Рүстемова Гүлдана
№17 Ататүрік мектеп-гимназиясы
«Шаһнама» жырының Фирдоуси
және Т.Ізтілеуұлы нұсқасы
Әбіл
Қасым Мансур ибн Хасан Фирдоуси біздің жыл санауымыз бойынша 941 жылы,
кей деректерді 942 жылы Хорасан өлкесі, Тус аймағына қарасты
Баж (Фаз) ауылында туған. Әкесі Хасан диқан болған.
Өз заманының дәулетті де текті отбасыларының
қатарында өмір сүрген. Сол дәуірде диқандық
шаруамен айналысатын жандар ұлттық дәстүрі мен салтына
аса мән беретін болғандықтан, ислам дінінің
жаңаша құндылықтарын қабылдай тұра, ежелгі әдет-ғұрыптарын
да онымен үйлестіре отырып, сақтай білген. Сондықтан Фирдоуси
Иранның ежелгі мәдени-тарихи құндылықтарымен
бірге исламның нәрін өз бойына сіңіре жүріп,
ұлттық мақсаттарды арман еткен. Жас ұрпақ ер
жеткенде өз халқының тарихын үйреніп білсін деген
ниетпен оны кейінгі ұрпаққа үлгі-өрнек болсын деп
дастан формасына түсіріп жырлайды.
Ирандық
әмірлер парсы халқының ұлттық сезімін оятып,
олардың қолдауына ие болуға өздерінің тегін
ежелгі Иранның әйгілі патшалары мен палуандарына байланыстыруды
жөн көрген. Мысалы, Таһир әулеті (820-873 жж.
әмірлік еткен) өз тегін Рүстемнен деп білсе, Саффар
әулеті (887-1003 жж.) Хұсрау патшадан, Саман әулеті (887-1003
жж.) Бәһрам Чубиннен, Дәйләм әулеті (928-1042 ж)
Бәһрам-Гурден бастайды.
Тоғызыншы
ғасырдың бастапқы кезінде иран текті әмірлер
аймақтық билікке қол жеткізе бастаған шақта
ұлттық саяси талаптарына орай көптеген араб тіліндегі ежелгі
Иран тарихына қатысты дүниелер парсы тіліне аударылды.
Солардың бірі прозалық «Шаһнама» жинағы еді. Бұл
еңбекті Хорасан өлкесінің әмірі болған Әбу
Мансур Мухаммед ибн Әбдразақтың (958-961жж.)
бұйрығымен, уәзірі Әбу Мансур Мухаммед Моһрари
ежелгі Иран дастандарынан жасалған аудармалар мен қариялардың
жадындағы дастандар негізінде жинақтады. Содан оны «Шаһнама
Мансуры» деп атады. «Шаһнаманың» осы жинағы Фирдоусиден
бұрынырақ Әбу Шәкур Балхи, Рудаки, Масуди,
Мәрвәзи, Дақиқи Туси сынды иранның атақты
ақындары тарапынан толық жырланбақ болады. Бірақ
сәті түспеген еді. Алайда солардың ішінде Әбу Мансур
Дақиқи Туси «Шаһнаманы» жырлай бастап, аяқтауға
біршама қалғанда сәтсіздікке ұшырайды. Мерв
қаласында жас шағында өзінің қызметшісінің
қолынан қаза тапты.
Фирдоуси
өз жұмысын Дақиқидің жартылай
қалдырған еңбегін тауып алып, қайта жырлап шықты.
Тек қана Дақиқи жырлаған «Гәштасп»
дастанының мың бәйітін сол күйінде өз
«Шаһнамасына» қосқан. Өйткені Дақиқи мен
өз жырының айырмасын оқырманға ұсынбақ
болған. Фирдоуси Дақиқи жайында «Шаһнама» барысында
әжептәуір мәлімет берген[1,15].
«Шаһнама»
түрлі кезеңдердің түрлі жағдайын баяндайды.
