Утебаева А.К.

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, практикалық лингвистика кафедрасының оқытушысы

 

Теңеу түріндегі тұрақты тіркестер

 

     Теңеу – адамның рухани дүниесінің аса қуатты көріністерінің бірі. Ең алдымен ол ең пәрменді ойлау формаларының қатарына жатады. Ойлаудың басқа түрлерінің барлығы да ( ұғым, пайымдау, ой қорытындылары) көріктеу құралдары арқылы, оның ішінде теңеудің тікелей қатысуы нәтижесінде жүзеге асады.

     Теңеу таным құралы болуымен қатар, эстетикалық категориялардың да бірі болып табылады. Олай болуы заңды да. Өйткені адамның көркем ойлауының, соған орай көркемдік танымының аса қуатты құралдарының бірі – көркем әдебиеті теңеулерсіз  көз алдыңа елестету мүмкін емес. Теңеу барлық халықтың фольклорында да, жазба әдебиетінде де кеңінен орын алып, әдеби персонаждардың портреттерін жасауда, табиғат көріністерін суреттеуде, кейіпкерлердің міне-құлқын, іс-әрекеттерін сипаттауда, басқа да толып жатқан жай-жағдаяттарды баяндауда ұтымды стильдік тәсіл ретінде қолданылады [1,10 б.].

     Ғалым М. Серғалиев «Теңеудің стильдік қызметі әр алуан, бір ыңғайда, негізінен аз сөзге көп мағына сыйғызуды мақсат етсе, тағы бір жағдайда автордың астарлай сөйлеуіне мүмкіндік береді. Сол астарлап сөйлеудің өзі жинақылықтың арқасында болып отырады»[2,129 б.], десе, С. Негимов: « Көркем теңеулер – көркемдік қиялдың жемісі. Қоршаған ортаны, табиғатты, тұрмыс-тіршілікті, шаруашылықты жетік білуді поэзия тілінің құлпыра түсуіне, оюлы, өрнекті сөздердің, сырлы суреттердің молая беруіне жойқын әсер етеді», - деп түйіндейді.[3.36].

     Теңеу категориясын тереңінен зерттеген ғалым, Т.Қоңыров теңеуге былай деп  анықтама берген: «Теңеу дегеніміз – ұқсас, ортақ белгілердің негізінде бір затты екінші затқа салыстыру арқылы сипатталушы нәрсенің бейнелілік, көркемдік, эмоционалды-экспрессивтік сапасын күшейтетін, сол нәрсені жаңа қырынан, поэтикалық қырынан көрсететін әрі стильдік тәсіл, әрі таным құралы»[4,9 б.].

     Қазақ теңеулерінің ең қомақты лексико-семантикалық топтарының бір саласы – тұрақты теңеулер. Тұрақты теңеулер тіл лексикасының фразеология категориясының құрамына кіреді. М.Балақаев, Е. Жанпейісов. М. Томанов тұрақты тіркестерге мынадай тұжырымдама береді: «Фразеологизмдер өздерінің бейнелі құрылысы жағынан да әр алуан болып келеді. Онда тұрақты эпитет, тұрақты теңеу, тұрақты әсірелеу сияқты поэтикалық тіл үлгілерінің бәрі де бар».

     Қазақ тіл білімінде теңеулердің мынадай жасалу жолдары берілген:

1.-дай, -дей,-тай, -тей,; -дайын, -дейін, -тайын, -тейін жұрнақтары арқылы;

2. –ша, -ше жұрнақтары арқылы;

3. Шығыс септік жалғауы арқылы;

4. секілді, іспетті, тәрізді, сияқты сөздері арқылы;

5. «тең» сөзі арқылы;

6. «ұқсас» сөзі арқылы;

7. параллелизм тәсілі арқылы;

8. аралас тәсіл – бейне дай\дей, бейне және секілді сөздері арқылы;

9. «бейне» сөз арқылы;

10. қосалық сөздер арқылы.

     Қазақ тілінде бұл құбылыстарды зерттеген ғалым Т. Қоңыров «Бұлардың ішінде ең көп  кездесетіні – дай\дей, -тай\тей, -дайын\дейін, -тайын\тейін жұрнақтары. Бүкіл қазақ теңеулерінің 70 пайыздан астамы осы тәсіл арқылы дүниеге келеді», -деп тұжырымдаған.[4,15б.]

     Көріктеу құралдарының бірі теңеу – бір затты екінші затқа ұқсастығы арқылы салыстыра қолданылатын стилистикалық тәсіл ретінде көркем шығармаларда көрсетіледі.

