Оразова Б.О.
Е.А.Букетов
атындағы ҚарМУ магистранты
БИ-ШЕШЕНДЕР
ТІЛІНДЕГІ ҰЙҚАСТЫҢ КӨРІНІСІ
Ғылыми
жетекші: ф.ғ.д., проф. Мажитаева
Ш.
Шешендік – қадірлі өнер. «Өнер алды – қызыл тіл» деп қазақ бекер
айтпаған. Қоғам тарихына көз салсақ, қай
халықтың болсын күрделі қоғамдық,
мемлекеттік, қайраткерлері, қолбасылары, мәмлегерлері,
ғалымдары ойға шебер, тілге шешен болғаныны байқаймыз [1,
7].
Шешендік сөз дегеніміз –
тауып айтылған тапқыр сөз, ақылға
қозғау салып, ой түсіретін даналық сөз,
қиялға әсер етіп, сезіміңді қозғайтын
көрікті де, әсерлі сөз, бұра тартпас дәлелімен
тамсандырып, тандай қақтыратын білгір-білімді сөз, өтіп
кеткен не өтіп жатқан оқиғаны жанды суреттей көз
алдыңа алып келетін суретті сөз, тоқсан ауыз
сөздің тобықтай түйінін жеткізетін терең
мағыналы түйінді сөз [2, 3].
Шешендік өнер қашанда
халықтың қоғамдық, әлеументтік
өміріне, саяси-экономикалық жағдайларына байланысты дамып,
кемелденіп отырған. Шешендік өнердің тарихына көз
жіберсек, шешендік әсіресе тәуелсіздік жолындағы
күресте өте-мөте белсенді қызмет атқарған [3, 3].
Шешендік
өнердің нақты көрінісі өлеңді көркем
туындыларында. Өлеңді өлең ететін ырғақ пен
ұйқас екені белгілі. Өлең тармақтарының
буын саны бірдей болып, ырғаққа ғана негізделсе,
ұйқассыз ақ өлең дейміз. Ал ұйқас –
өлең тармақтарындағы соңғы
буындарының (сөз аяқтарының) (өлең
тармақтарындағы басқы, ортаңғы, соңғы
сөздердің соңғы буындарының үндестігі)
үндестігі, өзара ұқсас, әуендес, дыбыстас естілуі
[4, 288].
Т.Қордабаев
поэтикадағы ұйқас, ырғақ, өлшем жайында:
«Өлең шумақтарындағы сөйлемдердің
бір-біріне жақын, қабысыңқы, байланыстары тығыз
болып тұратын себебі поэзиядағы синтаксистік қатынас
тәсілінің прозадағыдан гөрі біраз өзгеше
болтындығынан. Поэзияда сөйлем мен сөйлемді бір-бірімен
қарым-қатынасқа келтіретін синтаксистік тәсілдің
ең бастысы –
ырғақ, ұйқас, өлшем. Бұл үшеуі
қатар келген жағдайда өлең шумақтарындағы
сөйлемдер мағыналарында логикалық байланыстың бар,
жоқтығына қарамастан барлығы бірігіп, бір ғана бүтін
болып тұрады» [5, 198], −
дейді.
Өлеңді
шығармаларда мағыналары сабақтаспай тұрған
қатарлас сөйлемдердің байланысын жүзеге асыруда
ең алдымен осы тәсілдер тұрады. Өлеңді
туындыдағы қатар келген жолдардың
құрылымдық желісін жүзеге асырып, сол арқылы
шығарманың синтаксистік бірлігін жасаудағы бұл
амалдың орны ерекше.
Қ.Өмірәлиев
бұларды грамматикалық қайталау деп атап, олардың
толғаулардағы сипатын: «Бұл грамматикалық
параллелизмдер әрі өлеңнің ұйқасын да жасап
отыр. Жалпы грамматикалық ұйқасқа құрылу –
дидактикалық поэзияның негізгі белгісі... Ал формалық
ұқсау негізгі роль атқаратын мұндай
өлеңдерде ұйқас түрі үнемі баяндауышты
болып келеді» [6, 235], − деп
көрсеткен.
