Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық
университеті
Мейрбекова Айдана 2 курс магистранты
А.Байтұрсынұлы
негізін салған қазақ әдебиеттануы
Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет
танытқышы» жайлы осы
уақытқа дейін күрделі мәселелер қозғалып, қазақ
әдебиеті туралы сөз қозғаған
ғалымдардың бұл еңбек тұрғысынан тілге тиек
етпей кетпейтіндері жоқтың қасы. Еңбектің аты
айтып тұрғандай әдебиеттің қыр-сырын танытып,
сыртқары және ішкі әлемін ашатын бірден-бір туынды екені
даусыз. А.Байтұрсынұлы елінің, халқының
болашағы, ертеңі мен келешегі
тек қана оқу-білімде, ғылымда екенін
алғашқылардың бірі болып түсінген. Бұл
еңбек 1926 жылы Ташкент қаласында басылып, таралымға
шықты. Біраз уақыт ғылыми айналымда болып, автордың
жазықсыз жазаға ұшырауына байланысты кітапты пайдалану
шектетілді. Содан бастап көптеген жылдар қолданыста болмай,
қараңғы архивтерде жатты. Алаштың қамын жеп,
күйін-күйттеген ғалым жайлы неше алуан кереғар пікірлер
айтылды. Ұлтының тілі мен діні, әдебиеті мен мәдениеті
туралы айтылған ойлары үшін
«ұлтшыл», «кеңеске қарсы» деген айыптар тағылды.
Қазақтың қамы үшін ғалым айдауда болды.
Қазіргі таңда ғалымның мол мұрасына қол
жеткізіп, әдебиет тарихы мен теориясының атасына айналғанына
еңбекпен табысып, керегімізге жаратуымыз қажет.
Ғалым аталған
еңбекті «аңдату» деген тақырыппен ашып, өнертану,
мәдениеттану мен сөз өнерінің ара-жігін айрықша
түсіндіреді. Еңбектің тілі жатық, қарапайым
сонысымен қатар өте түсінікті де ұғымды.
Әрбір ойды, терминді Ахаңша айтқанда «пән
сөздерді» дәлелді мысалдармен салыстыра отырып жеткізеді. Өнердің қалай пайда
болғанын ғалым табиғатпен адам еңбегінің
нәтижесінен туған құбылыс екенін аша айтады.
«Табиғат ісінен шыққан жаратынды нәрсе» мен «адам
ісінен шыққан жасалынды нәрселер» [1]
арқылы өнердің қалыптасуын түсіндіреді.
Ғалым көркем сөз өнерінің құдіретін
сонау ХХ ғасырдың бас кезінде «тоқсан ауыз сөздің
тобықтай түйініндей» етіп айтқанына таң қаласыз.
А.Байтұрсынұлы сөз өнерін өзге
өнердің бәрінен де жоғары қояды да, өнер не
үшін керек? өнердің
мәнісі не? деген сауалдарға жауап береді. Оның
мәнісін ғалым қазақтың сөз
баққан, сөз күйттеген, сөз қадірін білген
халық екендігімен байланыстыра отырып, оның атқаратын
қызметіне назар аударып, «Өнердің ең алды – сөз
өнері» деген қағиданы дәлелдейді. «Өнер алды –
қызыл тіл» дейтін мақалына сүйеніп, сөз
өнерінің қазақ елі тағдырындағы
айрықша рөліне тоқталады. Сонымен қатар сөз
өнерінің өнердің басқа түрлерінен
яғни сәулет (архитектура), сымбат (скульптура), кескін (живопись), әуез (музыка)
өнерінен айырмашылығын, артықшылығын түсіндіре
отырып талдайды. «Алдыңғы өнердің бәрінің
де қызметін шама-қадарынша сөз өнері атқара
алады. Қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай әдемі
ән-күй болсын сөзбен сөйлеп, сүгіреттеп
көрсетуге, танытуға болады. Бұл өзге
өнердің қолынан келмейді» [1, 7-б.], ал
көркем сөздің тегі мен түрін «жан қоштау»
керегінен шыққан нәрсе»,– деп түйіндейді. Өнерді
бұлай жіктеудегі ғалымның алға қойған
мақсаты – өзі зерттейтін сөз өнерінің басқа
өнер салаларынан ерекшеленетін айырмашылығын түсіндіру.