Фирдоуси дастанның сюжетін жырлауда, образдарын сомдауда,
кейіпкерлердің істері мен көзқарастарын баяндауда,
өзінің талғампаз шығармашылық талантын пайдаланып
өзгеріс жасамаған [2,9].
«Шаһнама» жырында Фирдоусидің
ақындық қуаты мен адами қасиетін көреміз. Ол
«Шаһнама» жинағындағы тақырыптардың идеясына
қиянат жасамаған. Теңеулері жоғары көркемдікпен,
ырғақты ұйқаспен жасалады.
«Шаһнаманың»
ең ескі қолжазбасы 1276 жылдары Фирдоуси қайтыс
болғаннан кейін екі жүз елу жыл өткен соң көшіріліп
жазылған. Бұл «British Museum» қолжазба қорында
сақтаулы. Екінші қолжазба 1333 жылы жазылған. Бірінші
нұсқамен салыстырғанда өзгешеліктер байқалады.
Нұсқа Санкт-Петербургтың орталық кітапханасының
қолжазба қорында сақтаулы. Үшінші қолжазба
қай уақытта жазылғаны көрсетілмеген. Бірақ,
ғалымдардың болжауынша 1445 жылдары болса керек.
«Шаһнаманы»
тарауларға бөліп, тақырыбын анықтау екінші
нұсқасында жазыла бастаған. Баспаға берілген ең
сенімді нұсқасы Мәскеу басылымы болып табылады.
«Шаһнаманың»
толық мазмұнын келтіріп, айырмашылығын анықтап
көрелік. 1) кітапқа кіріспе, 2) санаға мадақ, 3)
әлемнің жаратылуы жайында әңгіме, 4)
халықтың жаратылысы хақында әңгіме, 5)
күннің жаратылысы жөнінде әңгіме, 6) айдың
жаратылысы туралы әңгіме, 7) пайғамбарды мадақтау, 8)
кітап жинақтау хақында әңгіме, 9) Дақиқи
ақынның дастаны, 10) кітаптың негізін қалау (Әбу
Мансүр дастанында), 11) Сұлта Махмұдқа мадақ, 12)
Киомәрс, 13) Һушәнг, 14) Таһмүрес, 15)
Жәмшид, 16) Заһақ, 17) Ферейдун, 18) Мәнучеһр,
19) Нузар патшалығы, 20) Зу Таһмасы патшалығы, 21)
Гәштасп патшалығы, 22) Кейқобад, 23) Кейқауыс
патшалығы (оның Мазандаранға жорық жасауы), 24)
Қауыстың Һәмәваран аһымен шайқасы,
25) Соһраб, 26) Сияуыш дастаны, 27) Кейхұсрау, 28) Фруд
Сияуышұлы хақында әңгіме, 29) Камус Кәшани
дастаны, 30) Шын хақаны дастаны, 31) Акван дию, 32) Бижән-Минже
дастаны, 33) Дәвәздаһ Рох дастаны, 34) Кейхұсрау мен
Афрасияптың кескілескен шайқасы (Сұлтан Махмұдқа
мадақ өлеңдер), 35) Лоһрасп патшалығы, 36)
Гәштасп патшалығы (жүз жиырма жыл патшалық етеді), 37)
Дақиқидің әңгімесі, 39) Исфәндиярдың
жеті асу дастаны, 40) Рүстем мен Исфәндияр дастаны, 41)
Рүстем мен Шәғад дастаны (Сұлтан Махмұдқа
арналған кіріспе бәйіттер), 42) Бәһмән
Исфәндияр патшалығы (жүз он екі жыл), 43) Һомай Чехрзад
патшалығы (отыз екі жыл), 44) Дарай Дараб патшалығы (он төрт
жыл), 46) Іскендір патшалығы, 47) Әшкен әулеттерінің
патшалығы, 48) Әршедир патшалығы, 49) І Шапур
патшалығы, 50) Урморз патшалығы, 51) Бәһрам Урмозд
