Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық
университеті
Қойшыбаева Назира 2 курс
магистранты
Ғабит Мүсірепов
туындыларындағы психологизм көріністері
Әдебиеттегі психологизм деген атауға бірден
және нақты жауап беру өте күрделі де ғылыми
мәселе екендігі белгілі. Осындай
тұста әлем әдебиеттануында мойындалған терминдік
анықтамаға жүгінеріміз анық: «Әдебиеттегі
психологизм – шығарманың эстетикалық әлемін
құрайтын кейіпкерлердің ішкі ойын, толғанысын, рухани
күйзелісін терең әрі детальді түрде бейнелеу».
Әдебиет адамтану ғылымының бір
бөлшегі ретінде алсақ, оның зерттеушісі, әрине,
психолог жазушы екені түсінікті құбылыс. Адам баласының
ойын түсіну, оның ішкі жан дүниесін ашу күрделі де
жұмбақ, аса сезімталдықты, нәзіктікті қажет
ететін үлкен шаруа. Ф.Достоевский:
«Адам дегенiмiз – құпия. Бүкiл ғұмырыңды
осы құпияны шешуге сарп етер болсаң, уақытымды
босқа өткiзiп алдым деп өкiнушi болма. Мен осы
құпияны шешуге тырысамын, өйткенi адам болғым келедi»
деп жазған ұлы жазушы өмірінің соңына дейін адам
құпиясын ашуға үңілді. Әдебиеттегі
психологизм әлем әдебиетінде үлкен орынға ие болып,
қаламгерлер мен зерттеушілер назарынан түскен емес.
Психологизм – өмірдің қыр-сыры мен адам
баласының дүниетанымын, олардың іс-әрекетіне жетекші
сана-сезімдік қозғаушы күштерді сенімді суреттеу жемісі.
«Қахарманның рухани әлемін, жан сырын жеткізу
амал-тәсілдерінің жиынтығы немесе
идеялық-эстетикалық шығармашылық феномен – психологизм»
[2;3 б], – дейді Б. Майтанов. Ал, «Әдебиеттану терминдерінің
сөздігінде» психологиялық талдаудың
пайда болуын 3.Фрейд есімімен байланыстырып былай делінген: «Шығармашылық
қабілетті жыныстық инстинктерімен төркіндететін әйгілі туындылардың
психологиялық астарына басқаша үңілуге шақыратын психоталдау
тәсілі өнердің барлық саласына соның ішінде
әдебиеттануға ерекше ықпал етті...» Психологиялық
талдау өнертанудағы соны сипаттағы белес болды, кейіпкер
психологиясын талдау тереңдей түсті» [3]. Осы анықтамаларды
«Суреткер кейіпкердің жан дүние диалектикасын, белгілі бір
іс-әрекетке бастар көңіл-күйінің себеп-салдарын
көркемдік тұрғыда талдап жазғанда ғана
шығармада психологизм өріс алады», - деп ғалым
Г.Пірәлиева дамыта түседі [4]. Расында көркем
шығармадағы кейіпкердің өмірге деген көзқарасы,
дүниетанымды оның іс-әркеттері арқылы талданып,
табиғаты ашыла түседі.
Қазақтың көркем сөз шебері
Ғ.Мүсіреповтің қай шығармасын
оқысаңыз да суреткердің ерекше тілдік құрылымымен
бірге кейіпкердің ішкі жан дүниесі астасып жатады. Оның ой
айтпайтын, ешқандай көркемдік қызмет атқармайтын бір
артық қимылын, бір артық ауыз сөзін, далада
жатқан деталін көрмейсіз. Әрбір сөзге сауысқанша
сақ суреткер көркем текстегі кейіпкерлерінің
қимыл-қозғалысын, денедегі әрбір динамикалы
әрекеттің әдемі поэтикасын, өзіндік дене образын
дененің ішкі және сыртқы құпия сырын, жалпы
дененің пластикалық бояуының көркемдік кеңістік
пен көркемдік әлемдегі көрінісін, оның жеке
тұлғалық поэтикасын, философиялық, эстетикалық
құндылығын асқан көркем шеберлікпен ашып,
өз оқырмандарына жеткізе біледі. Мәселен,
Ғ.Мүсіреповтің әйгілі «Этнографиялық
әңгімесі» бастан аяқ маскадан /тұқымы
құрып, тозығы жеткен төре тұқымының
