әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ, Жалпы және этникалық педагогика
кафедрасының профессоры, педагогика
ғылымдарының докторы Қожахметова К.Ж.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Жалпы
және этникалық педагогика кафедрасының 2-курс магистранты
Мухангалиева Р.А.
М.Ж.Көпеев еңбектеріндегі рухани
құндылықтардың көрініс табуы
Халыққа
аты белгілі Мәшһүр Жүсіп 1858 жылы өзінің
айтуынша (қазақша қой жылы, арабша ережеп айында, жұма
күні, бесін кезінде) Қызылтауда, Найзатас деген жерде дүниеге
келеді. Нәресте туған соң ата-баба салтымен азан
шақырып, атын Жүсіп болсын деп қояды.
Ақын
есімі неліктен Мәшһүр Жүсіп болғандығын
өзінің «Өмірбаян» атты өлеңінде баяндаған.
Төмендегідей:
Жасымда
қойылған ат адам Жүсіп,
Жұрт кеткен
сүйгенінен Мәшһүр-Жүсіп.
Қолыма
қағаз, қалам алған шақта,
Кетемін қара
сөзге желдей есіп, -
деген жолдар ақынның кішкентай
кезінен бастап белгілі ақын-жазушылардың өлеңдерін,
шығармаларын, еңбектерін оқып бастағандығы,
қолына қалам алып, өлең жолдарын жазып бастағаны
халықтың назарын аудартып, Мәшһүр Жүсіп дейтін
атқа ие болуы ғажап емес.
Ақын
жоғарыдағы аталған жырында тағы да былай дейді:
Бес жаста
«бісміллә» айтып жаздым хатты,
Бұл
дүние жастай маған тиді қатты.
Сегізден
тоғызға аяқ басқан күнде,
Мұса еді
қосақтаған «Мәшһүр» атты.
Сөйтіп,
ақынның өзі айтқанындай, тоғызға енді
толған шағында қалың топтың алдында
мүдірместен мақамына келтіре отырып, «Төрт жігіттің
өлеңі», «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу»
лиро-эпос дастандарын жатқа толғайды. Жиылған қауым
дән риза болып, «Баланыі аты – Мәшһүр болсын, тіл
көзден аулақ болуы үшін басына үкі тағып
қойыңдар» - дейді.
Бұл ақынның халық алдында қалай
Мәшһүр Жүсіп атқа ие болғандығы еді.
Мәшһүр
Жүсіп өзінің көрген-білгенін, сезген-түйгенін,
естігенінің керектісін, ел иелігіне асады-ау дегенін ерінбей-жалықпай
хаттап, қағаз бетіне меруерттей түсіріп кеткен жан. Бұл
жөнінде, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі
М.О.Әуезов былай деп тұжырымдайды: «Ал, өз шығармаларын
былай қойып, басы ашық үлгілерді жазып алып, біздің
дәуірімізге жеткізген еңбек Мәшһүрде мол екенін
және естен шығармау керек. Сондықтан қазақ ауыз
әдебиеті мен жазба әдебиетінің ғылымдық бір
саласы историография бөлімінде Мәшһүрдің ол
түрдегі еңбегіне әрдайым орынды баға берілуі шарт» [1].
Ал,
академик-жазушы С.Мұқанов М.Көпеевтің творчестволық
жолын жан-жақты зерттей келіп, өз ойын былайша түйіндеген
еді: «ХVІІІ ғасырда жасаған ақындардың ішінен жыры мол
сақталғаны –Бұқар жырау. Бұқардың
жырларын сақтап, тарих алдында ерекше еңбек сіңірген адам –
Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Бұқардың
жырларын жазып алған Мәшһүр Жүсіп:
«Бұқарекең сөйлеген уақытында сөзі
мұндай жүз есе, мың есе шығар. Бізге келіп жеткен
тамыры ғана», - дейді. «Меc» жинағынақарасаң
көңілің тояттайды, оқысаң көзің
қуаттайды. Сиясы әсем көшірілген қолжазба
Мәшһүр махаббатына лық толы. Ол көнеқолжазбаның
әр бір сөзіне дейін жеткізуге, қазақ тілінің
алтын қорын шашпай-төкпей сақтауға тырысқан»[2]. Осыған
ұқсас пікірді Қазақ ССР ғылым академиясының
корреспондент-мүшесі Ы.Дүйсенбаев та айтқан. Ол:
«М.Ж.Көпеев Бұқарға тиісті деген
өлең-толғауларды ел ішіндегі кәрі
құлақ қaриялардың аузынан жазып алып, ертеректе
қағаз бетіне түсірген, екіншіден ол өзінің шамасы
келгенше қарт жыраудың мұрасын толығырақ және
келіп жеткен қалпында сақтауға тырысқан,
үшіншіден өзі де Бұқардың өмірі және
творчествосымен жете таныс болғандықтан кейбір
жыр-толғауларының қандай жағдайға туғанына
арнайы түсіндірмелер берумен бірге, басқа да қызықты
мәліметтер келтіріп отырған», - дейді [3].