патшалығы, 52) Бәһрам Бәһрамұлы
патшалығы (он тоғыз жыл), 53) Бәһрамдардың
патшалығы, 54) Нәрси Баһрам патшалығы, 55) Урмозд
Нәрси патшалығы, 56) Шапур Зул әктаф патшалығы, 57)
Некукар Әрдишир ( қайырымды Әршидир), 58) ІІІ Шапур патшалығы,
59) Баһрам Шапур патшалығы, 60 Безеһар Иездегард
патшалығы (күнәхар Иездигерд) патшалығы, 61)
Бәһрам-Гур патшалығы, 62) Иездигерд патшалығы (он сегіз
жыл), 63) Һормоз патшалығы ( бір жыл), 64) Пируз патшалығы
(жиырма жеті жыл), 65) Белаш Пируз патшалығы (төрт жыл), 66)
Қобад патшалығы (қырық үш жыл), 67)
Мәздәк-Қобад дастаны, 68) Нәсра Нушин Рәвән
патшалығы (қырық сегіз жыл). Дастанға кіріспе,
Нушдад-Кәсра дастаны, Бузәржмеһр дастаны, Мәһбод
Бәзрәвән дастаны, Шын хақаны мен һиталдар
шайқасы, Шәтрәнж дастаны, Тәлхәнд пен Пу дастаны,
Кәлилә мен Димнә дастаны,
Кәсрә-Бәзәржмеһр дастаны,
Кәсрәнің Һормозға хаты, Мүбенің
Кәсрәдан сауалы, Рим Кисрәнің (Рим императорының)
қайтыс болғапны әрі Кәсрәнің шайқасы,
69) Һормоз патшалығы (Һұсрау мен Шырын хақында
әңгіме), 70) Шируле патшалығы, 71) Әрдешир Шируйе
патшалығы, 72) Фрамін патшалығы, 73) Пуран Дохт патшалығы,
74) Азрәм Дохт патшалығы, 75) Фәррозад патшалығы, 76)
Иездегерд патшалығы[1].
«Шаһнаманың»
кіріспе тарауларынан кейін аңыз бен ақиқатқа
құрылған сюжетті Иранның әпсанауи
тұңғыш патшасы Киомәрс патшаның дастанымен
басталады. Оның ұлы Сиямәк Әһриман қолынан
қаза табады. Әһруа жақсылықтың
Тәңірі болса, Әһриман ібіліс жамандықтың
өкілі деуге болады. Осымен жақсылық пен жамандықтың
екі ара тартысы келесі дастандардың патшаларымен сардарлар бейнесінде
көрініс тауып, философиялық концепциясын жасайды.
Жер
жүзінің басқа халықтары сияқты қазақ
халқына да «Шаһнама» эпопеясы қызығушылық
тудырды. Елдің елдігін ойлаған Т.Жүргенов сынды
қайраткерлер «Шаһнаманың» қазақша
нұсқасын жасауға себепкер болды.
1934
жылы Фирдоусидің туғанына мың жыл толған тойын
дүние жүзінің барлық елдері кеңінен атап
өтті. Қазақ тарихын әріге жалғастыру үшін
қазақ әдебиетінде «Шаһнаманы» жырлауына себеп табылады.
Жұртшылық тілегіне орай, Т.Ізтілеуұлы әлем
оқушысынның назарын ерекше аударған «Шығыс Иллиадасы» -
«Шаһнама» шығармасының сюжетін алып, дастан жазып
шығарды. «Олардың мақсаттары қазақтар тарихи
жадынан айырылып қалмасын деген ой болған. «Шаһнама» парсы
тілінде болғанымен, Тұран елінің тарихын баяндайтын
бірден-бір құнды дерек екенін олар жақсы білген» [2,19].
Өлеңмен
жыр етуші Тұрмағамбет ақын бұл жөнінде ХІХ
ғасырда қазақ ортасында көп жайылған Шығыс
аңыздарының өлеңге айналған дәстүрін қолданған.
