Филологические науки/Методика преподававния языка и литературы

Магистр, аға оқытушы Жангираева А.Б.

КӘСІБИ ҚАЗАҚ ТІЛІН ПЕДАГОГИКА-ПСИХОЛОГИЯ МАМАНДЫҒЫНЫҢ СТУДЕНТТЕРІНЕ ФРАЗЕОЛОГИЯЛЫҚ ТІРКЕСТЕР АРҚЫЛЫ ОҚЫТУ ЖОЛДАРЫ

 

Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіптік шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау» [1, 24 б.],- деп, мамандыққа қатысты оқыту мәселесіне ерекше мән беру қажеттілігі атап көрсетілген болатын.

Жаңа заманның талаптарына орай, интеллектуалдық қабілеті мол мамандарды даярлау міндеті бүгінгі білім жүйесінің басты да негізгі мақсаты екені даусыз. Осы мақсатты іске асыруда студенттерге іскерлік қарым-қатынасты дұрыс оқыту қажеттігі күннен-күнге айқын сезілуде. ЖОО-да оқыту үдерісінде Қазақстан Республикасының бәсекеге қабілетті тілдік тұлғаны қалыптастыруда тиімді әдістерді қолдану. Сол себепті оқыту әдістемесінде және тіл үйретуде, оқытуда  ақпараттың көлемді бөлігін тиімді түрде ұсынатын,  сол ақпаратты жоғарғы деңгейде игеретін және өмірде, тәжірибеде бекіте алатын әдістерді қолдануды талап етеді.

Осыған орай, біз кәсіби қазақ тілін педагогика-психология мамандығының студенттеріне фразеологиялық тіркестер арқылы оқыту жолдарын анықтау маңызды деп санаймыз.

Құзыретті білім беруді іске асыру әдістемелік және теориялық мәселелерді шешудің жолдарын қарастырады. Бұл мәселе негізінен қазақ тілін мамандықпен байланыстырып оқытумен тікелей байланысты. Бүгінгі таңда қазақ тілін мамандық тілі ретінде меңгерту бағытында тіл үйренушілерге әртүрлі әдістемелер бойынша оқытудың инновациялық тәжірибелері мен озық технологиялары қарқынды дамуда.

Білімнің нәтижеге айналуы – оқытудың ең негізгі әрі басты мәселесі. Оқыту барысында күтілетін білім нәтижелерін айқындайтын құзыреттіліктер деңгейінде көрінеді. Студент оқу-танымдық, ақпараттық-технологиялық, коммуникативтік, әлеуметтік-тұлғалық құзыреттіліктерді игеру нәтижесінде білімді де білікті, кәсiби даярлығы жоғары, бәсекеге қабілетті маман бола алады.

Педагогика-психология мамандығы студенттеріне білім берудегі негізгі мақсат тек білімді, кәсіби мамандандырылған маман дайындау ғана емес, рухани дүниесі бай және адамгершілігі жоғары, қоғамдық өмірдің барлық саласында ұлттық құндылықтарды бағалауға және дамытуға қабілетті маман қалыптастыру – білім мазмұнын таңдауда қатаң ескерілетін мәселе. Сондықтан әрбір білім алушы өз мамандығына байланысты кәсіби мәселелерді шешу, білім және іскерлік деңгейін көтеру сияқты құзыреттілігімен анықталады.

Білікті де білімді мамандарды даярлау, жас ұрпаққа сапалы білім беруді жан-жақты игеру, соның ішінде қазақ тілін студенттің педагогикалық-психологиялық кәсібіне сәйкес байланыстыра жетілдіріп, өз кәсібіне қатысты лексиканы меңгертіп, тікелей мамандықпен байланыстыра оқыту – жоғары оқу орындары үшін өзекті мәселе. Осыған байланысты елімізде білім жүйесін жетілдіру, білім мазмұнын жаңарту, ЖОО-да мамандар даярлаудың сапасын арттыру мәселесі бойынша отандық ғалымдардың зерттеу еңбектерінің маңызы ерекше. Атап айтқанда, қазақ тілін мамандықпен байланыстыра  оқытудың  әдістемесімен  айналысып  жүрген  ғалым Р. Шаханова былай дейді: «Қазақ тілін мамандыққа қатысты оқыту әдістемесін оқытудың қазіргі жаңа технологиясына байланысты жаңалықтармен байытып, жаңа әдістемелік идеялармен толықтырып, әдістеменің жаңарған түрінің жасалуына негіз болады» [2].