М.Көпеевтің
өлең жолдарынан білетініміздей, өзі айтқандай он бес
жастан бастап өлең шығара бастаған, он бес жастан
кейінгі өмірінің бәрін дерлік өлеңмен
сөйлеген және ақын күнделікті өмірлік
жайдайларды, адам дүниетанымын, адамдардың
қарым-қатынасын, нені сүйіп, нені жек көретінінде
өрнектеген.
Ақын
той мен жиналған қауымдарда, ел мол жиылған аста бай мен
болыс, би мен бектен ығыспаған, олардың қателіктері мен
кемшіліктерін тіке айтып, жақсынын жақсылығын айтып,
жіңіщкеге көрсеткен қорлығын бетіне басып отырған,
осының артынан өзі опық жеген кездері де болған. Ол
өзінің «Ғибрат наме» атты өлеңінде айқын
байқалған:
Япырмай, кессем бе
екен мен тілімді,
Үйрендім
қайдан өнер, көп білімді.
Өткіздім
қасірет пен қапалықта,
Қызықты
ойнап-күлер мезгілімді.
Шынында
да ақын бала болып ойнамаған, бес жасынан бастап оқуға
зейін қойып, ержетіп бозбалалық шақта да қағаздан
бас алмаған. Ақын ізденудің нәтижесінде білімге де, параcатқа да ерте жетіпті.
ХХ
ғасырдың бас кезінде ұлы Абайдың соңын ала
шыққан
Мәшһүр Жүсіп Көпеев сол Абайдың cара
жолын арман-мұрат тұтып, соның соқпағымен «тас
қияға өрлегендердің» бірі еді. Ақын өзі
ғана ұстазынан тәлім-тәрбие алып қоймай, өзге жұрттың да сол жолмен
ілгері басуын тіледі. Ол бұл тілегін күндіз-түні
өлең жазып, халықтың ішкі жан дүниесін тербетіп,
оларды өнер-білімге, отырықшылыққа шақыру
арқылы жүзеге асырды. Ақынның түпкі арманы – халықты жаппай
сауаттандыру еді. Алайда ол мұндай игілікті іс тек сөзбен
ғана жүзеге аспайтынын, ол үшін қолда билік болуымен қатар,
мол қаражаттың қажет екендігін кейін сезінді. Амалсыз ішкі
мұң-шерін тағы да өлеңмен шертті:
Бұлттай
жауатұғын менің өзім,
Көкірегім –
қан, жаспенен толған көзім.
Жаңбырдың
рахымет тамшысындай,
Ғаламға
дастан қылып айтқан сөзім.
Сол кездері ақынның көкірегінен тесіп шыққан
сөзді түсінетін, оған еміренетін жанның аз
болғандығына қынжыласың. Ақынның
«жауатұғын бұлттай» күйде түнергендігі бекер
еместігі, жүректен
шыққан үннің ешқайда жарамай
қалғандығы байқалады...
«Көкірегім – қан, жаспенен
толған көзім» деген өлеңнің осы жолына
қарасақ, ақын қоғамда болып жатқан
мәселелерді көре тұрып, оған ештене жасай
алмайтындығын аңғарамыз. Осындай мәселелер сол кездері
болды дейміз, бірақ қазіргі кезде де орын алуда. Мысалы, егемендік
алып, бәріміз жайқалдық делік, дегенмен де жоғарыда
отырған ағаларымыздың қарапайым халықтың
ішкі жан дүниесін әлі де түсінбеген күйде секілді.
Халықты арбау, өз азаматтарымызды емес, шет елден келген
азаматтарға қолдау көрсету жайы тағы бар...
