Саденова Д.М., Жекеева С.С., Ким Г.А.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік-Қазақстан мемлекеттік университеті

Информатика пәнін оқытуда технологиялық жобалау тәсілімен оқытудың ерекшеліктері

 

ХХІ ғасыр адамзаттың индустриялық кезеңнен ақпараттық кезеңге өтуімен ерекшеленеді. Осыған байланысты ақпаратты ала білу, оны өңдеу және күнделікті істе пайдалану өркениетті дамудың қажетті шарты болып табылады. Сондықтан да, оқушылардың ақпараттық қоғамдағы өмір талаптарына сай дайындауда – мектептерде информатика пәні үлкен роль атқарып келеді. Алайда, жаңа ақпараттық технологиялардың өте шапшаң даму қарқыны бұл пәнге деген көзқарасты түбегейлі өзгертті. Қазіргі заман талабына сай оқушылардың компьютерлік технологиямен жұмыс істеуге деген ынтасы, талпынысы, ізденісі өте жоғары. Сондықтан да, информатика сабақтарына оқушылар құлшыныспен, бір нәрсені еркін меңгерсем деген ниетпен қатынасады. Бірақ, осындай оқушылардың көпшілігінде информатика пәнінен білімді, яғни теориялық білімді меңгермей – ақ, компьютермен жұмыс істеуді үйренсем, болды деген пікір қалыптасқан. Ол үшін информатика пәнін оқытуда педагогика қолданылатын әртүрлі технологиялық тәсілдердің ішінен оқушылардың білім жетілдіру, олардың компьютерлік шеберліктерін арттыруда ұтымды болатын әдіс-тәсілдерді таңдап сабақ өткізу – пән мұғалімдеріне жүктелер міндет болып табылады.

Информатикадан білім беруді жетілдірудегі ең негізгі бағыттардың бірі – мектептерді жаңа компьютерлік технологиямен қамтамасыз ету жұмыстарын іске асыру. Бұл жоғарда айтылған мәселелерді түбегейлі шешіп тастамағанымен де, мұғалім мен оқушының қарым-қатынасы жүйесінің, олардың іс әрекетінің мазмұнын өзгертуге, компьютерді қолдануды меңгеруде оқушылардың сауаттылығы мен шеберлігін дамытуға әсер  етеді.

Сонымен, орта мектепте информатиканы оқытуда оқушылардың білімін жетілдіру проблемасын шешу үшін, ең алдымен мұғалімнің іскерлік дайындығы, оқу процесінде шығармашылықпен ізденуі, педагогикадағы жаңалықтарды, әр түрлі әдіс – тәсілдерді қолдану керек екені белгілі болды.

Информатика пәнін оқытуда да жаңа идеялар, жаңа педагогикалық технологияларды қолдану керек-ақ. Оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасап, жеке тұлғаны дамытуда жаңашыл әдіс- тәсілдерді қолдану – оқушылардың ойлау қабілетін арттырып, шығармашыық қабілетін дамытып, оқу материалын толық игеріп, қазіргі ақпараттық заманда оқушылардың компьютермен жұмыс істеуде сауаттылығы мен шеберлігін арттырады.

Сондықтан да осы баяндамада В. М. Монаховтың «Технологиялық жобалау тәсілімен оқыту» технологиясымен оқытудың тиімділігі мен ерекшелігі сөз болмақ.

Информатика пәнін оқытудың негізгі мақсаттары жалпы білім беру, тәрбиелік, дамытушылық және практикалық болып бөлінеді. Осы мақсаттарға сәйкес негізгі мынадай екі талапты атап көрсетуге болады:

-     оқушыларға ақпаратты өңдеу, беру және қолдану процестері туралы білімдерді меңгерту;

-     оқушылардың оқу процесінде компьютерлік технологияны өзіндік даму мен оны іске асыру құралы ретінде, сонымен бірге кәсіптік қызметтерге пайдалану дағдыларын қалыптастыру.