Мамандық тіліне бейімдеп оқытуда жаңаша жаңғыртып оқыту әдістемесінің әдіс-тәсілдерін ұтымды пайдалануға болатындығын, үйренушілердің өз саласында тілді қолдану қызметінде лексикалық минимумды анықтау, коммуникативтік қажеттілікті қамтамасыз  ететін  ерекшелік  екендігін  ғалым  Қ. Қадашева: «Арнайы оқу мәтіні, негізінен, мамандықтары бойынша дәріс және арнайы курстар оқылатын оқулықтардағы тақырыптар негізінде құрастырылуы керек. Мұндай тұрғыдан келу үйренушілердің болашақ мамандығына жақын қазақ тілінде сөйлеуге үйрену процесінде мүмкіндігінше жоғары уәждеме тудырады» [3, 123 б.], - деп атап көрсетеді.

Тілдік білімді студенттің саналы әрекетін дамытатын, өмірлік қажеттілігіне жарататын тетікке айналдыру – біріншіден, өзіндік көзқарас, дүниетаным мен сенім қалыптастыратын, екіншіден, кәсіпке бейімделу, педагогика және психология саласына қатысты мәселелерді түсіну, проблемалық жағдаяттарды шешу, қабылдау, тілдік қарым-қатынас жасай алу қабілеттерін дамыту бүгінгі күн талабынан туындайды. Бұл мемлекеттік тіл – қазақ тілі пәнін оқытуда студенттің кәсіби лексикасы мен терминдік қорын қалыптастыруға басымдылық беруді талап етеді [4, 99 б.].

Болашақ маманды кәсіби мамандыққа қатысты тілді меңгертуге арналған мәтіндердің өзіндік ерекшелігі болуы тиіс:

- мәтіндер арқылы оқыту кешенінің төрт түрін (оқылым, жазылым, тыңдалым, сөйлесім) қалыптастыру;

- оқытылатын мәтіндер арқылы білім алушының мамандығына қатысты терминдерді меңгерту;

- терминдер арқылы тіл үйренушінің сөздік қорын байыту;

- білім алушының мамандық тіліне қатысты білімі мен тілдік дағдысын арттыру;

- өз мамандығына қатысты салада қазақша сөйлеу дағдысына машықтандыру;

- кәсіби тілдік құзыретін қалыптастыру.

Сөз мағынасын ашуда төмендегідей әдіс-тәсілдер қолданылады:

 - терминдердің қазақша баламасын, ең алдымен, өздеріне аудартып, кейін сөздіктегі нұсқасымен салыстыру;

- мағыналас сөздермен алмастыру;

- қарсы мәндегі сөздерді табу;

- айтылуы бірдей, мағыналары әртүрлі сөздердің мағынасын ашу;

- терминологиялық түсіндірме сөздіктің көмегімен терминдердің мағынасын түсіну.

Педагогика және психология мамандығы студенттері өз мамандықтары бойынша кәсіби саладағы әр терминді өз орнына дұрыс қолдана алатын, өз ойын дәлелді, тұжырымды жеткізе білетін білімді маман даярлау үшін тіл дамыту жұмыстарының алатын орны ерекше. Тіл дамыту жұмыстарының барлық түрі лексикалық материал негізінде тіл үйренушілерге мәтіннің мазмұнын игеру барысында жүзеге асырылады.

Мәтінмен жұмыс түрлерін терминдерді меңгерту жолдарымен сабақтастықта беру үшін:

- мәтін ішіндегі түсінуге қиын сөздерден сөздік түзу;

- лексикалық тақырыпқа құрылған қазақша мәтіннен алынған жеке термин сөздердің мағынасын ашу;

- мамандық тіліне байланысты сөз тіркестерінен шағын мәтін құрастыру;

- мәтін ішіндегі термин сөздерді алып тастап, мазмұнына сәйкес толықтыру талап етіледі.

Студенттерге оқылым әрекетімен қатар мәтін бойынша сұрақ-жауап арқылы тілдесім әрекетіне, жазбаша жұмыстарды жазғызу арқылы жазылым әрекетіне, мәтін оқумен бірге тыңдалым әрекетіне, мәтін туралы өз ойын жеткізу арқылы айтылым әрекетіне үйрету көзделеді. Әдістеме іліміндегі тілдік қатынас пен қатысым әдісінің ғылыми негізін қалаған ғалым Ф. Оразбаева: «Сөйлесім әрекеті – белгілі бір ойды, хабарды не деректі баяндау және оны екінші біреуге жеткізу арқылы онымен түсіністікке жету» [5, 54 б.], - дей келе, тілдік қатынасқа байланысты сөйлесім әрекетінің өзін іштей беске бөліп (оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым, тілдесім), әрқайсысына жеке-жеке тоқталады.