Адамның жүрегі қынжылып қарайтын тағы бір
нәрсе: адамдардың бойындағы рухани
құндылықтардың төмендеп бара
жатқандығы (әр адам өзін ғана ойлауы,
сүйіспеншіліктің жойылуы, қазақтың өз тілін
жетік меңгермей жатып, басқа тілдерді меңгеруі, шала
қазақтану, т.б.). Өмірдегі қымбатты деп
саналатындардың бірі, бұл – рухани құндылықтар
деп түсінеміз.
Сонымен
М.Ж.Көпеев өзінің «Бес қымбат» деген өлеңінде:
«Ең әуел керек
нәрсе-иман» - деген...
«Екінші керек
нәрсе-ғақыл» -
деген...
«Үшiншi
қымбат нәрсе-сабыр!» -
деген...
«Төртінші,
қымбат нәрсе-шүкір»
- деген...
«Бесінші,
қымбат нәрсе-әдеп»
- деген...
Иман,
Ғақыл, Сабыр, Шүкір, Әдепті өмірде бес қымбат
ретінде қажетті нәрселер деп көрсеткен. Расындада осы бес
қымбатты әр бір жанның иманды, ғақылды
түсініп, білуі, сабырлы болуы, шүкіршілік етуі, әдеп танытуы
қажетті деп ойлаймыз.
«Тірлікте көп
жасағандықтан көрген бір тамшымыз» кітабынан деген өлең жолдарында:
«Сөйлесе
жұрт пайдасын білген ерлер,
Хакімдер атып тастар
көзін жойып.
Қалайша Россияның
әділдігі,
Мүшелер
терімізді малша сойып,
Жіберсін
біздің жаққа нағып қиып.
Білгіштер
ілфәттасып арыз айтып,
Шығарған
манифисті басын жиып.
Қылғаны
хакімдердің бізге зорлық,
Низамға тура
келмес ісі сиып.
Әділдік, сол
кездегі әр бір қазақтың күйін, бейнесін,
өмірін, ойын білдірген азаматтардың өмірінің
қиындығын, зорлық-зомбылықты сомдаған.
Ходқа алып
тексермейді қазақ сөзін,
Жіберер келемеждеп
оның өзін.
Өлең
жолы қазақ өмірінің осыншалықты жағдайда
болғандығын, жерден алып, жерге салғандығын
аңғарамыз.
«Жазалы
қылған жоқ па сөзімізден,
Табылмай
айтуға ауыз өзімізден.
Көрген
соң дінімізді қорлағанын,
Жас ағып
жүре бердік көзімізден.
Әділдік
орнайтын кезді аңсаған қазақ азаматтарының
көрмегені жоқтығын, еркіндік бейнесін сомдап, діннің
қорланғаннын өз көздерімен көріп,
қиналғандығын өрнектеп келтіреді.
Ал, біздің
дәуірге оралсақ, осындай ақын-жазушыларымыз, зиялы
қауымдарымыздың аңсаған арманы орындалған заманда
өмір сүріп жатырмыз. Бірақ, әттеген-ай деп айтатын
кездер де бар: дініміздің бұрмаланып, елімізде басқа
діндердің көбейіп орнап жатуы, қазақ бола тұра
сондай діндерді қабылдап жатқан азаматтарымыз да жок емес.
Бұл дегеніміз, рухани байлығымыздың бірінен айырылып бара
жатқанымызды көрсетеді.
М.Көпеев
өлеңінің айрықша бір қасиеті
–қарапайымдылығында. Ол айрықша бояу, тыңнан
жаңалық іздемейді, жұртты таңырқата
қаяйыншы деген ой онда атымен жоқ. Тек өз
өлеңдерінде шындықты
айтып, халық қамын білдіреді.
Ақын
адам өміріндегі ең бір қымбат дүние достық
екенін, досы мол жанның бақытты екенін жан-жақты айта келіп:
Бұл
сөзімнің балы бар уы аралас,
Ойлаймысың бір
іске деп жарамас.
Келіп пе едің
жалғанға киім киіп,
Тумаппа едің
анадан сыр жалаңаш, -
деп бір тоқтайды. Әрі
қарай ол әрбір пенденің доссыз
көгеріп-көктемейтінін, ісі ілгері баспайтынын былайша
түсіндіреді: «Достық –аспандағы жарық жұлдыз,
теңіздегі гауһар тас. Жұлдыз да, асыл тас та кіршіксіз
мөлдір. Бұл екеуін ешкім де, еш құдірет те кірлете
алмайды. Олар мәңгі-бақи таза күйінде қала
бермек. Досыңның кішкене сыйын көптей көр.
