Млад.науч.сотрудник Оспангазиева Н.Б.

 

Институт Языкознания имени А.Байтурсынова, г.Алматы

 

Қазақ тіліндегі дыбыстық құбылыстардың сипаты

 

Жер бетіндегі барлық тілдерге ортақ заңдылықтармен қатар, әр тілдің дыбыс жүйесіндегі өзіндік ерекшеліктері, өзіндік сипаты  болады. Сондықтан тілдің дыбыс жүйесіндегі дыбыстық құбылыстарды жете үңіліп зерттеудің маңызы зор. Негізінен, дыбыс заңдылықтары сөзді айту барысында ескерілуі тиіс. Жазу мен айту арасындағы ерекшелік, әсіресе, кірме сөздерді айту барысында әр тілдің өзіне тән дыбыстық заңдылықтарына назар аударуды қажет етеді. Тілден тілге сөз ауысу заңды құбылыс десек, басқа тілден енген кірме сөздерді айтуда екі тілдің дыбыстық заңдылықтарының ерекшеліктері анық байқалады. Осы орайда, сөз құрамында болатын әр алуан дыбыстық өзгерістер фонетика саласында дыбыстық құбылыстар деп қарастырылады [1, 82].

Дыбыстық құбылыстар жөніндегі алғашқы мәліметтер ұшқынын қарастырған ғалымдарды айтар болсақ А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов еңбектерінен кездестіреміз. Кезінде Қ.Жұбанов сөз ішінде не сөйлем ішінде буын құрамындағы дыбыстар қозғалысына қарай буын жігінің өзгерісін 1) буынның жылысуы 2) буынның кірігуі деп екі үлкен топқа бөліп көрсеткен еді...

Сондай-ақ белгілі ғалымдар Ж.Досқараев, Ә.Т.Қайдаров, Ш.Сарыбаев, Т.Талипов т.б. жергілікті сөйлеу ерекшеліктеріне байланысты жазған кейбір еңбектерінде дыбыстық құбылыстар жөнінде де өздерінің ғылыми көзқарастарын білдіргендігін байқауымызға болады. Мысалы, Ә.Т.Қайдаров ұйғыр тілінде ауызекі сөйлеу барысында кейбір дауыссыз дыбыстардың түсіп қалу ерекшеліктерін жазба әдеби тілмен байланысты қарастырып, ғылыми көзқарастарын көрсеткен [2, 159]. Қазақ тіліндегі дыбыстық құбылыстар жөнінде ғалым К.Аханов жазған оқулықта «Фонетикалық процестер» деген атпен берілген [3, 260].

М.Дүйсебаева дыбыстық құбылыстарды орфоэпия мәселесіне қатысты қарастырып сапалық өзгерістер деп қарастырған болатын [4, 39]. Тіліміздегі дыбыстық құбылыстар жөнінде, дәлірек айтқанда редукция заңдылықтары туралы ең алғашқы құнды еңбек деп, ерекше атап, бағалап Б.Қалиевтың ғылыми зерттеуі болды деп айтуға болады [5, 66]. Ғалымның қазақ тіліндегі қысаң дауыстылардың редукциясы тағы да басқа мәселелер жөніндегі тұжырымдамаларының ғылыми маңызы зор деп білеміз.

Дыбыстық құбылыстар жөнінде өз кезінде С.Татубаев та өзінің зерттеуінде құнды пікірлер айтып, ғылыми тұжырымдамаларын білдіріп отырғандығын айтуға болады [6,125]. Ғалым сөйлеу және ән айту кезінде редукция, протеза, апокопа, эпентеза, мәселесіне сипаттама беріп, өзіне дейінгі зерттеушілер пікірлеріне талдау жасайды. Ол соңғы буында қысаң дауысты дыбыс бар сөздерге мысалы, ауыл дауысты дыбыстан басталатын қосымша жалғанған кезде қысаң дауысты барлық жағдайда редукцияға ұшырай бермейтіндігін айтып, «Көк көбелек» әні мен «Қарғаш» әнін мысалға келтіріп, бір әнді айтқанда «ауыл» сөзіндегі қысаң дауысты редукциямен айтылатынын көрсетсе, екіншісінде ешқандай өзгеріс болмайтынын көрсетеді [6, 127]. Сондықтан ғалым дыбыстық құбылыстарды, редукция табиғатын тануда бұрынғы зерттеушілер пікіріне толық қосыла бермейтіндігін білдіреді.