Қазіргі заманғы мектептің алдына білім берудің және тәрбиелеудің сапасын көтеру, әрбір пәнді жоғары ғылыми деңгейде оқытуды қамтамасыз ету талаптары қойылған талаптарды орындау үшін оқытылатын пәндер материалдың көлемін және тізбесін нақтылау, оқулықтағы және оқу бағдарламасындағы артық жүктемеден арылу, оқу пәндеріндегі идея мен негізгі ұғымдарды нақты жеткізуді қамтамасыз ету, әрбір сынып және пән үшін оқушылардың міндетті түрде меңгеруі қажет болатын іскерлік пен дағдының қолайлы көлемін анықтау осының барлығы бағытталған мақсатты проблема тудырады. Бұларды шешу мектептегі оқу – тәрбие процесін ұйымдастырудың әдістемелік технологияларын жетілдіруге бағытталған.

Оқу процесінің жобасын жүзеге асыру барысындағы оқушылардың ұйымдасқан түрдегі әрекеттері оқыту технологиясының маңызды кезеңдерінің бірі болып табылады.

1. Оқушылардың тақырыпты, тарауды оқу жобасымен таныстыру. Бұл жұмыс кабинетіндегі хабарлар тақтасына қарастырылатын тараудың шағын  мақсаттарының мазмұны, болжау жұмысының жүргізілетін уақыты анықталған технологиялық картасын іліп қою арқылы жүзеге асады. Осы хабарлар арқылы оқушы өзінің алдағы  жұмыс әрекеттерін жоспарлап, тексеру жұмысына алдын – ала дайындалып жүреді. Мұндай жұмыс оқушының оқу процесіндегі белсенділігін қалыптастырады  және оқуға ынтасына оң әсер етеді.

2. Технологиялық карта арқылы оқушы берілген шағын мақсат бойынша түзетуден кейінгі бақылау жұмысы қашан болатынын біледі. Мұның әдеттегі әдістемеден айырмашылығы, оқушыға өз білімін алғашқы деңгейге қарағанда жоғары деңгейде тексеріп көруге мүмкіндік бере отырып, оның дайындық әрекетін жандандыра түсетіндігінде.

3. Мұғалім, технологиялық картада түзету бөлігі арқылы тақырыптағы кездесетін қиындықтарды жоюға бағытталған жұмыстар жүргізеді. Түзету оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып жасалады. Түзету бөлігінде жазудың негізсіз болмауы және кеңестердің нақты болуы шарт.

Технологиялық жобалау тәсіл негізінде жобалаудың келесі кезеңі, жобаның негізгі ойын жүзеге асыратын – сабақтың ақпараттық картасын дайындау. Сабақтың ақпараттық картасы – технологиялық картадағы көрсетілген шағын мақсаттарды, ондағы сағат санына байланысты жіктеп жазуға арналған. Сабақтың ақпараттық картасында оқу материалдарының толық мазмұны сабақтың мақсаты мен міндеттері мұғаліммен оқушы арасындағы қарым – қатынас нәтежесі, оқыту құралдарын қолдану кезеңдері қарастырылады. Сонымен қатар, сабақтың ақпараттық картасы – мұғалімге әістемелік құрал болып табылады және оның саны тақырыпқа берілген сағат санына байланысты болады.

Міне, осындай жайларды айта келе, информатика пәнін оқытуда сабақты жаңа технологиялық жобалау әдістерін қолдана отырып, тартымды өткізе білгенде, тиімді ұйыдастыра білгенде ғана осындай қиындықтарды жеңуге болады және оқушылардың білім сапасының артатыны сөзсіз екендігі айқындалды.

 

Әдебиеттер:

1 Учебно-методическое пособие под редакцией Ябстребцева Е.Н., Развитие мышления учащихся средствами информационных технологий.-М.:2006 г.-160 с.

2 Бочкин А.И. Методика преподавания информатики: Учеб. пособие. -Мн.: Высш. шк., 1998 г.