     Ә.Кекілбаевтың көркем шығармаларында көркемдеудің ең бір көп тараған түрі –теңеуді көріктеу құралы ретінде молынан қолданған. Оның өзі кездейсоқ емес, себебі теңеу – ауыз әдебиетінде де, жазба әдебиетінде де жиі кездесетін әдіс болып саналатыны белгілі. Жазушы бұл тәсілді өмір шындығына сәйкес келетіндей етіп қолданудың үлгісін көрсетті. Өмірдегі не нәрсе болмасын, мейлі адам болсын, мейлі ол құбылыс не зат болсын тек салыстыру, теңеу арқылы айқындалады, анықталады, ол үшін суреткердің поэтикалық шеберлігі, тапқырлығы, ой ұшқырлығы, дәлдігі ауадай қажет. Жазушы шығармасында осы тәсілдердің бәрін ұлғайған түрінде қиыннан қиыстырып қолдана білген.

     Профессор Г. Смағұлова фразеологизмнің лексикалық варианттарының теңеу арқылы жасалу жолдарын  былай көрсетеді:

1.Есімдерге, етістіктің есімше түріне ( -дай, -дей, -тай, -тей) жұрнақтары жалғану арқылы туынды сын есімдер сапалы пысықтауыш қызметінде теңеу, салыстыру мағынасында жұмсалады.

     Мысалы:             Қыр күніндей  қызулы от бар көзінде,

                           Көктеміндей сұлулық бар өзінде[Ә.К.,22 б.].

Тек теріскей көк жиектен инедей шаншылып сағым зорайытқан қарауыл төбе бұлаңытады[Ә.К.,195 б.]. Фраземаның алғашқы сыңарындағы «инедей» теңеуі жаңа эмоционалды мағынаға ие болып тұр.

 

 Қас дұшпаннан қан құстырардай қып өш алып қайтқан соң, інісінің басына ақ түйе сойып айдын асырғысы келді[Ә.К.,196 б.]. бірінші фразалық тіркеске үстеме теңеу (құстырардай) сөзбен, мағынада тың образдылық, нақтылық пайда болған.

2.–ша, -ше жұрнағы арқылы үстеуге айналған есімдер де теңеулік сапа мағынасында жұмсалады. Кейде –дай жұрнағының орнына –ша жалғанып та вариант теңеулер жасалады. Сөйлемде пысықтауыш қызметін атқарады.

Теңеу арқылы жасалған фразеологиялық тіркестің кейбір лексикалық варианттары айналадағы қоршаған орта құбылыстарының, атаулардың ситуациялық сырт ұқсастықтары арқылы жасалған.

Мысалы: Жүрегінің атша тулап тұрғанын  енді барып аңғарды[Ә.К.,423 б.]. Мұнда ат құбылыстың ұқсас әсерінен тұрақты сөз тіркесі құрамында айтылуы мәнеріне қарай айырықша реңк үстеп тұр.

     Фразеологиялық тіркестің теңеу арқылы жасалған кейбір варианттары халықтың тұрмыс тіршілігіне айналған.

Мысалы: Қабдырбайдың сары қызын жер астынан тауып алған сары алтындай көреді, қашан көрші ауылдың есегі ақырғанша өз басымен ақыруды да білмейтін мәңгі есектей қатынының айтқанын қайталағанына мәз депті [Ә.К.,260 б.].

     Бұл құбылыс фразеологизмдер арасында да көрініс тапқан. Мысалы: Сол қомағай жібектің мұз боп қарығанынан құдды бір суық жердің қойынына кіріп бара жатқандай тұла бойы түршігіп, біразға дейін көз іліндіре алмайды.

Бұл сөйлемде жазушы Ә.Кекілбаев үш бірдей тұрақты тіркестерді бір-бірімен байланыстыра, қатарластыра қолданған. Бұлардың алғашқысы ( «құдды бір суық жердің қойынына кіріп жатқандай», «жер қойнына кіру») аралас тәсіл арқылы жасалған.( құдды және –дай ) теңеу сипатындағы тұрақты тіркес болып табылады. Халықтық қолданыстағы «Жер жастанды» - мүрдем кетті, өлді; «жер құшты » - өлді, өлім тапты; тіл тартпай кетті фразеологиялық синоним болып тілімізде кездеседі.