А. Байтұрсынұлы сөз
өнерінің бір парасы болып табылатын «әдебиет»
сөзінің ауқымын кең шеңберде ашып береді: «Сөз
өнерінен жасалып шығатын нәрсенің жалпы аты
шығарма сөз, ол аты қысқартылып көбінесе
шығарма деп айтылады. Ауыз шығарған сөз болсын, жазып шығарған
сөз болсын, бәрі шығарма болады.
Шығарманың түрлері толып жатыр. Оның бәрін
шумақтап бір-ақ атағанда арабша әдебиет,
қазақша асыл сөз дейміз» [1,11]. Шығарма сөздің бәрінен бұрын
байқалатын тысқы нәрселері: 1. Тақырыбы; 2. Жоспары; 3.
Мазмұны; 4. Түрі» [1, 12-б.]
Яғни, «Ауыз шығарған сөз
болсын, жазып шығарған сөз болсын, бәрі
шығарма болады» дейді. Ал біз білетін көп қолданыстағы
әдебиет (litteratura – жазылған, littera – әріп сөзінен
келіп шығады) түсінігінің «ақындық өнер»,
«поэзия» түсініктерінің орнын алмастырып келгені белгілі.
Байтұрсынұлының бұл жерде асыл сөздің
баламасы ретінде айтқан «арабша әдебиет, қазақша асыл
сөз дейміз» деуі де жай емес. Себебі, бұл терминдердің таза
мағыналық өлшемін таразылағанда, асыл сөзге
жақын болып шығатыны латын тілінен келгенінен гөрі араб
тілінен келгені (түбірі أدب әдеп,
көркем мінезді иемдену, әдептілік, әдепті сөйлеу,
сұлу сөйлеу т.б. мағыналарды білдіреді, осы
мағыналардың барып тірелер шыңы – асыл сөзден тіптен де
алыс емес). Мағыналық жағынан соңғысының
шеңбері кең болып тұр. Адамға рухани қажеттілік –
сөздің асылы ғана дегенге саяды. Ал, асыл сөздің
ғылыми анықтамасына келсек оған қазіргі әдебиеттану
да нақты жауабын бере алмай отыр. Мәселен, француз
әдебиетінің маманы, аудармашы, теоретик ғалым С. Зенкин
бұл мәселеге орай келесі пікірді алға тартады:
«Затруднительными оказываются и попытки дать научное определение литературы,
описать круг объектов, которые к ней относятся. "Литература — это
вымышленное повествование", "литература — это изящная речь",
"литература — это мышление в словесных образах": вот уже ряд
определений, каждое из которых раскрыва¬ет нечто существенное, некую реальную
сторону литературного факта, но все они не удовлетво¬ряют критерию полноты, а
порой и непротиво¬речивости» [2,16]. Әдебиеттің екі бірдей
(әдебиет дегеніміз ойдан шығарылған сөз, бұл
оның алғашқы құрылымдық анықтамасы –
a; екінші құрылымдық анықтамасы - әдебиет
жүйелі реттілік тілі - b ) негіз қасиетін талдап келіп семиотик
ғалым Ц.Тодоров, олардың пәннің қасиетін беруде
тікелей біржақтылыққа ұрындырып келгенін айтады .
Сөйтеді де, бұл екі қасиеттің де жүгін
арқалайды деп дискурс (француз тілінен мағыналық
жағынан аударғанда, дискурс – сөйлеу, пікір алмасу дегенге
саяды) сөзіне басымдық береді. «...необходимо ввести родовое по
отношению к понятию литературы понятие дискурса (discours). Это - структурная
пара к функциональному концепту "употребления" (языкового) (usage).
... Специфика дискурса определяется тем, что он располагается по ту сторону
языка, но по эту сторону высказывания, т. е. дан после языка, но до
высказывания» [3, 366]. Алайда, ғалым ұсынып отырған
дискурстық жүйе асыл сөздің өзіне
тән ерекшелігіне қан жүгірткенімен, оның кең
мағынасындағы рухани талғам тұрғысынан келіп
шығатын спецификалық мәніне жауап береді дей алмаймыз.
Әрине, бұл жерде біз дискурс табиғатын ашып беруді
мақсат тұтпадық. Тек, сөз өнеріне деген
жаңа талап тұрғысынан жазылып жүрген дәйекті,
дәйек ретінде айта кетуді ғана ойладық. Немесе,
Байтұрсынұлы түсінігіндегі асыл сөз бен жоғарыда келтірілген
дискурстың түсінігі мүлдем кереғар ұғымдар.