Гете «Шығыстың жарық жұлдызы» атаған Фирдоуси
ақынның бұл әйгілі шығармасы мың жылдан
бері жер жүзінің түкпір-түкпірін еркін шарлағаны
сондай, оның жүзге жуық нұсқалары болған.
Әлем әдебиетінің асыл қазынасының төрінен
құрметті орын алған «Шаһнаманы» көз майын
тауысып, көңіл сазын сарқа құйып, тапжылмай
отырып, 35 жылда жазып бітірген. Көлемі Гомер «Иллиадасындай» сегіз есе
бұл дастанды әр елдің халқы оқуға
қаншама ынтық болса да, оны түпнұсқасынан
өлеңмен аудару аса ауыр болған. Сондықтан оны
көбіне қара сөзбен көшірген. Міне, мұның
көпнұсқалы болуының себебі де осында.
Ал «Шаһнама» жырын Қазақ
ақыны Т.Ізтілеуұлы дастанды он бір буынды өлшеммен
жырлаған. Т.Ізтілеуұлы Фирдоусидің парсы тіліндегі
«Шаһнамасын» қазақ тіліндегі, қазақи
ұғымдағы «Шаһнама» етіп қазақша
жырлаған. Ә.Тәжібаев:
«Бұны ақын оқып алып, қазақша үйлесімді
етіп, творчестволықпен өз бетімен еркін жыр етіп жазған.
Былайша айтқанда, ақын «Шаһнаманың» қазақша
вариантын жасаған. Оқығаныңда шығармада
қазақ рухы күшті... Оны оқып отырғандай
сезінеміз» [2,204].
Кейбір
сюжеттерді толықтырып жанынан қосқан. Сонымен қатар
Фирдоусидің шығармасындай тек «Шаһтарды» ғана емес,
батырлардың шайқасын да көбірек суреттеген. Мұны
«Шаһнама» тарауларынан білеміз. 1) Киамырыстың патша болғаны,
2) Хушнактың патша болғаны, 3) Таһмұрстың патша
болғаны, 4) Қаһарманның патша болғаны, 5)
Жәмшидтің патша болғаны, 6) Жәмшидтің
құдаймын деп жүзінің қарайғаны, 7)
Кіршаштың туғаны, 8) Кіршаштың Систан қаласын салуы, 9)
Кіршаштың Поладмәндғадымен күрескені, 10) Зүһактың
екі иінінен екі жылан шыққаны, 11) Придонның туғаны,
12) Кауа ұстаның оқиғасы, 13) Придонның Систаннан
Кіршашты алдырғаны, 14) Шираз шаһарының салынғаны, 15)
Поладмәнлғадының баласы Қайбарғад пен
Кіршаштың күрескені, 16) Кіршаштың опат болғаны, 17)
Үтүрттің Кіршашты іздегені, 18) Шаһ Придонның
үш баласының оқиғасы, 19)
Мәнушаһардың туғаны, 20) Мәнушаһардың
Турды өлтіргені, 21) Нариманның баласы Сам палуанның
Аһраман диюды өлтіргені, 22) Мәнушаһардың
Сәлімді өлтіргені, 23) Придонмен Нариманның өлгені, 24)
Самның Қытайға барғаны, 25) Зал батыр (Рүстем
батырдың әкесі), 26) Залдың Кәбілге елшілікке
барғаны, 27) Мәнушаһар мен Пышанның
соғысқаны, 28) Апрасияп, 29) Рүстем-Дастан, 30) Нузар (жеті
жыл патшалық етеді), 31) Нузар мен Апрасияптың
соғысқаны, 32) Кей-Қабат (жүз жыл патшалық
етеді), 33) Кей-Қауыс (жүз елу жыл патшалық етеді), 34)
Сұхрап батыр, 35) Рүстем мен Сұхрап, 36) Бишан батыр, 37)
Сияуыш, 38) Қысырау-нама (алпыс төрт жыл патшалық етеді), 39)
Әкуан дию, 40) Бишан мен Минша, 41) Кей-Қысырау мен
Апрасияптың соғысқаны, 42) Апрасияптың Қытайдан
әскер әкелуі, 43) Кей-Қысыраудың патшалықтан
безуі, 44) Лаһырасып (жүз елу жыл патшалық етеді), 45)
Кәштасып пен Катаюн, 46) Жирун, 47) Әһірам, 48) Ілияс, 49)
Кәштасып-нама (жүз жиырма жыл патшалық етеді), 50)
Рүстемнің Аспандиярды өлтіргені, 51) Баһыман (жүз
он жыл патшалық етеді), 52) Жамсап, 53) Шапаттың Рүстемді
өлтіргені.