соңғы тұяғының өлі беті секілді қатып
қалған, қимылдамайтын/ тұрса, ал «Тарғыл
қауын» әңгімесі кейіпкердің образын, олардың ішкі
табиғатын психологиялық сыртқы симптомдар, дене мен
іс-әрекет поэтикасы, қимыл-қозғалыстың
пластикалық бояуы яғни емеурін, ишарамен танытатын туынды. Ғ.Мүсіреповқа
тән күлкі мен оған қатысты ақиқаттың
танымдық характері кейіпкердің іс-әрекетіне күле
отырып, оның іс-әрекетін ақтап алып отырасың. Көркем
текстегі кейіпкер туралы алғашқы осылай іс-әрекет,
сыртқы психологиялық симптомдар, портреттегі жекелеген
динамикалық белгілер, көркемдік, заттық,
тұрмыстық детальдар арқылы айшықталып, өзіндік
өрнекпен өріледі. Бұл жазушының көркемдік
жүйесіне еніп, бір жола орнығып алған әдеби
әдістер әлемі - психологизмнен нағыз нәр алып,
тереңнен сусындар саласы. Дененің мимикалық
қозғалысы кейіпкердің тұлғасын жан-жақты ашудың
өлшемі әрі ол ішкі сезімнің де тілі, ішкі
серпіліспен/реакция/ туған тұла бойдағы сезімдік, эмоцияналдық, биологиялық,
физиологиялық құбылыстар кейіпкер психикасының
бүкіл құпия қалтарыстарының қапияда
сыртқа сездіріп қояды. Ж.Аймауытов сол себепті де мимикаға
мынандай анықтама береді: «Ым мен көңіл толқудың,
ашуланудың я басқа бір сезімнің барлық дене
әлпеттерін, ішкі, тысқы құбылыстарын,
қолдың сермесін, дауыстың өзгеруін, бәрін алып
тастаңызшы. Не қалар екен? Түк те қалмайды. Ендеше
сезім /эмоция/ дегеніміз оны сыртқа шығаратын дене
қозғалыстарына тіреледі екен» [5, 96 б.]. Ж.Аймауытов айтқандай,
Ғ.Мүсірепов әңгімелеріндегі жан сырының дене
арқылы сырқа бейнеленуін көрсететін емеурінді көркем
текстен теріп алып тастар болсақ, онда көркем шығарманы
біржола жоғалтып алған болар едік. Өйткені,
Ғ.Мүсіреповтің әңгімелеріндегі жан сырының
дене арқылы сыртқы мимикалық қозғалыстар,
тұрмыстық, заттық детальдар т.б. кейіпкер образын бейнелеуде,
оған психологиялық коментарий беруде көп көмегін
көрсетеді.
Тегінде әр жазушының өзі
сүйсініп қолданатын бейнелер отырған кейіпкер денесіндегі бір
көркемдік детальдары болады. Мәселен, Н.Гогольдің
көркемдің жүйесіндегі «мұрын» көп көзге
түссе, «жарқылдаған көздер» /сверкаящие глаза/
М.Достоевский мен Л.Толстойда көп орын алады, Ал Асқар
С.үлейменовта «ерін» ең алдыңғы қатарға
шығады. Әбіш Кекілбаевта қабақ астынан бақылау,
үнсіз үстемдік ету басым, Ә.Нүрпейісовта тастай
қатып, мырс еткеннен басқаны білмейтін мүсіндей сұлу
кескіндер көп кездеседі. Ал, Ғ.Мүсірепов болса, тосын
іс-әркет, күлкілі қимыл-қозғалыс, ишара-емеурін
арқылы адам характерін, кейіпкер психологиясын ашудың шебері.
Қазақ халқының
өзіндік бітім болмысы Ғ Мүсіреповтің қай
шығармасында болмасын ерекше шабытпен, асқан шыншыл дәлдікпен
суреттеледі. Сондай қазақы мінез құлықтың
суреткерлік шеберлікпен бейнелеген туындысының бірі – «Ұлпан» романы.
Роман
оқиғасы он тоғызыншы ғасырдағы қазақ
өмірінің елеулі бір кезеңін суреттеуге арналған.
Шығармадағы Есеней де, Ұлпан да өмірде болған
адамдар. Ол туралы осы кезеңге дейін жазылған деректер де
баршылық. Біздің айтпағымыз көркем
шығармаға негіз болған тарихи оқиғалар желісі
емес, керісінше сол өткен дәуір шындығын көркем
туындыға айналдырып, әдеби образдар тізбегін сомдаған
жазушының мінез жасаудағы шеберлік сырына үңілу.