Бірі асыл сөздің асыл болатын белгілері болады десе, бірі
әдебиетте олай болуы шарт емес, барлығы да пікір алысу болады
дейді. Яғни, былапыт сөзбен екі адам ұрысып қалса ол да
пікір алысу; пікір алысу болғаннан кейін ол да әдебиет. Яғни
әдебиет сөздерінің ешқандай түрі, өз
сүйкімі, шекарасы болмайды. Бұл
енді қисындық синтездің (техногендік
һәм философиялық ойдың синтезінен) жетістігі. Дискурс
тек соны ұтымды қолданып тұр, әдебиетке. Ал
енді мұның шешімі қалай болары уақыт еншісінде. Жалпы
біз білетін көркемдік дүние тарихында (егер ол көркемдікті
бүтіндей құшағына алғысы келген жағдайда)
дискурс тектес қаншама эксперименттердің ғұмыры келте
болып келгендігі басы ашық мәселе.
А.Байтұрсынұлы әдеби, мәдени мұрамызды
жазуда, зерттеуде және оны насихаттауда сол уақыттағы айтулы
шығыстанушы ғалымдардың алдыңғы сапында
тұрады. Көп халықтарда енді ғана қолға
алына бастаған жәйттерге ғалым сонау ХХ ғасыр
басында-ақ өз тұжырымын айтып, өз бағасын береді. Жалпы А.Байтұрсынұлы жазба
әдебиеттің тарихи жүйесін – діндәр дәуір
және ділмәр дәуір деп екіге бөліп қарағанда
тек хронологиялық шартты дәуірлеу тұрғысынан келмеген
де болса керек. Бұл жөнінде А.Ісімақова «Ахмет
Байтұрсынұлы үшін қазақ әдебиетінің
хронологиялық шеңбері ғана емес, сөйлеу
жүйесіндегі әуезе, толғау, айтыстың орнын
айқындау маңызды болды» [4, 109-б.], − деп жазады. Қалай болғанда да,
егер әдебиеттің тарихын қоғамдық сананың
тарихы деп ұқсақ, ғалымның ұсынған
бұл екі атауы да жалпылай алғанда өздерінің ішкі
мазмұнын дөп басып ашып тұр. Діндәр
дәуірдің мақсаты діни-танымдық үлгіге
құрылса, ділмәр дәуірде ділмәрлық та,
шеберлік те, көркемдік мақсат та қатар келеді. Осы
мән-мағыналық тұрғыдан алғанда бертінгі әдебиет тарихын діндәр,
ділмәр деп бөлу сәтті шыққан. Бірақ,
жалпылай мағыналық жүйелеу бір басқа да тарихи
жүйелеу бір басқа болатыны белгілі. «Әдебиет
танытқышта» осы тұсы да ескеріліп, әдебиет дамуынадағы
Абайдан кейінгі кезең «Сындар дәуір» делініп, оның да жеке
жүйесі беріледі. Сонымен ішкі мазмұндық талап
тұрғысын алып қарағанда А.Байтұрсынұлы
жүйесінде ділмәр дәуір мен сындар дәуірдің
алаңы бір болып шығады да, діндәр дәуірдің
қазақ әдебиетіне қатынасатын жерін бөлек алып
тарихи түсіндірме ретінде беріледі.
Қорыта айтқанда, қазақтың
ұлттығы мен егемендігін бүгінгі таңда бүкіл
дүниежүзі танып, мойындап отырған тұста ғасырдан
ғасырға жеткен мәдени мол мұраларымыз ел игілігіне
айналуда. XX ғасыр басында тұңғыш рет Ахмет
Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» атты
ғылыми-теориялық еңбегінде ұлттық
әдебиеттанудың негізгі ұстанымдары мен тұжырымдарын
әлемдік контексте қарастырған әрі ғылыми тұрғыда
негіздеген өміршең зерттеулерін қалдырды.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі
1. Байтұрсынов
А. Әдебиет танытқыш. – Алматы: Атамұра, 2003.
2.
Зенкин С.Н. Введение в литературоведение. Теория
литературы. М., 2000Г.
3.
Тодоров Цв. Понятие литературы // Семиотика. М.,
1983.
4.
Ісімақова А.С. Асыл
сөздің теориясы. –
Алматы: Таңбалы, 2009. – 376 б.