К.ф.н. Солтанбекова А.А.

Институт Языкознания имени А.Байтурсынова, г. Алматы

 

Қазақ мектептерінде көптік жалғауын оқыту принциптері

Жалпы адамзат жарық дүние есігін аша салысымен заттық ұғымдағы нәрселерге, құбылыстарға тап болады. Бірден белгілі бір заттың түр-түсін, сипатын, қимылын санын көріп жатпайды, бірден ол не бұл не деген сұраулар арқылы айналасын, қоршаған ортаны тани бастайды. Дүниеге деген қызығушылығы осы екі сұрақтан оянады. Мысалы, мама деші әке, апа, ата деп қайта-қайта қайталата балаға ұғындыра отырып тілінің тез шығуын қызық көреді. Бірден «апаңның жасы 60 та», «атаңның жасы 70 де» деп жатпаймыз. 2-3 жастағы балаға ол қызық емес, оның үстіне осы жастағы баланың дүниетанымы көп сандарды қабылдамайды, енді-енді тілі шығып келе жатқан балаға жас, кәрі деген түсінік жоқ. Зат деген ұғым тек күнделікті өмірде кездесетін әдеттегі жай көзге көрінетін нәрселер ғана емес, табиғат пен қоғамдық өмірдегі ұшырасатын әралуан құбылыстар мен оқиғаларды, ұғымдар мен түсініктерді де атайды.

Мектеп оқушыларына арналған оқулықтарда әрбір грамматикалық тақырып оқушының жасына, сыныбына сәйкес, түсіну қабілетіне лайықталып жеңіл түрде берілу керек. Көбінесе қарапайым түрде мысалды яғни сөйлемдерді молырақ беріп жаңа сабақты сол мысалға сүйене отырып түсіндіру керек. Бірақ оқулықтарда тақырыптарды оқытудың методикалық жақтары ескерілмеуі мүмкін. Сондықтан мұғалімдер оқытатын пәнін сол оқулық көлемінде  ғана емес, оны тереңірек және басқа да материалдармен толықтырып өткен жөн. Оқулықта жазылған мәліметті сол күйінде баяндайтын болса, онда мұғалімнің де, сабақтың да оқушылар арасында беделі бола қоймайды. Ондай сабақты оқушылар шын пейілмен зейін қойып, қызығып тыңдамайды. «Кітапта бәрі тұр ғой ережені жаттап алып, оқып-ақ үйренерміз» деген ойда болады. Сондықтан әрбір мұғалім өз білімін көтеріп, мамандығына байланысты шығатын еңбектерді үздіксіз қарастырып, не көп қазір дидактикалық материалдар, көрнекіліктер тіпті слайд түрінде анық әрі нақты көрсетуге болады. Әр жаңа тақырыпты ерінбей компьютер арқылы слайд шоу жасау арқылы  түсіндірсе баланың жадында жақсы сақталады. Жаңа әдәстемелік құралдарды, әсіресе Оксфорд, Кембридж әдістемесі деп аталатын батыстық үлгідегі методиканы пайдалана отырып әрі ондағы жаңалықтарды шығармашылық жолмен өз сабағына ендірсе, сабақ соғұрлым қызықты және түсінікті болмақ.

Қазіргі қазақ тілінде біраз тақырыптар зерттелгенімен әлі де болса талас пікірлер орын алып келе жатыр. Толығымен қазақ грамматикасы оның ішінде жекелеген сөз таптары әбден зерттелді деп айту қиын, енді қайта оралмастай шешілді деп айтуға болмайды.  

Орта буын Y-YI сынып оқушыларына арналған мектеп оқулықтарында көптік форма немесе көптік жалғауы  тақырып ретінде жалаң грамматикалық ережемен ғана берілген. Көптік форма қандай жағдайда көптік мағына береді грамматикалық және семантикалық мағынасы қандай деген сұрақтар мысал арқылы ашылу керек. Тек қана -лар, -лер, -дар, -дер, -тар, -тер жалғаулары көптік мағына береді деумен шектелуге болмайды. Көптік форманы үйретудің тағы бір кезеңі бар. Белгілі бір заттың санын көрсетіп, зат есімнің алдынан сан есім келгенде, зат есімге көптік жалғауы жалғанбай айтылатын түрлері де кездеседі. Қазақ тіліндегі мөлшерлік үғымды білдіретін сөздер бар: көп, мол біраз, бірталай, бірталай, бірнеше. Бұл лексемалар ешқандай морфемасыз көптік ұғымды білдіреді, сондай-ақ бала-шаға, ән-күй, ата-ана, ақын-жыраулар, т.б. осы сияқты қос сөздер көптік ұғымнан гөрі жинақтық мағына білдіреді. дегенмен осы сиқты сөздерді көптік формалардан туған грамматикалық мағына емес, ол сол сөздердің ішкі лексикалық мағынасы болып табылады. Қазақ тілінде грамматикалық көптік мағына грамматикалық көптік форма арқылы беріледі. Қос сөз тұлғалы зат есімдер де көптік мағынада жұмсалуы екі түрлі жолы бар: 1) мағыналары бір-біріне жуық келетін зат есімнің қосарлануы (құрал-сайман, ағайын-туған, таныс-тамыр). 2) мөлшер мәндегі зат есмідердің дүркін қайталануы, екі рет қайталана отыр жасалатын қос сөздер де бар (қора-қора , үйір-үйір, сала-сала).