Р.Сыздықова
ұйқасқа қатысушы тұлғалардың
күрделі синтаксистік жасаудағы маңызын назардан тыс
қалдырмайды [7, 45-46].
Біз би-шешендер туындыларындағы
ұйқас жайын ондағы ұйқас жасайтын сөз
таптары және оның қай форма арқылы жүзеге
асқаны тұрғысынан көрсетеміз. Себебі
шығарманың ерекше стилін көтеретін сөздің
қай сөз табынан болатынының жөні қашан да
бөлек. Сөз таптарының ішінен етістік, кейде ішінара есім
сөздер де ұйқасқа шығарылады. Етістік
ұйқастың бір ерекшелігі – оның ашық райлы
түрінің ұйқасқа көп қатыспайтыны.
Академик Р.Сыздықова бұл мәселеге төменгідей пікір
арнайды: «Ал баяндау емес, суреттеу, толғау (размышления, раздумия),
нақыл-өсиет түріндегі шығармаларда
ұйқасқа көбінесе өзге сөз таптары немесе
етістіктің ашық райдан өзге тұлғалары
алынған. Сол сияқты өзге ақындардың да әр
алуан толғау, өсиет болып келетін көптеген туындылары етістік
ұйқасты пайдалана қалса да, ол етістіктер көбінесе II, III жақ
бұйрық рай, өткен шақ есімшенің жалғауы,
шылаулы және дара түрлері болып келеді. Мысалы, Бұқар
жырауда:
Жал
құйрығы қаба деп,
Жабыдан
айғыр салмаңыз.
Қалың
малы арзан деп,
Жаман қатын
алмаңыз.... [7, 154].
Біз бұл қатарға етістіктің болымсыздық
мағыналы есімшелі және өткен шақ көсемшелі
түріндегі ұйқастарды да жатқызамыз.
Қ.Өмірәлиев -ған өткен
шақ есімше қосымшасының ерте поэзиядағы
поэтикалық әдіс екенін айтады [6, 7].
Қазақ би-шешендері шығармашылығында
ұйқас құраушы етістіктердің өткен шақ
есімшенің жұрнақтарын қабылдағандары дара,
жалғаулы, шылаулы болып кездеседі.
Байдалы
шешен:
Торайғыр
мен Шоңбысың мақтап жүрген,
Бар білгенің осы ма сақтап жүрген!
Араздасып екеуің аулақ кетсең,
Қарға,
құзғың жемей ме жақтап жүрген? [3,
130-131]
Би-шешендер туындылары мазмұнының
нәтижесінде пайда болатын ұйқас қатарының келесі
түрі бар. Мұндай ұйқас өте көлемді
түрде жүзеге асады. Әрі мұндай ұйқас қатарын
бұйрық райдың II жақ қосымшалы етістіктері
құрайды.
Асан би:
Еділ бол да, Жайық
бол,
Ешкімменде ұрыспа.
Жолдасыңа жау
тисе,
Жаныңды аяп тұрыспа.
Ердің
құны болса да,
Алдыңа келіп
қалған соң,
Қол
қусырып барған соң,
Аса кеш те қоя
бер,
Бұрынғыны қуыспа [8, 57]
Болжалды келер шақ есімшенің
болымсыздық мағына тудыратын қосымшасын
қабылдаған етістіктер де толғауларда бірыңғай
ұйқас қатарын жасап тұрады. Болжалды келер шақ
қосымшасының бұл көрсеткіші қатар келген әр
тармақ бойында да, екі жолға топтасқан бір
сөйлемнің аяғында да үздіксіз келіп, сол
шығарманың ойын түйдектей түседі.
Желдетпей тұман ашылмас,
Желпінбей жүйрік болмас.
Өндіршектен оқ тисе,
Жер таянбай тұра алмас… [3, 53]
Бұл
ұйқастың негізі себебі би-шешендердің пайым, болжам
сипатты ой-пікірлерін беруімен тығыз байланысты. Іс-әрекет,
оқиғаға жыраудың тікелей баға беруі осыған
алып келсе керек. Соның нәтижесінде болжалды мағына пайда
болып, олар өз кезегінде туындының мәтіндік түзілімін
арттырған.