Оқытуға қажетті негізгі құрал мәтін туралы А. Леонтьев: «Текст – как единственный  и  непосредственный  объект  восприятия»  [6, 43 б.], - деп  берсе, И.Р. Гальперин былай деген болатын: «Текст, состоящий из ряда особых единств, объединенных разными типами лексических, грамматических и логических связей, и имеющий определенный модальный характер и прагматическую установку» [7]. Ғалым Р. Шаханова: «Тілдік тұлғалар бір-бірімен тығыз байланыста өмір сүретіні анық. Мысалы, дыбыс сөз ішінде, сөз тіркесі сөйлем ішінде, ал сөйлем мәтін ішінде қолданылады. Бұл байланыс тілді оқыту кезінде үнемі ескеріліп отырады. Сондықтан дыбыс өзінше, лексика бір бөлек оқытылмайды. Тілдік тұлғалардың байланысы оқытуда да сақталады. Оның анық көрсеткіші – мәтін. Мәтін арқылы тілдік көрсеткіштерді өз қызметінде, тілдегі өз орнында көрсетіп, олардың қолданысының үлгісін меңгертуге болады» [2, 40 б.], - деп береді. Осы анықтамалардан мынандай ой қорытуға болады: мәтінде тілдің барлық деңгейіне қатысты тілдік тұлғалардың бәрі орын алады, сол себепті мәтін арқылы тілдің лексикасын, грамматикасын оқытуға болады. Олай болса, түрлі деңгейдегі тілдік тұлғалардың түйісетін орны, тіл оқытудағы басты бірлік – мәтін.

Кәсіби бағдарлы мәтіндерді меңгерту арқылы студентті болашақ мамандығымен кеңірек таныстыруға мүмкіндік туады. Себебі студенттердің өзі білім алатын жоғары оқу орны, факультеті туралы, мамандығына қатысты берілетін мәтіндерді қызыға оқитындығын тәжірибеден байқап жүрміз.

Сабақ барысында студенттер мәтін мазмұнын түсініп оқып, қабылдау, сұрақ қоя білу, оларға жауап беру, тақырып бойынша диалог түріндегі сөйлеу әрекетін жүзеге асырып, пікірталасқа қатысып, өз пікірін білдіру, өзгенің пікірімен келісу, келіспеу, қарсылық білдіру, өз пікірін жақтау дағдылары мен біліктеріне ие болады. Мәтінмен жұмыс істеу барысында тіл үйренуші кәсіби сөйлеу дағдысын қалыптастыруға, тілге деген қызығушылығының артуына, кәсіби лексиканы меңгеруіне машықтанады. Тақырыпты қорытындылау кезінде тіл үйренуші мәтіннің мазмұнын қалай түсінгенін, материалды қаншалықты меңгергенін аралық, қорытынды тестері арқылы тексерудің маңызы зор.

Қорытындылай келе, кез келген тіл үйренуші өз кәсіби саласында ммандығына сай қазақ тілінде өз ойын жеткізе алатындай дәрежеде игеру мақсатын көздейді. Осыған байланысты тіл үйренушінің мамандық тіліне қатысты білімі мен тілдік дағдысын арттыру барысында қазақ тілі пәнінің маңызы зор. Себебі кәсіби тілді меңгеруде тіл үйренуші өз ойын дәлелді, тұжырымды жеткізе білуге, мәтіндерді қос тілге аудара білуге, өз бетінше қажетті еңбектерді талдап үйренуге, кәсіби терминдерге анықтама беруге, олар арқылы мәтін құрастыра білуге, жалпы айтқанда, өз мамандығы бойынша қарым-қатынас түрлерін құрастыра білуге дағдыланады. Осыларды игерген студент келешекте терең теориялық біліммен қаруланған, іскерлік қабілеттілігі мен кәсіби деңгейі жоғары, еңбек нарығының сұранысына сай ғаламдық бәсекеге қабілетті, жоғары білікті маман болары сөзсіз.

 

Әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасындағы Білім туралы заңнама. Заң актілерінің жиынтығы. -Алматы: ЮРИСТ, 2012. -264 б.

2. Шаханова Р. Техникалық жоғары оқу орындарының орыс бөлiмдерiнде қазақ тiлiн мамандыққа қатысты оқытудың ғылыми-әдiстемелiк негiздерi: Педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация.   -Алматы, 2002. -337 б.

3. Қадашева Қ. Жаңаша жаңғыртып оқытудың ғылыми әдiстемелiк негiздерi: өзгетiлдi дәрiсханалардағы қазақ тiлi: Педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. -Алматы, 2001. -415 б.

4. Қасым Б. ЖОО-да қазақ тілін кәсіби мамандыққа сәйкес оқытуда жаңа технологияны қолдану // Білім, №3, 2013. -98-101-б.

5. Оразбаева  Ф.  Тілдік  қатынас:  теориясы  мен  әдістемесі.  -Алматы,  2000.   -208 б.

6. Леонтьев А.А. Понятие текста в современной лингвистике и психологии / Психолингвистическая и лингвистическая природа текста и особенности его восприятия. -Киев, 1979. -С. 41-49.

7. Гальперин И.Р. Текст как объект лингвистического исследования. -М.: Наука, 1981. - С. 140.