Т.Ізтілеуұлының
«Шаһнама» жырының тарауларынан баяндау ғана емес,
тәрбиелік мәні бар сюжеттердің көп екені
аңғарылады. Мысалы, «Жәмшидтің Құдаймын деп
жүзінің қарайғаны» тарауында, Жәмшид өз
еліне қамқорлық жасап, көптеген кәсіпті
үйретеді. Яғни, Нұх пайғамбардың шәкірттері
Бәһрам шал мен Күрәңді тауып, солар білетін
түрлі кәсіптерді халыққа үйретеді.
Нұх
айтты: «Мен өлермін, сен қаларсың»,
Жан-жаққа
тұз, дәм айдап қаңғырарсың.
Уақытында
Жәмшид деген падишаға,
Арнайы
шақыртылып бір барарсың.
Деп еді,-Ол
өзіңнен ақыл сұрар,
Күрәңмен
екеуіңнің басың құрар.
Үйреніп
үлгі, өнеге, өнер-білім,
Өлгенше
тәрбиелеп бағып тұрар [3,32].
Сонымен
Жәмшид өз елінің жағдайын барынша көтереді.
Шайтан Жәмшидті азғыра алмай жүреді. Себебі оның
жанында Күрәң бар еді. Осы Күрәңді
Зүһактың еліне жібереді. Дәл осы сәтті
күткен шайтан Жәмшидті алдайды:
Бір түрлі дауыспенен
баяулатып, Ей, Жәмшид, басың көтер, -деді енді,..
-Мұқаррап болам,-деді
мен хасыл қас, Құдайдың дәргаһынан
тұрмын келіп.
..Ұшатын басыңнан
бақ болды қонбай, Жасырдың жұмла жаннан
Құдайлықты
[3, 47] – деп «сен құдайсың, неге
жасырасың күнәһар болдың». Сенің
құдай екеніңді халық білсе, еліңнің
бағы жанатын еді,-деп алдап түсіреді. Жәмшид оған
сеніп, өзін құдаймын деп жария етеді:
Біліңдер
барлығыңа болдым Құдай,
Құдай
деп сәжде етіңдер маған ұдай, [3,47]–дейді.
Алғашында халық
түсінбей оған күледі. Шайтан мойындамаған
халыққа дерт жібереді.
Бір ісім Ібіліс сонда оқып
еді, Қан құсып барлығы да болды дертті [3,47].
Міне, осыдан кейін халық
оған сәжде қылады. Сол сәтте Жәмшидтің
жүзі қараяды:
Қан
қашып халық сәждеге барған заман,
Қап-қара
көмірден де болды түрі [3,48].
Жәмшид
өзінің жүзінің қарайғанынан еш хабарсыз
болады. Халқы оған күні-түні сәжде етумен болады.
Нұх пайғамбардың шәкірті келгенін естіп шайтан
қашып кетеді. Жәмшидке барайын десе оны халық жібермейді.