Қазақ тіл білімінде құбылыстар Т.Х.Смаиловтың зерттеуінде арнайы қарастырылады [7]. Ғалым қазақ тіліндегі дыбыстық құбылыстарды сөз басында, сөз ортасында, сөз аяғында болуына қарай топ-топқа бөліп жіктеп, өзінше жүйелеп көрсеткен. Дыбыстық құбылыстарды ғалым А.Айғабылұлының морфонология жөніндегі еңбегінде де 1) ұлғаю амалы (протеза, эпентеза, эпитеза), және 2) ықшамдалу амалы (прокопа, элизия, апокопа) деп екі топқа бөліп үнем принцпі ретінде қарастырғандығын байқауға болады. Ғалым А.Айғабылұлының «Қазақ грамматикасы» атты еңбегінің жариялануы, әсіресе, тіл мамандары үшін маңызы зор игілікті іс болды. Бұл еңбек – қазақ тілінің жүйелі құрылымы мен жоғары дамыған деңгейін танытып қана қоймай, тіліміздің одан әрі зерттелуіне де өз үлесін қосатын қомақты басылым. Ғылым дамуының соңғы жетістіктері қазақ тіл білімінің жан-жақты зерттеулермен толыға түсіп жаңа бағытта ізденістер жүргізуіне жол ашты. Осы орайда, соңғы кезеңде ғана жүйелі түрде зерттеле бастаған тіл білімінің бір саласы морфонология десек, «Қазақ грамматикасындағы» морфонология бөлімін жазған автор осы саланың қазақ тіл білімінде зерттелуіне ерекше үлес қосқан, морфонология жөнінде артына құнды ғылыми мұра қалдырған ғалым А.Айғабылұлы морфонологияның зерттеу нысаны ретінде алғанымен онда фонетиканың жалпы түйіні шешілмей жүрген барлық мәселерін қарастырып, үлкен дайындықпен барлық проблемаларды көтеруге тырысады. Соның ішінде дыбыстық құбылыстарға да тоқталып және де олардың түрлеріне де тоқталып тарихи морфонологиямен байланыста қарастырады.

А.Айғабылұлы элизия терминіне беріліп жүрген анықтаманы нақтылап: «Бір ритмикалық топқа енетін сөздердің алғашқысы дауысты дыбысқа аяқталып, онан кейінгі сөз дауысты дыбыстан басталатын болса, мағынаға нұқсан келмейтін жағдайда қайта тұрған дауысты дыбыстың біреуі түсіріліп айтылады» деп айтуды ұсынған болатын өз зерттеуінде [8, 29]. Ғалым С.Бизақов «Тілдік норма және варианттылық» атты еңбегінде аферезис, синкопо, апокопо сияқты дыбыстық құбылыстарды қазақ тіліндегі сөз тұлғаларының ықшамдалған варианттарымен байланысты қарастырады [9, 10].

Тілдегі фонетикалық құбылыстар және олардың өзгеруі мен дамуының белгілі бір заңдылықтары болады. Белгілі бір тілдің дамуының әр түрлі кезеңдерінде немесе туыс тілдердің арасында дыбыстардың тұрақты сәйкестілігі фонетикалық заңдар деп аталады. Фонетикалық заңдылықтардың тілдің немесе тілдердің тарихына ғана емес, сонымен бірге қазіргі кездегі қалпына да қатысы бар.

Фонетикалық заңдар туралы ұғым көбінесе белгілі бір тілдің немесе туыстас тілдердің дамуының әр түрлі кезеңдерінде дыбыстарының өзгеруінің бір ізділігін ашып айқындаумен байланыстырылады.

Себебі тілдегі дыбыстарға қатысты әр алуан фонетикалық құбылыстар бір тілді екінші бір тілмен салыстыру барысында бір - біріне жақындық дәрежесі көрінетін болса, ол тілдерді келесі үшінші бір тілмен салғастырғанда ұқсастығы мен айырмашылығы бірден анықталады. Тіл білімінің фонетика саласыныдағы басты проблемалардың бірі – тілдік құбылстар. Тілдің ерекшелігін анықтап, оның жүйесін сипаттап шығу тек дыбыстық құбылыстар арқылы ғана орындалатынын ескерсек, фонетика  теорясының түркі тілдері оның ішінде қазақ тілі үшін де маңызы зор.

Әдебиет:

1.       Қазақ грамматикасы. – Астана: Елорда, 2002. – 784 б.

2.       Қайдаров А.Т. Случай выпадения согласных в устной речи уигуров и ихотражение в письменно-литературном языке // Советская тюркология, № 2. – Баку, 1983.

3.       Аханов К. Тіл білімінің негіздері. – Алматы: Санат, 1993. – 496 б.

4.       Дүйсебаева М. Қазақ әдеби тілі орфоепиясының кейбір мәселелері. – Алматы: Мектеп, 1973. – 74 б.

5.       Қалиев Б. Қазақ тіліндегі дауысты дыбыстардың редукциясы. – Алматы: Ғылым, 1984. – 116 б.

6.       Татубаев С. Тайны звука. Очерки по фонетике казахского пения в сравнении с речью. – Алма-Ата: Жалын, 1978. – 152 с.

7.       Смайлов Т.Х. Фонетические явления в слове современного казахского языка. Автореф.канд.дис. – Алма-Ата, 1984. – 25 с.

8.       Айғабылұлы А. Қазіргі қазақ тілі. Морфонология – Алматы: Қазақ университеті, 1999. – 92 б.

9.       Бизақов С. Тілдік норма және варианттылық. – Алматы: Ғылым, 1997. – 208 б.