Пшанова Г. Б., Сакенова Л.Т.

 

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті

 

Оқу үрдісінде оқу-әдістемелік кешенді пайдаланудың маңызы

 

Қазіргі мектептің болашағы қоғамның даму үрдісімен үнемі өсіп отыратын көлемнің әртүрлі тегімен анықталады. Оқушыларға білім беруде жаңа оқыту технологияларын қолдану инновациялық бағытта жұмыс жасау заман талабына сай талап етілуде. Мектептегі ақпараттандыру үрдісі дамып келе жатқандықтан оқу-әдістемелік кешендердің қажеттілігі күн санап артып келеді [1].

Оқу-әдістемелік кешен дегеніміз - оқушылардың таным қызметін басқаратын әдістемелік жүйенің толықтығын қамтамасыз ететін, оқу құралдарының жиыны. Оқу-әдістемелік кешен білімнің барлық сатысына арналған бірыңғай коммуникативті-танымдық тұжырымдаманы есепке ала отырып, әзірленуі керек [2].

Оқу – әдістемелік кешен информатика пәнін бағдар бойынша оқыту жүйесінде нақты көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік туғызады және оқушыларды өздігінен жұмыс жасауға итермелей отырып, нәтижеге жететін білім алуды көздейді.

Оқу-әдістемелік кешеннің мақсаты - оқыту үрдісін оқушының  санасына бағыттау. Оқушыларды біліммен қамтамасыз етуде ең құндылығын алу, білімді өздігінен  меңгеру. Жаңа білімді  меңгеруде оқушылардың  оқу әрекетін дұрыс  ұйымдастыру.

Оқу-әдістемелік кешеннің негізгі сипаттамасы болып төмендегілерді атауға болады:

-   мемлекеттік стандарттың ұстанымдарына сай болу;

-   нақты жағдайда қолдануға болатын қатысымдық біліктерді қалыптастыру;

-   оқушылардың балалық шақ әлемімен, ойнау және қарым-қатынас жасаумен байланысты жас ерекшеліктерін ескеру;

-   оқушылардың іс-әрекетін ұйымдастырудың барлық түрлерін, атап айтсақ, дербес, топтық, жұптық, және жаппай формаларын үйлестіру;

-   өзіндік жұмыс, өзін-өзі бақылау және өз ісіне талдаулар жүргізе алу біліктерін дамыту [3].

Оқушыға арналған оқу-әдістемелік кешен қамтамасыз етуі тиіс:

-         оқушылардың программаны толық меңгерулеріне, сонымен қатар білім, білік, дағдыны қалыптастыруға бағытталған оқу қызметінің барлық құрауыштарын қалыптастыру және дамыту;

-         оқу құралдарының бар болуы және оларды оқушылармен жұмысты ұйымдастыру формалары мен оқыту әдістерін қолданғанда дұрыс тізбектей пайдалану;

-         әр жыл сайын оқушыларда білім, білік, дағдыларды қалыптастыру деңгейі мен олардың қабылдау ерекшеліктерін есепке алу;

-         мұғалім тарапынан оқушылардың оқу қызметін басқару және ұйымдастыру мүмкіндігі;

-         бүгінгі күнгі сабақтың ерекшеліктерін есепке алу;

-         шарттарды құру үшін оқу қызметін әдістемелік қамтамасыз ету.

Бұл талаптарды жүзеге асырудың қажетті шарты келесі оқу қызметінің белсенді қасиеттер тірегі болып табылады:

-         оқуға деген қызығушылықты тудыру;

-         оқу жұмысындағы ынтаны қалыптастыру;

-         танымдық жауапкершілік;

-         танымдық нәтижелерге жетуге қажетті зерделік және физикалық күштің күштенулерінің анықталған деңгейі.

Оқу-әдістемелік кешеннің барлық материалдары аяқталған блок (модуль) түрінде ұсынылып, оқушыларға аса қиындық тудырмайтын, оқудағы ауырпалықтарды жоюға көмек беріп, нақты пәнді меңгеруде ғылыми және идеялық деңгейдегі тапсырмаларды ашуда, пәнаралық байланысы болып, оқытудың тәжірибелік бағытын күшейтуге және жеке тұрғыда оқытуға мүмкіндік туғызуы керек.

Заман   талабына сай жас ұрпаққа сапалы білім беруде оқу-әдістемелік кешендерді сабақта пайдалану – оқытудың  жаңа технологияның бір түрі ретінде қарастыруға болады. Сонымен қатар оқу-әдістемелік кешендерді сабақта пайдалану кезінде оқушылар бұрынғы алған білімдерін кеңейтіп, өз бетімен практикалық тапрсырмаларды орындайды. Әрбір оқушы таңдалған тақырып бойынша қажетті материалдармен танысып, практикалық, өздік жұмыстарды  орындап білімдерін ұштай алады.    Оқу-әдістемелік кешеннің құрамына енетін әрбір құралдың өзіндік орны мен маңызы бар. Оқу-әдістемелік кешенді оқу үрдісінде тиімді пайдалану оқушылардың білім сапасын көтеруге мүмкіндік беретіндігіне  сеніміміз мол.

 

Әдебиеттер

 

1.     Информатика негіздері, 2009. №6. С.6-7.

2.     Босова .Л.Л. Комбинированные уроки информатики. // Информатика и образование, 2006. - N 3. - С.9-10.

3.     http://www.jurnal.org/articles/2013/ped22.html (Өзекті 19.02.2014 ж).