Өйткені ол сыйда досыңның жаны, көңілі,
көзі, жүрегі, саған айтпаған, мүмкін өмір
бойы айта алмайтын алғысы жатыр».
Ақынның
«Адам екі түрлі»
өлеңінде:
Бір адам бар:
өрік, мейіз ағашы сықылды,
Жемісінен
дүние жүзі баһра алады.
Бір адам бар терек
ағашы сықылды,
Отқа отын
болғаннан басқаға жарамайды.–
делінген [4]. Ақын
адамды екі түрге бөліп қарастырып, жеміс ағашының
бүкіл ғаламға қажеттігін түсіндіреді...
Қарап отырақ, өмірдегі қарама-қайшылықты
көрсетіп отырған секілді. Қайда барсақта адамдардыңда
екі жақтығын көруге болады,
бірі қолдап, бірі қарсы шығады. Біз бұл
өлең жолдарын мән-мағынасына үңіліп отырып,
талдап қарадық:
Кесте
– «Адам екі түрлі»
|
1. Ағаш - Жеміс ағашы – өрік, мейіз, т.б. |
2. Ағаш - Терек ағашы – отын. |
3.
Жалпы - адам. Қарама- қайшылықтың орын
алуы. Нәтиже – Адам. Өзегі – руханилық. |
|
1. Адам – Адам – жақсылық, қайыр
көрсету, демеуші, қолдаушы, т.б. |
2. Адам – Адам – өз күйінде
қалуы, жанындағы жандарға көмек қолын созбауы,
көреалмауышылық, екі адам арасына от салу, т.б. |
|
|
Нәтижесі – жеміс, жақсылық. |
Нәтижесі – отын. Бұл теңеудегі
адамның сол деңгейде қалуы. |
Егер біз жеміс
ағашына күнделікті су құйып отырмасақ, бұл
ағашымыздың жеміз бермеу мүмкіндігі бар, сондықтан да
біз күнделікті алға талпынып, көмек қолын созған
жанға мүмкіндігінше қайыр көрсетіп отыруымыз, білімді
шыңдай беруіміз керек.
Мәшһүр
Жүсіптің бөліп айтуға тұрарлық
айрықша бір ерекшелігі –өлеңдерін жазып шығарған.
Ол әрбір жырын қағаз бетіне түсіріп, рет-ретімен
тәртіптеп, шашау шығармай ықтияттап жинап отырған.
Оның алғашқы өлеңдері «Дала уалаяты» газетінде
1889 жылдан бастап көріне бастады. Ақын 1889 және 1890 жылдар
аралығында бірнеше макаламен қоса, бес өлең жариялады.
Олар мыналар: «Әңгіме», «Бәрі қысқа, еркін
дүниеге келеді екен», «Кедейлікке
үш қырсық оралады», «Күн шықпай ерте тұрып»,
«Білмейді ел өнерлісін, аулақ болар». Бұл
өлеңдердің бәрінің сарыны ортақ, ой арнасы
біреу – ол жастарды еңбекке, өнер-білімге, егін салуға, сауда
істеуге шақырады.
1907
жылы Қазан қаласындағы Құсайыновтар баспасынан
Мәшһүр Жүсіптің «Хал-ахуал», «Тірлікте көп
жасағандықтан көрген бір тамашамыз», «Сарыарқаның
кімдікі екендігі» деп аталатын үш кітабы бірдей шықты. Бұл
кітаптарында сол кездегі қожа-молдалардың жағымсыз
іс-әрекетін сынайтын жерлері де аз емес, сонымен бірге Россиямен
қосылудың прогрессивті жақтарымен бірге, қиындығы
да аз болған жоқ деп айтқан. Жалпы, бұл
өлеңдердің халқымыздың сол замандағы
тұрмыс-тіршілігін, іс-әрекетін, психологиясын біршама суреттеп
берумен құнды десек артық айтпаймыз.
1940
жылы шыққан «Қазақ әдебиеті хрестоматиясына»
М.Көпеевтің «Шайтанның саудасы» енсе, осы жылы Москвадан
жарық көрген «Дала әні»
атты қазақ поэзисының
антологиясында бір өлеңі басылды.