Әрине,
осы уақытқа дейін жазылып келген зерттеулерде шеберлік
мәселесін стильге апарып телушілік басым. Мұның сыры кез
келген стилі қалыптасқан қаламгер үшін ешқандай
тақырып та, оқиғаның өту мерзімі де кедергі бола
алмайды дегеннен туындаса керек. Ал, И.С.Тургенов шығармашылығы
жөнінде жүйелі зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген
О.Г.Егоров пен А.П.Чеховтың стильдік ерекшелігін зерттеп жүрген
М.Д.Качур сияқты ғалымдар стиль – «белгілі бір оқиғаны
жүйелеп қана беретін трафарет емес» дей келіп әр бір стлист
жазушының ыңғайына келетін тақырып пен уақыт
мерзімінің болатынын нақты мысалдармен дәлелдейді.
Ғ.Мүсіреповтың
«Ұлпан» романын тарихи роман деп кесіп айту қиын. Мұнда
тарихта болған адамдар мен елді мекендер, ру тайпалар суреттелгенімен
олардың саяси әлеуметтік жағдайы, мәні туралы айтуды
қаламгер басты нысана етіп алмаған. Керісінше бұл
шығармада жеке адамдар арасындағы қарым қатынас,
қуаныш пен қайғыға, ой мен сезімге көбірек орын
берілген. Оның өзі сол заманға сай ұлттық бояумен
нақышталып, реалистік болмыс бітіммен ерекшеленеді.
Романдағы
басты кейіпкерлердің мінез құлқы, олардың арасындағы
шынайы адами байланыстардың әр алуан қырлары,
оқиға өткен тарихи кезеңге сай ерекше
ұлттық сипатпен есте қалады.
Бұл
бұрынғы көп шығармаларда кездесе бермейтін
қазақ әйелінің ауыр тағдырына қарсы
Ұлпан ойлап тапқан өзінше күрес тәсілі.
Мұнда басқа қыздардай «Құдай салды, біз
көндік» –деп мойынсұнғандық та немесе өз
бақыты үшін арпалысып басын қатерге тігетін тәуекелдік
те жоқ, ақылмен, оймен, алдын ала ойластырған саналы
әрекеттің ыңғайы сезіледі.
Қаламгер
Ұлпан образын ескіден жиреніп, жаңаға жақындастыра
суреттегенмен де реалистік бағыттан ауытқып, қазақы
салт дәстүрді тәркілеуге жол бермейді. Оқырман
көңілінде Ұлпан бейнесі еркелігімен, тура айтатын
өжеттігімен қайта сол көне дәстүрді жетілдіре
түсетіндей әсер қалдырады. Тәкаппар әйелдің
боындағы намысқойлық, көпке қамқор бола
алатын қайырымдылығы оны бұдан бұрынғы
қазақ романдарында кездесетін кейіпкерлерден даралап, ерекшелеп
тұратын өзіндік қасиеті.
Жазушы
романның сөз соңында былай қорытындылайды: «Шешеміз
дегенің бүкіл Сибанның құлағына жағатын
сөз! ... Ұлпан шешеміз аты жоққа ат берген, асы
жоққа ас берген. Кедейге пана болған. Өзі
Есенейдің ен байлығынан түк қызық көрмей
өткен адам – дейді қари», – деген диалогтан Ұлпанның
шынай мінезі, таргедиялық халі тұжырымды да, қысқа
түрде көрініс береді.
Сонымен
әдебиеттегі психологизм – көркем әдебиеттің тұтас
болмысынан ажырамас қасиет, біз ол жағдайды байқай бермейміз.
Сонымен бірге «психологизм - көркемдік бейнелеу принципі, ойлау типі,
жазушы талантының төл белгісі» [2;318б]. Психологиялық талдау
– шығарманың композициялық құрылымына, сюжеттік
желісіне кейіпкер сомдау амал-тәсіліне әсерін тигізер бірден бір
әдіс. Сондықтан да психологиялық талдау әдебиеттегі
өміршеңдігін сақтай бермек.
Пайдаланған әдебиеттер
тізімі:
1. Литературная энциклопедия терминов и понятий. – Москва:
2003.с.844.
2. Майтанов Б.
Қазақ романы және психологиялық талдау.
Алматы:Санат, 1996.,3-6
3. Әдебиеттану терминдер сөздігі. –
Алматы: Ана тілі,1998. – 278 б 4. Пірәлиева
Г. Қазіргі қазақ прозасындағы психологизм
мәселелері. Автореферат. – Алматы: 2004. - 13 б.
5. Аймауытұлы Ж
«Психология» А., «Ғылым», 1998, -96