Ғылымда зат есімнің жекеше – көпше түрлері әбден қарастырылды деп айту қиын. Бірақ 1954 жылғы оқулықта көптік категориясы ғана сөз болды. Ал кейінгі грамматикаларда (1962,1967) зат есімнің жекеше түрі мен көпше түрі жеке тақырып етіп берілген, алайда бұларда жекешелік мағынаға көңіл бөлінбеген, тек қана көптік мағына мен оның берілу жолдары көрсетілген. А.Ысқақовтың оқулығында да көптік мағына талданған. Ғалымның пікірінше, «тілімізде көптік категориясы да, көптік жалғау категориясы да бар. Ал осы екеуі бір де емес және бірдей де категориялар емес. Көптік категориясы деген ұғым тым жалпы ұғым да, көптік жалғау категориясы онан гөрі әлдеқайда жалқы ұғым. Мысалы, көптік категориясы тілімізде үш түрлі жолмен беріледі: лексикалық тәсіл арқылы да, морфологиялық, синтаксистік тәсіл арқылы да айтылады». Одан әрі А.Ысқақов көптік категориясының жасалу жолдарын тілдік нақты мысалдармен дәлелдеген, бірақ «көптік жалғау категориясы» деген ұғымның сипаты ашылмаған. Осыны жіті аңғарған проф. С.Исаев «ол термин және ұғым (көптік жалғау категориясы) көптік жалғау дегенмен барабар болу керек. Мұнда, біріншіден, категория (әрине грамматикалық категория мәнінде) деген термин, белгілі бір тұрақты грамматикалық құбылыстың аты ретінде белгілі бір принциппен қолданылған. Екіншіден, «көптік жалғау категориясы» деген термин «грамматикалық формалар жүйесі арқылы берілетін тектес, ыңғайлас әрі өз ішінде бір-біріне қарама-қайшы болып келетін грамматикалық мағыналардың жиынтығы» деп анықталатын грамматикалық категория ұғымын тіпті жоққа шығарады»,- деген.

Адам атын білдіретін жалқы есімдерге және туыс атауларын білдіретін жалпы есімдердің тәуелді формасына көптік жалғауы жалғанып, бір адамның тобын білдіреді: Сәрсендер, Айгүлдер, Назиралар, апамдар, әкеңдер, әжемдер, т.б.

Мәтінге байланысты көптік мағынаны аңғаруға болады. Мысалы: Сендердің басшыларың бар ма? Бөлмелерің жарық екен. Бұл жерде басшының, бөлменің көптігін білдіріп тұрған жоқ, бұлардың сол қызметкерлерге ортақ басшы екендігін, бөлменің ортақ екендігін білдіреді.

Қазақ тілінде көптік жалғауы барлық есімдерге, оның ішінде сан есімге де жалғанады. Сан есімнің мағыналық топтарының бірі саналатын есептік сан есімге көптік форма жалғана отырып санның мөлшерін білдіреді: Ол жұмысқа сағат екілер шамасында келді. Менің құрбымның жасы қырықтарда. Уақыттың дәл мезетін білдірмеседе шамалап мөлшерін көрсетеді. Шамасында,  жуық,  мөлшері, шамалы, тарта сияқты көмекші сөздердің қатысуы арқылы  жасалады.

Қорыта келе, көптік жалғауы барлық сөз таптарына дерлік түгелдей жалғанады. Бірақ бәрінің бірдей көптік мағынасы бірдей емес, негізгі сөздің семантикасына, оның қай сөз табына жататындығына, мәтінге байланысты олардың әртүрлі мағыналық қырлары болады. Көптік мағына беретін лексемаларды оның мағыналық қырына қарап, көптік формадан бөлек бір грамматикалық құбылыс деп тану дұрыс емес. 

 

Әдебиет:

1.                     Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. − Алматы: Ана тілі, 1991. – 384 б. С.Исаев

2.                     Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. – Алматы: Рауан, 1998. – 303 б.