Амирбекова М.Р., Айдарбекова К.А., Сабағанова А.Т.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

Бастауыш мектепте дарынды балалармен жүргізілетін жұмыстарды ұйымдастыру

 

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына сәйкес «Әрбір баланың жеке қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуы, жеке адамның дарындылығын, талантын, қабілетін дамыту» сияқты өзекті мәселелерді іске асыру үшін бүгінгі таңда, дарынды балалардың қабілеттерін жоғары деңгейде қанағаттандыратындай білім беру үшін оқытудың әр түрлі технологиялары жасақталып мектеп тәжірибесіне енгізілуде [1].

Әлеуметтік дамудың қазіргі заманғы тенденциялары білім берудің алдына жаңа міндеттер қойып отыр-«орташа» оқушы бағдарын өзгерту, дарынды және талантты балаларға, білім беру үдерісінде олардың қабілеттерін, ерекшеліктерін ашып, дамытуға айрықша ынта білдіру.

Біздің елімізде білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі-дарынды балалар мен жастарға еліміздің баға жетпес ұлттық игілігі және негізгі интеллектуалды, шығармашылық әлеуеті ретінде қарап, оларды жан-жақты қолдау және дамыту.

Әлемнің дамыған елдеріндегі дарынды оқушыларды оқытуды ұйымдастырудың көлемі мен принциптері түрліше болғанымен, барлығына айқын бір ғана нәрсе: қоғам мүддесі дарынды балалар мен жастарды моральдық және материалдық жағынан қолдаудың арнайы шараларын талап етеді. Дарыны жоғары балаларды оқытуда олардың өз қабілеттерін, өзіндік қызығушылығы мен қоғам мүддесіне сәйкес толық іске асыра алатындай жағдай жасалуы қажет. Интеллектуалдық өндіріс экономикалық дамудың шешуші факторларының бірі.

Халықтың интеллектуалды әлеуетінің маңыздылығын аумақтық, демографиялық және басқа да фактілермен салыстырғанда елемеушілік, жеке интеллектіні дамытуға деген немқұрайлылықтың нәтижесі – қоғамға орны толмас материалдық, саяси, моральдық шығын әкеледі [2].

Осындай жағдайда маңызды басымдылық - интеллект болып, ал адамзат өркениетінің маңызды қуаты ретінде оның интеллектуалды қабілеттері есептеледі.

Демек, қазірдің өзінде кез келген қоғамда дарынды балаларға ұлттық игілік ретінде қарап, олардың ерекше әлеуметтік құқығы ескерілуі керек. Мамандардың айтуынша, дарынды ересек адамдардың саны дарынды балалар саны есебінен бірнеше есе аз. Дарынды балалар арнайы педагогикалық және әлеуметтік бағдарламаның басты назарында болуы қажет, өйткені өмір сүру жағдайын жақсарту және ұлттық гүлденуіне деген үлкен үміт дарынды жастарға байланысты. Олардың қабілеттерін дамытуды неғұрлым ерте бастаса, дамыту тиімділігі соншалықты көп болады. Оқушының дарындылығының дамуы, қабілетінің ашылуы көбінесе мұғалімнің кәсіби  біліктілігне, және оның тұлғалық қасиетіне байланысты екені айдан анық.

Көбінесе «дарынды оқушы – бұл жақсы оқитын оқушы» деген пікір қалыптасқан. Белгілі ағылшын психологі П.Торранстың зерттеулері бұл пікірдің мұғалімдер арасында жиі кездесетінін анықтады. Оларға оқуда қиыншылық туғызбайтын, тәртіпті, ұйымшыл, білімді, тұрақты, ұғымтал, өз ойын нақты және түсінікті жеткізе алатын оқушылар көбірек ұнайды. Ал қисынсыз сұрақ қоятын, өз жұмысымен ғана айналысатын, тәуелсіз, көбіне түсініспеушілік туғызатын, қияли, әр нәрсеге көзқарасы бөлек оқушылар ұнамайды. П.Торранстың зерттеулері нақ осы қасиеттер оқушының шығармашылық дарындылығын көрсететін және оның нашар оқитын оқушылардың арасында да аз емес екендігін айқындаған. Сондықтан мұғалімдер осы зерттеулердің нәтижесін есте ұстағаны жөн.

Дарынды оқушымен жұмыстың негізгі  мақсаты- олардың шығармашылық жұмыста өзінің қабілетін іске асыруға дайындығын қалыптастыру. Ал мақсатқа жету оқу бағдарламасын тереңдетіп оқыту және оқушының танымдық белсенділігін дамыту арқылы жүзеге асады.

Дарынды балалармен сабақ барысында жұмыс жүргізуде деңгейлік тапсырмалардың пайдасы бар. Деңгейлік тапсырмалар оқушыларға біліміне, қабілетіне, жас және дербес ерекшелігіне сай дайындалатын сатылы жұмыстар жүйесі болып табылады. Оқушы өз жүмысын ең төменгі деңгейдегі тапсырманы орындаудан бастауы керек. Бірінші деңгейдегі тапсырмалар- міндетті оқушылық, екінші деңгейдегі тапсырмалар-алгоритмдік, үшінші деңгейдегі тапсырмалар-эвристикалық, төртінші деңгейдегі тапсырмалар-шығармашылық сипатқа ие болады.

Бұл жүйе бойынша өзіндік жүмыстарға ұсынылатын тапсырмалар қиындығына байланысты қиындықтың төрт деңгейі бойынша берілді.

Қиындықтың бірінші деңгейіндегі тапсырмалар бағдарламалық материал мазмұнының талаптарына сәйкес таңдап алынады. Бұл тапсырмаларды орындау оқушылардың үйреншікті білімдерін пайдаланумен байланысты болады. Мұнда тапсырмаларды орындау үлгілері немесе оларды орындауға нұсқаулар беріледі.

Қиындықтың екінші деңгейіндегі тапсырмаларды орындау барысында білімді біршама өзгерген күйінде пайдалануға тура келеді.

Қиындықтың үшінші деңгейіндегі тапсырмалар білімді сапалы жаңа деңгейде қолдануға мүмкіндік береді, яғни бұл тапсырмалар жағдаяттарды да қамтиды.

Қиындықтың төртінші деңгейіндегі тапсырмалар шығармашылық әрекетті талап етеді. Соған байланысты тапсырмалар негізінен дәстүрлі емес формада беріледі және оқушылардың білімдерін тереңдету мен болжау бағытында белсенді ізденістер жасауды талап етеді.

Қорыта келе оқушылардың дарындылығын дамыту үшін әрбір ұстаз оқу жұмысына шығармашылықпен қарап, дарынды оқушылармен жұмыстарды ұйымдастырғанда жаңа заман талабына сай озық үлгідегі сабақ түрлерін пайдаланып және оқытудың түрлі әдіс - тәсілдерін қолданғанда, жақсы нәтижеге жетеріміз сөзсіз.

Әдебиеттер тізімі:

1.   Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. //Егемен Қазақстан,2007.

2. Егімбаева А. Дарынды балалармен жұмыс түрлері. // Қазақстан мектебі. №3.-2007. 18-20.