Жәмшид Күрәңнің даусын ести сала
қабылдайды. Күрәңді сағынып қалған
Жәмшид бетінен пердені ашқанда, оның бетінің
қап-қара болғанын көреді. Күрәң
қалтасынан айна беріп, оған көрсетеді. Сонда Жәмшид
өз-өзінен шошып, ақылдан айырылады.
Күрәңнан ақыл сұрайды. Нұхтың
шәкірті:
Тәубе
– от, күнә - отын, кетер күйіп,
Барабар
болғанменен биік тауға.
Үзбе
үміт өтелмес деп айыбым,
Болмасын
бұл туралы тіпті қайғың.
Шыныңмен
тәубе қылсаң таптан озып,
Анық
бар алатұғын, балам, бәйгің [3,48] – деген насихат
айтады. Жәмшид тәж бен тақтан безіп, інісі
Қаһраманды орнына қойып кетеді.
Жәмшид
шын көңілмен тәубе етіп, кешірім сұрайды.
Халқымен қоштасып тақуалық жолына түседі. [3,49].
Фирдоусидің
парсы тіліндегі «Шаһнамесі» мен Т.Ізтілеулұлының
қазақ тіліндегі «Шаһнамасы» идеялық көркемдігі
жағынан негізінен сәйкес келеді. Алайда, Тұрмағамбет
ақын Фирдоуси «Шаһнамасында» кездеспейтін көптеген детельдар,
тіпті эпизодтар енгізеді. Мысалы, Тұрмағамбетте бір топ
саудагерлердің Үрім (Рим) еліне сауда жасап барғаны,
теңізде кемесінің қирауы, олардың Самұрық
құстың ұясынан бір жігіттің гауһар таспен
ұрғаны баяндалады. Бұл эпизодтар «Шаһнамада»
мүлде жоқ. Сонымен бірге қазақ тіліндегі дастанда
Рудаба сұлу далада қыздармен қыдырып жүрген сәтте
оны Зал батыр жанындағы батырлардан естіп біледі. Осындай эпизодтар
кездесіп отырады.
Қорыта келе
түйетініміз Тұрмағанбет Ізтілеуұлы «Шаһнаманы»
аудармаған. Оны парсы ақыны жазған «Шаһнама» мен
қазақ тіліндегі «Шаһнаманың» мазмұнына көз
жүгіртсек байқаймыз. Дегенмен, шығарманың негіздерін
сақтаған. Мысалы, Жәмшид патшаның игіліктерін баяндай
келе, тәкәппарлыққа кез-келгенін суреттеуде. Сонымен «Заһакты
тумасынан жауыз етпей, бес жүз жылдан соң жылан патша болады»
дегені мен Фирдоуси «Шаһнамасында» Заһактың тумасынан жауыз
адам болып суреттелуі дастанның бір-бірінен айырмашылығын
көрсетеді. Сонымен қатар бұл ретте қазақ
әдебиетінің атасы саналатын М.Әуезовтің
тұжырымдамасын назардан тыс қалдырмағанымыз жөн.
М.Әуезов: «Қазақтың кейбір ақындары «Мың
бір түн» ертегілерінен алып жыр-дастан жазатын. Мына тұста
Тұрмағамбет тәжірибесінен біз сондай еңбек мысалын
көреміз. Сонымен, «Рүстем-Дастан» жайлы айтқанда, тәжік
әдебиетінің ұлы классигі Фирдоусидің
«Шаһнамасынан» тікелей жасалған аударма демейміз, сол Фирдоуси
үлгісімен халық ақыны Тұрмағамбеттің
өзі өлең етіп жазған Рүстем жөніндегі
дастанның қазақша варианты дейміз[4,9]» деген.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1. Фирдоуси. «Шаһнаме»
Москва - 1972 г.
2. Т. Ізтілеуов, «Рүстем-дастан»
Алматы - 1961 ж.
3. Ізтілеуұлы Т. «Рүстем-Дастан,
Шаһнама» Алматы - 2004 ж.
4. Айқап. Алматы - 1995 ж.