«Мәшһүр
Жүсіптің Тырнамен айтысы», Мәшһүр
Жүсіптің ала қарғамен айтысы», «Жарты нан хикаясы»,
«Шайтанның саудасы», т.б. ақынның мысалдарының ең
басты идеясы –адамның көңілінің мөлдірлігі мен
жанының таза болуы үшін күресу. Ол үшін адамзат баласы
бір-біріне қиянат ойламасын және жөнсіз тілдемесін, кісі
ақысын жемесін, тек қана еңбек етсін, еңбек ете
алынбайтын қиындық, бұзылмайтын қамал болмайды деген ой
тастайды. Осы мысалдарын оқып отырып, мынадай түйін айтуға
болады: «Адам тек қана өзінің ішкі жан дүниесіне
үңіліп, әрекет жасау қажет екенін, адамдық
борышты және тек қана әділдікті үндейді».
М.Ж.Көпеев
сол кездегі және оның алдынғы замандағы (немересі
немесе достарымен) белгілі ақын,
батыр, белгілі адамдармен қарым-қатынаста болған.
Атақты балуан Қажымұқанмен, Атбасар дуанының
тұрғыны Мейрам Жанайдарұлымен, Бөгенбай батырдың
немересі Саққұлақпен, Ақан серімен және
тағы басқа белгілі тұлғалардың кейбірімен дос
болған, ал кейбірімен тығыз қарым-қатынаста болып
өткендегі халқымыздың әдеби мұрасы жайын
көшіріп және ел ішін көп аралап ақсақалды
қарт, ақ самайлы әжелердің аузынан шыққан
халық ауыз әдебиетін жинайды. Мұнда айта кететін жайт:
ақын ел шарлап жүрген кездерінде көрген-білгенін
өағаз бетіне түсіріп отырған, сонымен қатар мал
соңында күндіз-түні жүрген еңбек етіп
жүрген кедей шаруаның азабын, жетіммен жесірдің көз
жасын өлеңге қосады. Ақынның
өлең-шығармаларының басым бөлігі
өнер-білім-ғылымға шақырады.
Тұрмыс салт-жырлары: «Бір әйелдің ботасын
жоқтағаны», «Бопы төренің қарындасын
жоқтағаны», «Жоқтау өлеңдері», «Жұбату», «Бата үлгілері», «Бақсының сөзі», «Беташар»,
«Жар-жар», «Жарапазан», «Мысал-аңыз үлгілері», «Қара
өлең», «Өтірік өлең» және т.б. Қарап
отырсақ, ақынның бұл жырларында
қазақтың нағыз рухани құндылықтарын
келтіріп, салт-дүстүрлердің әрбіріне көңіл
бөліп толғап өткен.
Мәшһүр Жүсіп
Көпеев қазақ ақынының жоғары
дәрежелі, ақыннан да жоғары екендігін сөзбен айтып
жеткізу қиын екен. Ақынның
өлең-шығармаларында адамгершілік, имандылық,
әділдік, еңбек сүйгіштік, сезім, парызды сипаттаса, ал
кейбірінде адам жаратылысы, болмысы, жақсылық пен жамандықты
түсіндірсе, ал ендігі бірінде елде болып жатқан сол кездегі
күйді, мұңды баяндайды.
Тарихтан бізге халық ауыз
әдебиеті, өлең-жырлар арқылы өзіміздің
қандай қазақ екенімізді байқауға болады.
Ақын-жазушылардың еңбегін бағалау керек, өйткені
біздің рухани және материалдық құндылықтарымыздың
осы заманға келіп отырғандығы деп ойлаймыз.
Таңғаларлығы, белгілі тұлғаларымызды
өмірден өткеннен кейін бағалайтынымыз. «Қолда бар
алттынның қадірі жоқ» деген сөзді осы жерден
түсінгендейміз.Қазіргі кезде де қоғамда
құнды пікірлер қалыптасып жатыр, сондай ақын-жазушы,
ғалымдарымызды бағаласақ, оңды нәтиже болар деген
ойдамыз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Әуезов М. Әдеби мұра және оны
зерттеу. Алматы, 1961, 358 б.
2. Мұқанов С. Халық мұрасы. Алматы, 1974. 110-б.
3. Дүйсенбаев Ы. Ғасырлар сыры. Алматы, 1970.
17-б.
4. М.Ж.Көпеев. Таңдамалы.
Екі томдық. 1-т. – Алматы: Ғылым, 1990. –273 б.
5. М.Ж.Көпеев. Таңдамалы.
Екі томдық. 2-т. – Алматы: Ғылым, 1992, 224 б.
6. М.Ж.Көпеев. Ит дүние.
Таңдамалылары. Алматы: Халықаралық Абай клубы, 2008. – 416 б.