     Осы синонимдік қатарды көбейтіп «жер қойнына кірді» тұрақты тіркесі жасалған. Тұрақты тіркестің алдында «құдды бір» соңына «-дай» жұрнағы жалғану арқылы теңеу ретінде қолданыла отырып, тұрақты тіркес мүшелерінің алды артына дистант құбылысының негізінде сөздер енгізілген ( суық, жатқан) және де сөйлем мүшелерін әр топтағы грамматикалық формаларға қойып пайдаланған. Мұның бәрі де тұрақты тіркестің бейнелілік, әсерлілік қасиетін арттырмаса, кері әсерін тигізбеген.

    «Ол қасар мергенді шақыртып түсін жорытып алайын деп оңтайланды да, сосын өмір шіркіннің өзі де көрген түстей емес пе, қай түсіңе нанарсың деп ойлады» [Ә.К.,9 б.]. Бұл мысалдағы тұрақты тіркес жалпыхалықтық формасынан да, мағынасынан да еш ауытқымаған. Өткен шақтағы есімше тұлғасында тұрған етістік ( көрген) пен «-тей» жұрнағы жалғанған зат есімдердің тіркесуінен теңеу сипатындағы тұрақты тіркес жасалып тұр. «Көрген түстей» фразеологизмі «аңсары ауған нәрсеге өкініш ретте айтылады» деген  мағынада қолданылады.

Күллі дүниені түлен тигендей шыға келген-ді [Ә.К.,15 б.].

Сол бір шаң-тозаңға айналған қалпы біржола күлі көкке ұшатындай[Ә.К.,15 б.].

Бесқонақтың бес күні өткен соң, дүние жынынан айрылған бақсыдай жым-жырт бола қалды[Ә.К.,22 б.].

Осы берілген үш  сөйлемдегі «түлен түйгендей», «күлі көкке ұшатындай», «жынынан айрылған бақсыдай» тұрақты тіркестерін қолдану арқылы сөйлемге  күшейткіш мағына үстеген.

    Мысалы: Көк масаты көйлек киген әлде бір арудың алыстан арып-ашып келе жатқан жарына сағына  қол бұлғап, көкке көтерген білегіндей  жұп-жұмыр, сымбатты мұнара жақындаған сайын жалт-жұлт ойнап жарқырай түседі[Ә.К.,22 б.].

     Өйткені соғыста жазықсыз жауынгерлерді, әркімнің әлпештеп өсірген өрімдей ұлдарын қанша көп қырсаң, соншалықты атағың асса, жай өмірде әншейін көкірегінде жаны бар жалба тонды қайыршыға істеген сәл әділетсіздігің абыройыңды айрандай төгеді[Ә.К.,26б.]. Берілген сөйлемдердегі теңеулер «-дей» жұрнағы арқылы жасалып, экспрессивтік мән үстеген. Бірінші сөйлемде  жазушы мұнараның бейнесін ғашығына қол созған ару келбетіне теңеген. Бұл жерде мұнараны тек қана аруға теңеп қоймаған, сол арудың іс-әрекеті арқылы ұлғайған теңеу тудырып отыр.

     Теңеудің басты мақсаты – ойды бейнелі де көркем, әсерлі де тартымды, етіп жеткізу.Тұрақты теңеулер тілдің фразеологиялық тіркестердің құрамдас бөлшегі болумен қатар, басқа тұрақты тіркестерден түбегейлі ерекшеліктері бар. Біріншіден, басқа тұрақты тіркестердің құрамына кіретін сөздер өздерінің жеке-жеке номинативтік мағыналарын жоғалтып, барлығы бірігіп, бір ғана тұтас мағынаны білдіретін дербес лексикалық мағыналарын толығымен сақтап тұрады.

     Теңеу басқа лингвистикалық категориялар мен единицалардан өзінің логикалық құрылымы, компаративтік семантикасы, стильдік функциясы және танымдық мүмкіндігі арқылы өзгешеленіп  тұрады. Сонымен қатар теңеу тілдің барлық деңгейлерімен – фразеологиясымен де, сөз тудыру жүйесімен де, синтаксисімен де – тікелей қарым-қатынаста өмір сүреді.

     Сонымен, теңеу – көркем ойлаудың ұлттық ерекшеліктері жинақталған, дүниетанымның ұлттық өзгешеліктері бас қосқан категориялардың бірі болып саналады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1.Қоңыров Т. Қазақ теңеулері. Алматы,1978 ж.

2.Серғалиев М. Көркем әдебиет тілі. Алматы, 1995, 172 б.

3.Негимов С.Ақын-жазушылар поэзиясының бейнелілігі.Алматы,1991,199 б.

4.Қоңыров Т. Қазақ теңеулері. Алматы,1978 ж.