан» адамзатты бірнеше ғасыр бұрын сақтандырып кеткендігінің педагогикалық маңызында дау жоқ.

Б. Момышұлының:" ...балаларына бесік жырын айтатын келіндерімнің азайып бара жатқанынан қорқам;

      екіншісі; немерелеріме ертегі айтып беретін әжелердің азайып бара жатқанынан қорқам;

       үшіншісі; дінді, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқам. Өйткені, бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойға сіңіріп өспегеннің көкірек көзі көр болама-деп қорқам. Ал көрдің қолына балта берсең-шаба салады, бақыр берсең - ала салады, найза берсең - сұға салады, намыстанбай бұға салады. Мен табиғатынан, тағдырынан болған соқырлықты  айтып отырғам жоқ, тауып алған соқырлықты айттым.

Егер сондай соқырлықтан жазылмасақ-халық болудан қаламыз ба деп қорқам - деген сөзін алға тартқымыз келеді.

         Баукеңнің бұл пікірін ұлттық даму бағдарламасын жүзеге асыру жолында әрдайым есте тұтып, қазақтың аса бай ауыз әдебиетін ұрпақ тәрбиесі үшін сарқылмас қазына көзіне айналдыру қажеттілігіне айрықша назар аудару керек.

Қорыта келгенде,  ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім беру және жеке басының дамуы үшін жағдай жасау арқылы шығармашылық, рухани,   интеллектін дамытуда  Ұлы дала Дидактарының тағылымдары мен алғашқы философиялық, педагогика-психологиялық идеяларын өзек етсе.

 

Әдебиеттер

1.Әл-Фараби. Философиялық трактаттар. -Алматы, «Ғылым». -1973.

2. А.Ясауи. Хихметтер. Алматы, «Атамұра-Қазақстан»- 1995. - 128 б.

3.Қорқыт ата. /Аударған Ә. Дербісалин. – Алматы, «Қазақстан», 1993. – 108 б.

4. Баласағұн Ж. Құтты білік. /Көне түркі тілінен аударған және алғы сөзі мен түсініктерін жазған А. Егеубаев. – Алматы, «Жазушы», 1986. – 616 б.

5. Қашқари М. Түбі бір түркі тілі. – Алматы, «Ана тілі», 1993. – 125 б.

6. Пошаев Д.Қ. Мамандыққа кіріспе.Оқу құралы, Шымкент, «Нұрлыбейне», -2011.- 200 б.