Көне
шығармаларда жиі кездесіп, ұйқас жасауға
қатыстырылатын тілдік қосымшаның бір түрі -ып,
-іп көсемшенің жұрнағы. Мұны
би-шешендердің де туындыларынан байқай аламыз.
Шортанбай:
Жылқының етін жемес ті,
Жағаласқан мынау жау,
Кетірер сонда сиқыңды.
Ағашты тауға үй салып,
Алды кәпір ақымдап,
Елді еркіне қоймады,
Буыршындай тақымдап,
Дуан басы, болыс түр,
Кәпірдің сөзің мақұлдап,
Бейшараның пұлы жоқ,
Қорыққаннан қақылдап. [9, 11]
Би-шешендер
шығармашылығынан есім сөзді қатардың
ұйқас құрауын да байқауға болады. Себебі
би-шешендер туындыларындағы арнау, насихаттық бағыт осы
қатардың басым келіп, ерекше мәнге ие болуына басты себеп.
Қазыбек
би:
Атың жақсы болса,
Тіршілікте мінген пырағың,
Балаң жақсы болса,
Жанып тұрған шырағың,
Әйелін жақсы болса,
Досың жаныңа жиылып,
Рахаттанар қонағың.
Атын шабан болса,
Тіршілікте көрген азабың,
Балаң жаман болса,
Ғұмырлық көрген азабың.
Әйелің жаман болса,
Досың сенен безініп,
Үйіңнен кетер қонағың[8, 93].
Толғау мәтініндегі ұйқасты
құруда етістіктен болған сөздердің қызметі
ерекше. Толғаулар жолдарындағы ұйқас жасаушы
сөздер көбіне етістіктен болып келген. Бұл, бір
жағынан, баяндауыш мүшелердің қазақ тілінде
сөйлем соңында келуіне де
байланысты. Етістіктен жасалған сөздердің
туындының ішкі және сыртқы динамикасындағы әсері
зор. Мұндай ұйқастар тек шығарманың
әуезділігін арттырып қана қоймай мәтінтүзілімдік
міндеттер атқаратынын көреміз. Нақты айтсақ,
көрсетілген ұйқастар өздері қатыстырылған
жолдардың сөйлемдерінің байланысын күшейте
түскен.
Сонымен қатар есім сөзден болған
ұйқас қатарын да аз кездестірмейміз. Олар да белгілі бір
ретте туындының ой екпініне ерекше әсер етіп, шығарманың
мазмұнын аша түседі.
Қорыта
айтқанда, мақаламызда би-шешендер
туындыларындағы ұйқас жасайтын сөз таптарына
және оның қай форма арқылы жүзеге асқанына
қысқаша тоқталдық.
Әдебиеттер
тізімі
1. Адамбаев Б. Қазақ шешендері. –Алматы: Білім, 2008. – 304 б.
2. Әбілқасов
Ғ.М. Қазіргі шешендік өнер. Фил.ғыл.магистрі акад. дәрежесін алу үшін дайынд. диссертация авторефер. –Қарағанды.
2012.
3. Қосымова
Г. Қазақ шешендік өнерінің негіздері және тілдік
таным. Докторлық дисс. қолжазбасы. –Алматы,
2004.
4. Қабдолов З. Талант пен таным:
Әдеби толғаныстар//Сөз өнері: Монография. Екі томдық таңдамалы
шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1983. т. 2. – 456 б.
5.Қордабаев Т. Тарихи синтаксис мәселелері.
–Алматы, 1965. –244 б
6. Өмірәлиев
Қ. XX- XIX ғасырлардағы
қазақ поэзиясының тілі. – Алматы: Ғылым, 1976. – 207 б.
7. Сыздықова Р. Абай
өлеңдерінің синтаксистік құрылысы. – Алматы, 1970.
8.Төреқұлов
Н. Қазақтың 100 би-шешені. Алматы:Қазақстан, Атамұра сериясы,
1995. – 384 б.
9.Шортанбай. Толғаулар, айтыстар, дастан.
Қ.Мәдібаева, К.Жүністегі. –Алматы. «Айқап», 1993. -78 б.